• Білім және ғылым
  • 24 Желтоқсан, 2020

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ...

Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Оған қоса Ыбырай Алтынсариннің «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» дегенін де назарға алғымыз келеді. Әсіресе биылғы әлемдік пандемия кезінде қадірі артқан мамандық – ұстаз бен дәрігер мамандығы болғаны көпке белгілі. Ұстаздық ғұмырының қымбат кезеңін жас буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаздың орны төрде екенін де Алаш ардақтылары айтып кеткен жоқ па?

Білікті ұстаз шәкіртіне білім шуағын ғана сеппейді, шы­ғармашыл, мақсатшыл, талапшыл жас болуып өсуіне де жол сілтейді. Сондай ардақты ұстаздың бірі Гүлпаран Жәкенқызы Мұхамеджанова дүниеге келген уақыттан тағдырдың қиындығына мойымаған екен. Әкесінен бір жасқа толмай, шешесінен үш жарым жасында айырылған оны үлкен әжесі Бибікамал мен Бейсенбек ақсақал қанатының астына алып тәрбиелеп, өсіріпті. Оның өзі ғана емес, отбасы да өмір теперішін көп көрген. Атасы Рамазан ақсақал халық жауы болып ұсталған, бұрынғының естелігінде қалды дегенмен де, ол жағдай да Гүлпаранның жанына жара салатын болса керек.
Біз Гүлпаранмен Елтай ауылында мектепте бірге барып, әліппені қатар қолға ұстадық. Кейін Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке ауысып, осы білім ордасын бірге тәмәмдадық. Гүлпаран Семей қаласының педагогикалық институтының химия және биология факультетіне, ал мен Алматы қала­сы­ның Ауылшаруашылық институтының агроном-экономист мамандығына түстік.
Екеуіміз екі қалада жүрсек те, достығымыз махаббатқа ұласып, шаңырақ көтердік. Ол Семей қаласынан Алматыға ауысып, оқуын қазіргі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жалғастырды. Одан кейінгі өмір жолында екеуіміз қол ұстасып қатар жүрдік. Перзент сүйдік, дос-жаран таптық. Өзіміз жас болған­дықтан Гүлпаранды бауырына басқан Бибікамал әжеміз біздің де тұң­ғышымызды қарайласып, көмектесті.
Оқуды тәмамдай сала Гүлпаран ұстаздық қызметіне кірісті. Мен Ресейдің өңірлеріне әскери қызметке кеттім. Кейінірек Гүлпаран қасыма көшіп келіп, Серов қаласында бірге тұрдық. Әскери қызметті өтеп, қайта ауылға оралғанда Гүлпаран ұстаздық қызметке құлшына кірісті. І.Жансүгіров атындағы 8 жылдық мектепке бастауыш пәні мұғалімі болып жұмыс істеді. Мектеп партасына келіп отырған талай баланың арманына қанат байлап берді. Болашағына керек білім нәрімен сусындатты. Ауылдағы өміріміз, жастық шағымыз мерекелі де берекелі болды. Үйде ұстаздың жүруі бізді де тәртіпке, мейірімге, ізгілікке жетеледі. Кейінгі уақыттарда Абай атындағы мектепте, Егінсу орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды.
Қазіргі күні оның шәкірттері Қазақстан­ның түрлі аймағында еңбек етіп жүр. Білімді де білікті маман иесі атанып, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» екенін де ұмытқан емес.
Иә, өмірдің ұзақ жолында менің де атқарған қызметім аз болмады. Алайда Құдай қосқан қосағымның мұғалім болып, шәкірт тәрбиелегені менің де мерейімді асырады. Біздің бала күнімізде ұстаздың абыройы биік еді, орны төр еді, сөзі заң еді. Кейінгі құндылықтар ауысқан замандарда ұстаз мамандығының да қадірі кетіп бара жатқандай көрінгені рас. Алайда мына бір індет адамзат баласына ескерту болып келіп, ұмытқан құндылықтарыңды қайта еске түсір, құрметтіңді бағала деп тұрғандай.
Күллі өмірін ұстаздыққа арнаған ардақтым, Құдайдың тағдырым қылып жолықтырған адамы – жарығымның өмірі биыл үзілді. Екеуіміз қол ұстасып жүріп өткен жолға қарап отырып оның жақсы жар, аяулы ана, мықты ұстаз болғанына шүкір етемін. Мен және перзенттері оның бейнесін ұмытпайтынымыз анық қой. Соған қоса оның шәкірттері де ұстазын ұмытпай, ұстазының рухына тағзым етіп жүргенін сезгенде, байқағанда шынымен де «ұстазы жақсының» деген сөздің пайымына бойлай түседі екенсің...

Мағауия Төлемісов

1988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы