• Тіл
  • 24 Желтоқсан, 2020

«ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫН КӨБЕЙТПЕЙ, ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРМЕЙДІ»

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі – түрколог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Шора Шамғалиұлы Сарыбаев тірі болса 95 жасқа толар еді...

Мерейтойлық іс-шаралар тізбегі түзіліп, оны іске асыру жоспарлары да бекітіліп қойған болатын. Алайда әлемді шарпыған індет жоспарларымыздың жүзеге асуына кедергі жасады, адамдар көп жиналатын ғылыми жиындар мен конференциялар өткізуге тыйым салынды. Дегенмен, көктемнің алғашқы шуақты күндері (Шөкеңнің туған күні – наурыздың екісі) Қайнар университеті «Академик Ш.Сарыбаев тағылымы: Тіл тағдыры және ұлт ұлағаты» атты Ұлттық ғылым академиясының академиктері, корреспондент мүшелері мен Алматыдағы жоғары оқу орындарының профессорлары қатысып, баяндама жасаған дөңгелек үстел жиынын өткізуге үлгеріп қалғанына да шүкір дедік. Ал халықаралық деңгейде, әлемнің жетекші түркологтарының қатысуымен өтетін «Ұлы дала тұлғалары: академик Шора Сарыбаев және ұлттық тілтаным тағылымы» тақырыбында Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынұлы Жұрынов пен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сол кездегі директоры ­Ерден Задаұлы Қажыбектің қажырлығымен жоспарланған халықаралық ғылыми конференция өтпей қалды. Өкінішті-ақ! 

Ұстазым туралы шама-шарқым келгенше, газет көлемін ескере отырып, қазақ тілін дамыту мен қолдану аясын кеңейту жайлы ғалымның ұстанымынан оқырманды хабардар етуді шәкірттік ­парызым санадым.

Біріншіден, Шора Шамғалиұлы қазақ тілін меңгертуде балабақшаға көңіл аудару керегін айтып қана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарында, теле-радио хабарларында «Қазақ балабақша­сын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі кө­гермейді» деп ұран тастауда қызыл сөзге ерік бермей, өзінің немерелерімен қазақ тілінде сөйлесуден бастағанын баса айтқым келеді. Реті келгенде айта кетейін, бүгінгі күні елімізге белгілі елші-дипломат, қоғам қайрат­кері Қайрат Шораұлын да Алматыдағы жалғыз қазақ балабақшасына (бірнеше автобустарға ауысып міну арқылы бару керегіне қарамастан) апарып, ұлының келешегін ойлаған данагөй әке баласының тілін қазақша сындырғанын біреу білсе, біреу білмес. Отбасындағы тәрбиенің қазақ тілінде берілуі де, ерекше екенін ескерген Шөкең, егер немерелері бір-бірімен үйде орысша сөйлесе қалған жағдайда айыптың өтеуі ретінде төбесінен шертетініне өзім куә болғанымды айта кетуді артық көрмедім. Патриотизм отбасынан басталуына үлкен мән беретін.

Шора Шамғалиұлының үлгі етер екінші ісіне тоқталсам, Алматы кө­шелерінде қате жазылған сақау жар­нама­лар берген мекеме басшыларына барып, бетіне басып түзетуді талап ететін. Белгілі ғалымның мекемелердің табалдырығын тоздырып, өз шаруасын емес, мемлекет мүддесін күйттеп жүргенін талай көрдім.

Ұстазымның қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуде ұстанған ұстанымы ешкімге ұқсамайтынын мысалдармен келтіре кеткім келіп тұр. Шөкең өзгелер сияқты жетпіс, сексен, тоқсан жылдық мерейтойларын тойлаған емес. Ұлан-асыр той жасаудың орнына өзі оқыған Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінінің оқушылары мен ұстаздарын, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттерін, әсіресе ұлт тәрбиесінің ұстаханасы атанып кеткен – Қазақ ұлттық қыздар педагогтік университетінің студенттеріне және ғылыми ортадағы әріптестеріне Абай атындағы опера және балет театры­ның «Қыз Жібек» қойылымына өзінің қаражатынан билет сатып алып, тегін тарататын. Ұстазымның ұстанымы – жастарымыз ұлттық тәрбиеге тамыр жіберіп, тілін де, өнерін де, әдебиетін де құрметтеуге машықтансын деген игі істерден туған көрегендік деп бағаламасқа амал жоқ.

Қазақтың ұлы адамдары туралы күнтізбелер, конверттер, төс белгілер ­жинайтын тамаша қасиетінің түбінде ұлтқа деген құрмет сезімін ояту, олардың қадір-қасиетін ардақтау екенін өзі кеткеннен кейін-ақ түсініп жатырмыз ғой...

Жуырда «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының кезекті отырысында ана тілін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ғалымдар – Асылы Осман, ­Елубай Смағұлов, Қазыбек Иса және Ерден Қажыбектің бастамашылдығымен Ел Президентіне, Парламент пен Үкімет басшыларына халық қалаулары қазақ тілін білу керек деп Талапхат жолданғаны ақпарат құралдарында, интернет желілерінде желдей есті. Академик Шора Сарыбаев бүгін тірі болса, ойланбастан, «қалпағын аспанға атып» қатты қуанар еді, әрі алғашқылардың бірі болып қолдау хатқа қол қоятыны анық еді.

Айта берсек әңгіме көп. Қазақстан Үкіметі жанындағы терминология комис­сиясының мүшесі ретінде Шөкең терминологияны тығырықтан шығару туралы және бұқаралық ақпарат құралдарының тіл қолданысындағы кездесетін кемшіліктер туралы сыни мақалалары өз алдына бір әңгіме.

Қорыта айтқанда, тіл білімінің тарланы, тіл жанашыры, ұстазым Шора Сарыбаевтың қазақ тілін дамыту мен оның қолдану аясын кеңейтуде, туған тілді заңды тұғырына қондыруда, сөзбен емес, іспен атсалысуымыз керек деп аманаттаған өсиетіне адал болуға тырысып, мен де қал-қадірімше республикалық ақпарат құралдарында, теледидарларда және радио желілерінде оқырмандар мен тыңдармандарға ұлағатты ғалымның ғибратын жеткізіп жүрмін.

Ендеше, баршамыз ұстазым өсиет еткендей, туған тілімізді дамытуда бар күш-жігерімізді аямайық, ағайын!

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымының докторы,

профессор,  Қазақстан ұлттық

Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті

2202 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы