• Cұхбаттар
  • 31 Желтоқсан, 2020

Мәлік Отарбаев, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры: СИРЕК КІТАПТАРДЫҢ СЫРЫНА ҮҢІЛГЕНДЕ...

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы осы күні отандық және шет елдік мекемелерде жатқан, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысы бар қолжазбалар мен сирек кітаптарды, құжаттарды анықтау, жинау, сақтау, қалпына келтіру, зерттеу, ғылыми айналымға қосу жұмысымен айналысып отыр. Қорында он мыңнан аса көне қолжазбалар мен сирек кітаптар жинақталған орталықтың осы күні атқарып жатқан ісі өте маңызды екені де белгілі. Осы орайда орталық директоры Мәлік Отарбаевпен әңгімелесіп, бұл орталықтың маңызы, атқарып отырған жұмысы, болашақтағы жоспарлары төңірегінде сұхбат құрған едік...

– Сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау тұрғысынан алып қарағанда ­«Архив – 2025» жобасы бойынша атқарып жатқан іс-шаралар, жаңа ­жо­балар туралы айтып өтсеңіз. Осы кезге дейін аталған бағдарлама аясында не жа­салды, болашаққа қандай жоспар бар?

– Шығыстың дара ойшылы әл-Фарабидің «Тарихты білмей, өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген сөзі бар. Елімізде «Мәдени мұра», «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды және «Рухани жаңғыру» кешенді бағдарламаның аясында жалғасын табуда. ­Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жыл­намасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан ­«Мә­дени мұра» бағдарламасы ­табысты іске асырылды. Бірақ бабала­рымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» деген еді.

«Архив-2025» бағдарламасы 2004 жылы басталып, 2011 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асқан «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы іспеттес. Бұл бағдарлама бойынша 30 мыңнан аса құнды құжат анықталып, елге 5 мыңнан аса құжат жеткізілді.

Елордамыздың төрінде орналас­қан Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы «Архив – 2025» бағдарламасының толығымен жүзеге асырылып, оның дамуына өз үлесін қосу үшін тыңғылықты ­дайындалу жұмыстарын жүргізуде. Ұлттық орталықтағы арабтанушы, парсытанушы ғалымдардың арнайы тобы құрылды. Шетел мұрағаттарында сақталған тарихымыздың терең көкжиегін танытатын сирек мұралардың бірқатар тізімдемесі жасақталып, оларға түсініктеме аңдатпа-аннотациясы әзірленді. Атап айтқанда, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны ХІ ғ. (Әл-Беруни атындағы Шығыстану институты мен Вена Ұлттық кітапханасы), Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы («Ақыл кітабы») ХІІ ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану институты), Насреддин ибн Бурханаддин Рабғузидің «Қысас ул-әнбия» кітабы (Пайғамбарлар қиссасы) ХІV ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану инстиуты), Құтыбтың «Хұсрау Шырын» дастаны ХІV ғ. (Париждің Ұлттық кітапханасында сақтаулы), Қадырғали Жалайри «Жамиат-тауарих» жинағы («Жылнамалар жинағы») ХVІІ ғ. (Санкт-Петербург университетінің кітапханасы) және т.б. сирек кездесетін мұралар бар.

Әрине, қазіргі таңда жаһан жұртын әбігерге салған пандемия адамзат баласының және қоғамның тұрмыс-салтын біраз өзгерістерге ұшыратты. Бұған қарамастан, еліміздің ғылым-мәдениет салалары даму үрдісі жағынан тоқтап қалмай, әрі қарай жұмыстарын жалғастыруда. Ұлттық орталықтың мамандары көптеген шетелдің ғылыми мекеме-кітапханаларымен байланыс жасап, ұлттық мұраларды жинақтап отыр. Мәселен, дәл қазір Түркиядағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА) қызметкері профессор Ә.Мүминовпен бірлескен жобаны жүзеге асыру бойынша аяқтау үстіндеміз.

Алдағы уақытта «Архив – 2025» бағ­дарламасы арқылы Ұлттық орталы­ғымызда құрылған арнайы топтың дайындаған қазақ елінің тарихы ­бойынша сыр шертетін шетелдердегі сирек мұралар тізімдемесі арқылы жұ­мысты одан әрі практикалық түрде жалғастыратынымызға сенімім мол. Бұл, сөзсіз, болашағымыз үшін игі іс болмақ.

 

Ұлттық орталық құрылған кезде қорды толықтыру мақсатында сол кездегі Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми техникалық ақпарат орталығының қоры Ұлттық орталық қорына өтті. ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана қорынан да сирек кітаптар тапсырылған болатын.
Сонымен қатар Ұлттық орталықта ғылыми мекемелер мен жеке тұлғалар өткізген кітаптар сақталған. Алдағы уақытта ел іші мен шет елдерге қорды толықтыру мақсатында экспедициялар жоспарлаудамыз.

– Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының негізгі қызметі қандай? Нақты қандай кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, жинау ісін жүргізеді?

– Қолжазбалар және сирек кі­таптар ұлттық орталығының негізгі қызметі – отанымыздағы және шет елдердегі Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысы бар қолжазбалар мен сирек кітаптарды, құжаттарды (көшірмелерін) анықтау, ­жинау, сақтау, қалпына келтіру, зерттеу, ғылыми айналымға қосу және пайдаланушыға ұсыну.

Ұлттық орталық құрылған кезде қорды толықтыру мақсатында сол кездегі Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми техникалық ақпарат орталығының қоры Ұлттық орталық қорына өтті. ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана қорынан да сирек кітаптар тапсырылған болатын.

Сонымен қатар Ұлттық орталықта ғылыми мекемелер мен жеке тұлғалар өткізген кітаптар сақталған. Алдағы уақытта ел іші мен шет елдерге қорды толықтыру мақсатында экспедициялар жоспарлаудамыз.

Жинақталған көне мұраларды ары қарай сақтау үшін Ұлттық орталықта арнайы «Реставрация зертханасы» жұмыс істейді. Бұл зертхана көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалау, дезинфекция және дезинсекция, қалпына келтіру жұмыстары, түптеу, косервация жұмыстарымен айналысады. Реставрациялау арқылы көне қолжазбаны бастапқы деңгейіне келтірмесе де, кітапты зиянды нәрселерден тазалап, оның ары қарай сақталуына жағдай жасау, құрып кетуден сақтау қажеттігі туындайды. Оларды қайта қалпына келтіру жұмыстары ұзақ процесс екені белгілі. Көне жазбалармен жұмыстың маман денсаулығына да зиянды жақтары жеткілікті. Кітаптағы шаң, әртүрлі бактериялар мен саңырауқұлақтар арнайы қорғанысты қажет етеді.

Ұлттық орталықта көне мұрала­рымызды насихаттау мақсатында «Көрме залы» – Кітап музейі жұмыс ат­қарады. Көрмеде ұлтымыздың құндылықтарын айқындайтын қол­жазбалар мен сирек кітаптардан «Ұлы дала тарихы жазба мұраларда» атты көрме жасақталған. Экспозицияда «Түркі дәуірі», «Шығыс мәдениеті», «Қазақ хандығының тұсындағы ­жазба мұралар», Төте жазу мен латын әліпбиінде жазылған ­сирек кітаптар және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, ел тәуелсіздігіне арналған сирек кітаптар қойылған. Көрмеде үнемі қалалық және облыстық музейлермен бірлескен жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады.

Ал Ұлттық орталықтағы ­«Элек­т­р­онды оқу залында» қол­жаз­балар және сирек кітаптардың электрондық қорына қолжетімділікті қамтамасыз етуге және пайдаланушылар мен келушілерге ақпараттық-библио­графиялық қызмет көрсетуге арналған. Оқу залы зерттеушілерге арналған ­заманауи жабдықтармен жабдықталып, қолайлы жағдай жасалған. Оқырмен қордағы көне мұралармен электронды нұсқасымен немесе арнайы рұқсат арқылы түпдерекпен жұмыс істей алады.

– Қазір ұлттық орталық қорды қа­лыптастыру мақсатында алыс-жақын шетелдермен қандай келісімдер, келіссөздер жасалып жатыр?

– Қазіргі таңда, Ұлттық орталықта шет елдердегі Қазақстан тарихына қатысы бар жазба деректерді қорға жинау мақсатында шетелдік мекемелермен байланыс жасау жұмыстары жолға қойылып келе жатыр. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы халықаралық ғылыми-мәдени орындарымен ынтымақтастық  орнатты.

Халықаралық деңгейде ғылыми-мәдени бағытта Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Орыс-араб зерттеулері мен ақпарат қорымен (Эр-Рияд қаласы, Cауд Арабиясы Корольдігі), Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (Стамбул қаласы, «ИРСИКА», Түркия Республикасы), Астан Кудс Разави кітапханалар, музейлер мен құ­жаттар орталығы ұйымымен (Мешхед қ., Иран ­Ислам Республикасы), Өзбекстан Республикасының Әл-Бируни атындағы Шығыстану институтымен, Халықаралық Ислам Академиясымен, Армения Республикасының Месроп Мештоц атындағы «Матенадаран» көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық байланыс орнатылды.

Ынтымақтастық шеңберінде, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының реставрация саласының мамандары Армения, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде болып біліктіліктерін арттырып келді. Біздің елімізде реставрация мамандарын даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Жоғары оқу орындарында да кафедралар жоқ. Сондықтан мамандардың шет елдерде осы сала бойынша курс­тардан өтуіне тура келеді.

– Көне жазба деректердің мазмұнын талдау және жан жақты ­сипаттама ­жасау үшін қандай іс-шаралар атқа­рылып жатыр?

– Өткенді зерделемей бүгінгіні жүзеге асыру, алға қадам басу мүмкін емес екендігі мәлім. Қолжазбалар және ­сирек кітаптар Ұлттық орталығы ­жазба деректердің мазмұнын ­талдап жан-жақты сипаттама жасау үшін бірқатар ғылыми-практикалық жұмыстарды атқарып отыр. Қазіргі таңда, араб және парсы тілінің мамандарымен қордағы  300-ден аса араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптарға ғылыми ­аннотация берілді. «Книжное собрание Национального центра рукописей и редких книг» атты ғылыми ­каталогы дайындалу үстінде. Алдағы уақытта қолжазбалар және ­сирек кітаптарды қолдану және зерттеу бойынша әдістемеліктер мен жүйелеу және классификациялау бойынша әдістемелік материалдар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар жоғарыда аталған мұраларды зерттеп-зерделеу мақсатында арнайы семинар мен дөңгелек үстелдер, дәрістер ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Алтын Орда мемлекетінен Қазақ хандығына дейін» атты ғылыми дөңгелек үстел, «Көне жазбалардың қайта жаңғыруы» атты дөңгелек үстел, Ұлттық орталық қабырғасында «Қолжазбалар сөйлейді» атты бейне-бағдарлама халық назарына ұсынылып отырады. Бағдарламада отандық және шетелдік ғалымдардың дәрістері қамтылған. Белгілі түрколог Қ.Сартқожаұлы, профессор Юлай Шамильоғлы сынды ғалымдар дәріс берді.

2019 жылдан бастап Ұлттық орталықта «Uly dala murasy»  (Ұлы дала мұрасы) ғылыми-көпшілік журналы басылып шығуда. Журнал тоқсанына 1 рет қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді.

 

Ұлттық орталықтың қорында аз уақытта 10 000-нан аса көне қолжазбалар мен сирек кітаптар жинақталды. Оның 300-ден астамы араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптар. Қорға, негізінен, Қазақстан тарихына қатысты деген құнды мұралар жинақталады. Ұлттық орталық қазіргі таңда ең бірінші кезекте қорды жинақтау, қалыптастыру жұмыстарымен айналысуда. Жалпы қазір жинақталған қор туралы айтсақ: араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған қолжазбалар, лито­гра­фиялық кітаптар, баспа кітаптар жатады.

– Көне мұраларды цифрландыру, көпшілікке қолжетімді ету ісі қолға алынды ма?

– Ұлттық орталықта цифрландыру жұмыстары қазіргі уақыттың талабына сай жүріп жатыр. Бірінші кезекте өте нашар сақталып, құрып бара жатқан көне кітаптар сканерден өткізілуде. Біз олардың көшірмесін алып қалуымыз керек. Қорымызда ондай кітаптар баршылық. Алдағы уақытта қорымыздағы барлық дүние көшірмесін жасап, оқырманға ұсынылу жолдары қарастырылуда.

– Қазір орталықтың қорында қанша құжат, кітап сақтаулы тұр?

– Ұлттық орталықтың қорында аз уақытта 10 000-нан аса көне қолжазбалар мен сирек кітаптар жинақталды.  Оның 300-ден ­астамы араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптар.

Қорға, негізінен, Қазақстан тарихына қатысты деген құнды мұралар жинақталады. Ұлттық орталық қазіргі таңда ең бірінші ­кезекте қорды жинақтау, қалыптастыру жұмыстарымен айналысуда. 

Жалпы қазір жинақталған қор ­туралы айтсақ: араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған қолжазбалар, лито­гра­фиялық кітаптар, баспа кітаптар жатады. Оларға мысалы, ортағасырлық ақындар мен ғұламалар Ахмет Ясауидің, Ниджамидің, Бедильдің өлеңдері көшірілген қолжазба кітап, түркі халықтарының ежелгі шежіресін жазған ғұлама-тарихшы Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», 1928 жылы Ташкентте басылған Алтын Орда тарихына қатысты «Шайбани хан дастаны», Шәкәрім Құдайбердіұлының 1924 жылы Семейде жарық көрген А.С.Пушкиннен аударған «Дубровский әңгімесі», ­сонымен қатар  ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған құран, ­ислам ақидалары, фикх мәселелері, хадистер, хикмет сөздер мен тарих, әдебиет, география, этнография, ­логика ­саласын қамтитын қолжазбалар мен сирек кітаптар, «1929-1940 жылдар аралығында шыққан латын графикасында жазылған кітаптар, физика, математика, химия, геометрия секілді мектеп оқулықтары», «1912-1929 жылдар аралығында шыққан төте жазудағы қазақ және орыс классиктерінің еңбектері», «Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынса­рин, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин және басқа да қазақ ғалымдары мен ағартушыларының еңбектері», «Орыс және шетел зерттеушілері А.Левшин, Г.Потанин, Г.Миллер, Н.Рычков, В.Радлов, В.Бартольд және т.б. еңбектері», әл-Фарабидің баспадан шыққан кітаптары, Абай Құнанбайұлының баспадан шыққан шығармалары,  Петр І мен Екатерина ІІ-нің кезіндегі 1649 жылдан басталатын Ресей империясының заңдар жинағының 600-ге жуық данасы сақталуда. Қазіргі кезде заң және құқық саласы зерттеушілерінің үлкен қызығушылығын тудыруда. ­Сонымен қатар 1890 жылдан басталатын Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей ­облысы, Жетісу өңірі бойынша ауылшаруашылығы, демография, мал шаруашылығы, т.б. саланы қамтитын мәліметтер жинағы және басқа да маңыздылығы жоғары сирек кітаптар бар.

– Сұхбатымызды жеке шығарма­шы­лығыңыз туралы сауалмен қорытын­дыласақ. Кімді оқып, не жазып жүрсіз?

– Жуырда ұлт мақтанышы, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-эпопеясының екі кітабын – «Рысқұл» мен «Тұрарды» қайта оқып шықтым. Автордың биік талантына, сөз шеберлігі мен зергерлігіне, шығарманың ауқымдылығы мен құндылығына, философиялық ой тереңдігіне, кейіпкерлердің естен кетпес бет-бейнелері мен жан-дүниелеріне, олардың елдің рухын көтерер тыныс-тіршілігіне қайтадан көз жеткізгендей болдым. Енді алдағы уақытта үш кітабын оқып шығамын. Расында, бұл ескірмейтін туынды. Қайта уақыт өткен сайын мәні де, мағынасы да жаңаратын, ашыла түсетін ұлы шығарма.

Қазір белгілі жазушы Нұрғали Ораздың жақында ғана шыққан «Қыз мұнарасы» атты прозалық жинағын оқып отырмын. Көкірекке шуақ түсіретін, салқын шақта жаныңды ­жылытатын кітап екен. Әсіресе ­«Шыбын жан көкке ұшқанда» атты хикаяты қазіргі кездің бояуы қанық картинасы іспетті. Негізі маған Нұрғали ағаның барлық шығармалары су бетінде жалт-жұлт еткен күннің көзіндей көрінеді.

Ұлттық орталықта қызмет етіп жүргендіктен, жұмыс барысында қорда сақталған шығыс философтардың туындыларымен, әлем әдебиетінің інжу-маржандарымен танысып, оқып отырамын. Қордағы сирек кездесетін дүниелер ой қозғайды, ойға ой қосады.

Биыл «Ана тілі» газетіне «Біз күткен бақыт» атты бірнеше эсселер топтамасы жарық көрген еді. Қазіргі оқырманның сұранысына ­байланысты осы топтамаларды жалғастырып, ­жазып жүрмін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан

Қарагөз Сімәділ

1946 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы