• Cұхбаттар
  • 01 Қаңтар, 2021

Найманғазы САПАНҰЛЫ, аудармашы, редактор: АУДАРМАШЫЛЫҚТЫ ЖАС КЕЗІМНЕН ҚАЛАДЫМ

Баспагер, редактор, аудармашы, профессор, ғалым Найманғазы Спанұлының атын өзі құрастырған «Қытайша-қазақша» көк сөздік арқылы білетін едік. Ол кісі баспадан шығарған, редакторлық еткен классик жазушылардың шығармаларын оқымаған оқырман Шыңжаң қазақтарында кемде-кем. Бүгінгі әңгімеде ақсақалдың өмір мен өнеге жолы сөз болады...

– Әңгімемізді туған жер туралы сауалдан бастасақ?

– Шыңжаңның Тарбағатай аймағы, қазіргі Толы ауданының Майлы деген жерінде, Нарынсу бұлақ ­бойында 1941 жылы 29 тамызда дүниеге келгем. Негізінен Толы ауданының Барлық тауында және Шәуешек­тің жа­нындағы Құлыстай ойпатының Жиек деген жерінде өстім, бастауыш мектепті сонда оқыдым, 1953 жылы Толы ауданының орталығындағы орталау мектепке келіп оқуға түстік. Орталау мектепте Қазақстан оқулықта­рымен оқыдық. Абайдан тартып, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірев, Ғ.Мұстафин және орыс әдебиетінің классиктері Л.Толстой, М.Шолохов, ­М.Лермантов, А.Пушкин, М.Горкий секілді әдебиет алыптарының шығар­малары, Қазақстан ақын-жазушыларың кітаптары мектеп­тің шағын кітапханасында сіресіп тұратын. Бір деректерде 1940 жылдардың соңынан 60-жылдың ­басына дейінгі аралықта Шыңжаңға екі жарым миллиондай қазақша-ұйғырша газет-журнал, кітап Кеңес Одағынан енгізіліпті.

Ол кезде Толыда жалғыз ғана орталау мектеп бар еді. 1956 жылдың маусым айында осы мектептің 7-сыныбын бітіргеннен кейін, сол жылдың күзінде ішкі өлкеге оқуға кеттім. Бізбен бірге оқыған ересек балаларды түрлі қызметке алып қалды да, ұсақ-түйектерімізді курстарға жіберді. Ол кезде «оқуға барасыңдар» деп айтпайтын, «курсқа барасыңдар» деп айтатын, қандай курсқа кетіп бара жатқанымызды өзіміз де білмейтінбіз.

– Сонымен, ішкі өлкенің қай қаласынан шықтыңыз?

– Шанши өлкесінің ­Ши-ан қаласынан бір-ақ шықтым, барған мектебіміз Көміркен техникумы екен. Сенен «қандай оқуды оқисың, қандай мамандық таңдай­сың?» деп ешкім сұрамай­тын заман. Барғаннан кейін он айдай дайындық курста қытай тілін оқыдық. Сабаққа деген құлшынысымның арқасында мен он айда қытай тілін түсіне алатын, оқи алатын, ептеп жаза алатын дәрежеге жеттім. Осыдан кейін ермегім қытай тіліндегі газет-журналдарды, кітаптарды оқу болды.

– Дайындық курсынан соң қандай мамандық оқыдыңыз?

– Көмір шахтасының электр жұмыстарын жүргізетін мамандық бұйырды, бірақ бұл оқуға зауқым болмады, сабақ үстінде қытай тіліндегі кітап-журналдарды оқып отырам. 1958 жылы «Үрімжіде Тіл институты ашылыпты» деген хабар естідік. Сол жаққа кеткім келді. Бірақ жібермеді. Басқаларға қарағанда дайындық курсын үздік бітіргем. 1959 жылы наурыз айына бір апта қалған кезде, «бұдан ары оқуды жалғастыра алмаймын, ауылға қайтамын» деп жатақханамда бір аптадай жатып алдым. Жазалап, қорқытпақшы болды. «Сабаққа бармасаң, тамақ бермейміз» деп аш та қалдырды. Басқа амалдары бол­маған соң оқудан шығарып тынды. Қуандым. Ит тір­лікпен Үрімжіге, одан ары Жиектегі үйіме зорға жеттім...

Ауылыма келсем, коммуна құрылып, ел тайқазан­нан тамақтанатын болыпты. Алыстан баласы келді деп, менің құрметіме бір шөміш жүгері ботқасын артық беріпті. Әкем коммунаның егіншісі, шешем коммунаның асханасында жұмыс істейді екен. Содан апта өткен соң коммуна ай-шайға қарамай, алдыма бір қора қойды салып берді. Мамыр айы келгенде үйдегілер жайлауға көшіп кетті де мені егін жұмысына алып қалды. Үрімжіде оқитын, жазғы демалысқа келген кейбір сабақтастарым: «Үрімжідегі Тіл иниститутына барып оқымайсың ба?» деді. Сол оймен коммунаға барып: «Оқығым келеді» деп едім, құптамады, сөйтсем, коммуна: «Найманғазы ауылдағы орталау мектепке қытай тілінен сабақ беретін мұғалім болады, ­осыны бекітіп беріңіздер!» деп аудандық оқу-ағарту мекемесіне өтініш жолдап қойған екен. Бірде Толы ауданы әкімінің орынбасары ауылға қызмет бабымен келе қапты. Аудармашысы жоқ кезін пайдаланып, кеңсесіне іздеп барып, өзім білетін қытайшаммен жағдайымды айтып түсіндіріп едім, ол кісі: «Мына баланың оқуға барғысы келеді екен, барсын, білім алсын, таныстыру жазып беріңдер» деді. Хатшыға рақметімді айтып, таныстыруды төсқалтама ­салып, жаздағы еңбекақымды ­алдым да Үрімжіге тартып кеттім.

1959 жылдың қыркүйегінде Үрімжіге бардым. Мұғалімдер ­институты мен Тіл институты бірігіп педагогикалық иниститут ­болып құрылыпты және тек орта мектеп бітірген оқушыларды қабылдайды екен. Оқуға қабылдайтындар: «Шартың бізге келмейді екен, оқуға қабылдай ­алмаймыз» деп отырып алды. Сол ­институтта оқып жүрген жерлес жігіттер: «Институттың партия хатшысына өтініш жазып кір. Мүмкін бір қайыр болып қалар» деп ақыл айтып, жол көрсетті. Қытай тілін екінші курстан бастап оқысам деген мазмұндағы өтінішімді жазып алып, жігіттер айтқан қарияның үйіне бардым. Өтінішімді қолына бердім. «Мына өтінішті өзің жаздың ба?» деді, «Иә». «Қытайшаң өте сауатты екен, бізде екі-үш жылдан бері оқып жатқан студенттер бар, олар сенің мына өреңе әлі жеткен жоқ» деп күлді. Әлгі кісі: «Институттың ІІ курсынан бастап оқуына болады» деп бұрыштама жазып, қол қойып берді. Ақыры қыркүйектің соңында оқуға түстім.

– Қытайдың жоғары оқу орындарында «орта курс» және «толық курс» деп бөлінеді ғой, сіз қай курста оқыдыңыз?

– Менің оқығаным орта курс, толық курста кейіннен Шыңжаңға танымал ақын-жазушылар Шәкен Оңалбаев, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Дутан Сәкей, Қанаділ Тұрысбековтер оқыды. Толық курс оқитындар қытай тілін 4 жыл оқиды, ал орта курстағылар үш жыл оқиды. ІІІ курста жүргенде бір қытай жігіт іздеп келіп: «Сені оқушылар басқармасы шақырып жатыр» деді. Бардым. Орта жасқа келген бір қытай отыр екен, жөн сұрай келіп: «Мұғалім болғың келе ме?» деді. «Мұғалім болғым келмейді, аудармашы болсам...» дедім. «Жақсы, онда бара бер» деді ол. Екі-үш күннен кейін «Шыңжаң халық баспасына қызметке барасың» деген хабар алдым. Баспагер, аудармашы, редактор, қаламгердің арасына топ ете түстім. Әлі есімде, бұл 1960 жылғы қыркүйектің 23-күні болатын. Ойда-жоқта Шыңжаң халық баспасына келдім. Ол кезде редакция деген атымен жоқ, «Қазақ тобы» деген топ қана екен, бөлімге де толмайтын. Топ жетекшісі Мұқаш Жәкеұлы деген кісі мені қабылдап жұмыстың жөнін айтып, қызметтің барысын түсіндіріп, «ертеңнен бастап біздің қызметкер болып, жұмысқа кірісесің» деді.  

– Ең алғашқы аударған аудармаңыз есіңізде бар ма?

– Баспаға келгенде топ бастығы мені бірден аудармаға кірістірген жоқ, керісінше аудармашылар аударған, редакциялаған материалдарды көшіру жұмысына салды. Осылайша, көшірме жасай жүріп тілдік қорымды молайта түстім және емлені қатесіз, дұрыс жазуға машықтандым. Бірде бастығым жарты беттік мақала әкеліп, «мынаны аударып көрші» деді. «Қасқыр бала» дейтін үнді ертегісі екен. Аударып бердім. Топ басшысы есептелетін Нұрдолла Оспанов деген баспагер, редактор ағамыз аудармамды оқып көріп, «Түбінде адам болатын бала ғой» деп қалды. Ең алғашқы, тырнақалды аудармам сол болатын.

– Шыңжаң халық баспасында аудармадан басқа, редакторлық және басшылық қызмет те атқардыңыз ғой.

– Иә, аудармашы болып істеп жүргенде арада әйгілі «Мәдениет төңкерісі» басталып, қоғам аласапыран ­болып кетті. Кейін Шыңжаң халық баспасының ұстанымы өзгере бастады. Бұрынғы Қазақ тобы Қазақ редакциясы болып өзгерді. Баспа бұрын 95 пайыз ­аударма кітаптар шығарса, енді біртіндеп ұлттық тілдегі кітаптар шығаруға ден қойды. Аз санды ұлт тілінде көркем шығарма жазатын ақын-жазушылардың қатары көбейе түсті. 1977 жылы қазақ редакциясының орынбасар меңгерушісі, 1980 жылы редакция меңгерушісі, 1983 жылы Шыңжаң халық баспасы бас редакторының орынбасары, 1985 жылы Шыңжаңдағы баспагерлер ішінен тұңғыш рет аға редактор атағына ие болдым. 2003 жылдың наурызына, зейнетке шыққаннан кейін осы баспаның түрлі жауапты қызметтерін атқарыппын. Қазақ редакциясынан шығатын «Шалғын», «Көкжиек» және «Оқырман өресі» журналының бас редакторлығын қоса атқардым. Шыңжаң қазағының тұңғыш романдары саналатын Жақып Мырзақанұлының «Арман асуы», Жұмабай Біләлұлының «Жондағы жорықтары» және Шайсұлтан Қызырұлының «Дабылы», Қажықұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді отыздан астам роман және одан басқа да ақын-жазушылардың өлең, әңгіме, повестер жинағы 2003 жылға дейін менің қолымнан өтті.

– «Қазақ-қытай» сөздігін жасағанда қандай оқу құралы көп көмектесті?

– Бізге үлкен көмек жасаған, қолғабыс тигізген көмекші құрал академик, ғалым Нығмет Сауранбаев жасаған, 1954 жылы Қазақстанда шыққан «Орысша-қазақша» сөздік еді. Мен жетекшілік етіп құрас­тырған алғашқы «Қытайша-қазақша сөздіктің» мұқа­басының «көк» болып шығуының басты себебі осы еді.

– Өзіңіз жетекшілік етіп шығарған «Қы­тайша-қазақша» сөздікті қалай құрастыр­ған­да­рыңызды айтып берсеңіз?

– «Мәдениет төңкерісі» әлі аяқталмаған, мен қатардағы көп аудармашының бірі едім. Баспаның сол кездегі басшылығы «Қытайша-қазақша сөздік» жасау туралы ұйғарым жасапты. Ол кезде біздің қолымызда Сауранбаевтың «Орысша-қазақша сөздігі» және Қазақстанда 1960 жылдары шыққан «Орысша-қазақша терминология сөздігінің» бірен-сараны бар болатын. Жұмысқа кірісіп кеттім. Басшылықтың қолдауымен сауатты аудармашыларды жинай бастадық, олардың айлығын өзінің мекемелері беретін болып келісті. Латын жазуы бойынша 23 әріптен тұратын сөздік мәтінінің «D», «K», «S» әрпін өзім дайындадым. Қолжазбаны редакциялау жұмысын қызыл қаламды қолыма ала отырып түгел өзім жүргіздім, қаралғандарын кешкісін үйіме алып кетіп шамның түбінде қайта қараймын. Редакциясы қаралып, көшіріліп болған қолжазбаны Бейжіңдегі Ұлттар баспаханасына жібердік. «Теріліп жатыр» деген хабар келген соң, 1978 жылы 1 қаңтарда Бейжіңге барып, он ай сонда жаттым. Ол кезде Шыңжаң баспаханаларының техникасы олқы еді. Мұндай күрделі дүниені біздің әріп терушілер тере де алмайды. Сөздіктің бастапқы бөлігі теріліп болып, корректурасын қараған кезімізде әліппелік тәртіптің орны ауысып кеткенін байқадым. Баспаханаға шауып барып, жұмысты дереу тоқтатып 17 мың парақты мәтінді жалғыз өзім күні-түні, өліп-талып жүріп қайта қарап шықтым. Қателерін түзету барысында жаңа табылған сөздерді қосымшалап, үстемелеп жанталасамын. 16 форматтық, біреуінің салмағы 8 келі шығатын қорғасын беттер бірінің үстіне бірі қатталып жатады. Қателерін түзету үшін бәрін қозғау керек, оған жұмысшылар көнбейді. Терілген қорғасын беттерді сапырылыстырып терімшілерге жалынып-жалпайып жаңа сөздер қостырамын. Осы жүріспен 1978 жылдың қазан айында сөздік толық теріліп бітіп, корректурасы әлденеше рет оқылып, соңғы нұсқасына «осы бойынша басылса болады» деп қол қойып беріп Үрімжіге оралдым. Бұл сөздіктің жұмысы 1974 жылы мамыр айында басталған еді, 1979 жылғы қазан айының басында баспадан шықты. «Қытайша-қазақша сөздік» 1979 жыдан 2000 жылға дейін жеті рет басылып, 30 мың данамен таралды.

– «Қытайша-қазақша идиомалар сөздігін» жасау қиын болмады ма?

– Қытай тілінде шыққан газет-журнал, кітап, тыңдаған баяндама, көрген кино, жолданған ­доклад, керек десеңіз көшеге ілінген жарнамалар менің идиомалар іздейтін алаңыма айналды. Қытайша кітаптарды көп оқып, оның ішіндегі қажетті идиомаларды ерінбей, жалықпай бір-бірден теріп, маржандай тізе бердім. Тезек терген қазақтың баласындай терміштеп жүріп, 1983 жылға келгенде 10 мың 200-ден аса қытай идиомаларының басын құрап, 1987 жылы баспадан шығардым. Үшінші жасаған сөздігім – «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік». «Көк сөздікте» түбір әріптерге балама аз берілген, кейбір әріптерге балама берілмей қалған болатын.

– Алғашқы «көк сөздікті» латын әліпбиі­мен, кейінгі «үлкен көк сөздікті» Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен шығарыпсыз...

– Мектепті төте жазуда оқып бітірдім, кейін жазуы­мыз латын әліпбиіне көшіп кетті, осы аралықта біз құрастырған «көк сөздік» латын әліпбиімен шықты. 1978 жылдан кейін қытайдағы саясат оңалып, әр ұлт өзінің төл әліпбиін қайта қолдана бастады. Сол қатарда Шыңжаңдағы қазақтар бұрын қолданған төте жазуды қайта қолданысқа енгізді. 2003 жылдың наурыз айында зейнетке шықсам да, 2006 жылы қараша айының соңында «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» баспадан ресми шыққанға дейін босай алмадым. «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» тұсаукесері 2006 жылы Үрімжіде өтті.

– «Қытайша-қазақша үлкен сөздікке» қанша сөз кірді?

– Бұл сөздікке қытай тілінің 120 мыңнан аса сөзі, сөз тіркесі, мақал-мәтелдері, идиомалары және алуан пәннің атаулары кіргізілді. Осылардың үштен бірі, яғни 40 мыңдайы редакция барысында қосылды. Екі рет ­басылып, 10 мың данамен тарады. 2007 жылы Қытайдың тұңғыш рет үкіметтің баспасөз сыйлығын (күллі Қытай бойынша сыйланған 60 кітаптың бірі ретінде, ал Шыңжаңнан тек жалғыз өзі ғана), 2008 жылы Шыңжаң кітаптарының төтенше сыйлығын иеленді. Зейнетке шыққаннан кейін бұрынғы «Қытайша-қазақша ­идиомалар сөздігіне» қайта қайырылып, 17 мың идиомға жеткізгенмін. 2017 жылы Шыңжаң жастар-өрендер баспасына берген едім, олар 16 формат бойынша теріп, мен Қазақстанға кеткенше 929 бетін әкеліп берген, үстінен оқып шыққанмын, қалған 260 бетін үлгертіп бере алмады. Ол қазір солардың қолында жатыр. 2016 жылдың жазынан бері тағы сол «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» өңдеп, толықтырып жатырмын, ары-бері ақтарыстырып, олпы-солпысын оңдап, тың сөздер мен атауларды қосымшалап сегіз рет сапырып шықтым.

– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?

– 1963 жылдың қыркүйегінде отау көтергенмін, әйелім де Қарағайбастаудың Қанипа есімді бойжеткені еді, Шыңжаң педагогика институтында оқыған, кейін Шыңжаң халық баспасында корректорлық жұмыс атқарды. Үш нәрестеміз шетінеп кетті де Жанар атты қызым, Думан атты ұлым аман-есен ержетті. Қызым Шыңжаң дәрігерлік институтын, ұлым Шыңжаң өнеркәсіп институтынан компьютер мамандығын тамамдаған, қызым мен ұлым Дәриға, Жібек, Жұпар, Дәрмен есімді немерелер сүйгізді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ

1755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы