• Тіл
  • 07 Қаңтар, 2021

СӨЗДІҢ ФОНЕТИКАЛЫҚ НҰСҚАСЫ ТІЛ БАЙЛЫҒЫ БОЛА АЛА МА?

Байынқол Қалиұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
филология ғылымының
докторы, профессор

15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (әрі қарай – ҚӘТС) не көп, вариант сөздер көп. Әсіресе фонетикалық ­варианттар көп. Бір әрпі басқаша болса болғаны, ондай сөздердің бәрі ҚӘТС-ке алына берілген. Бір сөздің қанша фоне­ти­калық ­варианты ­болса, сөздікке олар сонша рет ­алынып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама беріледі, әрқайсысына 2-3-тен ­мысал келтіріледі.

Айталық, ҚӘТС-ке алагеуім сөзі алынып, оны 2-мағынаға, 1 реңке бөліп, 10 мысал беріпті. Содан кейін алагеуімде сөзі алынып, бұған да анықтама, ­мысал беріледі. Үш беттен соң алакеуім, алакеуімде сөздері тағы алынып, олар алагеуім, алагеуімде варианттарына сілтелініп, бұларға да мысал беріледі.

Сондай-ақ сөздікке алагөбе, алагөбең варианттары да алынып, алагөбе сөзі екі мағынаға бөлініп, 6 мысал келтіріледі, ал алагөбең екі омонимге бөлініп, әрқайсысына екі-екіден 4 мысал беріледі. Барлық мысалдың саны – 25. Шын мәнінде, олардың мағыналары біреу ғана: ол – «таң атып келе жатқан ­немесе кеш батып бара жатқан кез» дегенге саяды.

Осылар сияқты әзірейлі/әзірейіл//ғазырайыл//ғазырейіл варианттары түгел алынып, әрқайсысына үш-үштен мысал беріледі. Әрәдік//әрекідік варианттары арагідік сөзіне сілтенеді. Үшеуіне де үш-үштен мысал беріледі. Осылардың әредік деген варианты екі мағынаға бөлініп, алты мысал берілген. Бәрі – 27 мысал.

Әлем-тапырақ//әлем-тапырық//әлем-тәпірік варианттарының үшеуі де сөздікке алынған. Әрқайсысына 3-4-тен мысал берілген. Нәтижесінде бұл үш сөздің көлемі жарым бетке жеткен.

Сөздікке доңайбат, дөңайбат деген екі вариант алыныпты. Бұлардың әдеби сыңары ретінде доңайбат таңда­лыныпты да, оған «ызбар, сес» деген анықтама берілген. Келтірілген үш мысалдың біріншісі – М.Әуезовтен алынған. Ал халық жиі қолданатын дөңайбат сөзі ешбір стильдік белгісіз доңайбатқа сілтеніпті. Бұған берген үш мысалдың біріншісі тағы да М.Әуезовтен алынған. Доңайтбатта ешқандай сөз тіркесі жоқ. Ал дөңайбат­та «дөңайбат көрсетті» деген тіркес көрсетіліп, оған екі мысал берілген. Сонда бұл екі варианттың қайсысы әдеби болды? Доңайбат па, дөңайбат па? Біздің ойымызша, дұрысы – дөңайбат. Себебі, біріншіден, ол тілімізде жиі қолданылады. Екіншіден, дөңайбат сөзінен жасалған тұрақты тіркес бар.

«Емін-еркін әңгімелесу, сыр айтысу, шүйіркелесу» деген мағынадағы ежіл-құжыл деген сөздің 15 томдықта ежіл-гүжіл, ежіл-ғожыл, ежіл-күжіл, ежіл-қажыл, ежіл-қожыл, ежіл-қозыл, ежіл-түжіл деген 8 варианты жеке-жеке беріліпті. Әрқайсысына 1-2-ден мысал берілген. Ал анықтамалары – біреу-ақ. Әдеби тілдің сөздігіне осы варианттардың бәрін алудың еш мұқтаждығы жоқ еді.

Жарайды-ақ, жиһангер, жиһанкез дегендердің сөздікке алынғанын жөн делік. Бұлар – фонетикалық варианттар емес, морфологиялық варианттар. Ал осы екі морфологиялық вариант сөз тұрғанда жиһанкер, жиһаскер деген фонетикалық варианттарды алудың не қажеті бар?

Сөздікші жөйт сөзіне зат. сөйл. деген шартты белгілер қойып, оны жойыт сөзіне сілтепті де, екі мысал беріпті. Бірақ ол мысалдардың екеуі де бір ғана жазушының бір ғана кітабынан алынған бір ғана сөйлем. Жойыт сөзі сөздікке қалай алынды екен деп қарасам, оған жоғарғы жазылғанға қайшы келетін сын. деген грамматикалық белгі қойылыпты. Сонда жойыт//жөйт сөзі сын есім бе, зат есім бе? Оны біз сияқты сөздік ­жасаушы тіл мамандары ажыратпаса, басқа кім ажыратады?

Сөздікшілер зәуліғалам сөзін де, оның зәуіғалам деген сыңарын да сөздікке алып, оларға жеке-жеке анықтама берген. Бұл сөздің ауызекі тілде зәудіғалам (Ә.Асқаров, Өр Алтай., 329) деген де варианты тағы бар. Мысал болмаған ғой. Әйтпесе, олар бұл сөз де сөздікке алынған болар еді.

Бір қатарда тұрған зүбәржәт, зүбіржат, зүбәржағдан, зүбіржағдан ­деген 4 сөз зүбәржат сөзінің варианттары. Зүбәржат сөздікке алынып, бірін-бірі қайталаған 2 мағынаға бөлініп, оларға 4 мысал берілген. Төрт мысалдың бірі 12 жолдан тұрады. Осылай тәптіштелгеннен кейін көрсетілген алғашқы 4 вариантты алудың еш қажеті жоқ болатын.

Бұлар сияқты варианттардың сөздікке алыныстарына қарағанда 15 томдықты жасаушылардың фонети­калық ­варианттарды түгін қалдырмай алуы, оларды жөнсіз мағыналарға бөлуі – бізге тек мысалды көптеп алып, сөздіктің көлемін үлкейту үшін әдейі істелген іс сияқты көрінеді де тұрады.

Кәдуескі/кәдуілгі/кәдуінгі/кәдімгі варианттары мен кәмалат/кәмәлат/кәмелет варианттарының да алынулары осындай. Кәләм-шариф сөзі жеке алынып, кәлам-шарифке сілтенген. Екеуіне берілген 4 мысалдың бір-біреуі бір-ақ автордан – М.Әуезовтен алынған. Сонда ұлы жазушы бірде кәләм, бірде кәлам деп айтқан және жазған болды ғой?!

ҚӘТС-те бір сөздің қаз-қатар тұрған кешкетұрым, кешкіғұрым, кешкірім, кешкі­тұрым, кешқұрым, кеш­құрын, кештіғұрым, кештіқұрым деген 8 фоне­ти­калық варианттарының әрқай­сысы жеке-жеке алынып, бәріне де мысал берілген. Арнайы есептеп көрдік: 8 вариантқа сөздікші 17 мысал беріпті. Бәрі 70 жол. Бұл – сөздіктің бір бетінен астам жерін алып жатыр деген сөз.

Осыдан сөздікшілер не ұтты, сөздік не ұтты? Біздің ойымызша, олар ұтылмаса, ұтқан жоқ. Біріншіден, бұл сияқты варианттар 15 томдықта сөздікшілер тіліміздегі сөздердің санын 92 мыңға қалай жеткізгендігінен хабар береді. Екіншіден, сөздікті жасау­шылардың сөз туралы ұғым-түсі­ніктерінің қай деңгейде екенін көрсетеді.

Күдері сөзі сөздікке алынып, оған «тері» деген анықтама беріледі де, осы сөзге күдері бел деген тіркес алынады. Тіркеске «қырқа, асу» ­деген логикаға қарсы анықтама берілген. Содан кейін осы сөздің фонетикалық варианты күдіре сөзі алынып, ол екі мағынаға бөлінеді: 1. Төзімді, мықты, шыдамды. 2. Белі шығыңқы. Бірақ бұл екі мағынаға берілген мысалдардың үшеуі де күдіре бел деп келеді. Сонда бұлардың қайсысы дұрыс? Күдері бел ме, жоқ, күдіре бел ме? Күдірені дұрыс деген күнде күдіре жал дегендегі күдіренің мағынасы не болады? Сөздікші жазған анықтамадағыдай, «төзімді жал» ма немесе «белі шығыңқы жал» ма? Бір сөзбен айтқанда, бұл фонетикалық варианттар сөздікте дұрыс сараланбаған.

Орфографиялық сөздікте көрсе­тілген күстана, күстанала, күстаналан, күстаналау сөздерін ҚӘТС-ке алып, күстана болды, күстана қылды деген тіркестерін тіркеп, бұлардың бәріне анықтама, мысал бергеннен кейін осы сөздердің жіңішке варианттары ­болып ­табылатын күстәна, күстәнала, күстәналау деген сөздер мен күстәна қылды, күстәна қылу деген тіркестерді сөздікке алмауға да болатын еді ғой. Жоқ, бәрі түгел алынған. Бәріне анықтама, мысал берілген.

Неге екенін қайдам, ҚӘТС-те қағылез сөзі жоқ. Есесіне онда қағылезден, қағылездену, қағылездеу, қағылездік сөздерінің бәрі бар. Бұлар сөздікке алынып, қағілез түбірінен тараған сәйкес ­туынды сөздерге сілтенген. Сілтенгені қате емес. Қате – фонетикалық варианттардың жеке-жеке алынғандығында болып отыр.

Қазақ тілінің орфографиялық сөз­дігінде қаймал деген сөз жоқ, қайымал деген сөз бар. Соған қарамастан, он бес томдықтың осы сөздерді түзуші маман қаймал, қаймалша, қаймалы, қаймалыс варианттарын сөздікке алып, әрқайсысына жеке-жеке анықтама, мысал берген. Біраз беттерден кейін қайымал, қайымалша, қайымалы сөздерін тағы алып, тағы анықтама береді. Бірақ алдыңғы анықтамалар мен кейінгі анықтамаларда ешқандай айырмашылық жоқ. Олай болса, бұлар екі сөз емес, бір-ақ сөз. Бір сөздің қате жазылған ­варианттары.

Он бес томдыққа қамзау//қамсау//қамшау сөздерінің үшеуі де алынып, әрқайсысы 2-3 мағынаға бөлініп берілген. Әр мағынаға 1-3-тен мысал берілген. Сонда бұлардың бір сөз болғаны ма, үш сөз болғаны ма?

Маймөңке//мәймөңке варианттары­ның сөздікке алынуы да дәл осылардай. Мәймөңке варианты таңдалынып, оның мағынасы, туынды тұлғалары сөздікке алынғаннан кейін, бұл сөздің жуан сыңары – маймөңке түбірін, осы түбірден жасалған маймөңкеле, маймөкелет, май­мөңкелету, маймөң­келеу деген туынды тұлғаларды сөздік­ке алудың зәрулігі жоқ еді.

Муәзин де, муәзін де сөздікке жеке-жеке алынып, олар муазинге сіл­тенген. Ал муазин болса азаншы сөзіне сілтеніпті. Бүйтіп сатыламай-ақ, оларды ең болмаса топтап бір жерге алып, бірден азаншыға сілтеуге болатын еді ғой.

Қатар тұрған муазин, муәзін, муәзин варианттарының үшеуін де сөздікке жеке-жеке алып, олардың әрқайсысына мысал бермей-ақ, солардың біреуі ғана алынса, ең дұрысы сол болған болар еді.

15 томдықта мүдарис, мүдаррис, мүдәррис варианттары ­жеке-жеке ­алынып, үшеуі де мүддәррис сөзіне сілтенген, мысал берілген. Бірақ мүддәррис сөзі сөздікте жоқ. Есесіне сөздікте бұл сөздің мұдаррис деген ­варианты бар. Оған анықтама берілген, мысал келтірілген.

Сілтенген сөздерінің өздері сөздікте жоқ мұндай атау сөздер 15 томдықта аз кездеспейді. Сондықтан көп орын алдырмас үшін олардың бәрін болмаса да біразын осы жерде топтап көрсете кеткеніміз жөн ­болар. Олар: амбы>анбы, канун>қанун, кампорка>камфорка, костюм>кәстөм, көпе>көпене, қамшаусыз> қамсау­сыз, мондалина>мандалина, мүд­деға>мүддәға, поезд>пойыз, саржұл­дыз>сарыжұлдыз, сарқұлақ>сарықұлақ, шөрлік>шөлдік, т.б.

Мен бұл жерде қай сөздің қай сөзге сіл­тенгенін ғана көрсетіп отырмын. ­Бұ­лар­дың екінші қатарда тұрған сөздері, яғни сілтенген сөздер 15 томдықта атымен жоқ. Олай болса, олар несіне сілтеніп отыр?!

Мүйізгек/мүйізкөк дегендер – фоне­тикалық варианттар. Екінші сөздің құрамындағы «көктің» бұл ауруға ешқандай қатысы жоқ. Ендеше, мүйізкөк – орфографиялық қате.

Набатат сөзін жазып біткеннен соң, нәбатат сөзін алып, оны набататқа сілтейді де, Абайдан мысал келтіреді. Содан кейін НА деген жуан буыннан бас­талатын сөздерге қайта ауысады. Ал НӘ буынына барғанда нәбатат сөзін тағы алып, бұл сөзді үш мағынаға бөледі. Оның 2-ші, 3-ші мағыналары мүлдем артық. 1-ші мағынаға набатат сөзіндегі Абай­­дан алынған әлгі мысал қайта беріледі.

ҚӘТС-ке ойбай сөзінің өйбөй/өйбу/өйбүй варианттарының бәрі алыныпты. Бұларда не мағыналық, не стильдік айырмашылық жоқ. Соны біле тұрып, оларды сөздікке алсақ, мұнымыз – не тілді білмегендік, не басқа бір қара ниеттің болғандығы.

Ең жаманы, ҚӘТС-ке алынған фо­нети­калық варианттардың дұрыс сыңары дұрыс емес сыңарына сіл­тенеді. Мәселен, 15 томдықта пірә­дар пірадарға, пірадар бірадарға сілтенген. Бірәдәр деген жіңішке варианты да жеке алынып, ол да бірадарға сілтеніпті. Бұлардың ішіндегі дұрыс сыңары – пірәдар емес пе?! Саруар, саруәр, сәруар варианттарының алынуы да дәл осындай. Бұлардың тек сәруәр ­деген жіңішке сыңары ғана сөздікке алынбай қалыпты. Ол алынғанда 15 томдық сөздігіміз тағы бір сөзге «байып» қалған болар еді.

Сахыт сөзі саһатқа сілтенген. Саһат сахатқа сілтенген. Сахатқа «сабыр, саба» деген анықтама беріліпті. «Сабыр» сөзін түсінгендей болған соң, сабаға қарадық. ҚӘТС-те саба деген 4 омоним бар екен. Олардың ешқайсысы «сабыр» сөзіне синоним бола алмайды. Сонда сахат, сахыт, саһат деген фонетикалық варианттардың мағынасы не болды? Толып жатқан сілтенулердің кесірінен сөздің мағынасы ашылмай қалған.

Саһар2/сәһәр деген вариант сөздер сахарға сілтеніп, оның мағынасы «таң сәрі» (бөлек жазылған) деп түсіндіріліпті. Сахар сөзі де «таңсәрі» (бірге жазылған) деп түсіндірілген. Мүмкін сахар емес, «сақар» шығар деген оймен, сақар сөзіне қарасам, ол сөзге «ораза кезінде таң атпай ішетін тамақ, сәресі; сахар» деген анықтама беріліпті. Сонымен, сақар/сахар/саһар/сәһәр сөзі «таңсәрі» болды ма, жоқ «сәресі» (таң атпай ішетін тамақ) болды ма? Қысқасы, бұл сөздің де мағынасы айқындалмай қалған.

Сөздікші тариқат сөзін сөздікке алып, оған 4 мысал береді. Ол сөзді тарихат деп тағы алып, бұған 2 мысал береді. Шамасы, басқа мысал болмаған ғой. Әйтпесе, мұның саны да 4-ке жеткізілген болар еді.

Таупық, тауфиқ, тәупиқ, тәупық, тәуфиқ варианттары сөздікке түгел алынып, бұлардың дұрыс сыңары деп, тауфиқты таупыққа, тәупық пен тәуфиқты тәупиққа сілтеніпті. Нәти­жесінде бұл варианттардың дұрыс сыңары екеу, яғни таупық және тәупиқ сөздері болып шық­қан. Ал орфографиялық сөздікте бұлардың дұрыс варианты деп тәупиқ сөзі көрсетіліпті. ҚӘТС-ті де, орфографиялық сөздікті де А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері жасағанын ескерсек, мұндай ала-құлалықтарды түсіну, әрине, қиын.

Вариант сөздерді сөздікке алудың ең дұрыс жолы (егер қажет болып жатса) – олардың дұрыс еместерін дұрысына сілтеу. Көпшілік жағдайда ­солай істелінген. Алайда ҚӘТС-те дұрыс сілтенбеген жерлер де аз емес. Айталық, 15 томдықта таж сөзі тәж сөзіне сілтенген. Тәжге барғанда ол қайтадан тажға сілтенеді. Нәтижесінде тәж сөзі анықтамадан жұрдай болып қалған.

ҚӘТС-ке тәкпір/тәкбір, тәліп/тәлип, тәржіме/тәржіма, тәсілқой/тәсілгөй, уәжіп/уажип, уәзипа/уазипа, уәлаят/уалаят, т.б. варианттардың бәрі түгел алынған. Біздің ойымызша, бұлардың алдыңғы сыңарлары сөздікке алынғаннан кейін, соңғы сыңарларын сөздікке алудың қажеті жоқ еді.

Қазақ тілінің орфографиялық сөзді­гінде «тұяқкесті» деп жазылып берілгеніне қарамастан сөздікші бұл сөзді тұяқкештіге сілтепті. ­Академик І.Кеңесбаевтің фразео­логиялық сөздігінде бұл сөз «тұяқкесті» деп алынған. Қайсысының пікірі дұрыс? Академиктікі ме, жоқ, сөздікшінікі ме?

Он бес томдықта тырағайла, тыра­ғайлат, тырағайлату, тырағай­лау етістіктері алынған. Бұлардың алын­ғанын дұрыс делік. Ал осы сөздердегі Ғ әрпінің орнына Қ әрпі қойылған тырақайла, тырақайлат, тырақайлату, тырақайлау вариант­тарының да сөздікке түгел алынып, әрқайсысына мысал берілгендігін біз дұрыс дей алмаймыз. Оның үстіне тырақайла етістігі де, тырақайлат өзгелік етісі де бір ғана тырағайлат сөзіне сілтеніпті. Неге? Түсініксіз.

Сөздікке шақ-шалекей, ­шаң-шә­лекет, шәк-шәлекей, шәт-шәле­кей деген ­фо­нетикалық вариант­тардың төртеуі де алынған. Айырмашылықтары: шақ-шалекей сөзі (берілген мысалдарының ішінде «шақ-шәлекейін шығарды» деген тіркес тұрса да) қос сөз ретінде алынған. Ал шәк-шәлекей, шәт-шәлекей сөздері «шәк-шәлекейін шығарды», шәт-шәлекейін шығарды» деген тұрақты тіркес (фразеологизм) түрінде алынған. Мағынасында айырмашылық жоқ. Бұл – бір-ақ жерге, бір-ақ рет алынатын тұрақты сөз тіркесі ғой.

 «Қайырым, мейірім, жақсылық, шарапат» деген мағыналы шапағат/шапқат/шафағат/шафқат/шафхат ­варианттары мен «қала» деген мағыналы шаһар/шаһари/шаһр/шәһәр/шәр варианттарының бәрі сөздікте ­жеке-жеке алынып, әрқайсысына мысал берілген. Осы екі топ варианттардың өздеріне ғана 21 мысал беріліпті. Соған қарағанда, «ҚӘТС-ті 15 томға жеткізіп тұрған осылар сияқты фонетикалық варианттар мен оларға берілген мысалдар санының көптігінде емес пе екен?» деген ойға қаласың.

Он бес томдыққа шибөрі, шиебөрі, шүйебөрі деген үш сөздің үшеуі де алынып, шүйебөрі шибөріге, шибөрі шиебөріге сілтеніпті. Бұлардың әдеби сыңары қайсысы? Шибөрі (шидің ішінде жүретін бөрі) ме, шиебөрі (шиенің ішінде жүретін бөрі) ме, жоқ, шүйебөрі (шұбап, шуап жүретін бөрі) ме?

Мұны білу үшін, яғни әдеби сыңары осылардың қайсысы екендігін анықтау үшін, алдымен осы сөздердің төркініне зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек еді. Содан кейін барып, оларды сөздікке қалай алу керектігі дұрыс шешілген ­болар еді. Біздің жазған мақалаларымызда «түсіндірме сөздік академиялық сөздік болу үшін сол сөздікке кіретін тілдік бірліктердің бәрі алдымен ғылыми тұрғыдан зерттелініп алынуы керек еді» деп, қайта-қайта айтып жүргеніміздің мәні осында жатыр.

«Мақтаның дәні, ұрығы» деген мағына беретін сөзді «Орфографиялық сөздікте» шиті және шиіт деген екі ­вариантта беріпті. Бұл екі сөз ҚӘТС-те де дәл осылай, екі түрлі тұрпатта алынған. Біздің ойымызша, сөздікке бұлардың екеуі де емес, шит варианты алынуға тиісті еді. Алайда бұл сөз 15 томдықта жоқ. Есесіне сөздікке осы мағынадағы шиті2, шиіт деген екі сөз берілген. Сәлден кейін әлгі сөз шитті (шиіті бар) деп бір рет, шитті мақта деп екінші рет алынған.

ҚӘТС-те шоқал, шоқат, шоңғал, шоңқал деген 4 вариант сөз кездеседі. Төртеуі де жеке-жеке сөз ретінде бөлек-бөлек алынып, анықтама берілген. Әрқайсысына 2-3-тен мысал келтіріледі. Тіпті шоңғал сөзі 2 омонимге бөлінген. Мысалына қарасақ, олардың бәрі «шоқиған, көтеріңкі биік жер» деген мағынадағы бір-ақ сөз.

Шұбар, шұбарлан, шұбарт сөздері тұрғанда шыбар, шыбарлан, шыбарт дегендерді сөздікке алудың түк те қажеті жоқ еді. Ал бізде қалай? Біз вариант сөздердің бәрін әдеби тілдің сөздігіне ала береміз. Әрқайсысына анықтама береміз, 2-3 мысалдан келтіреміз. Сөйтіп, сөздіктің көлемін қомпайтқанымызға мәз боламыз.

Қысқасы, ҚӘТС-ке фонетикалық варианттарды алудың алдын ала ойластырылған ешқандай ұстанымы (принципі) жоқ. Олардың бәрі ешбір таңдаусыз, талғаусыз сөздікке ­алына берілген. Мұны былай қойғанда, фонетикалық варианттар тіліміздің байлығы болып есептеліне алмайды.

2623 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы