• Білім және ғылым
  • 14 Қаңтар, 2021

Қазіргі кездегі кітап жайы

Ақпараттық технология, ғаламтор, одан қала берді әлеуметтік желілер жайлап тұрған қазіргі заманда сан саланың маманы былай тұрсын, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін керек-жарағының бәрін осы ғаламтордан-ақ қағып алып отыр. Ата-аналарымыз, аға буын өкілдері кезінде кітапханаға арнайы барып, қолына алып оқитын кітаптың өзін қазір аяқ қимылдатпастан интернет арқылы оқуға жағдай жасалған. Яғни электронды түрде немесе тыңдаймын десеңіз, аудиокітаптың да сан түрін таба аласыз. Мақала ­жазуыма түрткі болған бірден-бір сұрақ: «Жеңілдетілген күннің өзінде қазіргі жастар кітап оқи ма?».

Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқы­маса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» ­деген екен. Қазіргі халімізді қасіретке теңемеймін, десек те, Мұхтар Шаханов атамыз айтпақшы, «компь­ютербасты жарты адамдар көбейіп ­жатыр емес пе?!». Осындай олқылықтарды көрген ­сайын ес білгелі кітаппен дос болған жазушының естеліктері еске түседі. «Біздің кезде» деп басталатын әсерлі әңгімелерінің көбі кітап туралы. Ауыл кітапханасына келетін барлық кітапты сол кездері жастар жарыса оқыған. Бас қосыла қалса, оқыған әңгіме, жыр-дастандары ауызға түспей, оқыған-тоқығандарын ортаға салып, талас-тартысқа түседі екен. Ал қазіргі жастардың бастары біріксе тал­­қылайтын тақырыптары әлеуметтік желілерде қандай жаңалық бар, жұлдыздардың парақшасында не болып жатқаны, одан қалса әңгімелесудің ­орнына, ұялы телефонға үңіліп отырады. Өз басым, элек­тронды кітапты да, аудио кітапты да оқып көрдім. Көңіліме қонбаған соң ба, кітапты көзбен көріп, қолмен ұстап оқыған мың есе артық екенін әлдеқашан түсінген болатынмын. «Элек­тронды кітап неге тиімсіз?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Біріншіден, электронды болғандықтан, міндетті түрде смартфонымызға жүктейміз, ал оны қолы­­мызға алғанымыз сол өз қызығына қа­ра­­тары сөзсіз. Оқимыз деген кітабымызды, ұялы теле­фонның қызығына кіріп, ұмытып та кетіп жатамыз. Екіншіден, кәдімгі кітап сияқты көзге көрініп тұрмағаннан кейін, телефонда кітап бар екені, кітап бастағанымызда естен шығады, себебі оның ішінде кітаптан да бөлек басқа да құ­жаттар, жұмыс бар. Қазіргі заманда кітап жазатын жеткілікті білім мен тәжірибесі болмаса да, ұрпақ үшін еш мәні жоқ кітап шығаратындар көбейіп барады. Құлақпен естіп, көзбен көріп те жүрміз. Бұл нәр­седен ұтылмасақ, ұтатын тұсын таба алмадым. «Кітап маған тақтан да артық» деген Шекспир өсиеті де тамаша үндесіп тұр емес пе?! Иә, кітап ең үздік ұрпақ тәрбиелеушісі, сондықтан кітапты тек таланттылар жазса, жастарымыз жастана оқыса нұр үстіне нұр болар еді.

«Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» депті бір данышпан. Ал кітапты ғұмыр бойы қолына ұста­маған адамды неге теңерімізді білмей дағдарып қаламыз. Кітап – адам баласы үшін рухани азық және байлық деп білемін. Сыртымызды қайтсек бүтіндейміз деп жүріп, ішкі жан дүниемізді аш қалдырмасақ болды. Қым­бат қазынамызды өткінші дүниелермен алмас­тырып, кітаптың қадірін түсіріп алмайық дегім келеді.

 Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,

Малгеждар Әубәкіров атындағы

орта мектебінің оқушысы

Алматы облысы

Алакөл ауданы

 

1593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы