• Әдебиет
  • 14 Қаңтар, 2021

«ІЗДЕДІМ БАБАМ АЙТҚАН СОЛ БІР СӨЗДІ...»

(Эссе)

АҚЫН НҰРЖАН  ҚУАНТАЙҰЛЫНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ
ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ

1988 жыл. КазГУ-дің журналистика факультетінің I курс студентіміз. Алдымыз өмір көріп, ысылып, ерте есейіп, әскерден келсек, арамызда мектеп қабырғасын бітірісімен студент атанғандар да бар. Кейбіріміз өзімізді ақын ретінде сезінсек, біріміз жазушымыз, енді біріміз мақалаларымыз жиі шығып жүргендіктен өзімізді журналистен кем сезінбейтін, арманымыз асқақ, талабымыз таудай кезіміз. Бірінші курста барлығының таланты тас жаратындай болып, 25 ақын, 25 жазушы кейпінде көрінгенімен, университетті бітірер тұста бес ақын, бес жазушы әдебиет әлеміне қадам басса, соның өзі үлкен жетістік қой. Оның үстіне, «журфак әдебиет саласына маман даярламайды».
Ардақты ұстаздарымыз Темірбек Қожакеев пен Тауман Амандосовтың алдын көргенде барып негізгі мақсатымыз ақын да, жазушы да болу емес, журналист болу екенін бір-ақ білдік қой. Дегенмен, 88-жылғы журфактың қыз-жігіттерінің арасынан шыққан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар Нұржан Қуантайұлы, Ермахан Шайхы, Бақытжан Советұлы, Бауыржан Ғұбайдуллин бүгінде әдебиет сүйер көпшілікке танымал екені анық.

«Ана тілінің» архивінен. 1991 жыл

Олардың ішінен Алла берген талантының арқасында маңдайы жарқырап, ордалы әдебиетімізге: поэзия саласында да, прозада да олжа салған қаламгерді ерекше атап айтар едім. Ол –  ақын, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы.

Студент кезінде-ақ:

«Сіре, сіре, сіре қар,

Сіре қарда кім оңар?

Сірі қалған мына біз,

Сіз табыңыз бір амал…» деген жыр жолдарымен, әдебиетке өз қолтаңбасымен, «сірескен әдебиетті» ақындық күш-қуатымен «бұза» келген, ақын ретінде алғаш Нұржан Құсайынов болып танылған Қуантайдың ұлы еді.

Ол поэзияға өзіндік үнімен келді. Бұл заманның ақындарына ұқсамайтын, құдды Ақтамберді жырының екпіні, байырғы шайырлардың жұрнағы сияқты көрінді.

«Асыл сөз – зәмзам судың тамшысындай,

Таптырмас Доспамбеттің қамшысындай.

...Іздедім бабам айтқан сол бір сөзді

Із кескен баяғының аңшысындай» дегені­нен-ақ әдебиет жүгін арқалап келген, өзінің алдына үлкен мақсаттар қойған дара дарынды байқадық («Асыл сөз»).

Тегінде, бабалардан қалған асыл сөздің қадір-қасиетін бағамдай білген қаламгердің сөз өнеріндегі олжасы да қомақты болмақ. Киелі сөздің құдіреті әдебиет әлемінің төріне шығаратынынан да үміттіміз.

Сол үмітімізді үкілеп, ойымызды қуаттай түсетін себеп бар. Социалистік реализмнің ­ауылынан алыс қонған жырлар оқырманын бағзы замандағы жыраулар поэзиясына жетеледі. Мұңды да, сырлы да  жырлар ертедегі «еңку-еңку жер шалған» бабалар өмірінің елесі іспетті.

...Жаз бiр шығып, ақ қарды

Қыр асырмас демеңiз.

Көңiл шiркiн тапталды,

Бiр ашылмас демеңiз.

Қу далада сынар мұз,

Құлпырса бiр құндыз көк.

Құла түзге шығармыз,

Құшақтасып сiз, бiз боп.

Көк мұз, ақ қар, ақ боран,

Көңiл қайда, хал неде?

Күн туғанда ақтарам,

Алла де!

Осы өлеңін он сегіз жасында жазыпты. Нұржанның өлеңдерінен ежелгі жыраулар поэзиясының жұпар исі аңқып тұрады. ­Рухты жырлар жан семіртеді. Басты ерекшелігі – ол жырлар арада қаншама ғасыр өтсе де, қаншама буын алмасса да, қазіргі поэзиямызбен үндесіп, үйлесім тауып, бүгінгі жыр сүйер қауымның көңіл түкпірінен берік орын алғандығында.  Жоғалып, ұмытылып бара жатқан жыраулар поэзиясының дәстүрімен қайта қауышқандай болды сол жылы журфактың жырқұмар ­аудиториясы. Баба жырды ертеңге ұмтылдырған Қуантайұлының арқасында.

Әлі есімде, оқуға түскен жылы КазГУ-де үлкен поэзия кеші өтті. Талапты жас ақындар жыр оқыды. Ал Нұржанның өлеңдері  кешке жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ұмыт бола бастаған ұғымдар, сөз қолданысында көрінбей кеткен теңеулер іргелі оқу ордасының мәжіліс залын жаңғырта түсті. Болашақ ұлттық университеттің қабырғасына ұлттың болмыс-бітімін қайта оралтқандай кеш еді бұл бір. Поэзия кеші.

«Шарайна көктің шарасынан

шыққан жаңағы,

Шарбы бұлттарды шайқы жел қуып барады.

Сүреңсіз күннің сүт қатқан шайға

бір қанған,

Апама ұқсап ашылып қапты қабағы» («Сағыныш-саумал басылмай...).

Он жеті жасында поэзия құдіретінің өзгеше, киелі екенін образға бай, өрнекті өлеңдерімен айқын аңғартты. Жарықтық Күннің құбылуын бір ауыз сөзбен қалай дәл жеткізе білген десеңізші! «Сүт қатқан шайды қанып ішіп», тұлабойы рақат күйге түскен апамыздың жайдары келбеті көз алдымызға келе қалды. Бәріміз сол уақытта студенттік аудиторияда жыр тыңдай отырып, алыстағы ауылдағы апамызды ойлап, жүрегімізді ерекше бір сағыныш сезімі тербеп өтіп еді-ау! Жыр құдіреті деген осы шығар дестік.

Нұржанның айнала ортаның сан алуан көрінісін терең сезініп, қазақы дәстүрімізге сай, жырмен кестелеп, шеберлікпен ұштастыра білгені ғой. Ақынның көптеген өлеңдерінде халқымыздың дәстүрі, этнографиясы, ауыл өмірінің көріністері суреткерлікпен дәл өріліп, жан дүниеңді сілкінтіп, серпілтіп өтетіні бар.

  Студент ақынның жырлары арада бір жыл өткенде көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің алғы сөзімен «Жұлдыз» журналында бір топ жас ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар жарияланды (№5, май, 1989 жыл). ­Жабал Ерғалиев, Светқали Нұржанов, Гүлзат Шойбекова, Қорғанбек Аманжолов, Асқар Алпысбаев, Жаңабек Шағатаев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Қазыбек Исаев, Роза Мұқанова, Жолтай Әлмашев, Дихан Мыңбаев сияқты қаламгерлердің қатарында 18 жастағы біздің Нұржан да бар еді.

«Бусанған белдер бұлдыр сағымға керiлiп,

Итарқа қидан итшiлеп шыққан жел үрiп.

Малын саууға мамырлай басса жеңгейлер,

Бақташы жiгiт барлыға «бол!» деп демiгiп.

Шырынға қонған шыбынша

құрып көп базар,

Тоғайдың басы торғайлар келiп топтасар.

Оянып сонда ой жаққа қарай жөнелер

Қақырып қойып құманын алған қатпа шал.

Беймаза ескек белдердi асып тыншыға,

Ызғардың таңғы ырықсыз тiлi құмығып.

Қойнауда жатқан қонақжай ауыл күн шыға

Қоңыр тiрлiктiң қомына кетсе iлiнiп...» («Бала кез. Ауыл таңы»).

Поэзия тілінде жазылған ­картина. Тұтас полотно. Нұржанның өлеңдерін оқыған ­сайын ауылдың күйкі тірлігі, ауыл адамдарының көбіміз көп елей бермейтін қылықтары табиғатпен астаса суреттеліп, өмірдің көркем картинасы ой-санаңда қылаң береді. Былайғы тіршілікте ол көріністерді бәріміз көріп те, талай рет бастан кешіріп те жүрміз. Тіпті күн сайын қайталана беретіндіктен бойымыз үйренгені сондай, онша мән бермейміз. Ақын ше?! Ақын – ­суреткер. Мал саууға шыққан жеңгейлердің қылықты әрекетін, бақташы жігіттің қалт еткен қимылын, құманын көтере сыртқа шыққан қарттың қозғалысын, ұйқысынан оянған ауылдың тіршілігін түрлі-түсті ­бояуымен көз алдымызға әкеледі. Тұнып тұрған пейзаж! Жыр шумақтарымен жазылған көркем кескіндеме!

Жалпы Нұржан аз жазады. Оның бұл ерекшелігін осыдан он бес жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбек: «Бұл толқынды оқи келе, сараң жазу «ауруы» олардың бәрiне де тән екенiн ұқтым... Бiрақ, солай бола тұра, бұл толқынға  сүйсiнгенiм, олардың әрқайсысының өз жолы, өз дауысы бар. Бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Шығармашылық ара-жiктерi бiр-бiрiнен алшақ-алшақ жатыр. Бiрi мен бiрiн тiптi де шатастырып алмайсың. Осы «сараңдардың» қатарындағы Нұржан Қуантайұлы да өлең деген күре тамырдай даңғыл жолға өз соқпағымен келiп қосылыпты» деп, атап өткен болатын.

Иә, Нұржан Қуантайұлы аз жазса да, саз жазады. Тағы бір айтар нәрсе, шыққан кітап­тарын жарнамаламайтыны, кездесу, кештер өткізбейтіні оның өзіндік ерекшелігі ме деп ойлап қаламыз.

Нұржанның шығармашылығымен жақсы таныс белгілі ақын, марқұм Аманхан Әлім оның поэзиясы мен прозасын төрт аяғын тең басқан тұлпарға балаған. Нұржанға: «Поэзияңдағы тіл көркемділігі, образдылығы, музыкалық саздылығы қаншалықты төл топырағымыздан өрген болса, сол шығармашылық қадір-қасиеттер прозаңда да соншалықты байқалып, көрініп, сезіледі. Бұл – сенің нағыз көркем поэзия мен көркем прозаның өкілі, яғни ұлт ақын-жазушысы екеніңді көрсететін құбылыс» деп әлдеқашан жоғары бағасын берген-ді.

Нұржан – өлеңге жаңалық әкелген де ақын. Оның өлеңдерінде адам жанының нәзік сыры әдемі өріледі. Онда ой да, сезім де, образ да, жүрек лүпілінің иірімдерін сөз арқылы жеткізе алатын жаңашыл тәсілдер де жетерлік. Ақын «Күзгі назды әуез» атты өлеңінде былай дейді:

«Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,

Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,

Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз

Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.

Ұрттап-ұрттап өмірден шала

мас боп қалыппыз,

Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз...»

Күзді ақындардың бәрі жырлаған, соның әсері болар, «алтын күз» деген тұрақты тіркесті пайдаланбайтын жан жоқ шығар, сірә! Нұржан ше, мүлде басқаша ой тербейді. «Сары күз» өтіп бара жатқан өміріміз екен, оны бізге Жаратқан Ием «несиеге» берген-сынды... «Сол ­«несиеге» алған «сары күз-өмірімізді» адам құсап сүрсекші» деген тың тәмсіл айтады ақын.

«Желді күнгі әуез» өлеңінде табиғат көрінісі арқылы философиялық тұжырым жасайды:

«үууілдеп

үу-уі үу-уі үууілдеп

үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел,

сарыуайым сарын салып сақарада түр үрлеп

сандал таудан, сайран бел.

 

еңселім,

уайым емес, жел сенім

әкелмей ме, қайталанған жәйт неше

бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің

неге келдім әйтпесе!..

 сол жаққа

алып кетші сол жаққа!..

жел-ағатай, мені жалғыз тастама

мен сенбеймін алдамшы күн,

арзан өмір, оңғаққа

сеніп қалсам – масқара...»

Рас, кей-кейде далада жел уілдеп соққанда, жападан-жалғыз қалып қалың ой құшағына енетінің болады. Ойыңа жүріп өткен жолың, тағдыр-талайың – бәрі-бәрі орала кетеді. Жеңілісің мен жеңісің, адасуың мен алға қадам басуың, өкінішің мен өршілдігің, күйінішің мен сүйінішің, асыл арманың мен мақсат-мұраттарың сондайда есіңе түседі. Ал ақын жаны – мүлде жұмбақ әлем. Нұржан бұл өлеңдерінде өмірдің мәнін, тағдырдың тартуын ой елегінен өткізеді. Оқырманын нандыра алады, жанын иландыра алады, жылаған желдің әуеніне еліткен жанды жыр-нәрімен жұбата да алады.

Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымы­ның докторы Ақеділ Тойшанұлы Нұржан Қуан­тайұлының ел аузындағы ежелгі космого­ниялық мифті жаңғырта жырлайтынын атап өтеді:

«Таңшолпан – таң жұлдыздар мұзбалағы,

Көңілде Құсжолындай сыз қалады.

Ажарын Жұлдыз-қыздың жымыңдаған,

Ежелден Ай-бәйбіше қызғанады».

Халық мұрасында аспан шырақтарының өзара күндестігін былайша түсіндіру бар: «Күн, Ай, Үркер – үшеуі бірге туған қыздар. Үркер – кенжесі, ол – ең сұлу қыз еді. Күн мен Ай сіңлісінің бетін қызғанып, тырнап та алды. ­Содан Үркер секпілденіп көрінеді».

Нұржан Қуантайұлы аспан шырақтарын осылайша өзара күндес сұлу қыздарға балаған ел ұғымын жалғастыра жырлап, аспан перизатына ынтық дала перзентінің лирика­лық бейнесін сәтті сомдайды» деп ақын шығарма­шылығының тағы бір қырын ашып көрсетеді.

Нұржан «...поэзия – өзіңнің өмірің екен, өлең жазбай тұра алмайсың, өйткені өзің үшін жазасың. Меніңше, қай жаста да, жақсы өлеңдер туады, тек көңілің адал, сезімің алғау­сыз қалуы керек» дейді. Оған күмәнсіз сенеміз.

Ақын Нұржан Қуантайұлы – бүгінде қазақ әдебиетінің белді, беделді буынының бірегей өкілі. Соңғы жылдары Нұрекең проза саласында да өнімді еңбектеніп келеді. Ол еңбегі жеміссіз емес, бір роман, ондаған әңгіменің жоғары бағасын оқырмандары да, әдебиет сыншылары да беріп жатыр. ­«Адырна», «Күмбір», «Асыл сөз» атты поэзиялық, «Қараөзек», «Қолшатыр», «Бейуақ» атты прозалық кітаптары – соның куәсі. Ал біз бұл мақаламызда Нұржанның  әдебиет әлеміне басталған  алғашқы қадамы – поэзия төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.

Мәңгілік өмірің – өршіл рухты өлеңің, асыл поэзияң Шолпан жұлдызындай биікте жарқырай берсін деп тілек айтамыз елу ­жасты еңсерген қаламгерге. Әдебиет өлкесіндегі жолың ұзақ та, жемісті болғай!

 Нұрлан ҚАЛҚА,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

6881 рет

көрсетілді

1749

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы