• Тарих
  • 14 Қаңтар, 2021

ТАРИХИ ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ТАЗА ҒЫЛЫМИ ҰСТАНЫММЕН ЖҮРГІЗГЕН ДҰРЫС

Гүлжаухар Көкебаева,
тарих ғылымының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы тарихшылардың алдында күрделі ғылыми міндеттер тұрғанын айқындады. «Тарихи зерттеулерді таза ғылыми ұстаныммен жүргіз­ген дұрыс» деген сөзге ойлана көз салсақ, еліміздегі қазіргі тарих ғылымының тамырын ұстап, оның басты «ауруын» дәл тапқанын байқаймыз. Біріншіден, тарихты «жазумен» айналыспайтын адам жоқ, ғылымдағы кәсібилік қағидасы құрдымға кетті. Кейбіреулер архив қорларын мұқият зерттеудің орнына ­интернеттен, әлдебір төмен сапалы кітаптардан үзіп-жұлып алған мәліметтерін өзі тапқандай, жылдам теледидардан, баспасөз бетінен айтып қалуға тырысады. Мәселен, өмірінде соғыс туралы бір мақала жазбаған, тіпті ХХ ғасыр тарихымен мүлде айналыспайтын адамдардың соғыс тарихының күр­делі де маңызды мәселелері туралы батыл пікір айтып жатқанын көреміз. Бұл – еліміздегі тарих ғылымының барлық саласындағы кәсібилік деңгейдің төмен­деуінің, соған орай дилетанттық пен әмбебаптылықтың орын тепкенінің көрінісі.

Екіншіден, кәсіби тарихшы­лардың өздері де кейде әртүрлі кезеңнің, әртүрлі мәселенің ­басын бір ұстап, шашылып кетеді. Жас зерттеушілер бір тарихи кезеңге мамандануға тырысса болар еді. ­Математика, физика, химия және басқа жаратылыстану және техникалық ғылым салаларында жас данышпан ғалымдар баршылық, бірақ тарих ғылымында Эварист Галуадай феномен болуы екіталай, өйткені тарих ғылымында «жаңалық» категориясына ­жататын идея айту үшін ғалымның жинақталған білім қоры мол болуы қажет. Адам ­пайда болғаннан бастап, қаншама миллиондаған жылдар өткенін еске алсақ, тарих ғылымында бір адамның барлық тарихи кезеңдер ­бойынша нарративтік білім жинақтауы мүмкін емес екендігін көреміз, оған адам зердесінің шамасы жетпейді. ­Демек, әрбір кәсіби тарихшының бір ­тарихи кезең бойынша жинақталған білім қоры болуға тиісті. Осы білім қорын үнемі толықтырып отырған ­тарихшы белгілі бір кезең, белгілі бір тарихи оқиға немесе құбылысты зерттеу саласында білікті маманға айналады. Мұндай ­мамандану болмаған жағдайда тарих ғылым ­болудан қалады, ал ғалым таза ғылыми ұстанымға негізделген идея жасай алмайды. Бұл тарихи кезеңдердің бірі-бірімен қатысы жоқ дегенді білдірмейді, барлық кезеңдерге ортақ бір мәселе бар – ол тарихи ­таным теориясы, адамзат тарихының даму концепциясы. Посткеңестік тарих ғылымының тарихи таным теориясы жағынан да жұтаңдап қалғаны белгілі.
Үшіншіден, белгілі бір ­тарихи кезеңді зерттеуге ден қойған ­тарихшы сол заманға қатысты түпнұсқа деректерді оқып, зерттей алуға қабілетті болуы қажет. Айталық, Қазақстанның әр кезеңдегі тарихын зерттейтіндер парсы, қытай, араб, шағатай, тағы басқа көне тілдерді, сондай-ақ қазіргі заманғы шет тілдерді білуі қажет. Жаһандану жағдайында ағылшын тілінің әмбебап ғылыми тілге айналғанын ескерсек, оны білу барлығымызға міндетті екені даусыз. Қазақ тарихын зерттейтін ғалымға ағылшын тілі неге қажет деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл еліміздің тарихын салыстыра зерттеу үшін қажет, өйткені тарихи құбылыстарды салыс­тыру нәтижесінде ғана түсінуге болады. Мәселен, қазақ халқын шексіз қасіретке ұшыратқан ұжымдастыру саясаты не себептен жүргізілді, оған қажеттілік бар ма еді, оған альтернатива болды ма, болса, неге есепке алынбады, осындай көп сұрақтарға жауап табу үшін Ресей империясының әлеуметтік-экономикалық дамуының бірнеше ғасырлық тарихын қазуға және оны Еуропа елдерімен салыстыруға тура келеді. Демек, зерттеушінің салиқалы ғылыми ұстанымының қалыптасуы өте күрделі процесс, ол, біріншіден, тарихшы ­мамандарды бакалавриатта, магис­тратурада және докторантурада дайындаудың бағдарламасын қайта қарауды, екіншіден, зерттеушінің өмір бойы білімін жетілдіріп отыруын, үшіншіден, тарихшылардан түпнұсқа деректерді оқуға қажетті тілдерді меңгеруді талап етеді.
Президенттің мақаласында Қазақстандағы кеңестік замандағы ашаршылық тарихына назар ауда­рылған. Ашаршылық құрбан­дарының саны толық анықтал­мауы­мен қатар, оған ғылыми және саяси баға берілген жоқ. Жалпы ал­ғанда, соңғы жылдарда тарихшылар нарративтік материалға негіз­делген кітаптарды шығарумен тым әуестеніп кеткендіктен, анализ және соған негізделетін бағалау ақсап отыр. Нарративтің басым ­болуы және анализдің азаюы барлық кезеңдер бойынша зерттеулерге тән кемшілік. Мүмкін бұған бұрынғы кезде анализ жасауға негіз болған формациялық теориядан бас тарту, алайда оның орнын ­басатын альтернативтік теорияларды меңгермеу себеп болған шығар. Кәсіби тарихшылардың басым бөлігінің, түпнұсқа деректің тілін білсе де, білмесе де, орта ғасырлар ­тарихына көбірек ойысуының да әсері бар шығар. Кеңестік кезеңнің тарихын «Ол коммунистік партияның тарихы, оны зерттеудің қажеті не?» деген пікірлер айтылып жатады. Шындығында, ол бір партияның ­тарихы емес, ол бір үлкен мемлекеттің тарихы, ол кезде қазақ халқы сол мемлекет құрамында болғандықтан ол Қазақ елінің де тарихы. Егемен ел болып отырған Қазақстандағы барлық әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің сәттілігі ­немесе сәтсіздігі сол өткен кезең­нен ­бастау алатыны сөзсіз. ­Сон­дықтан кеңестік кезең мен тәуел­сіздік кезеңін салыс­тыра талдау аналитикалық зерттеулерге негіз болар еді. Тәуелсіз Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық модернизация­лау үдерісінің барысын зерттеген еңбектер бар, бірақ бүгінгі модернизацияның кеңестік ­модернизациядан айырмашылығын теориялық жағынан талдаған еңбектер жоқтың қасы. Адамзаттың тарихындағы ең үлкен жетістігі ­болып табылатын құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам моделінің біздің елімізде қалыптасуының ерекшеліктері мен жетістіктері қандай деген мәселені зерттеу де кенже қалып келеді. Жалпы алғанда, тәуелсіз Қазақстанның саяси даму мәселелерін саясаттанушылардың, әлеуметтік даму мәселелерін әлеуметтанушылардың қолына беріп қойдық. Бұл мамандықтардың өкілдері саясаттың, әлеуметтанудың теориясымен айналысады, ал белгілі бір жылдардағы нақты саясат, нақты процесс, нақты құбылысты ­тарихшылар зерттеуі қажет және ол міндетті түрде бұрынғы (кеңестік) тарихпен, сондай-ақ қазіргі әлемдегі постсоциалистік елдер тарихымен салыстыра отырып зерттелсе, талдау және бағалау мәселесі дұрыс шешілер еді. Демек, Кеңес Одағы тарихын өзін сол алып мемлекеттің бірден-бір мұрагері ­санайтын бір ғана елдің еншісіне беріп қоймай, оны жаңа концепциялар тұрғысынан, сондай-ақ егеменді Қазақ мемлекеті тұрғысынан зерттеуге айрықша назар аудару қажет.

 

2052 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы