• Әдебиет
  • 21 Қаңтар, 2021

«АҒА, ӨЛЕҢ ОҚЫҢЫЗШЫ!..» (Әңгіме)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

«Ал, ендеше! Кісіні өстіп қинайды ғой бұлар...». Жұмыс бөлмесіне кіргенімен байыз тауып отыра алмады.  Шылым шеккенсіп бүйірдегі балконға шықты. Әйелінің қамқорсыған дауысын естісе де естімегенсіп тұра берді. Сірә, денсаулық өзіне керек, күздің қара суығы жауырынға шаншудай қадалса одан айығу тым қымбатқа түсер. Түйе жүн кеудешесінің өңірін қаусырмалады. Апыр-ай, а?! Өзіне де обал жоқ. Қалта телефоны қанша безілдегенмен алдымен қоңыраудың қайдан соғылғанын, кім екенін анықтап алған соң ғана құлағына апаратын Жаңғали Әбдіразақовтың «ұсталып» қалған жерін қараңыз! Бұл кісіге кез келгеннің қоңырау шалмайтыны белгілі. Елдің алақанында жүрген әтібірлі азаматтың алтын уақытын алуға жүректілердің ғана батылы барар-ау! Онда да бірер минут, аздаған аман-саулық, сосын бұйымтайдың тоқетері. Соны айтқанша да қара терге түсер. Артынша осы тірлігіне өзі де өкінеді. Себебі ­абдырамай, қатал ұстаздың алдына сынақ тапсыруға келген балаң шәкірттей қолдары дірілдемес үшін сол екі ауыз сөздің өзін талай мәрте қайталап, жаттыққанының ­жауабы әлгі немкеттілеу айтыла салатын – «көрерміз». («Көрерміз!» –  осы күнгі көп кісілердің модаға айналған сүйретпе ауызләмдері). Не ары, не бері емес. 

Бекер, бәрі бекер. Үлкен қызының жиен немересі бүгін кешкілік шетелдегі оқуына аттанбақшы еді. Атасымен қоштасқысы келген ғой деп соған бола телефон көтерген-ді. Және кешелі-бері тіл ұшына оралған талай тәтті тілектерді де соған бағыштармын деп оқталған. ­Аздап мақтаныш сезіміне бөленді: «Түсін, түсін балақай, Әбдіразақовтың мұндай тілеуқор көңілін біреулер ақшаға ­сатып ала алмай жүр». Ақшаға сатып ала алмай жүргендері рас. Жаңғали Әбдіразақовты көңіл жықпас кештерге шақырмақ түгілі, емен-жарқын отырып, әңгіме-дүкен құратын дастарқан басына да келтіре алмайсың. Ылғи кедергілерге ұрынасың. Әрі себеп-салдары да салмақты: «Мені білесің ғой, шырақ, ақын адамның шабыты күнде келе бермейді. Рабайда. Қармаққа сирек ілігетін алтын балық секілді кәдімгі. Ал одан айырылып қалсаң,өмір бойы өкініште өтуің  кәдік. Айта беретін несі бар, үлкен шаруаның үстіндемін. Бізге енді анау-мынау оңай тақырыппен алдану жараспайды. Өте өзекті мәселе. Осы жылдың соңына дейін бітірсем бе деймін. Сондықтан мені ретсіз мазаламағандарыңның өзі маған жасалған қамқорлық. Аман жүріңдер, басқосудың тағы бір реті келер...».

– Кім?

– Танымай қалдыңыз ба?

– ?

– ...Сізді оған қимаймын. Үгітілу, бүгілу, шау тарту... өзімен кетсін! Сіз әлі талай қызды қартайтасыз. Саунаға, кейде... еркекпіз ғой бәріміз... кішкене көңіл көтерейік десек, жатып кеп бұлданасыз. Тіпті  үлкен сыйлық алғалы бері үйден шашау шықпайтын болдыңыз. Мұныңыз жарамайды, Жақа! Ара-тұра бой жазып, реті келсе «тәртіп» бұзып қойғанның да артықтығы жоқ. Күндіз-түні төпей беретін сіз графоман емессіз ғой...

– Бұл кім?! – Жаңғалидың ар жағынан біртіндеп ашу бұлты көтеріліп келе жатты. – Мені жатып-тұрғызатын бұл қайсың?

– Өй, Жақам-ай, қайран Жақам-ай! Білем, қазір сізбен әзілдесетіндер сирексіген. Абырой-беделіңіз аспан тірейді бүгінде. Хош, соның бәріне мына жаман інің тілекші.

– Сонымен?..

– Солай... сіз менсінбегеніңізбен жаман ініңіз де аштан қатып, көштен қалып жатқан жоқ. Кеше жыр жинағым жарыққа шықты. Қолтаңбасымен алғашқы кітаптың иесі өзіңіз. Ертең орталық кітапханада тұсаукесері. Білесіз ғой, ініңіз де анау-мынауға шабылмайды, ретсіз жарнама, мағынасыз насихатқа зауқы жоқ. Оқырмандардың тілегі деген соң дымым құрыды. Әйтпесе... Келіңіз, келіңіз емес, келесіз! Бұл – бұйрық. Алмақтың да салмағы бар, осындайда демемегенде... қашан, қайдан көреміз сіздің рақымыңызды! Тұсаукесердің лентасын өзіңіз қиясыз. Оқырмандар өтініп жатса соңғы жазған бір-екі өлеңіңізді оқисыз. Түбі солай болар-ау... сіз күнде қолға түсе бересізбе... Дайын жүріңіз. Кештің соңынан шай-пай, анау-мынау...

***

Енді таныды. Әлгі ант ұрған Сәдірбекке келгенде  тілі байланып, түк айта алмады. Әлде кісінің ішкі қырындысын айтқызбай білетін, білгеннен бұрын қарсыласуға шамаңды келтірмей қол-аяғыңды байлап-матап тастайтын пәлесі барма қайдам, әйтеуір, қалима балықтай көзі алақтады да қалды. Ең ақыры, тіл ұшындағы үйреншікті: «мазам болыңқырамай, сырқаттанып жүргенімді» айтса да жетер еді! Сірә, біреулер ішпей-жемей мысыңды басады дейтіні де осыдан болар.

Тыстан жұмыс бөлмесіне жау жапырғандай асығыс кірді. Компьютерге басылған бір-екі парақ қағазды тартпасынан суырып, алдына қойғанымен назар салып қарамады. Онысы алдыңғы күні жазылған бес-алты шумақ өлең болатын. Әдетте Жақаң көңілден шыққан дүниені бөксесіне басып, түк көрмегендей тымпиып жүре беретін жан емес. Өзгелерге сәл сұстылау, сәл қаталдау боп көрінгенімен, шығармашылыққа келгенде ақжүрек; онысын біреулерге ағынан жарылып оқығысы кеп тұрады, «о жері олай екен, бұ жері бұлай екенді» құлағының сыртымен тыңдап, әйтеуір, қанша бір қамшы салдырмас сыншы болсаң да, тап ана тұсқа келгенде қалай мақтағаныңды байқамай да қаларсың-ау» деп, іштей сол сөзді  тыңдауға әзер шыдап тұрады. Несін жасырады, шығармашылықтан ауылы алыс қаймана қазақты қойшы, сол әдебиет төңірегінде жүрген мүйізі қарағайдай жайсаңдардың өздері анда-санда бір нәрсең жарқ ете қалса түк көрмегендей, ең болмаса шығарманың ішек-қарнын аударып-төңкермесе де: «Жақа, маладес, әлі шабыстан жаңылмаған екенсің!» деп емеурін де танытпайды. Ауыздарына су толтырып алғандай үндемейді. Осы үнсіздіктің немен тынары және белгісіз. Оу, баяғы бес-алты шумақтың ішінен бірер жол ұнаса қиыршық құм арасынан сіркедей алтын сынығын тауып алғандай, не әйелі ұл тапқандай арсалаңдап, (егер арада әжік-гүжік кикілжің болса, оны да басы бүтін ұмытып) түннің бір уағында: «сен нағыз қаратастың өзі екенсің, мынадай өлең жазған адамның қайтіп жер басып жүргендігіне қайранмын! Ал давай, бүгін сенің күнің, Әбдіразақов, кәне тыққан-пыққаныңды бері шығар, ай да жарыл, ай да шалықта!» деп арсың-гүрсің табалдырықтан аттамай жатып, құшағын ала жүгіретін қайран қатарластар-ай! Қайда солар? Иә, біразы іштей тынып, менің еңбегім кезінде әділ бағаланбады деп, мұнысын да ашық айта алмай, ақырында ауруға шалдығып мезгілінен бұрын ана дүниеге аттанды. Дегенмен, шүкіршілік, дені осында. Жаңа астанаға жиналған ақын-жазушылар да бір қауым ел. Бастары қосыла қалғанда өткен-кеткенді айтып, бір жасап қалады. Әйтсе де Жақаң Оңтүстіктегі ару қаланы аңсайды да тұрады, мүмкіндік табылса әрнені сылтауратып солай қарай тартып кетеді. Ол қандай магнит, түсінбей-ақ қойды. Жаңа ортаға бейімделе алмай жүрген болармын дейтін жүгіртпе сөзден аулақ. Жаңа астанаңыз жайнап тұр. Ара-тұра көшеге шықсаң арқаланып қаласың. Оның үстіне мұндағы газет-журналдардың да Әбдіразақовтың меселін қайтарған кезі шамалы. Ұсынғаны көп айналмай жарық көріп жатады. Баяғыдай күреп қаламақы алмаса да, елдің көз алдында жүргенінің өзі дәтке қуат. Қаламнан жеріп жазбай кеткендер қаншама. Кімнің ішіне  кім кіріп шығыпты. Бәлкім, «осы кісі де жастармен жағаласып, алаөкпеленіп қоймады-ау» дейтін шығар; «аларын алып, берерін берді, енді жылы пешке бөксесін үйкеп, кемпірі әзірлеген ас-суды азсынбай да көпсінбей, барға қанағат қып тыныш жатса да есебі түгел ғой» дейтін шығар... Кімнің аузына қақпақ қояды, айтсын, айта берсін. Ал Жақаңның тірі жанға тіс жармаған өзіне тән алабөтен арман-мақсаты бар. Қашан қолынан қаламы түскенше тоқтамайды, жазады әкесін танытып.Арғы-бергі ақындардың деңгейінен бір мысқал кем түссе кәні! Өз есебі өзінде. Оқыс туа салған аса ділгәр дүниесі үшін кімнен барып сүйінші сұрайды. Керісінше, өзгелер келіп, Әбдіразақовты жерден тік көтерсін де әкетсін.

А... а, қайда шығандап ­барады-ей! Сөреден үлкен сыйлыққа ие болған жыр жинағын не үшін суырып алғанын білмесе де, әйтеуір, ­менен гөрі осы ғұмырлы болғай дегендей, қоңыр мұқабасын алақанымен ұзағырақ ­сипады. Іші толған лирикалық толғаулар мен сюжетке құрылған балладалар. Көбісін жатқа біледі. Өзіне ептеп көңілі толмайтыны – ішкі толғанысы мен дауыс ырғағын бір ізге түсіріп, жұртты елең еткізерлік әсермен өлең оқи алмайды. Міңгір-міңгір. Үлкен аудиторияға барғанда тіпті қиын. Әлдебір ақындардай екі иығын жұлып жеп, жиналғандарды өзіне бірден ­баурап әкетуге шорқақ. Әбдіразақов ә дегеннен оталмай, жүріңкіреп барып жөнге түсетін моторы ескі мәшинеден аумайды. Ептеп содан ыңғайсызданады.

Әлгі ант ұрған Сәдірбек ­кездесуде өлең оқисың деді-ау сөзінің соңын салмақтап. Оқиды, несі бар Әбдіразақовтың топ алдына шығып, өлең оқып жүргені жаңа ма? Қағазға қарағанды ұнатпайды. Біреудің шығармасын ежіктеп тұрғандай қарадай-қарап қысылады. Мәселен, осы жинақтың кез келген бетін аш та, судыратып оқи бер. Аса мәртебелі марапатқа қол жеткізген жинақты жүрек тұсына апарып, құшағына қысты. «Әбдіразақовтың шыққан шыңы бұл болмас» деді біреу естіп қалатындай ішінен күбірлеп.

Сәдірбектің жоқ жерден ұпай түгендеп кеткенін қарашы-ей! Етек-жеңі жиналмай ашылып-шашылып жүрсе де, істің ығын біледі. Нысананы дәл көздейді, тура «ондыққа» дөп тигізеді. Әбдіразақовтың да осал тұсын тап басты. Сыртынан бақылап, аңдып жүретін болғаны ғой пәтшағардың?! Сірә, солай, бұған келгенде Жағаң да дау айта алмайды. Елдің алдына шықпақ түгілі, айтулы сыйлыққа ие болғалы кісікиіктеніп, жұрт жиналған жерге жоламай қойған жоқ па. «Кез келген жерден шошаңдап бой көрсететін сен енді баяғы Әбдіразақов емессің ғой» дейтін «тормыздан» құтыла алсашы.

Әлгі сұмырайдың айтары жоқ, Әбдіразақовтың әп-сәтте ­аяқ-қолын ­матап, тыпырлатуға шамасын келтірмеді. Жақаңның  ел алдына қалай шықсам деп толғаныс үстінде жүргендігін білді-ей, а, білді?! Топ алдына шығып өлең оқымаған ақынның күні қараң. Мықты болсаң мықтылығыңды дәлелде, жақсыңды жұртпен бірге бөліс.

Сәдірбектің телефонын қайта терді.

– Кешіңе тағы кімдерді шақырдың?

– Сізге бәрібір емес пе.

– Таныс-білістерден кімдер бар дегенім-дағы.

– Мені түк білмейтін ашықауыз дейсіз-ау, Жақа. Біз де білеміз өлетін жерімізді. Сіздің жел жағыңызға шыққан кезім болса айтыңыз? – Сәдірбектің күлкісі сәл оғаштау естілді. – Сізбен бәсекелестерді кешке шақырып мені жынды ғой дейсіз бе?! Сіз қашанда оқшау, жалғызсыз. Мұз жарғыш кемесіз біз үшін...

– Әй, зуылдатпа, сәл кідір...

– Ал...

– Менің онда өлең оқығаным қалай?

– Тура, маған сенбесеңіз кітапхана директорының телефонын берейін, өзіңіз сөйлесіңіз... Оқырмандарыңыз сізді әбден сағынып қалған ... Ай, Жақам-ай, Жақам-ай, сіз сол баяғы Әбдіразақов!..

– Енді кім болуым керек?

– Адам өзгеруі керек қой бүтіндей, ең болмаса шамалап...

– Қалай?

– Мен о жағын қайдан білейін. Сіздей кісіге ақыл айту қайда бізге...  Сізді бұған дейін орта жолда қалдырған кезім жоқ, бұдан кейін де қызмет етуден жалықпаймыз.

– Жә-жә, болды, болды...

– Ешнәрседен қам жемеңіз. Барлығы сіздің деңгейіңізде шешіледі. Сіздің деңгейіңізден төмендеуге қақымыз жоқ.

Сәдірбекті ант ұрған дейтін себебі, біраз жыл қол астында қызмет істеді. Майлы қасықтай жылпылдап тұрған біреу. Ақын болам деп тыраштанады, мұнысы бекер. Саудагер болғанда қатып кетер еді! Әлі де кеш емес. Ақындар дүниені шайқап-төгіп жүреді дейтін ­болар шамасы. Ай, қайдам, иманы кәміл, Жақаңды әкесіндей қадірлейді. Ілгеріде алыстан қосылатын бір жамағайыны таныстырған. Аузының ­салымы бар, жолы болғыш. «Алып кел мен ­шауып келге» жақындау бір қызметке орналастырған. Жұмысты үйіріп әкетсе тым алақай, егер шалағайлық танытса өзінен көрсін. Жоқ, Сәдірбек өзінің ғана емес, өзгелердің де тілін тапты. Арамтер боп ақын боламын дегені ғана ұнамайды.  Әйтпесе бар-ау, Әбдіразақовтың алдында қашан көрсең де «ләппай, тақсыр!» Сөйткен азаматтың кешіне қайтіп қатыспайсың.

– Бәйбіше!

Әйелі заматында жетіп келді, жетіп келді де әдеттегіше жанындағы жұмсақ орындыққа жайғасты. – Түнде жазылған өлең бе?

– Өлең емес, өмір!

– Не дейсіз?

– Өмір деймін, өмір!.. Соңғы жазылған өлеңді саған оқымай кімге оқимын. Сен ғой менің адал сыншым. Ал әзірге... ана жолғы Түркиядан әкелген костюмімді дайында.

– Үлкен үйге барамысың?

– Жоқ, шығармашылық кешке.

Жақаң балконға шығып, тағы да шылым шекті. Қарашаның соңғы аптасы жауынды. Күн бұлыңғыр. Ақыры қайыр болғай. Күн жылынса көңіл де көтерілер еді-дағы.

***

Сәдірбектің де таппайтыны жоқ. Кештің жүргізушісі тұла бойына шыр жұқпаған сып-сығыр жігіт болғанымен, сөздің майын ішкен нағыздың өзі болып шықты. Әбдіразақовтың да аяқ-қолын жерге тигізбеді: «Алдыңғы толқын ағалардың көш басында келе жатқан әрі үлкеніміз бар, кішіміз бар үлгі тұтатын әзиз жүректі ардақты кісіге құрмет көрсетіп, бәріміз орнымыздан тұрайық!». Мұнысы сәл артықтау еді. Жақаң да аздап қысылғансып, отырғандармен бас изесіп ­амандасты да, алдыңғы орындықтардың біріне жайғасты. Осымен қоя салса да болар еді, жоқ, Әбдіразақовтың шығармашылығы жайлы толғаныс та біразға созылды. «Кеш иесі мен емес, осы қошеметтеріңе де ризамын» дегендей, мұнан соң үнсіз қалуды ыңғайсыз көрген Жақаң оң қолын көтеріп, тағы да бас изеді.

Кітапхананың кең залы толы. Орынсыз қалған жастар бірінің иығына бірі иегін артып, екі қабырғаны түгел жаулаған. Кітапхана директоры сәл кешігіп келді де, Әбдіразақовтың жанындағы бос орынға отырды. ­Жылышырай амандасты. Бұрынырақта жасы келген кертақта әйел секілді еді, қазір екі бетінің ұшына қан жүгіріп, әдемі боп сұлуланып кетіпті. Жасанды кірпіктері де жарасып тұр. Белінен буылған бес-алты кітаптың қызыл лентасын Әбдіразақов екеуі бірге кесті. Жұрт әдеттегідей қол шапалақтады. Әлдеқалай болар деп іштей қапаланған Сәдірбектің шыбын жаны тырнақ ұшында. Тұсаукесер рәсімі аяқталған соң ғана терең дем алып, тынысы кеңейді. «Сіздің келгеніңіз мұндай жақсы болар ма?!» дегендей Жақаң жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Толыса бастаған дене бітімі жеп-жеңіл. Той иесі өзім ғой дейтін иелікке енді ғана қол жеткізгендей, сахнада қаздиып жалғыз отырған жүргізушінің құлағына әлденелерді сыбырлап қайтты.

Жаттанды  сценарий бойынша Сәдірбек жайлы бір-екі кісінің ортаға шығып, сөйлеуі міндетті-тін. Әрине, салғаннан сын садағын түйрейтіндей жиналғандар кеш иесіне жау емес, дені ағайын-тума, көңіл жықпас дос-жаран, қалғаны оқу орындарының студенттері. Оның үстіне Сәдірбек өлең өлкесіне енді ғана атізін салған жас оғлан. Бәлкім, өлеңдерінен бірлі-жар кемшілік ұшырасса, оны да кеңшілікпен қабылдаған ләзім. Жан-жағына мойын бұрған Жақаң алғашқы сөздің өзіне берілетініне бек сенімді. Әңгіменің кіріспесі тіл ұшында және қалай аяқтайтындығын да жұптап қойған. Үлкен сыйлық иесінің сөзі жұрттың жүрек пернесін дөп басатындай тұшымды пікірге толы болуға тиіс. Ал қалғандарының не дейтінінде ­шаруасы шамалы.

Жүргізуші үсті-үстіне тамағын кернеді: – Бүгінгі тұсаукесерді толығымен жаңаша форматта өткізейік деп шештік. Авторға айтылар арнау сөзді шайға қалдырамыз. Кеш тұтасымен поэзияға арналған кеш болсын. Бүгін осында поэзияның біраз жас перілері келіп отыр. Жалпы өлең оқимын дегендерге қарсылық жоқ, десе де тақпақтап, ауа жайылып, жұрттың бекер уақытын алмау жағын да естен шығармаған ­абзал. Ал іске сәт!

Толыса бастаған денесін жылдам игерген Сәдірбек ұшып түрегеліп, сахнаға жүгірді. Екі құлағы қып-қызыл. Жедел түрде жүргізушінің «қателігін» түземекші. Адам-ау, ылғи бірінші боп аталуға тиісті Әбдіразақовтың алдына кісі салу деген не сұмдық?! Сөз жоқ, алғашқы сөз Әбдіразақовтікі. Мына сорыңды ұрайынның не сасқаны? Бірнеше мәрте телефондап, Жақаңның келісімін әзер алғанда... маңдайы жарқырап қарсы алдында Жақаң отырғанда... Есі ауысқаннан сау ма?! «Әдебиетте кімнің қандай орны бар, кімнен кейін кім аталады, бәрі-бәрі жазған хаттай алақанымда» деп бөскеніне береке берсін! Жүргізушіні бүйірден түртіп қалды. Анау да нағыз кессе қан шықпастың өзі екен. Түк сасқан жоқ және дауыс ырғағын да өзгертпеді: –Кешті жаңаша өткіземіз дегенбіз, албіреулер араға килігіп, біреулерді алға оздырып жібермекші. Поэзияға әке-көке дейтін қолпаш жүрмейді. Поэзия – таңғы шықтай өнер тұнбасы. Кәне, кімнен бастаймыз, өздерің шешіңдер.

– Жастарды тыңдайық.

– Халықаралық бәйгеден жүлде алғандар да осында.

– Алдымен ең жас ақын сөйлесін.

Толыса бастаған денесін жылдам игеріп, шалбарының белдігінен жейдесінің етегі шығып кеткен Сәдірбек самайының бырш-бырш терлегеніне қарамай, суға батқан кісіше екі қолымен тал қармап, елдің алдына шықты: – Оу-оу, азаматтар-ау, ортамызда таудай болып Әбдіразақов отырғанда... бұл қалай? Және үлкен сыйлықтың иегері...

– Әбдіразақовты бәріміз сыйлаймыз. Бірақ ол кісінің кезегі соңынан. Бұл – ағамызды кемсіту емес, құрметтеу. Өзінен кейінгілердің шама-шарқын байқасын. Кейін бәлкім, кештен түйген ойларымен, пікірлерімен бөлісер. Ағамызға керегінің өзі сол ғой. Бұ жер бас ұстайтын той емес. Алғашқы кезек жақсы өлеңдікі. Жақсы поэзия – арғымақ, ендеше арғымақтың жолын бөгемейік. – Сарғыш шашы иығын жапқан көзілдірікті жігіттің дегеніне жұрт иланып қалғандай, жым-жырт. Сірә, ең жас ақыны осы болар, ортаға шыққан бозбаланың екі-үш шумақ өлеңіне елең еткендер шамалы. Әйтсе де әдеп сақталып оған да құрмет көрсетілді, қол соғылды. Жаңғалидың есіне қайдағы-жайдағы түсті...Баяғыда теңіз жағалауындағы жатаған ауылға елге есімдері белгілі бір топ ақынның сау етіп келе қалғаны. Басшылар асып-састы. Не істейміз, ақындарға не айтып, не көрсетеміз? Жаңғали сегізінші сыныпта оқитын. Ептеп өлең жазатын, қайдағы өлең...аннан-мұннан үзіп-жұлған шалдыр-шатпақ. «Ертең ақындар ауыл тұрғындарымен кездеседі. Сен жиналыстың арасында соларға арнаған өлеңіңді оқисың. Дайындал. Бізді ұятқа қалдырма» деді мектеп директоры. Оқыды, не оқығаны есінде жоқ. Есінде қалғаны әжесінің «Немерем жігіт болды, ел алдына шықты, кәне, сендердің балдарың Жаңғалиға жетіп алсын» деп аты бәйгеден озып келгендей қанаттанып, сүтін шайға қатып, талғажу қылған жалғыз ешкіні сойып тастағаны.

Әп, бәрекелді, бейжай отырған Әбдіразақовтың тұла бойы кенет шым ете қалды. Бір жайсыздықты сезгендей астындағы  орындықта оқыс сықырлады. Құлақ түбі күңгір-күңгір. Бұл қайдан тап болған таңғажайып дүние?! Айт жоқ, той жоқ, жүрек соғысының үсті-үстіне жиілегені несі? Тамақ түймесін ағытып, көлдей орамалымен тершіген маңдайын сүртті. Жас перілер бірінен соң бірі жұлқынып шығып, өлең оқып жатыр. Өлеңдерінің осы қалайы болсайшы! Ылғи «айналасы жұп-жұмыр, жүрекке жылы тиетін» жағымды жырлар. Алғашында жалына қол тигізбей атойлап алға шыққан бір-екеуінің аты-жөндерін жазып алармын деп оқталған. Кештің орта тұсына келгенде онысын мүлдем ұмытты. Құдай салмасын, мынау не деген құдірет-ей, а?!.. Таудан құлаған арынды өзен жолай кезіккен қоқыр-соқырды бірге ағызып, тіпті жұп-жұмыр қой тастардың өзін біраз жерге дейін домалатып әкеп, әбден күшіне мінген сәтте бетон қоршаудың басынан бір-ақ секірмеуші ме еді! Мына жыр-шумақтар со көріністен бір саты кем болсайшы! Бірінен-бірі өткен сұрапыл... Әлгі арналы өзен кейде сабыр шақырып, сабасына түседі. Таңғы шық. Іргеліктен енді ғана бой тіктеген күн сәулесі гүл қауызына қонақтаған бір тамшы таңғы шықты құмарта жұтады. Төңірек маужыраған тыныштық құшағында... Бір түп жиденің көлеңкесіне кеп, жаңа құлындаған мама биенің бауырына жабысқан ақ бақай құлын алдымен төрт аяғына мініп, бой тіктеуге тырысты; көзін ашып жан-жағына қарады, сосын емшек іздеді. Шіркін, уыз дәмінің тәттісі-ай!.. Құйрығы тынымсыз шошаңдаған бозторғай түк таппағандай шықылықтап келіп, бұзаулы сиырдың құйымшағына қонақтады... Таң біліне дүниенің апшысын қуырған бұл не дүрсіл? Санынан жаңылған ғарыш кемесі Жер-Ананы аяусыз тепкілеп, тағы да аспан әлеміне бағыт түзеді... Әлем халқының зәре-құтын алып, үйден-үйге қуып тыққан мылтықсыз майдан – аты өшкір індет, қайда барып тоқтайсың?! Адам баласынан ала алмай жүрген өшің болса айтсаңшы!..  Жұмыр басты пенденің еш уайымсыз, қайғы-мұңсыз хал кешетін мамыражай күні бола ма?!.. Адамның сана-түйсігі бейбіт заманда да жапырақ-бұтағын еркін жая алмай, жаһанданудың темір есігінен неге сығалап тұр?!.. Мына жарағырлардың махаббатты жырлауының өзі біртүрлі; кейде үлбіреген ақ мақта, мамықтай биязы; кейде айдын бетінде аласұрған дәу толқындай аласапыран.

«Қалай, Әбдіразақов?!Сыйлық иесімін деп аспандамай жерге түс! – Біреу желке тұсынан самбырлап сөйлеп тұрған секілді: – Артыңнан қандай күштердің бой тіктеп, өсіп келе жатқанын байқадың ба? Бір есептен әлі де қасарысып, мойындағың келмейді, ә?! Бірақ бұлар бүгін бе, ертең бе, бәрібір мойындатады. Мойындайсыз амалсыз!.. Адалын айтыңызшы, мыналармен иық теңестіруге шамаң жете ме?!.. Қалай-қалай сілтейді жас перілер...».

Кештің аяғына қарамай Жақаң  сүлесоқтана орнынан көтерілді. Сыртқа шығуға ыңғайланды. Лып етіп жанына жетіп келген Сәдірбекке саған ризамын дегендей, жасандылау жымиып, арқасынан қақты. Есікке жақындай бергенде әлдебір бойжеткеннің: «Аға, өлең оқыңызшы!..» деген өтінішін анық естіді. Артына бұрылған жоқ, шайға да қарамады.

1466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы