• Білім және ғылым
  • 21 Қаңтар, 2021

Жаңашылдық пен оң бетбұрыстың бастауы

Құралай Мұхамади,әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университетінің 
профессоры, филология 
ғылымының кандидаты

Елдің келешек бағыт-бағдарын айқындап, келер күннің атқарар міндетін жоспарлаған ел Президентінің дәстүрлі Жолдауы саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың түп қазығы іспеттес. Президент ­Жолдауы жер-жаһанға қауіп төндіріп тұрған пандемия кезінде, еліміз үшін де үлкен ауыртпашылық артып тұрған сын сағатта елдің бүгінгі ахуалын тұрақтандыру мен ертеңге деген сенім ұялату бағытындағы үлкен серпін беретін уақиға ретінде аса маңызды. Жолдаудағы саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардың қай-қайсысы аса зор маңызға ие. Жолдауда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін ұсынудағы мақсат – жұмыстың барлық кезеңін жоспарлауға, орындауға, бағалауға мол мүмкіндік алу, жұмыстың нәтижелілігіне жету. Бұл – бүкіл басқару жүйесінің діттеген мақсаты. Шенеуніктердің санын қысқарту арқылы үнемделген қаржының есебінен қызметкерлердің жалақысын көбейту ­туралы мәселенің қозғалуы да аса маңызды. Өйткені еңбекақысы мардымсыз мемлекеттік қызметтің пайдасынан зияны көп. Оны Президент Қ.Тоқаев нақты дәлелмен анық ашып көрсетті.
Жолдауда кеңінен сөз болған мәселенің бірі – әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру. Еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі ретінде өнеркәсіптік әлеуметімізді толығымен пайдалану қажеттігі айтылды. Түрлі бағыттағы тауарлардың көпшілік бөлігі шетелден келетіндіктен, қара және түсті металлургия, мұнай, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру қажеттігі зор маңызға ие. Ол айтылғандарды реттеуде «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңды әзірлеу қажеттігі ескертілді. Осы орайда кемшіліктерді де батыл айтып, оны шешудің тетіктері көрсетілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құрудың мүмкін болмайтынын айта келіп, ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, түрлі дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеу үшін 7 ірі экожүйе құру туралы айтылды. Оның аса қажет екенін сала мамандары да, қарапайым халық та жақсы сезінеді және қолдайды. Жолдауда экономикалық дамудағы өзекті саналатын шағын және орта бизнеске қатысты атқарылған және атқарылатын істер, өзгерістер, жеңілдіктер толық сөз етілді.
Жолдауда Президенттің білім-ғылым саласын дамытуға қатысты көтерген мәселелері – жаңашылдық пен оң бетбұрыстардың бастауы ғана емес, болашақ дамудың бояуы қанық картинасын көз алдымызға әкелгендей ләззат сыйлауда. Жолдауда айтылғандай білім-ғылымды дамытудағы алғышарттар озық үлгідегі халықаралық тәжірибелерге негізделгенімен құнды. Себебі халықаралық тәжірибенің берген нәтижесі анық, оны сол үлгіде жүзеге асырудың тетіктерін тез орындауға мүмкіндік бар деген сөз. Осы орайда Жолдауда айтылған: «Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа  алса, нұр үстіне нұр болар еді» деген сөздің халықаралық тәжірибеде оң нәтиже беріп жүргені белгілі. Озық елдерде университеттердің тұрған территориялық орнына қарай сол жердегі бизнес орталықтары, қала әкімшілігі, ірі өндіріс орындары оларды өздерінің қамқорлығына алып, тығыз байланыста еңбек етіп, оларда жан-жақты даму жүріп жатқанын білеміз. Олай болса, Президент айтқан ой іске асса, білім саласы құрғақ теориялық біліммен ғана емес, озық технологиямен, ортақ іспен алға қарай дамиды. Жолдауда айтылған тапқан табыстың бір пайызын ғылым мен технологияны дамытуға жұмсау туралы қолданыстағы норма жүйеленсе ғылыми кадрлардың да, білімнің де сапасы арта түсер еді. Бұл келешектегі даму бағытымызға қатысты ірі міндеттер болса, қазіргі пандемия кезіндегі әрбір ата-ананың, оқушының, студенттің, оқытушының ойын алаңдатқан мәселелерге бірқатар жауап берілді. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі мұғалімдер мен оқытушылардың жалақысын көтеруге, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға қатысты көтерілген мәселенің де маңызы салмақты. 
Қорыта келгенде,  Жолдау ел болашағын, ұрпақ тағдырын ойлаудың жарқын көрінісі болмақ.

 

3430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы