- Білім және ғылым
- 21 Қаңтар, 2021
ӨРІСТІ МЕКТЕП, ӨРКЕНДІ ТҰЛҒА
Алланың сипатына адал болу – адамшылықтың белгісі, табандылықтың нышаны, тұлға биігіне көтерілудің көрінісі.
Біз білетін ғалым-ұстаз, қазақ тіл ғылымының әдіснамалық негізін теориялық және әдістемелік тұрғыдан байыта, дамыта отырып, осы бағытта өз мектебін қалыптастырған, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Педагогикалық білім беру академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаева – қазіргі таңдағы қазақ тіл білімі дейтін кеңістіктегі санаулы тұлғалардың бірі, бірегейі.
Бұл – ұлт ғылымына, халықаралық түркология әлеміне есімі жақсы таныс аға буын алыптар тарапынан да, ғылымда сүрлеу-соқпақтарын үздіксіз салып келе жатқан әр буын өкілдері тарапынан да берілген әділ баға, ұстаз хақындағы алқалы жұрттың тоқтамды пікірі.
Тіл ғылымының тарихына қатысты әлемдік зерттеулерге зер салсақ, оның әдіснамасына (методология) гносеологиялық және эпистемологиялық ұстаным тірек болатынын көреміз. Гносеология – гректің «gnosis» тану, білу, мағлұмат, ал эпистемология – «episteme» істей білу, өнер, шеберлік, білім деген сөзінен қалыптасқан термин.
Тіл ғылымының әдіснамалық (методологиялық) негізі тілді жалпы теориялық тұрғыда танып-білу және оны қолдана білуден тұрады. Теориялық жақтан шешімін тапқан нәрсе практикалық тұрғыда қолданысқа түсіп, білім қорына айналса ғана ғылым қалыптасады. Тілдің теориясы мен оның қолданылуын өзара бірлікте зерттеу – нәтижеге жетудің бірден-бір жолы.
Қазақ тіл ғылымында тілді гносеологиялық жақтан да, эпистемологиялық жақтан да зерделеп, терезесін тең ұстаған бірегей ғалым – педагогика ғылымының докторы, профессор,ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева.
Фаузия Шәмсиқызының гносеологиялық зерттеулері адамдардың сөйлеу арқылы ұғынысу, түсінісу, қарым-қатынас жасау әрекеттерін теориялық тұрғыдан зерделеуге, ал эпистемологиялық зерттеулері оның практикалық мәнін айқындауға арналады. Ғалым тілдік қатынастың теориялық мазмұнын білім беру жүйесіне енгізу арқылы теория мен практиканы ұштастырып, тілдік қатынас теориясының методологиялық негізін қалады.
Тек адам танымында орныққан ойлау мен пайымдау, сана мен ми арқылы тілдік қатынастың жүзеге асатынын дәлелдеген ғалым: «Ойлаусыз тілдік қатынас жоқ. Ойлау тілдік қатынастың тірегі ғана емес, ол – бүкіл сөйлеу әрекетімен өмір сүретін адамзаттың болмысы. Ойлау мен сана, тіл мен сөйлеу – бір-бірінен ажырамас жүйелі құбылыстар» екенін айтады [Оразбаева Ф. Шығармалар жинағы. 2 том. Тілдік қатынас. Алматы: «Ан-Арыс», 2019. -584 бет, 74-88 бб.]. Ғалымның ғылыми тұжырымдарын сараласақ, тілдік қатынасқа тән мынадай ерекшеліктерді көреміз: 1) тілдік қатынас тек адамзатқа тән; 2) тілдік қатынасқа тіл мен сананың бірлігі арқау болады; 3) тілдік қатынас қатысымдық бірліктердің үздіксіз қозғалыстағы қызметі арқылы жүзеге асады; 4) кем дегенде екі байланысшы қатысады (біреуі хабарлайды, екіншісі қабылдайды); 5) жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет етіп, қоғамның әлеуметтік қажеттілігін өтейді; 6) адамның қоғамдағы орнын бекітеді; 7) барлық қоғамдық үрдістердің, әлеуметтік идеялардың жүзеге асуына әсер етіп, бүкіл қоғамның қалыптасуына қызмет етеді; 8)тілдік қатынас адамзатпен қатар пайда болған табиғи құбылыс; 9) жалпы адамзатқа тән тәрбиелік жүйені қалыптастыратын педагогикалық құбылыс; 10) адамзаттың танымдық қабілетін дамытатын психологиялық құбылыс.
Ол – тілдік қатынастың басты белгілеріне жататын осы құбылыстарды сөздің, сөйлемнің, тұрақты тіркестің, мәтіннің қызметімен байланыстыра отырып, тілдік бірліктердің коммуникативтік сапаға ие екенін ұлттық тіл білімінде алғаш рет дәлелдеген ғалым. Оны дәйектеу үшін тілші-ұстаз антропоөзектік ұстанымды басшылыққа алады. Дәлірек айтқанда, тілдегі адам факторын анықтап, оның сөйлеу актісі теориясында және таным теориясында алатын орнын айқындайды.
Осы орайда төмендегі екі мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Біріншісі – сөйлеу актісі теориясына қосқан үлесі.
Ғалым тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылардың коммуникативтік моделін (Баяншы – Қатысымдық бірліктер – Қабылдаушы) ұсынып, тілдесімге байланысты сөйлеу актісі теориясының басты қызметін айқындайды. Олардың қатысымдық, байланыстырушылық, экспрессивтік қызметке ие екенін дәлелдейді. Тілші баяншы (баяндаушы адам) мен қабылдаушылардың тілдік қатынастың барлық түрлері арқылы атқаратын функциясын қатысымдық қызмет деп таныса, тілдесімге қатысты байланыстырушылық қызмет тілдік бірліктер арқылы жүзеге асатынын ғылыми-прагматикалық жағынан сипаттайды. Ғалым экспрессивтік қызметке, біріншіден, қарым-қатынасқа түсушілердің берілген хабарды қабылдап қана қоймай, оның айрықша мәнін, әсерін, күшейту реңкін толық түсіну қабілетін; екіншіден, баяншының хабарды баяндау барысында қандай ой мен мазмұнға ерекше көңіл бөлу керегін, өзіндік көңіл күйін, сезімін, көзқарасын жеткізу мүмкіндігін жатқызады.
Автор қатысымдық қызметтің басты ерекшелігін «адамдардың ауызша, жазбаша және ым-ишара арқылы өзара қарым-қатынасқа түсуі» деп түсіндіреді. Ол сөздің, фразеологиялық тіркестің, сөйлемнің, мәтіннің тілдік қатынас құралы ретінде жұмсалуы олардың байланыстырушылық қызметінде деп таниды. Баяншы мен қабылдаушылардың бір-бірімен пікір алмасуы, бірінің айтқан ойын екіншісінің жалғастыруы, бірін-бірі түсінуі, хабардың жетуі, яғни олардың арасында байланыстың орнауы қатысымдық-тілдік бірліктер арқылы жүзеге асатынын дәлелдейді. Экспрессивтік қызмет хабардың, ақпараттың адам эмоциясына әсер етуі тұрғысынан анықталады.
Ғалымның теориялық тұжырымдарын практикалық тұрғыдан талдау арқылы қатысым теориясы мен сөйлеу актісінің байланысын көрсетуге болады. Мысалы: Оңашада тыңдаған мына ән жан-жүйемді тебірентіп, іші-бауырымды елжіретіп барады деген сөйлемде сөйлеу актісінің қызметін көрсететін мынадай белгілер бар: сөйлемдегі адам факторын айқындайтын персоналдық категория (менің жан-жүйем, менің іші-бауырым, І жақ) баяншының жай-күйі туралы ақпаратты қабылдаушыға жеткізуге, олардың арасындағы қатысымдық қызметтің жүзеге асуына арқау болады. Оған сөйлемді актуализациялау әдісі арқылы көз жеткіземіз.
– Менің жан-жүйемнің тебіреніп, іші-бауырымның елжіреуіне не себеп болды?
– Оңашада тыңдаған мына ән себеп болды.
Сөйлем актуализацияға түскенде баяншы мен қабылдаушының арасындағы қатысымдық қызмет анықталады.
Синтагматикалық әдіс арқылы сөйлем құрамындағы тілдік бірліктердің байланыстырушылық қызметін көреміз. Сөйлем үш синтагмадан тұрады. 1-синтагма: ән жан-жүйемді тебірентіп барады; 2-синтагма: ән іші-бауырымды елжіретіп барады; 3-синтагма: оңашада тыңдаған мына ән жанымды тебірентіп барады. Бұлар айтылатын ойдың түсінікті болуына, хабардың дұрыс жетуіне және сөйлемдегі басты ұғымның есте қалуына қызмет етеді.
Прагматикалық әдіс арқылы қарым-қатынас кезіндегі экспрессивтік-эмоционалдық қызметті анықтауға болады. Ол баяншының қабылдаушы сезіміне әсер етуі үшін түрлі көріктеу амалдарын қолдану шеберлігінен көрініс табады. Берілген сөйлемде сөйлеуші тілдік қайталама (реприза) (оның ішінде морфемалардың қайталануы жан-жүйемді тебірентіп, іші-бауырымды елжіретіп) тәсілін қолдану арқылы сөйлеу тіліне экспрессивті-эмоционалдық реңк беріп, қабылдаушыға айрықша әсер қалдырады.
Фаузия Оразбаева Дж.Остиннің сөйлеу актісіне қатысты тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, мәтіннің қатысым теориясында алатын орнын ұлттық сөздік қордың мағыналық реңктері мен ерекшеліктеріне сүйене отырып сөз етеді.
Ғалым мәтіннің байланыстырушылық қызметін локутивті акт тұрғысынан анықтайды. Мәтін құрамындағы қатысымдық бірліктерді коммуникативтік жағдаятқа сай пайдалану, тілдік қатынасқа қажетті сөздерді ұтымды іріктей білу, коммуникативтік компоненттердің семантикалық-синтагмалық параметрлерін нормаға сай дұрыс қолдану, интонациялық-логикалық тұтастықты айтылым нормаларына сәйкес сақтау арқылы баяншы мен қабылдаушының арасында байланыс орнайтынын айтады.
Тілші-ғалым мәтін мазмұнының түсінікті, жағдаяттық уәждердің өзекті, тілдік қатынасқа түсушілердің тұлғалық, әлеуметтік сипатының айқын болуын иллокутивті акт заңдылықтарына жатқызады. Мұны баяншы мен қабылдаушы арасындағы қатысымдық қызметтің жүзеге асу көрсеткіші ретінде түсінуге болады.
Перлокутивті акт аясында мәтін құрамындағы компоненттердің қабылдаушы сезіміне, жай-күйіне, танымына, көзқарасына әсер етуі анықталған. Мұны экспрессивтік қызметтің мәнін анықтайтын тұжырым деп есептейміз. Ғалым сөйлеу актісінің әрбір түріне жасалған теориялық тұжырымдарды практикалық тұрғыда бекітіп, мәтін бойынша арнайы талдаулар береді. Бұл сөйлеу актісі теориясына қатысты методологияның тілдік қатынас ілімінде қалыптасу жолын көрсетеді. Ғалымның тілдік қатынас бойынша анықтаған теориялық тұжырымдары мен практикалық талдауларынан шешендік, сенімділік, эмоционалдылық, модальділік сияқты категориялардың сөйлеу актісінде толық көрініс табатынын аңғарамыз.
Екіншісі – таным теориясына қосқан үлесі. Ғалым ойлау, пайымдау, сөйлеу, ой алмасу, пікірлесу, т.б. сияқты адамзатқа тән құбылыстарды адамдардың сыртқы әлеммен байланысын айқындайтын танымдық әрекет деп тұжырымдайды. Тілші бұл әрекеттер жаһандану үдерісінде қоғамдық-мәдени-танымдық құндылықтарды сақтауға ықпал етіп, олардың тілдік қатынаста көрініс табуы қажет екеніне ерекше назар аударады.
Фаузия Оразбаева еңбегінде оларды өз ішінде бірнеше салаға жіктейді: тілдік қатынас және елтаным; тілдік қатынас және мәдениеттаным; тілдік қатынас және патриоттық тәрбие.
Зерттеуші тілдік қатынасқа негізделген елтаным ілімінде қоғамтанудағы, әлеуметтанудағы, мәдениеттанудағы, жертанудағы, т.б. ұлттық құндылықтардың зерделенетінін айтады. Байланыстырушылық қызмет атқаратын тілдік қатынас құралдары арқылы ұлттың мәдениетін, жерін, әлеуметтенуін, т.б. тануға болатынын дәлелдейді. Ғалымның тұжырымын сараласақ, «Сәлем – сөздің анасы», «Адам тілдескенше, жылқы кісінескенше», «Сөйлей-сөйлей шешен боласың», «Сұрай-сұрай Меккеге барасың», «Алысқа ат шаптырып сауын айту», «Үлкенге ізет, кішіге құрмет», «Сөз сөзден туады», «Сөз сайысы, ой жарысы», «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ», т.б. бірліктері халықтың сөз әдебін, қарым-қатынас әдебін тануға арқау болады.
«Толағай туралы аңыз» қазақтың дарқан даласының шекарасы туралы ақпарат беріп, өлкені тануға әсер етеді. «Шұрайлы жер», «бай өлке», «шұрайлы қоныс» тіркестерінен туған жердің құнарлылығы туралы ақпарат алуға болады. Маңғыстау, Зайсан, Атырау, Арқа, Жетісу, Марқакөл, Түркістан, Отырар, т.б. мың сан атаулар өткен заманның куәгерлері ретінде әр кезеңнен, түрлі заманнан хабар берсе, Тамғалы, Алашахан, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі, Домбыауыл, Жошыхан, Болған ана, Теректі әулие, Бекет ата сияқты тарихи ескерткіш атаулары мен Ұлытау, Хан Тәңірі, Қазығұрт, Әулиешоқы, Толағай, Баянжүрек, т.б. жер-су атаулары тарихи-мәдени ақпараттарды жеткізуге қызмет атқарады.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» (І.Жансүгіров) деген қанатты сөздерден өлке тарихындағы үлгі-өнегені сақтау туралы ақпарат аламыз. «Мен таулықпын, таудан мен жаратылғам. Бұлт бүркеніп жай отын ала туғам» (Мұқағали) деген жолдардан елдің табиғат пен адамды біртұтастықта танитынын көруге болады. Ендеше, адамтаным, ұлттаным, елтаным, жертаным, өлкетаным, т.б. туралы ақпарат беретін қатысымдық бірліктер тілдік қатынас пен елтанымды сабақтастырады деген қорытындыға келеді.
Тілдік қатынас пен мәдениеттаным ілімінде заттық мәдениет пен рухани мәдениеттің халық танымындағы бейнесі айқындалады. Ғалым ұлттың әдеп нормаларын айқындайтын тілдік қатынас құралдарын көрсете отырып, оған отбасылық, туыстық, елдік қатынасқа тән атаулар мен ұғымдарды жатқызады. Мысалы: нағашы, жезде, балдыз, жиен, т.б. Нағашының орны мен рөлі «нағыз ағасы, нағыз жанашыры» деген таным-түсінікпен астасатынын көрсетеді.
Шілдеханадан жоқтауға дейін жалғасып жатқан мәдени-тағылымдық жоралғыларды айқындайтын, әлеуметтік мәні жоғары тіл құралдары дәстүрлі мәдениеттегі қарым-қатынасты тануға ықпал ететінін дәйектейді. Олардың қатарына шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, тоқымқағар, тілашар, құдалық, т.б. жатқызуға болады.
Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, этикеттік сөздер арқылы ұлттың қарым-қатынас мәдениетін (қонақ сыйлау, қыз сыйлау, т.б. ) танып-білуге болады.
Сокральды дүниетанымға негізделген сөз орамдары, табу сөздер, бата-тілектер мен әртүрлі жағдаяттағы ырымдарды білдіретін тіл бірліктері халықтың мәдениетімен бірге, наным-сенімін көрсететінін дәлелдейді.
«Ассалаумағалейкүм, адыраспан!
Бізді Сізге жіберді Омар, Оспан.
Ем қылмасам, маған серт,
Ем болмасаң, саған серт» дегенде, халықтың тілі мен ділінің байланысы көрініс табады.
Ұлттың санасында орныққан бала тәрбиесі туралы ережелер мен заңдылықтар да халық тілінде молынан сақталғаны назардан тыс қалмаған. «Үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып сал», «құдыққа түкірме», «есікті керме», «ағын суға дәрет сындырма», «көктеген ағашты сындырма», т.б. Бұлар тілдік қатынас пен адамзаттық ділдің байланысын анықтап, халықтың дүниетанымынан, әлеуметтік мәдениетінен хабар беріп, мәдениеттің бір тармағын құрауға қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер ретінде танылады.
Бұдан ғалымның эмпирикалық таным теориясын қалыптастырғанын байыптауға болады. Эмпирикалық танымда пайымдаулар мен ұғынулар басшылыққа алынады және оның ең маңызды элементі факт болып есептеледі. Факт латын тілінен «factum» аударғанда «жасалған», «орындалған» деген мағынаны білдіреді. Факт ұғымының мәнін ғалымдар былайша анықтайды: 1. Объективті оқиғаларға, объективтік шындыққа («шындық фактілері») немесе сана мен таным сферасына («сана фактілері») байланысты шынайылықтың белгілі бір үзіндісі. 2. Кез келген оқиғаны, құбылысты білу, оның сенімді түрде дәлелденуі, яғни шындықтың синонимі. 3. Эмпирикалық білімді, яғни бақылаулар мен эксперименттер барысында алынған ұсыныс. Ғылыми факт эксперименттерге негізделеді, эксперимент ешқашан жай фактілермен жасалмайды, оған әрқашан теориялық идея негіз болады. Ғалым коммуникативті тіл білімінің теориялық мазмұнын ғана жасаған жоқ, сонымен бірге оны тілдік фактілермен дәйектеп, іс жүзінде жүзеге асыра білді. Нәтижесінде қазақ ғылымындағы коммуникативті тіл білімінің әдіснамалық негізі қаланды.
Осы әдіснаманың негізінде тілдік қатынас пен патриоттық тәрбиенің сабақтастығын көрсетті. Ғалым тілдік қатынас пен патриоттық тәрбиені рухани құндылықтар арқылы сабақтастырып, оның педагогикалық негізін анықтайды.
Ол ана тілінің сөздік қорын, бай қазынасын толық игеру; бабадан балаға аманат болып жеткен шежіре тілінің мәні мен мағынасын, мазмұндық терең иірімдерін сақтау; оларды дұрыс түсіну, қолдана білу міндеті өтелген жағдайда ғана жеке тұлғаның елге, жерге, Отанға, ұлтқа, адамзатқа деген құрметі мен сүйіспеншілігі артатынын, сонда ғана ұлттық мәдениет биігіне шығып, әлемдік өркениетке жетуге болатынын айтады. Сүйінбай ақын айтқан «Бағасы құнды асыл сөз» арқылы тілдік қатынасқа түсу жас ұрпақтың ана тілін сүюіне, құрметтеуіне, дамытуына ықпал ететінін жан-жақты ұғындырады. Ұлттық сананы, патриоттық сезімді оятуда тілдік қатынастың алатын орны айрықша екенін көрсетеді.
Ғалым Ф.Оразбаеваның гносеологиялық зерттеулері тілдік қатынас теориясы – сөйлеу актісі теориясы – таным теориясы үштігінен құралса, эпистемологиялық зерттеулері сөйлесім әрекеті – педагогика – психология үштігінен тұрады. Екі үштік бір-бірімен бірлікте, сабақтастықта зерттеледі. Сондықтан профессор Фаузия Шәмсиқызын ұлттық лингвистикада қатысымдық тіл білімінің негізін салған, коммуникация теориясының мектебін қалыптастырған ғалым ретінде танимыз.
Фаузия Шәмсиқызының тәрбиелеген, ғылымға баулыған елуден астам шәкірті қазіргі кезде коммуникативтік тіл ғылымы саласын әр бағытта зерттеп-зерделеп, еліміздің үздіксіз білім беру жүйесін өрістетіп отыруы – соның айғағы.
Өткен жылдың желтоқсан айында аяулы ұстазымыз ҚР Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталғанын естігенде, шәкірттері мен тілектес әріптестерінің қуанышында шек болған жоқ. Ұстазға берілген бұл марапатты біз ана тіліміз бен қазақ тіл ғылымына көрсетілген құрмет пен сенім деп қабылдадық.
Мақаланың нүктесін қоя отырып, қолыма Фаузия Шәмсиқызының осыдан екі жыл бұрын жарық көрген бес томдық шығармалар жинағын алдым. Өз кезегінде ғалымдар қауымының ықылас-назарына ілігіп, талай-талай жиын мен басқосулардың талқысына түскен, мақалалар жазылған жасыл түсті, сәнді, сапалы бес кітапты қайыра сүзіп шықтым. Екінші томға алғы сөз ретінде берілген Алаш жұртының ардақты қызы, қазақтың ғұлама ғалымы, академик Рәбиға Сыздықтың мына бір тереңтамырлы пікіріне көзім түсті:
«...Ар-намысы, ар-ұяты күшті, айналасына адал ниетті, жалғандыққа жаны қас адамды «адамгершілігі мол адам» деп бағалаймыз... Біз де Фаузияны осындай қасиетіне қарап, адамгершілігі мол, кісілікті кісі деп бағалаймыз. Ол – жалпы адамгершілік қасиеті ғана емес, кісіліктің ұлттық белгілерін де бойына сіңірген жан. Фаузия Оразбаеваны қоғамда адамгершілігі зор ғалым, қайраткер, күнделікті тіршілікте айналасына көрсетіп отырған игілікті істері мол нағыз кісілікті кісі, беделді ұстаз, қадірлі замандас деп танимын... Табысты еңбек, жемісті олжалармен ұзақ жаса дейміз. Том-том монография ұсынып, топ-топ шәкірт тәрбиелей беруге Тәңірім жазсын! Бақ-талайың молынан болсын, Фаузия!» («Егемен Қазақстан» газеті, 2009 жыл) деген екен көреген ұлы кісі.
Өрісті мектеп қалыптастырып, өркенді тұлға биігіне көтерілген ұстаз хақындағы сөзімді мен де Рәбиға Сыздықтың ақжарылып айтқан осы бір жүрекжарды терең ойымен түйіндегенді жөн көрдім.
Нағима Ильясова,
филология ғылымының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі
3578 рет
көрсетілді0
пікір