• Әдебиет
  • 28 Қаңтар, 2021

Тілеуімбет (Әңгіме)

Айгүл Кемелбаева
 

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!

Доспанбет

 

Он алты ұлды Тілеуімбет атаныпты. Үйтентек, айранкөз, белдеу ұстап, безерлік қылуға мығым екен. «Арғында – Тілеуімбет, алшында – Жолымбет» деп аттары шығыпты.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы*. Шежіре

 

Тілеуімбет, Наурыз боп, Ақыл, Сексен,

Ұстасқанды қылушы ең жермен-жексен!

Бұрынғы өтіп кеткен аруақты ерлер

Бүгін енді шығар ма, қолдан ексең?!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

«Күліктің атқамінерлеріне»

Кең даланың төсін керген адырлы-ойпаңды ұсақ шо­­қы­лығы самал жел лүп етсе желкілдек ақ селеу, қылқан селеу шөптердің үлпілдек шашағы тербеледі. Мидай жазық дала аласа таулармен қара жерге шегенделіп, иірім-иірім су көздері айнадай жарқырап жал-жал орман, шоқ-шоқ көк тоғайларын көмкеріп жатады. Сағым көтерсе ақ селеулі дала айдаладағы салт аттының көзіне теңіздей толқып, бұлдырай көрінетін.

Дүние шіркін көшпелі, өмір шіркін өтпелі. Есте жоқ ескі дәуірде телегей-тасқын көк теңіз табиғат құбылуынан құрғап, жайын балық, бекіре, ақ шабағы қыртыс-қатпар тасқа, жылан балығы қанатты құсқа, түпсіз шұңқыры көгалы жайқалған құрылыққа айналғасын; аң-құсы жыртылып айрылған нулы-сулы сахарада бір шоғыры мүйіздей ­шошайып, бір шоғыры су бетіне төңкерілген көк аспан суреті тәрізді күмбездей құйылып, ұсақ шоқылықтары марғау керіліп-созыла беретін төбелердің жон арқасы күдірейіп, Ұлытау, алтын Арқаның әсем тәжіндей Баянтау-Көктауға ұласып, ұсақ шоқылықтар ұлғайған үстіне ұлғая, қарсақ жортқандай Қызылтау, Әулиетау, Қарқаралы, Қазылық, Кіндіктау сілемдерін құрап, айлы-күнді Алтайдан асады. Жалаңаш Кіндіктаудан өзгесі дерлік бастан-аяқ бүркеніп, ­желек жамылған сәукелелі сұлу келіншек тәрізді етегінен шыңдарына дейін шаншыла өскен қалың қарағай мен қайың. Бұл өлкедегі ең биік Әулиетау шыңы, Қарақуыс тау шыңы одан бір бас төмен біткен. Сай-жыралармен, бұлақтармен тілімделген беткейлерде мыңғырған ұсақ малға, үйір-үйір жылқыға құнарлы азық – нәрлі өсімдіктер бұрқырай өседі.

Ел шетіне орасан мол әскермен жау тигенін айтпаққа жаушы күншілік жерден аттанды. Жол бойы бір-бірінен күншілік жер қонған қазақ ауылдары. Ұзамай Алтай мен Арқаны ат тұяғынан көтерілген шаң көкте ұшқан құс қанатын ыс қылған жүз мың сан қалмақ басты. Жеті басты аждаһадай ысқырынып, бір мезгілде әр тұстан ойсырата тиген тұтқиыл соғыстан өлердей әлсіреген қазақ руларының жан сауғалап, атаме­кенін тастай қашпағаны сирек. Алтай мен Арқада иісі қазақ қалмай барады. Күн­гей жақтан қара қалмақтар қаптаса, ертеректе терістікке өтіп алған құба қалмақтар ноғай мен башқұртқа қоса шабуылдап, жан алқымға әбден таянды.

Шабарман жеті қараңғы түнде жұлдыздардың жарығымен жортты, ат үстінде көз шырымын алуға әккіленген соң батпан ұйқыға алдырар емес. Қоштасарда қойнына анасы баланың ит көйлегін тығып, ырымдап салып берді. Ит көйлектің кісіні ажалдан аман сақтап қалатын тылсым қасиеті барына халық сенеді. Түнгі құстың қанат-құйрық суылы, үкінің уілі шабарманды селк еткізді. Иен далада сылдырай ағып жатқан бұлақ басына азырақ аялдап, атын суарып, су ішіп, сергіп алмаққа бөгелгенде шырт ұйқыда сұлап жатқан екеудің үстінен түскені. Қалың өскен қараған, тобылғының арасында қауіпсіз сезінеді ме, әлде ұйқы дұшпан жеңген бе, киімдері аң терісінен екенін ақырын сипалап көргенде қалың әскердің алдынан жіберілген қалмақ шолғыншылары екенін ұға қойды. ­Аттары тұсаулы екен. Біреуінің желке шашын ақырын ұстап көрген. Оқыс қозғалып кетсе, дырау қамшысы даяр. Қалмақтың еркегі ­шашын өріп алдына салып қояды. Екеуін жатқан жерінде селебемен жарып кете барды. Ұйқы жау, қапияда өлсе ажалға дауа жоқ, өз жерінде жатқандай басынып, қаперсіз, кісәпірленуін қара. Екі жүз жыл толас таппаған шапқыншылықта қазақтың қыл аяғы құрсақтағы тумаған нәрестесін найзаға шаншып лақтырған қатыгез жау ұзамай Сарыарқаның тау-тасын қуыс қалдырмай сүзерін білді.

Көз таңбалы арғында Сүйіндік руының Күлік атасында Тілеуімбет рулы ел қопарыла көшкенде қасарысып, ермей қалғанын үдере үркіп көшкен үрейлі жұрт аласапыранда байқамай қалған.

Сүйіндіктің немересі, Құлболдының екінші баласы Күлік Сыр бойында қартайып қайтыс болды. Оның балалары Қазақ хандығы алыс-жақыннан күш жинап, жауға тойтарыс беріп, ­шабынды азайғанда атамекенге қайтып оралды. Арғын төртуылға жататын қаржас, құлболды, жолболды, орманшы сияқты кіші аталардың ауылы бір түп ­шидей қадау-қадау болып, бір-бірінен алшақтау қонған. Бір атаның балалары көшіп-қону жолдары бір болғанымен, әрқайсысының жайлаған жері бөлек, арасы аз дегенде күншілік жер. Жаз жайлау қозыкөште аталас екі-үш ауыл қатар көшіп-қонып жүреді. Күлік руының көші Өлеңті өзенінің бойымен Ұлытауға созылатын.

Орта жүзде жылқы үйірлері көктегі ұялас жұлдыздармен тең түспесе, кем түспейді. Үріккен ел қисапсыз малын қоса айдап әкетті. Сүйіндік ішіндегі кесек рулар үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, мыңғырған ұсақ мал шабындыға түсіп кетпес үшін жылдам қимылдады. Қазан-ошақ маңындағы қатын-бала, кемпір-шалдан бұрын қозғалып, сойы­лын сүйретіп, қорамсағы шиден тоқылған садақ асынған, беліне қылыш байланған білекті жылқышы жігіттер 40 мың бас жылқыны күнбатысқа айдап кетті. Есі бар ел үдере қашып жан сақтамаса, иен далада қазақ нәсілі ақ сүйек болып көмусіз қалары даусыз қаралы күн туған.

Күліктің бәйбішесінен Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, жас тоқалынан Өтепберді, Данияр, Сексен туған, атадан алтау. Ел Күлікті атына заты сай, жүйрік туа беретін ел атайтын. Тілеуімбет жеті арыс орта жүздің рулары тегіс қашып барады деген суыт сөзді естісе де міз бақпады. Ағайын арасында оның қисық, қыңырлықпен аты шыққан. Тілеуімбеттің інісі Наурыз ауылы биік тау басында қарауылдар «жау жетті, сансыз қол» дегенді білдіретін үлкен от жағып, түтінмен белгі берісімен бас сауғалап, отбасын алып, мінсіз жүйрік аттарға мініп, алты баласымен қашып құтылған.Тазы ит, алабайларын ес көріп ерте кетті. Ағасы Тілеуімбет ауылында, қалған туысқа шұғыл хабар айтуға кісі шаптырған. Қара орман жұртын, туған жерін қиып тастап босқан, жұттан шұбырып қашқан қайран ел біртіндеп үркінші қазақтың ұлы көшіне қосыла берді, қосыла берді.

Түйе табанымен жер тарпыса ­жаман ырым. Көкбура аузынан көбік ­шашып, жер тарпығаны бекер болмады. Мал-жаны көп Тілеуімбет андыздаған қалың әскер әзірейілдей төніп қалған сәтте барып енді қашып үлгермесін түйсінді. Қатыны байғұс жас түйенің үстіне жанұшыра қоршалау артып, құтан ұясындай үйшік пен тал бесікті қыл арқанмен шандып, байлап тастады. Жерден бір түп жусан жұлып алып бесіктің ішіне салды. Түйенің бұйдасы ұзын, атты адам жетекке алуға ыңғайлы. Бесікке бөлеулі кенже ұлы періште жүзі балбырап, шырт ұйқыда жатыр. Емшектегі қаперсіз һәм қорғансыз нәрестесін кеудесіне басып, жүйрік атпен қиянға шаба жөнелердей қиналды... Тәңірі куә, қалған он бес ұлын қайтіп көзі қияды?! Бір тылсым күш өзіңе сенбе, ұлық жануарға үміт арт дегендей алай-дүлей сұрапыл күй кешкен ана әлгі үйшіктің ішіне бес жасар ұлын отырғызды, оның танадай жарқыраған екі көзінен ақырғы рет жүрек-бауыры үзіле, елжірей сүйді. Екі баланы түйеге артқан соң сорлы анасы аңырап, дауыс шығарып ­жылай жаздап, көзі жасқа тола күбірлей, Тәңірге жалбарынды. Тәңірге, түйе жануардың пірі Ойсылқараға екі баласын бейшара ана со замат аманатқа тапсырған. Үрпиген кішірек ұлдарына бір-бір жүйрікке мініп, алды-артына қарамай қашыңдар деп бұйырды. Бірақ бір сұмдықтың боларын сезгендей қатты сасып, абыржыған жасөспірім балалар ата-анасын, ересектеу ағаларын тастап, аулаққа шауып кетуге мүлдем дайын емес болатын.

Әттең, қашуға мүмкін болмай қалды, өйткені отбасы тым кеш қимылдаған. «У ішсең руыңмен» дегенді үлкендер неге айтты? «Алты атаның ұлығы Арғын» деп іштей қатуланып, жаны қиналған сәтте өз-өзіне серт қылды Тілеуімбет. «Алтын Арқаны аранын аша келген қара ниет арсыз жауға иесіз қалдырып кеткенше өлгенім артық. Ата-бабамның басқан ізін өшірмеймін. Сарыарқа ұрпағымның еншісінде қала берсін десем өліспей беріспеймін. Өлсем осы топыраққа сіңемін. Қарғыс атқыр қас дұшпанға туған жерімнің бір сүйем жерін тірілей тастап кетпеймін. Арымнан шыбын ­жаным садаға!».

Өлерін біліп, Тілеуімбет алған бетінен таймауға мықтап бекінді. Ол қару ұстауға жарайтын он үш ұлын атқа қондырып, ұста соққан кіреуке сауыт кигізіп, бес қаруын асынтып, ақырғы аталық сөзін айтқан. «Ұлдарым! Айыптамаңдар мені! Қара орман, жер-суымды, ата қонысымды тастап ешқайда кетпеуге, өлмей айрылмасқа серт бердім! Әуелі Құдай, аруақ қолдай гөр! Атаңа нәлет, ит қалмаққа кіндігімді кескен қасиетті жерімді тірілей бермеймін. Бұтына тері киіп, бит басқан, ін қазып, суыр жеген қорқау кәпірден ығысып қашу атайы ер үшін өлімнің зоры!».

Тілеуімбет Құлболды тармағынан. Руы орманшы жасөрім Тайлақтың шешесінің жетім сіңлісі Нарша ­Ті­леуім­беттің тұңғышы Аспантайға атастырылған қалыңдығы болатын. ­Орманшы руы жылы орнын суытып, қалың елмен бірге үрке көшіп бара жатқанда Тайлақ жиен апасы Наршаның аяқ астынан жоқ болып кеткенін кештеу білді. Қыз Нарша жүйрік мініп, ерлерше киініп, садақ асынып, Ұлытаудың жау таяп қалған күншығыс жағына суыт аттанып кеткенін ауылда бір бала көріпті. Өлер бала молаға жүгіреді, қисапсыз жау әскеріне қарсы жеке аттанғаны несі.

Тілеуімбеттің әкесі бір, анасы бөлек кіші інісі Сексен жаман хабарды ести сала қасына жан жолдасын ертіп, қамауда қалған тентек ағасының әулетіне көмекке асықты.

«Тілеуімбет көкем өмірді емес, өлімді таңдап бәңгіше қасарып үдере көшкен жалпақ елден жырылып қал­ғаны құдайдың ісі десек те, сақтансаң сақтайды. О, құдай, Тілеуімбеттің ұлдары өзіне тартқан көкжал болды. Тым құрыса жетекке еретін жас балаларын ажалдан құтқарайық! Сай-жырамен бұқпалап барып, жартасты кезеңнің үстінен тік түссек, қан майданның ортасынан бір-ақ шығамыз. Құдайдың жазғанын көріп алайық» деп күйінген сары атты Сексен батыр қасына қандыкөйлек жолдасын ерте кетті.

«Тілеуімбет көкең абадандығын жиып тастап, ақылға келмегені қалай?! Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дейтұғын, кісі дегенін қылмайтын шынжырлы ер болса қайтейін. Тұқымын тұздай құртуға бастар өлермендікке отқа ұшқан көбелекше біле тұра барғаны несі. Он алты ұлына масайрай ма, әлде көзсіз аламандығымен ажал шіркінді алдап алмақ па?! Күпір әрі кесір ғой мұнысы!» деп налыды наразы серігі. Ол қамауға түссе аз қазақтың өлер жерін білмей текке құритынына күйікті.

Көл жағасына сыңсып мәжнүн тал-қызыл тал өседі, ну қамыс, бітік көгалда тізілген ұяларда су құстары бауыры оттай ысып, жұмыртқа басқан бұла мезгілді алыс-жақын ат тұяғының дүрсілі бұза берген.

Аспантай мен Нарша ай толған түн жартас түбінде оңаша кездескен. Екеуінің басқа қонған бақ дәурені бір түнмен таусылды. Екі жас бір-біріне екі дүниеде сүйген жарым сен ­дескен, ант мезгілін бастан кешкен. Құс ұйқылы екеу әрі асқан бақытты, әрі асқан қайғылы күйге ұрынды. Аспантай әкесінің діні қатты екенін, бүтін халық қорғалап қашқанымен, бұлар атнөпір жауды бөгеуге қаларын айтып, сүйгенімен қимай арыздасты. «Балажан қарлығаш құс ұясында балапандарын құлап түспесін деп көгендеп ұстайды дейтұғын, қанаты қатайса текке қылмен байламас» деп ауыр күрсінді уыздай жас қыз бала. «Екеуміз інілеріңді ертіп, қазір қашып кетсек қайтеді? Ауған елге қосылсақ тегі аман қалармыз». «Өлімнен ұят күшті. Әкемді жалғыз ­тастап, күйіктен тірілей өлтіре алмаймын, намысым жібермейді» деді Аспантай. «Ендеше, мен сенен тірілей айрылуға көнбеймін! Кет деме маған! Сенсіз маған өмір тұл» деп, он бес жасар ару сүйген жігітінің арқасына бетін басып, өкси жылады. Қыз Нарша Тілеуімбеттің он үш ұлының жасағына қосылуға ант ішіп, таң қылаң бере қос жарып өрген екі бұрымын тарқатып, бір бұрым қылып өрді. Апа-жездесінің қолында ерке жетім болып еркін өскесін Нарша еті тірі, кейбір мінезі мен өжет қылығына қараса еркекшора, оның үстіне садақ тартса қыз екені білінбей қалатын.

Қатерде қалғандарды құтқаруға асыққан үш қазақ тік шоқыдан маңайды шолғанда қырқада қайнаған ұрыстың дәрмені біткен ақтық сәтін бір-ақ көрді. Басына күн туған тайпалы ел артына қайрылмай қашып бара жатқанда Тілеуімбет соңына ересек он үш ұлын ертіп, қалың әскермен жалғыз соғысып, күші жүз есе басым өктем жауға амалсыз алдырып, күйреп түскен көзсіз ерлігі ет жақын інісі сары атты Сексен, оның үзеңгі жолдасы және бала батыр атанған Тайлақ үшеуінің көкірегін қарс айырды. Аз сан қазақ өліспей беріспей, қаптаған әскердің біразын қырып жібергенімен, көз ұшында тірісі қалмағанын тік шоқыдан қараған үшеуі айқын көрді.

Қара нор қалмақтың ортасында бір әулеттің жаннан безіп, қоршауда қырылып, сау-тамтығын қалдырмас қиян-кескі өлермендікке барғаны із қуа жеткен ерлерді тым қинап, түңілтіп жіберді.

 «Сүйіндік бабамның бір бұтағын қанды қырғыннан аман сақтап қалмасақ болмайды. Есіл ердің асыл тегі үзілмесін. Тым құрыса, жаны шықпай аман қалған жаралы бір-екі бауырым бар шығар» деп аһ ұра күрсінген Сексен мынау ұрыстың ішінен тірі туысын іздеп табу кең даладан ине іздеумен тең екенін түйсініп, жаны әбден күйді.

Бала батыр Тайлақ Тілеуімбеттің қыршынынан қиылған ұлдарын аза тұтып, жалын ата күрсінді. Шешелері жырмен жоқтау айтса, сұңқылдаған зарлы дауыстан тау-тасқа шейін жаңғырып, айнала күңіреніп кететін. Кенеттен құлағында жоқтау сарын тұнып қалғандай қайғы уыты сұмдық сезілді. «А, құдай, бір әулет түгел қырылып қалғаны ма?! Мына қанды қырғында тетелес Нарша апам не болды?» деп тамағын өксік буып, күйзеліп кетті, сіңлісін жоғалтқан анасына не деп бармақшы.

Тілеуімбеттің он алты ұлының ең үлкені Аспантай мен одан кейінгі ұлы Амантай арыстанша алысқанымен, ұрыстың қызған шағында оққа ұшты. 37 қатерлі мүшел жас екеніне мойынсұнса да, адуын әке балаларының ақ өлімін көріп, өзегі өртенді. Қазақ барғызбасың барғызбас деген сөзді бекер айтпайды. Маңдайына жазылған жазмыштан қашып құтылмады. Ол соғысқа төселген кәнігі ер болатын, шарайнасы кеудесінде, сүңгі дарытпай, шапқанын шауып, гүрзімен ұрып құлатып, баудай отап, дұшпанды ойсыратып салғанымен, жау жан-жағынан жабыла талағанда мойнынан қылыш тиді. Қайратты ер Аспантай он үш шақты қалмақты жер құштырған. Нарша сүйгенін ту сыртынан қорғауға тырысты. Атпен шауып келе жатып, шірене садақ тартса қас пен көздің арасын көздеп, қарға қауырсын жебесі бас сүйектен жұлып түсіретін сұрмергеннің қыз екенін қалмақтар әу ­баста білмей қалған. Нарша қарсы шапқан жауынгердің қылышы сол иығынан белге дейін турап өткенде тіл тартпай кетіп, сұлқ түсті. Жендет атының үзеңгісіне бір аяғы ілініп қалған өлігін тарта жұлқып, жерде теуіп көргенде аққұба сұлу жүзінде қылтанақ түк жоқ екен. Еліктің лағындай қыз баланың ернінде аққан қанға сұлыбас шөп жабысып, көзі жұмылмай ашық қалыпты. Дұшпан жауынгері жас өлікті аударып тастап, басындағы қозы терісінен тіккен қоңыр бөрігін жұлып кеп алғанда, қан жуған арқасына жуан бұрым сыпырыла құлап түсті. Ол түсі бұзылып, қазақтың көрікті қызын сұм ажалға қимай, жүресінен тік отырып қалды. Кенет ішіне өрт түскендей. Тірілей қолға түсірсе ғой, мына олжасына баға жетер ме еді! Бірақ мұндай үлбіреген сұлуды шоң ноян тартып алары тағы сөзсіз.

Аспантай Наршаның мерт болғанын көре сала, анталаған дұшпанды бұза-жара ұмтылған. Сүйіктісіне жете бере күрс етіп атылған мылтық оғынан қаза болды. Қалмақтарда бар от қару қазақта жоқ. Тілеуімбеттің қатары сиреп қалған кіші ұлдары арқасүйер екі ағасының оққа ұшып, қыршын кеткенін көріп, «Бір-бірімізден қалмаймыз!» десіп, жаралы жолбарысша алысып, жұлқына соғысқанымен, бірлі-екілі жауды құлатып, көп ұзамай бықпырт тигендей, бәрі ажалға ұрынған.

Қазақтар сөнген оттың шала бықсы­ған шоғына ұқсаған ұрыс алаңына бір шетінен баспалап келіп, жаралы жатқандар бар ма деп іздестірді. Аздаған қалмақ жаралылар мен өлілерді анықтап тексеріп жүрген тәрізденді. Негізгі әскер мына ойранға аса қарайламай алға жылжып барады. Мынау шайқасты шыбын шаққан құрлы көрмеген-ау. Сексен ақ бас түйенің тізгінін ұстаған күйі жүрек тұсына қадалған найзадан жан тапсырған кимешекті әйелді анадайдан көзі шалды. Жеңгесін жазбай таныған. Жарық дүниеде Тілеуімбеттің тірі қалған ұрпағы бар сияқты! «Бөгелсек балақайлар жау қолында қалады-ау!» деп жан ұшырған Сексен мен Тайлақ дұшпан жағы бұларды анықтап, зер сала көрмей тұрғанда іздегенін ­тауып, қауіптен дереу сытылып кетуге бел буды. Тайлақ адақтап жүріп, сұлап жатқан өліктердің арасынан тоғыз жасар ұлды тапты, алдына өңгере шапты. Көшкенде қазақтың аналары түйенің қомына үйшік немесе шаңырақ артып, үстіне екі-үш ұсақ баладан салатын. Дәу де болса, осы әулеттің кіші балалары ақ түйенің қомында тығулы жатыр. Түйенің бұйдасына өлі ананың саусақтары тас­тай қатып, қасарып қалыпты. Сексен жирен атынан қарғып түсіп, бұйданы өлі саусақтардан зорға ажыратты. Үш қазақ мінген ұшқыр аттар мен жетектегі желгені кей жылқының шапқанына бергісіз жүйрік түйе тау шатқалына еніп барады. Сексен ер жақын маңда қарасы азайған дұшпанның тосыннан қуғыншы шығып, бірен-саран тақау келгенін дырау қамшымен құлақ ­шекеден ұрып жайратты. Жүк артылған түйені жетектеп шауып бара жатқан бөтен біреуді көре сала салт атты қалмақ айғайлай ұмтылды. Ол айыр түйенің ұзын шудасынан ұстай алып, олжаны жібермей алып қалуға асыққан. Қазақтарды құтқармаспын деп тістенген. Арқасында өрулі шашы ұзын дәу еркек тайраңдаған екпіні қатты түйеге қарай тұра шапқаны сол, астындағы қаракер атының тұяғы тышқанның ініне кіріп, оқыс сүрініп кетті. Ағызып келе жатқан жау мұрттай ұшып, салмағынан мойыны үзіліп өлді. Егер құламаса көздегенін құтқармас қайсар ер сияқты. Сексен оң қолымен шоқпарын даярлап, шабуылды тойтармаққа сәл іркілгені сол еді. Мұны рақымшыл құдайдың қазаққа қарасқаны деп шаттанып, үйшік пен бесік артылған жүкті түйені бас жібінен ұстап, қиқулай шаба жөнелді. Қаша соғысып, шоқпарын оңды-солды сермеп, соңынан қуған бірлі-жарым қалмақтарды бұза-жарып аттан құлатып барады. Өрден төмен аттың басын жіберген бала Тайлақ «а, құдайлап» келеді. Бір құдіреттің күшімен жанұшыра ұрыс салған үш қазаққа айрықша қуат дарытқан қанды айқастан олар Тілеуімбеттің ұрпағын аман алып шыққан. Тайлақ шауып келе жатып, артына екі-үш мәрте мойнын бұрып қарағанда, көз ойығы шүпілдеп жасқа тола берді. Туған жерін ақырғы демі таусылғанша қорғап өлген туыстары кебінсіз, көмусіз, жоқтаусыз, моласыз қалып бара жатыр. Қарға-құзғын көзін шоқиды-ау, дұшпан мәйітін ­қорлайды-ау. Ата жауды екі жүз жылдай уақыт құнарымен өлердей арбаған қайран туған жерді қайрылып қайта көруді тағдыр басқа жазар ма екен?! Іші бауыры солқылдай күйіп, жер-сумен жылай қоштасып барады.

Туу алыста қара шаң аспанға көтерілген. Бұл жылы ұясынан, Отанынан безген елдің ізі. Қазақ рулары малын жауға қалдырмай, соқталдай азаматтар бір қолында қаруы, сойылын сүйрете он мыңдаған жылқыны қоса айдап барады. Қазақ қашса да ежелден жылқы түлігін бірге ала жүретін халық. Жауды бөгей тұратын топ-топ шағын жасақтар тау-тасқа жасырынып қалып жатыр. Бұлар елім үшін жан пида дескен, бірі онға татитын алғадай ерлер.

Қатер азырақ сейілгенде сүйіндік пен орманшы руының көшін қуып жеткен үш қазақ ас ішкен соң от ­басында мызғып кеткен. Сексен өздері құтқарысқан екі кішкентай баланы кеудесіне қысып, қайран ағадан қос тұяқ аман қалғанына шүкір қылды. Өр Тілеуімбеттен жер бетінде ұрпақ қалады. Тұл жетім қалғанын білген тәрізді ­шырылдап уанбай жылаған аш нәрестені балалы келіншек бауырына салып, өзінікімен қоса емізген.

Тілеуімбеттің қанды сойқаннан құдай оңдап тірі қалған кішкентай екі ұлын таң ата Қаратауға бет алған ұлы көшке ілескен туыстары әкетті. Бірінің аты Бесім, бірінің аты Қойтан болатын. Тайлақ алып шыққан сәл ересектеу ұл ауыр жарақаттан тілге келмей көз жұмған.

«Алмағайып заманда албастыны да әулие дейді атам қазақ. Өлі арыстаннан тірі тышқанның күні артық. Сүйіндік атам жарықтық бақсы пайғамбар деуші еді, түсіме сары бақсы кіріп, «Мә, ек!» деп қолыма екі тал көк шыбықты ұстатқаны бекер болмады! Екі тал! Қос оғлан Тәңірдің бұйрығымен, аруақ қолдап тірі қалды. Батыр аңғал, ер әңгүдік екені рас. Бұлғақтан қашқан ез емес, есті. Қазақ халқы ес жиған соң атамекен жер үшін ата жаумен ақтық шайқасқа қайта түсеміз» деген Сексен. Тайлақ иіні түсіп, жауқазындай әпкесінің көрген түстей ғайып болған әдемі жүзі көз алдына елестеп, сөнген шоққа қарап, телміріп ұзақ отырған. «Бауырым, бекерге жасыма, сен ержетіп өскенше атақонысқа қайта ораламыз әлі. Атқа қонсаң, дүниенің кеңдігін танисың. Қазақ елім ес жиса, әлі-ақ нығаяды, ымырасыз жауға кеткен кегімізді аламыз» деп Сексен оны жұбатты.

Тілеуімбет он төрт баласымен жоңғар қонтайшысының қалың әскерімен шайқасып, қапыда шейіт болды. Мәрт ерлер болмаса, Тілеуімбеттен тұқым қалмас еді. Қазақ батырлары Арқаны жаудан азат еткен соң, Тілеуімбеттің балалары Бесім мен Қойтан Ұлытау мен Қызылтауға руымен бірге жеткен. Сүйіндік руы Абылайдың тұсында Олжабай батыр мен Жасыбай батыр ақтық шайқаста жеңіп алған тау-тасын, жартасын қарағай жарып өскен, айнадай көлдерін шұғыла шалған Баянтау-Көктауға, ата-баба қонысына өзге арғын руларынан бұрынырақ жетті. Сол екі ортада қырық жыл өтіп, қалмақтың үш буыны ауысып үлгерген-ді. Олар Сарыарқаға әбден бауыр басып, орнығып қалған болатын. Бөрідей ашынған кекті қазақ нәсілі дұшпанға кеткен есені қайтарған. Бір ту астында біріккен үш жүзден айбары асқан даңқты ерлер көп шыққан. Қанжығалы Бөгенбай мен Қаракерей Қабанбайдың соғыс тактикасы қалмақ жағын ойсыратып жіберген. Сахарада «Қалмақ қырылған» деп аталған төбелер қисапсыз молайды.

Содан қайтып қалмақ бұл Арқаны көре алған жоқ. Сарыарқа азат, жау­дан тазарды дегенде Сырдарияның күн батысын, Бетпақдаланы мекендеп жүрген орта жүздің рулары мал басын өсірмей, жас төлді көбейтпей, көзден бұлбұл ұшқанда талай рет аңсап, бір көруге зар болып жылаған атамекенін көксеп, асығыс көшті. Арғын рулары найман, қыпшақ, уақ, керей, тарақты, жағалбайлы, тама айналып келгенше алтын Арқаға жетіп, қазық қағып үлгерді. Әншейінде, саулығы егіз туса қуанатын малсақ қазақ ұлы көшке қамданып, бие, саулық, інгенін қысыр қалдырып, бөгеттен сақтанды.

Сүйіндік руы қырық жылдан соң құдай бұйыртып атақонысқа қайтып келді. Тілеуімбет пен оның ұлдарының сүйегі көмусіз қалғанда Сексен батыр мен оның серігі түн жамылып кеп, мүрделерді жасырын жерлеп, қорымға тас қойып, бекітіп қайтқан болатын. Тілеуімбеттің ұрпағы ата қорымға ержетіп, қырықтан асқанда оралып, әкесі мен ағаларының басына дұға қылды. Тілеуімбеттің сүт кенжесі Бесім қартайып өлді, киелі топырақ Ұлытауда тамыр жайды, тұқым-жұрағаты Әулиетау, Баянауыл-Көктауды жайлады. Қойтаннан тараған ұрпақ Қызылтау, Көктауда өсіп-өнді. Ұлы­тау­дың теріскей жағына қарай ағатын сайларды «Бесімнің бес саласы» деп атайды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы* ­(1858-1931) – Тілеуімбеттің Бесімнен тараған бесінші ұрпағы, ақын, философ, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, араб, парсы тілдерін білген оқымысты діндар-әулие, қоғам қайраткері.

2219 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы