• Әдебиет
  • 04 Ақпан, 2021

ҚАРА ҚОНЫС, ҚАРА ЖҰРТ

Әбубәкір 
Қайран

 

Қара қоныс, қара жұрт, қара орманым,

Арнағанмын, арнаймын саған бәрін!

Бір өзіңсің – бір ауыз жақсы сөзім,

Бір өзіңсің – сарнаған санамдағы үн,

Өршеленіп тұлпардай шаппасам да,

Өр төсіңде келеді қадамдағым.

Серпіп жазам сөзімді саған деген,

Сезіп тұрсам қолымда қалам барын!

 

Қарауыңда қара жол, қара жоным,

Қара жолда көрінер бар өнерім.

Қара жонға қалқайып шыға қалсам,

Тым аласа көрінер төбелерім.

Қара жолдан адассам қара түнде –

Қара көзден жасымды төгер едім.

Жолым барда, қасқайған жоным барда,

Адасуым керек-ау неге менің!?

 

Қойнауыңда тұр қара шаңырағым,

Ай көрмесем, сарылып, сағынарым.

Тіп тік ұшып түтіні тұрар болса,

Тұрар деймін жарқырап жаным, арым.

Қара қазан бүлкілдеп қайнап жатса,

Қонағымның сөзіне қанығамын.

Қара жаяу болмаса сол мейманым,

Өнерінің ақтарар бәрін, бәрін.

 

Қара қоныс, қара жұрт, қара қордам,

Жасалған жоқ тарихың жорамалдан.

Әр сәтіңді даралап, саралаған –

Бабалардың баршасы дана болған.

Қара өлеңмен қауышып қасиетің,

Қара көзден жас болып тама қалған.

Қара пиғыл қарпыған, тарпығанда –

Жүрегіңе қандай ем жараланған?!.

 

Білемін ғой білемін, мен сеземін,

Қара қоныс, қара жұрт маған қалған!

 

ҚАРАҒАШ

 

Сыңсиды сырлы ормандай санада ойлар,

Нуымен дала жайнар, қала жайнар.

Құлпырып құшағында шат боп тұрсың –

Ақ қайың, емен, терек, қарағайлар.

Ал, қалқам, қарағаштың өн бойынан –

Қазақтың қайсарлығын шамалай қал!

 

Бұл ағаш – бұдыр-бұдыр қарағашың,

Қастерлеп, әспеттеген бар алашың.

Ерліктің, елдіктің де бейнесі бұл,

Білмесе соның мәнін – балаға сын.

Қарағаш қарапайым бір ағаш деп,

Менсінбей мекер көздер қарамасын!

 

Жаралған тәні тастан, жаны – нұрдан,

Нәр алған терең, текті тамырынан.

Сыз бен мұз сыпырылып сауырынан,

Сынбапты сәттерде де дауыл ұрған.

Қабығы қалыңдаған, қатпарланған –

Қабаржып қамығудан, сарылудан.

 

Тыңдаған талай-талай ғасыр әнін,

Ұмытпа – ұлан-ғайыр жасы барын!

Діңінде дәрі-дәрмек, дәрумен көп,

Қонбаған қасына жын, басына – мін!

Болар де келер жазда құрғақшылық,

Бұл ағаш ерте төксе жапырағын.

 

Болжайды, болашақты ол біледі.

Еңсесін еңкейтпес-ау шор жүрегі.

Сіміріп түннің лебін шөл қайтарды ол,

Сіңіріп Күннің демін, елжіреді.

Сыбырлап сырын айтып, шынын айтып,

Жерді де, Аспанды да сендіреді.

 

Деп білгін – бірбеткейлік биіктігін, 

Деп білгін – табандылық, тұйықтығын.

Жел, жаңбыр, аптап, аяз кемірсе де,

Ешқашан өзгерте алмас түр ұсқынын.

«Қайыспас қарағаштай!» дейді қазақ,

Сүрінбес, сүміреймес сүйікті ұлын.

 

Бар ма екен бұл шіркінге бақталастар –

Таңдайды жай мен күйді басқа ағаштар.

Қарағаш домбыра боп күмбірлейді,

Қызулы қарағаштан жаққан оттар.

Діңінің тығыздығы, ауырлығы –

Дананың ойларындай қатпар-қатпар.

 

Қарағаш қанағатын нәсіп қылған,

Болмысы болашаққа асықтырған.

Жасапты жеті жүз жыл «Әулие ағаш» –

Дәл қазір Жаркентте өсіп тұрған.

Сол ағаш – қарағаштың бір кәрісі,

Дәурені дәуірлерден асып туған!

 

Қаталдық – қанішерден, ұры, сұмнан,

Мойынын талай бейбақ, құл ұсынған.

Адамның алуан түрлі легі кетіп,

Заманның талай рет қыры сынған.

Қарағаш, қарап тұрмын саған елтіп,

Айналдым, айналайын тұрысыңнан!

 

 БІР АБАЙ

 

Мынау тұрған Абайдың суреті ме –

Өлең сөздің ұқсаған құдыретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

Жамбыл

Бір Абай!

Жалғыз Абай!

Абай! Абай!

Мұң тұнған көздеріне баданадай.

Неге тұр Шыңғыстауды араламай,

Неге тұр Шидің бойын жағаламай?!

Орданың өр басына орда тігіп,

Жан нұрын жайнатса екен самаладай!

Қамығып, қайғырды ғой қазағына,

Жүрген соң сөзін ұғып, бағаламай!

 

Бір Абай!

Байтақ Абай!

Байсал Абай!

Шекпенін иығына айқарардай.

Мол дене мұң мен шерден шайқалардай,

Қалың ой қабағынан байқалардай.

Кейінгі балалардың кеспірінен,

Дір етіп, дүр жүрегі тайсалардай.

Тұмшалап тұнжыр ойы тұрған сынды,

Айтарын айтқысы кеп, айта да алмай.

Бір Абай!

Сабырлы Абай!

Сырбаз Абай!

Ызаның ызғар желі ырғағандай,

Көзінен жалғыз тамшы сырғанардай,

Көңілін тұр-ау, шіркін, нұрға малмай!

Жап-жарық жанарында – үлкен үміт,

Болашақ бір жақсы жыр жырлағандай.

Міз бақпай, кірпік қақпай құлақ түрер,

Сол жырды қалам ба деп тыңдай алмай.

 

Бір Абай!

Хакім Абай!

Ақын Абай!

Кеудесі көтеріліп, басылар жай.

Кіндігін кескен жері, өскен жері –

Қол бұлғап Қасқабұлақ шақырардай.

Бұлқынған, булыққан да, буырқанған –

Теңдессіз текті ақынның нәті қандай!

Білсе ғой Қазақ Елі жар салғанын:

«Әлемге қыламыз – деп – атын Айдай!».

Бір Абай!

Бүтін Абай!

Толық Абай!

Кім кетер басын иіп, қолын  алмай?!

Нас пейіл надан жандар  әлі бардай,

Олар да қалбаң қағып , жолығардай.

Пысықтар атқа мініп, шапқылап жүр,

Ақын тұр аң-таң болып, соны ұға алмай...

Асқақта, ақын баба, хакім баба,

Алты Алаш өзіңді ұғып, толығардай!

 

ТӨРТ ТӨЛЕГЕТАЙ

(Мадақ жыр)

 

Көксіл құстай қомданған,

Шабатын шері жонданған,

Жүрегі кекпен шорланған,

Білегі күшпен сомдалған,

Құланжан, қу бас ат мінген,

Қылышы тасты қақ бөлген,

Толғамалы ала балта қолға алған,

Қарамай,

Қарғып өткен орлардан –

Қайран да біздің бабалар

Өр Алтайдан да,

Тарбағатайдан да зор болған!

 

Жау жауырынға батқанда,

Ұран отын жаққанда,

Көн дабылды қаққанда,

Сақ садағы сартылдап,

Дұлығасы жарқылдап,

Мұрты шаншылып аспанға,

Батырлар келе жатқанда,

Жер ыңыранған кез болған –

Белгібай бабамнан бері тартқанда!

 

Найманның ұлы Белгібай сондай дүр екен,

Ұмай ана пірі екен,

Адырнасы сірі екен,

Артынан ерген тұяғы –

Сүйініш деген ұл екен!

Анадан жалғыз болса да,

Алты ағайындыға тең екен!

 

Одан туған Төлегетай

Парасатты бопты ересен.

Соңына ерген халқының

Көкірегі екен, көзі екен!

Алайда, алай, алайда,

Запы шегіп заманнан,

Зәбір көріп қағаннан,

Сыр бойына ауып келген кез екен!

 

Қытай деген жалғызы жер құшыпты,

Тағдыр талқысына мол түсіпті...

 

Төлегетай алыпты

Тәңір ие таныпты –

Күні туып оңынан,

Жалғызының соңынан

Төрт немере қалыпты.

Құс ұшырмай басынан

Төртеуін де бағыпты.

Қаракерей – үлкені

Көк найзалы ер бопты.

Төртуылы бақ қонған,

Төрт құбыласы тең бопты.

Матай қайда барса да,

Отырған жері төр бопты.

Ең кенжесі – Садыры

Ағын судай өрлепті.

Төлегетайдың төртеуі

Қалың нудай ел бопты!..

 

Осындай бабалардан қалған біздерге

Мынау дүние тар десем,

Демеймін, сірә, арлы екем.

Түлейден қалың жұрты бар,

Тұраннан асқан тұрқы бар,

Ырғалам десе, ырқы бар,

Іші де бар, сырты бар –

Бізден де бақыттылар бар ма екен?!

 

***

Аз ба,  әлде, көп болды ма өткелдерім?

Аралас ақпаным мен көктемдерім.

Тәңірге мың мінәжат етем бүгін –

О, тәуба! Бергеніңді көп көрмегін!

 

Анамнан мен бөлініп шыққанымда,

Ауаны алғаш рет жұтпадым ба?!

Мен және анам ғана бұл өмірде,

Жоқ еді достарым да, дұшпаным да.

 

Қып-қызыл шақа еді ғой мына түрім

Анама бердім бе екем, сірә, тыным?

Әкемді білдім сонсоң, өн бойынан

Бұрқырап жусан иісі тұратұғын.

 

Таныдым туған жердің дөңесін де,

Тыңдадым  меймандардың кеңесін де

Әздектеп, әкем ұзақ бата беріп,

Мінгенім алғаш атқа әлі есімде.

Қылтиған жас өскіндей көктеп қалдым.

Алқынып алты жастан мектеп бардым.

Ақ дәптер – аппақ қайық сүп-сүйкімді

Қолыма «Қалам» деген ескекті алдым.

 

Бұлқындым симастай боп құшаққа кең,

Өн бойым туған жерден күш  апты ерен.

Білімнің дариясын кешемін деп,

Мен аштым кеме есігін «Кітап» деген

 

Сол кітап болмаса егер, от алар ма ем,

Сырластым тауларменен, жоталармен.

Мінезі әрі тентек, әрі момын –

Бірге өстім туа салып боталармен.

 

Даланың  танып өстім шөптерін де,

Самалға кеудемді аштым көк белінде.

Иттерім ұқсаушы еді көк бөріге

Қыстаудың асырадым кептерін де.

 

Болған соң сәл тағылау, түрім бөлек,

Басқадан күнім де ерек, түрім де ерек.

Танитын шақырымнан бір өзімді –

Жүйрік тақымымнан үзілген жоқ.

 

Қамшым да әсем еді қолымдағы,

Тұратын  гүл бас иіп жолымдағы.

Көңілді гүлдеттірген, бірлеттірген –

Тынысы туған жердің  соның бәрі!

 

Ой-санам өмір сырын шын аңғарды.

Үлгі  еттім бөрілерді, қырандарды.

«Ақсуат – туған жерім» деген атпен

Жазыппын ең алғашқы шығармамды!

ҮШ ҚАЗЫНА

 

Туған жер, өскен ауыл, ұшқан ұя –

Мен үшін мәңгі-бақи құт, қазына.

Көзімде тұнып қалған көк мұнары,

Кеудемде ән салып тұр құстары да.

 

Туған жер – жаратылған топырағым,

Медетім, мерейім де, осы ұраным.

Жырларын шыңдарынан жаттап едім,

Сырларын қырларынан оқығанмын.

 

Күндерді кей заманда кешсе де ауыр,

Мен үшін мәңгі мият өскен ауыл.

Көрсетем жүрегімді қолыма алып,

Дос-жаран өкпелесе, сөксе бауыр.

 

Ұстыным, ұшқан ұям – әкем үйі,

Жоғалмас жан дүниемнің әсем жыры.

Бағыттап, батаға орап аттандырған –

Дәл мендей асау жүрек әпендіні.

Бұл таңда боп қалса да  бір үйінді,

Мен қалай ұмытайын бұл үйімді.

Сол жұртқа, зираттарға жетіп барам,

Ауыр ой басса болды иінімді.

 

Туған жер, өскен ауыл, ұшқан ұям –

Өзімнің үш құтым мен үш қазынам.

Тұрғанда үш құдырет қорғап, қолдап,

Көрінем көркем ойдың ұшпағынан!

 

ЕСКЕРЕ ЖҮР

 

Тыңдашы, өскен өңір, өткен күн-ау,

Нұрыңмен, нәріңмен де көктедім-ау.

Бозбала шақтарымды есіме алып,

Кеудеме қайта оралды көктем мынау.

 

Тыңдаймын дала сырын, тау сарынын,

Елестеп көз алдыма барша ауылым.

Нұрланып тұрған сынды көк зеңгірім,

Бүр жарып тұрған сынды жауқазыным.

 

Тоқтаман тоқыраумен, толаспенен.

Ондайды өз бойыма қораш көрем.

Үш құтым – таудан аққан үш өзендей –

Қарғыба, Базар менен Боғас деген.

 

Санамнан саумал сырым саулары анық,

Шаттанам шалғыныма аунап алып.

Мауқымды маң даламда басып алсам,

Сонан соң самалдармын тауға барып.

 

Жадымда жақсы-жаман сараланар,

Ой көшсе, орынында сана қалар.

Жас буын, орта буын ізін басар –

Азайса әз аналар, нар ағалар!

 

Жас кезде ерге де ердім, езге де ердім,

Мұңымды шертпе күйдей термеледім.

Жан нұры шашыраған жанарынан –

Қартайып қалды-ау бүгін жеңгелерім.

 

Кездеспес жастарымда кер кетерлер,

Әрқашан елдің жүгін ер көтерер.

Қуанам естеріне алғанына,

Сыртымнан сын сөз айтса бір көкелер...

 

Сен  неткен сезімтал ең, көктем өмір,

Сен  неткен керімсал ең, өскен өңір!

Алпыстан асып тұрған бір балаңмын,

Туған ел, сен де мені ескере жүр!

 

ҚАРҒЫБА

 

Жан нұры жарып шығып мұзарттарды,

Тоғытып толқынына бұлақтарды,

Бұлқынып ағып жатқан бұл өзеннің,

Зайсанға суы барып тұрақтанды.

 

Төгіліп Тарбағатай тұрасынан,

Еңіске ебіл-дебіл құлаш ұрған –

Қарғыба ортақ болды тау, далаға,

Арнасын алып шығып Қызасудан.

 

Үстінен сан дәуірдің көші де өткен,

Ел мен жер еміп суын, несіп еткен.

Ағыны  саулап жатқан сыр сияқты –

Данагөй, шежіреші көкіректен.

 

Аңғары аңғал-саңғал, жары құздай,

Әуені көне күйдің сарынындай.

Шілікпен шілтерленген қос жағасы,

Бұйра шаш, бұралған, бұлықсыған талы қыздай.

 

Нұрланар Күн сәулесі билеп берсе,

Сұрланар қара бұлт түйдектелсе.

Ұл мен қыз аңсап келсе, лап қояды –

Оралған осы өзенге үйректерше.

 

Білдіріп бұл Қарғыба өз бағасын,

Әлдилеп, әздектеген кең даласын...

Жерлес дос, мен сияқты алыс жүрсең,

Сен дағы дәл осылай толғанасың!

АЛМАТЫ

1420 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы