• Әдебиет
  • 04 Ақпан, 2021

МАРЖАН СӨЗ

90-жылдар. Алматы абыр-сабыр... Ала дорба мен Алаш болашағы таразы басында тұрған кезең. Халықта екі түрлі таңдау: бірі – базар жағалап, қарын қамын шешу; екіншісі – тісті тіске баса жүріп, тәуелсіздікке, ұлт ­руханиятына қызмет ету. Екі таңдауды да ол заманда бұрыс дей алмас едік. Дегенмен, Алаштың аңсар ­арманы – бостандық таңы туғанда оған қызмет етудің де ауыр екенін сезінген азаматтар аз болмады. Соның бірі 1993 жылы ҚР әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен тарихи Отанына оралған талантты жас ақын Дүкен Мәсімханұлы болатын. Дүкен Мәсімханұлы ол шақта «Ордаң болса, көрсет!» дейтін 30 жастың о жақ, бұ жағындағы жігіт еді. ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етіп жүрді. Сондағы бір байқағаным, алатау асығынан келмей алшаң басып жүретін ақындық мінезі болды. Күллі дүниеге ақындық көзбен қарап, ақындық жүрекпен сүйіп, ақындық мінезбен қабылдайтын. Қазақстанның тәуелсіздігін жария­лап, еркін ел болғанына масаттанатын секілді. Сонымен мақтанып, «мастанатын» сияқты. Кейде күйініп, жүрегі сыздап, «былай болуы керек емес пе?» дейтін тосын мінезі де байқалатын. Мінезсіз ақын ақын болсын ба?! Соның бәріне сырттай сүйініп жүрдік. Еліңнің азаттығына шын қуанып, шын тебіреніп жүру үшін де үлкен азаматтық, шынайы алашшыл  рух, ақындық мінез керек қой. 

Ол кезде астанамыз Алматы еді. Саяси астана ғана емес, Әуезовтер қалыптастырып, Сәбит, Ғабиттер жалғап, «60-жылдықтар» алға сүйреген өнердің, мәдениеттің, әдебиеттің, БАҚ-тың да ордасы еді. Бүгінгідей интернет ресурстар аса дами қоймаған мезгіл. Газет-журналдардың бұрынғысы бар, жаңасы бар, бұрқырап шығып ­жататын. Дүңгіршектерге халық кезекке тұрып, ­газет ­сатып алатұғын. Өзіміз де сол дүңгіршектерден әдеби газет-журнал сатып алып оқитынбыз. Мен Д.Мәсімханұлының поэзиясымен «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Жұлдыз», т.б. да көптеген мерзімді басылымдар арқылы таныстым. Тегеуріні темірдей, тебінгісі болаттай бір топ замандас жас ақындардың ішінде Дүкен ақынның пошымымен қатар поэзиясы да бөлек көрінді. Әсіресе, оның ­поэзиясында даладай дарқандық, баладай аңғалдық бар-тын. Уызына жарыған уыз тіл мен мәйегінен ажырамаған маржан сөз жанымызда ­жасырынып жатқан бір аңсарды қозғайтын. Қалай десек те, біз білмейтін бір сиқыр Дүкен Мәсімханұлы жырларынан аңқитын да тұратын.

Содан бері де аттай желіп табаны күректей 30 жылға жуық уақыт өтті. Біз бастабында ­талантты ақын деп таныған жас жігіт бүл күнде үлкен ғалым, филология ғылымының докторы, профессор атанды. Дегенмен де, оның ақындық потен­циалы артпаса, азаймаған сынды. Оны жуырда ақын­ның өз қолтаңбасымен қолымызға тиген «Сап, сап, көңілім» атты жыр жинағы дәлелдейді (Алматы, «Алматы-Болашақ», 2020, - 352 бет). Жинаққа берілген «Арынды жырдың алкүреңі» тақырыбындағы алғысөзінде айтулы ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы Д.Мәсімханұлының осы уақытқа дейін «Жүрекке саяхат» (ҚХР, Үрімжі, 1991), «Семсер суы» (Алматы, 1998), «Көкпар» (Алматы, 2003), «Алтынның буы» (ҚХР, Пекин, 2006), «Алкүрең арман» (Астана, 2008) жыр кітаптарының оқырман жүрегінен жол тапқанын айта келіп, «Дүкен ақын бүгінде қазақ поэзиясы деп аталатын ұлы сарайдың қабырғасына өз қолтаңбасын қашап үлгерді» деп жоғары бағалапты.

Дүкен ақынның да Отанға деген махаббатын мына бір сырлы өлеңнен байқау қиын емес.

«Отаныма туды ғой деп, азат күн,

Мен шетелден елге оралған қазақпын.

Шекарадан өтпей тұрған кездегі

Қиялдағы Қазақстан,

Ғажап-тын».

Бастапқы екі тармақ түсінікті. Дөңгелек дүниенің қай түкпірінде де қазақ бар. Тәңірге тәубе, азаттықтың ақ таңымен елге оралып, тәуелсіз елдің уығы болып шаншылып, керегесі боп керіліп келеді. Бізді ойлантқаны, соңғы екі тармақ. Қандай шынайы сезім, неткен Отанға деген сұлу қиял. Жүрегіңіз шымыр ете қалады. Осы екі тармақ сөзде бүкіл көңіл әлеміңіздің алай-дүлейін шығаратын сұмдық сұрақтар жатыр. Шынымен де... Мен сол мыңдаған сұрақтың жауабын бірнеше сөзге ­немесе сөйлемге сыйдырып көрейін. Ол – бодандық, жетпіс жылдық езгі, тіл мен ділден айыру үшін жасалған үлкен ойрандар, ашаршылық, репрессия, Отанды тастап, босып кету... Соңғы екі тармақтың зілдей ауыр сұрақтары осындай ойларға жетелейді. Әйтпесе, қиялыңдағы Отанның болуы да мүмкін еді ғой. Тілің, ділің болса, рухың асқақ тұрса, өзге бақыт не керек? Дүкен ақынның жүрек түкпіріндегі түйіншек ойдың шешімі де осында сияқты.

Д.Мәсімханұлының «Сап, сап, көңілім» атты жаңа жыр жинағы іштей «Жүректің көзі», «Арман қыз», «Алыс пен жақын», «Ауыл кеші көңілді» сынды тарауларға бөлініпті. «Арман қыз» бөлі­міне махаббат лирикалары, «Алыс пен жақын» бө­лі­міне шетелдік, әсіресе қытай ақындарының өлең­де­­рінен аударма, «Ауыл кеші көңілді» бөліміне ақын­ның осы уақытқа дейінгі жазған ән сөздері топтастырылыпты.

Кітаптың шаңырақ артар атанындай көзге шалынатын бөлімі «Жүректің көзі». Ақынның жалпы кітабына енген жырлардың барлығының өз арқалар жүгі бар. Дей тұрғанмен, «Жүректің көзі» бөлімінде ақынның елім дегенде елжіреп, жұртым дегенде жұдырықтай жұмылатын отаншыл жүрегі, азаматтық тілегі аңғарылады.

Дүкен Мәсімханұлының аталмыш кітабын оқып отырып мынадай ойға қалдым. Дүкен ­поэ­зиясына тән сүбелі тақырыптарды бөлектеп қарастырған жөн секілді. Ол, ең әуелі, азамат ақын. Өйткені оның жырларынан Отан азаттығына, ел тағдырына, жер бостандығына бейжай қарамай­тын асқақ азаматтық үн аңғарылады. Әйдік ақын­дардың қай-қайсысы болмасын, ел мен жер мәселесінде үнсіз қалмаған. Д.Мәсімханұлының да сол ұлылардың жалғасы екенін жырларынан байқаймыз.

Құрғақ қасық ауыз жыртпасын. Оқып көрелік. Ақынның «Құла айғырдың үйірі» атты жыры:

Дос-дұшпанды иісінен айырып,

Тік тұрады «алғы шепте» ай, күн, жыл!

Бір үйірді қабағымен қайырып,

Қос құлағын қайшылайды құла айғыр, –деп бас­­талады. Ойыңызға ауыл, үйірлі жылқы, жылқы ішіндегі қаба жалды құла айғыр елестейді. Қиялыңыз­ды сәл байытсаңыз, қыраулы қыс, көзге түртсе көргісіз тұманды дала, анда-санда тай-тулақ пен мама биелердің кісінегені... Өлең оқырманды осындай бай қиялға жетелеуімен құдіретті. Ары қарай оқи түсейік.

 «Қиқулаған иесі ме, ұры ма?..

Қалт жібермей қадағалау міндеті.

Көкжалдар да қарап алсын сұрына,

Құла айғырмен ойнамасын кімде-кім» дейді ақын. Байқайсыз ба, ақынмен қатар құла айғыр­дың да мінезі көрініп келеді. Енді тағы да аз-кем қиялға ерік берелік. Тұманды түндерде ұпай түгендемекке ұмтылған жырынды ұры, аязды түнде аш өзегіне түскен үйірлі қасқыр... Қауіп байқала ма? Байқалады. Қайтпек керек? Құла айғырға сенбек керек! Сөйтсек, құла айғырымыз тұрғанда еш алаңдаудың қажеті жоқ екен. Құла айғыр азулыға алдырмайтын, жырындыға құрық салдырмайтын мал да болса адамға бергісіз ­жануар екен. Құла айғыр барда үйірде құлын аман, қысыр түгел. Ақын аталмыш өлеңінде, Алаш баласы алаңсыз сенетін, бар тағдырын табыстайтын ер бар ма? Құла айғырдай құрыш білек, ержүрек жігіттер қайда деп тұрған жоқ па!? Ақын жырын:

«Бір ауылды қабағымен қайырған,

Туған елін бермейтұғын дауылға.

Қара қылды қақ екіге айырған,

Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда!» деп түйіндейді. Ауыл, өмір, қазақы әңгіме. Кеудеңді намыстың шар қайрағы жанып өткендей болады. Өлеңді үлкейтіп қарасақ, қазақ елінің тағ­дыры жат­қандай. Қазақ еліне қорған болар азамат­тардың ­намысын қайрап, рухына дем беретіндей. Ел мұңын, жер жырын айғайламай-ақ, осы қара­пайым да қазақы мысалмен жүрегіңізге жеткіз­ген, са­наңызға сіңірген ақынға құрметің арта түсетіндей.

Ақынның азаматтық позициясын аңғартатын жырлары көп-ақ. Оның барлығын мұнда мысалға келтіріп талдасақ, көлемнен ауытқып кетерміз. Сонда да айта кетелік, «Қазақстаным, қайдасың», «Қара айғыр, ақсақ қой және адам», «Ормандар көші», «Жігіт», «Бар менде елім деген жүрек қана», «Жан шуағым – Отаным», «Намыс құдіреті», «Жаңа өзен», т.б. көптеген өлең-поэмаларындағы азаматтық мінез айқын, ұлттық бояуы қанық.

Екінші, Д.Мәсімханұлы – ұлы Мағжанмен үндес түрікшіл ақын. Қазақ баласы түркі жұртының қара шаңырағында отыр. Сондықтан да Мағжан ақындай «Алыстағы бауырын» сағынып, жан-жақтағы ағайынын аңсап өлең жазу қалыпты құбылыс. Бірақ Дүкен ақын өлеңдеріндегі түркілік сарын, түркілік аңсар тым бөлек.

Жалпы Дүкен ақын үшін поэзия – өмір. Поэзия – тіршілік. Ол үшін поэзия ар-иман. Шындығында да поэзия жеті қат көктегі қиялдың қағазға түскен нұсқасы емес, шынайылық. Шынайы дүние ғана ғұмырлы. Ақынның поэзия жайындағы жырына құлақ түрелікші: «Көкейге тұнған сезімсің, //Таңдайға біткен сөзімсің. //Маңдайда жанған көзімсің, //Бай, бақытты кезімсің. //Қайыса қалсам төзімсің, //Майыса қалсам тезімсің. //Осының бәрі өзіңсің, //О, ұлы, мәртебелі поэзия» дейді. Шынымен де одан артық не болуы мүмкін. Поэзия жүректің сөзі, өмірдің өзі. Қисайғанға сын тез, жылағанға шар қайрақ, рух.

Ақынды қоршаған қоғамнан бөлектеп қарауға болмайды. Дегенмен, оның көзі, сөзі, ойы, санасы – ақын болғандықтан көп нәрсеге өзгеше қарайды. Сондықтан да Д.Мәсімханұлы мың құбылған заманның шындығын іздеп аласұрады.

Ал ақынның аталған жыр жинағындағы «Алыс пен жақын» деп аталатын бөлімдегі тәржіма жырлар­дың да бөгенайы бөлек, мән-мағынасы айрықша. Себебі бұл бөлімге ақынның әр жылдары қытайдың әйгілі ақындарынан жасаған тәржіма өлеңдері топтастырылған. Жалпы қазіргі қытай әдебиеті қай деңгейде? Қандай жаңа ағымдар мен бағыттары бар? Қытай жазушылары мен ақындары, драматургтері қандай тың өрістерге түрен салып жүр? Қытай әдебиетінде әлемге әйгілі қандай іргелі шығармалар мен жаңа есімдер бар, т.б. сұрақтардың бәрі еліміздің оқырмандары үшін мың бір қара жұмбақ. Дүкен Мәсімханұлы өзі қытай тілінің маманы, өзі ақын болғандықтан, көптен бері қытай ақын-жазушыларын қазақша сөйлетіп жүр. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, ақынның сөз болып отырған жыр жинағындағы «Алыс пен жақын» деп аталатын бөлімге енген қытай ақындарының өлеңдері арқылы оқырмандар қытай поэзиясының өрісі мен өресін аңғарары даусыз.

 Қысқасы, ел тағдырын өз тағдырым деп ­санайтын Алаш рухты азамат, дарыны да, қарымы да бөлек, поэзиясымен де, ғылымымен де, аударма­сы­мен де ұлт руханиятына өзіндік олжа салып жүрген Дүкен Мәсімханұлы туралы айтылар сөз, ақтарар сыр көп.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымының докторы,  профессор

2031 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы