• Тарих
  • 11 Ақпан, 2021

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

(Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы өлке деректері хақында)

Қазіргі кезде Қазақстан тарихын зерттеу, зерделеу ісіне үлкен мән беріліп келеді. Ол жөнінде 2018 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болған өлкеміздің ұлы жырауы Мұрат Мөңкеұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жеткілікті дәрежеде айтылды. Бұл конференцияда тарихшы ғалымдар алдына тың әдістерді, тың деректерді пайдалана отырып қазақ тарихының әлі де болса ашылмай жатқан жақтарын жарыққа шығару міндеті қойылды. Қазақ тарихын тың тұрғыдан зерделеу, зерттеу үшін өлкемізде өмір сүрген жыраулардың шығармашылығын ­пайдалану ісі кезек күттірмейтін маңызды мәселе болып табылады. Осы орайда Шынияз шығармаларында кездесетін деректердің негізінде Сарайшық тарихи кешеніне жеті ханның есімдері таңбаланған құлпытастардың қойылуын пайдалы тәжірибе ретінде айтуға болады. Ал Мұрат шығармаларын құрастырып, 1924 жылы Ташкент қаласында жинақ етіп бастырған, профессор Х.Досмұхамедов: «Қазақ тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін айналып өте алмайды» деген болатын.

Міне, содан бері табанданған 96 жыл уақыт өтіпті. Өкінішке қарай, күні ­бү­гінге дейін тарихшы ғалымдар тарапынан ұлы жырау шығармаларындағы тұнып тұрған қазақ тарихын зерттеу, зерделеу, жариялау, көпшілік игілігіне айналдыру ісі әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынған жоқ.

Ал, шындығында, Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», ­«Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б. толғауларында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баяндалады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары – әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Солардың барлығын анықтап, кім қай жерде, қай кезеңде өмір сүрді, қандай оқиғаларға қатысты, еліне, жұртына қандай еңбек сіңірді және т.б. мәселелердің басын ашып алу – біздің тарихшылардың кезек күттірмейтін аса маңызды ­шаруасы болып табылады. Сайып келгенде Мұрат жырларында молынан кездесетін тарихи деректерді пайдалана отырып, өлкеміздің тарихын жазу ісімен қазірден бастап айналыспасақ, біз уақытты өткізіп аламыз. Меніңше, бұл маңызды шаруаға тарихшылар, әдебиетшілер, географ мамандар, философтар мен халық педагогикасын зерттеушілер кешенді түрде араласуы керек. Себебі ұлы жыраудың көтерген тақырыптарының ауқымы өте кең. Әрине, осы кезеңге дейін Мұрат шығармаларын Қ.Жұмалиев, Қ.Сыдықов, Б.Қорқытов, Б.Омаров сынды көрнекті ғалымдар әдеби туындылар ретінде зерттеген болатын.

Енді Мұрат шығармаларын тарихи тұрғыдан зерттеудің уақыты жетті.

Бұл жөнінде әлем тарихындағы пайдалы тәжірибелер бізге үлгі бола алады. Мәселен, б.э.д. ІХ ғасырда өмір сүрген гректің ұлы жыршысы Гомердің «Иллиада» және «Одиссея» атты жырлары осы елдің тарихын жазу үшін аса маңызды дереккөздері ретінде пайдаға асырылды.

Ежелгі грек тарихының аса маңызды оқиғасы грек-троя соғыстары туралы деректерді тарихшылар ­«Иллиададан» алып, елдің классикалық тарих оқулығына енгізгенін бүгінде бүкіл жұртшылық жақсы біледі.

Кейін, ХІХ ғасырда неміс археологы Г.Шлиман Кіші Азия түбегінен Троя қаласының орнын тауып, ­Гомер шығармаларындағы тарихи деректердің дұрыстығын айна-қатесіз дәлелдеген еді.

Олай болса өлке тарихын жазу үшін біз неге жырауларымыздың шығармаларындағы дереккөздерін пайдаға асырмаймыз? Бұл мәселені 2004 жылы академик З.Алдамжар да орынды көтерген болатын.

Осы жерде айтылатын маңызды бір мәселе: қазіргі зерттеушілердің Мұрат шығармаларының мұрағаттық рөл атқара алатынын ескергені жөн, яғни жырау шығармаларын зерттеу, сараптау, зерделеу барысында ондағы деректер дұрыс па, бұрыс па деп жалтақтаудың ешқандай қажеті жоқ.

Мұрат өз шығармаларындағы тарихи деректерді сол кездегі аға буын өкілдерінен, атап айтқанда Есет Қараұлы, Мәтжан сынды ақылгөй даналардан алып жырларына қосып отырған. Олар өз кезегінде өздерінен үлкен шежіреші ақылгөйлермен араласа отырып, тарихи деректерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.

Шындығында, қазақ халқының өткен тарихын жазу барысында көшпелілердің – өзге халық­тардан ерекшеліктері мен айырмашы­лықтарын, атап айтқанда жазба тарихының болмағанынан, ұрпақтан ұрпаққа ауыз екі мүлтіксіз жеткізіліп отырған ауызша тарихының, шежіресінің болғанын, ал оның аса көрнекті өкілі Мұрат сынды тарихшы­ларының болғанын ескеруге тиістіміз.

Енді Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа» толғауларындағы тарихи оқиғалар мен деректерге көз жүгіртіп көрелік:

Мысалы, Мұрат ақынның аталған толғауларында «жеті жұрт» ұғымы кездеседі. Сонда «жеті жұрт» дегендер кімдер? Қай кезеңде өмір сүрген халықтар? Бір ерекшелігі ақынның «Үш Қиян» толғауында «жеті жұрт» тіркесі бір емес бірнеше жерде бар. Мысалы:

Жеті жұрт кеткен жер,

Көшіп талақ еткен жер,

Сол секілді неткен жер?

Адыра қалғыр Ақ жайық,

Көпір салып өткен жер.

Жырдағы тіркестердің бәрі ұқсас. Жеті жұрттың көшіп кетіп қалғаны айтылады. Жеті жұрт бұл – жеті хандық па? Жеті жұрт ақын жырлауы бойынша: Еділ, Жайық, Маңғыстау аралығын мекендеген. Жеті жұрт ұғымын тек осы толғауда емес, «Сарыарқа» толғауынан да кездестіреміз.

Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай

Біз түгіл солардан қалған қоныс, – деп жырлайды. Ақынның осы толғауын оқып отырғанда, жеті жұрттың жетеу емес алтау деген өлең жолы да кездеседі.

Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,

Біреуі екі келіп, екі кетті.

Бұл жұрт жетеу емес алтау екен,

Біреуін екі санап жеті депті, – деген жолдардың өзінде шешілмес құпия сыр жатыр. Екі келіп, екі кеткен халық кім? Бұл өте ойландыратын сұрақ. Ақынның қай сөзін құптаймыз. Жеті жұрт ұғымын енді, алты жұрт ұғымымен ауыстыру керек пе? Қалай болғанда да бұл халықтардың барлығының да мұсылман болғаны анық.

Ақынның соңғы «алты жұрт» ұғымы, белгілі ақынымыз Шынияз Ша­найұлының «Жаңа Низам» тол­ғауында кездеседі:

Алты жұрт Асанменен анық кетті,

Жетеу деп білмегендер жалғап еді,

Еділден қара табан қалмақ босып,

Қозғаған ноғай артын солар еді.

Бұл жыр жолдары Еділ мен Жайық аралығын алты жұрт мекендегенін дәлелдей түседі.

Сондай-ақ Шынияз ақынның қалған жыр жолдарында да «жеті жұрт» ұғымы көп кездеседі. Мысалы:

Көк Нарын жаман болса енді болды,

Мөр ұстап, қағаз жазған шенді болды,

Алдырып жеті жұртты бізден бұрын,

Бишара қалғандарға үлгі болды.

Соңғысы ойлап тұрсаң жалған екен,

Жеті жұрт бізден бұрын алған екен, – деп жырлайды.

Осы жерде жеті жұрт ұғымына өлкетанушы Берік Қорқытов берген түсініктемені келтіре кетсек: «Алтын Орда хандығында мекен еткен негізгі ұлттар бүгінгі тілмен айтқанда түрікпен, өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт. Басқалары көшіп, қонған жерлерінде қалып қойып қазақтың ескі жұртына екі келіп, екі кетуі де ғажап емес.1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 14-ші қыркүйектегі санында Ш.Құдайбердіұлының «Қазақтың қайдан шыққаны» деген еңбегі жария­ланды. Еңбекті Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз- хәм қазақ хандары» деген 1911 жылы Орынборда басылып шыққан кітабынан алып жариялатқан жазушы-ғалым Қ.Мұхамеджанов. Сол еңбегінде Шәкәрім былай деп жазыпты: «Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда барша Жошы ұлысы өзбек атанып онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханынан бөлінгенде қырғыз-қазақ атанған елміз. Ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықшы өмірге кіріп, әр жерге барып, бір ­талайы ноғай, башқұрт атанып, бір талайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген ат бізде қалған». Онда Мұраттың айтқаны дұрыстыққа шығады. Дегенмен, бұл әлі анығы ашылмай жатқан тың мәселе. Мұны анықтау әдебиетшілердің емес, тарихшылардың міндеті.

Қорытындылай келе, жеті жұрт біздің тұжырымдауымызша: ноғай, қалмақ, башқұрт, татар, өзбек, қарақалпақ, қазақ. Жеті жұрт ұғымын жеті хандық ұғымымен ауыстырғанда Алтын Орда ыдырағаннан кейін пайда болған хандықтарға сәйкес келеді. Олар: Сібір, Өзбек, Астрахань, Қазан, Қырым, Қазақ, Ноғай хандықтары. Жырда жұрттардың көшіп кеткенін, қазақтардың қалғанын айтса, жоғарыда аталған алты хандық қазақ жерінен көшіп өзге жерге өз хандықтарының іргесін қалаған.

Бұл ұғым әлі де жұмбақ, шешу үшін әлі де көп зерттеулерді керек етеді.

Сонымен қатар ақынның тол­ғау­ларында кездесетін тарихи тұлғалар да аз емес. Бұл тұлғалардың барлығы тарихта болған адамдар. Осы тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер келтіре кетсек:

«Ақтөбе мен Қорғанша

Асан қайғы бабаның

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып

Әңгіме құрып кеткен жер».

Асан қайғы Сәбитұлы (ХІV ғасырдың ақыры – ХV ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Ол Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі, Асан қайғы мазары делінеді. Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының ­тарих сахнасына шығу кезеңі хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартыс­ты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Асан Қайғы ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан Қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.

«Үш Қиян» толғауында Асан қайғы елдің ақылшысы ретінде айтылады. Жырда әрқашанда халықтың мұңын жоқтайды. Асан қайғының Атырау өлкесінде Қорғанша қалашығында қызыл тастан үй салдырып, он жылдай мекен еткені жырланады. Кейін жұртты бастап, Тесіктаудан өтіп жөнеледі дейді.

Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен ХV ғасырда өмір сүрген) – ­жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан орын алуына себеп негіз болады. Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақовтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдас­пан», «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген.

Мұрат ақынның «Қазтуған» ­жы­рында Қазтуғанның Жайық пен Еділ арасын, Тайсойған мен Қарабау өңірлерін, Қабыршақты мен Қара­суды, Дендерден бергі баурайды мекен еткенін айтады. Қазтуған елді өзге жұрттың алатынын, олардың Еділ мен Жайыққа қала тұрғызатынын, Еділді алғаны – елді алғанын, Жайықты алғаны – жанды алғанын, Ойылды алса-ойды алғанын, қайғылана жырлайды. Елді ынтымаққа, бірлікке шақырады.

Шора батыр – «Үш Қиян» ­жы­рындағы Шора Ноғайлы батыры. Өз халқын жауларынан қорғаған, халықтың адал ұлы. Арғы атасы Тама-Қарабура-Нәрік-Шора болып келеді.

Шора Нәрікұлы, Шора батыр (туған жылы белгісіз – 15.8.1546, Қазан қаласы) – батыр, тарихи тұлға. Кіші жүздің Жетіру тайпалық бірлестігінің Тама руынан шыққан. Оның шығу тегі жөнінде шежіре-аңыздар көп, сондай-ақ «Шора батыр» және «Нәріктің ұлы Шора» атты жыр-дастандар халық жадында сақталып, хатталған. Осы әдеби мұралар мен орыс жылнамаларында ХV-ХVІ ғасырларда Тама руының Қазан қаласы маңын жайлағаны баяндалады. Туысқан татар халқы да Шора Нәрікұлы мен оның әкесі Нәрік ханды Қазан қаласының тарихында елеулі із қалдырған қаһармандар ретінде таниды. Олар өмір сүрген кезең айбынды Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Еуразия кеңістігінде бір-бірінен оқшаулана бірнеше мемлекеттік бірлестіктер – Қазан, Ноғай, Астрахан бой көтерген бұлағай уақиғаларға тұстас келеді.

Орыс тарихшысы Н.Карамзиннің еңбектерінде ағайынды Нәрікұл­дарының 1546 ж. 26 тамызда Қазан қаласын Мәскеу басқыншыларынан қорғауға қатысып, ерлікпен шай­қасқандары айтылады. Жалпы ­Ресей құжаттарында Шора Нәрікұлы «князь» деп көрсетілген. Демек, ол Қазан хандығының ел билеу саясатына тікелей араласып, ханға тікелей ықпал еткен «қараша» атты ақсүйектер тобына жатқан. Оны Шора Нәрікұлының Шах-Әлиге қамқор болып, жаудан қорғауы, орыс патшасына елшілікке баруы дәлелдейді. Әдетте «қараша» атағы әр рудың ең таңдаулы әулет өкілдеріне беріліп, ұрпақтан ұрпаққа мирасқорлық жолмен ауысып отырған. Қазақ шежіресі бойынша Шора Нәрікұлынан Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі өрбиді. Ал Есенгелдіден Аташал, Аташалдан Торым, Одан Базарқұл, Базарқұлдан Көкі, Көкіден атақты Есет тархан туады.

Шора батыр жайлы тарихи аңыз, әңгіме, жыр өте көп.Қазіргі таңда Шора Нәрікұлы атында Орал қаласында көше бар.

Жаңбыршыұлы Телағыс – ноғайлы батыры. Мұрат «Қырымның қырық батыры» жырын жырлаған жырау. Сол жырдың басты кейіпкерлерінің бірі – осы Телағыс батыр. Ол жырда, Телағыстың жасы он беске толғандығы, қалмақтарға қарсы шыққысы келетінімен басталады. Қалмақтың ханы – Бегенге қарсы Орақ пен Мамайдан басқа Мұсаның отыз ұлымен аттанады. Телағыс ­Бегендей қалмақтың ханын жекпе-жекте жеңіп, қалмақ шаһарын мұсылман дініне кіргізеді. Бірнеше жыл өткен соң, Жаңбыршы батыр өлуге таянады, қасына Мамайды шақырып алады. Сонда Жаңбыршы Мамайға Телағысты тапсырады. Жаңбыршы қайтқаннан кейін, Телағыс Мамайдың қарындасын алам дегенде, Мұсаның отыз баласы қарсы болады. Телағыстың Аққозы деген жылқышысы келіп, Мұсаның ­балалары өлтірмек боп жүргенін, сақ болу керектігін айтады. Бұл жағдайды естіген Телағыс ертесіне Мамайға келеді. Мамай Телағысқа Боғданы талақ етіп, Еділдегі ноғайды Қырымға көшір дейді. Амалы таусылып, Асан Қайғыға келіп, көмек сұрайды. Үш күн ішінде Қырымның қырық батырын жинап, қастарына Сыпыра жырауды қосып аттандырады. Сыпыра жырау Қырымның қырық батыры мен Мұсаның отыз ұлын қырқыстырмай, тіл табыстырып, Телағыстың тойын жасайды.

Мұрат өз толғау­ларында аталған жырда, кездесетін деректерді ұтымды пайдаланған.

Мұраттың «Са­­ры­арқа» толғауының басты кейіп­керлерінің бірі – ер Есболай.

Ол – жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы талай қанды жорықтарға қаты­сып, Кіші жүз аумағын жаудан азат еткен, Байұлы руларын ата жұртқа қайтадан қоныстандырған, аштық, жұт жылдары халыққа қол ұшын беріп Атымтай жомарт атанған тарихи тұлға. Бұл жөнінде Мұрат:

Бұл жерге содан кейін қазақ қонған,

Әдірә талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,

Бойына үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,

Айтамын бұрынғының дабылынан.

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр Жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген, – дейді.

Есболай өзінің үзеңгілес жолдас­тары Кете Әжібай, Адай Шотанмен біріге отырып, әрбір ұлыс, руларға жер бөліп, қоныстандырумен шектелмей, ең бастысы, атамекенді қалмақтардан тазарту ісіне тікелей араласқан. Мұрат толғауларында кеңінен жырланатын Есболай ұрпақтары атасының ерлік дәстүрін қатаң ұстанған, оларда кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік үлгісін үзбестен жалғастырып келген.

Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімұлы атап көрсеткендей, Итемгеннің Қарасы Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен батыр. Қараның Есеті – белгілі би, ақын-жырау, алшынның үш Есетінің бірі. Есболайдың шөбере, шөпшектері – Құлбарақ, Жапарберді (Дәрі қауымында жерленген), Жұматай, Дәрі, Кебіс, Құлшар жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарға қатысқан атышулы батырлар. Есболайдың ерен ерлігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі оның қисапсыз байлығымен қатар аталады. Есболай заманында өз байлығымен тек ет жақын ағайындарымен ғана емес, бастарына ауыртпалық түскен, жұтқа ұшырап, тігуге тұяғы қалмаған бүкіл әлеуметпен бөліскен жомарт адам болыпты. «Аққа құдай жақ» дегендей Есболай әулетінің атадан балаға мұра болып келе жатқан, аңызға айналған байлығы советтік дәуірге міні құрамай жетіпті. Алайда кешегі байларға аш қасқырша шапқан заманда мал-мүлкі талан-таражға түсіп, тағдыры тәлкек болған Құрық, Дәулетияр, Қарағұл, Байбосын, Тәлкен секілді Қарабау өңірінің ірі байлары Есболай әулетінің ұрпақтары көрінеді. Қаратоқай Есболай әулетінің тектілігін Мұрат Мөңкеұлының мына жолдарынан аңғаруға болады:

Табылды Итемгеннен Қара туды,

Қалдыбай, Қабыл, Мәтен және туды.

Ар жағы Есболайдан бермен қарап,

Аузына әлі жұртты қаратулы.

Кісіден қолын жайып бата алмаған,

Туғаннан дәрежесін ала туды.

Шынжырың арылмаған бір сой едің,

Әуелде Алла артық жаратулы.

Немесе

... Шынжырың жеті атаңнан арылмаған,

Қашаннан Алла сізді жарылқаған.

Болғалы атаң сенің Ер Есболай,

Дұшпаннан кегің бар ма алынбаған?

Өкінішке қарай, Есболай да, оны жыр­ларына арқау еткен Мұраттың өзі де күні бүгінге дейін ескерусіз қалып отыр.

Осы орайда өзімнің 2013 жылдың шілде айында Англия еліне барған сапарым еске түседі. Өзінің ұлттық батырлары мен мақтаныштарын ұлықтау мен есте сақтау жөнінен ағылшындарға жететін халық жоқ па деп қалдым.

Лондон қаласы толған ескерткіштер. Б.э.-дың ІV ғасырында римдіктерге қарсы күрескен ағылшынның қаhарман әйелі Боудиккадан бас­тап, адмирал Нельсонның, герцог Веллигтонскийдің, сэр У.Черчилльдің және т.б. ескерткіштері ағылшын астанасына көрік беріп тұрғанын көргенімде, құдайым-ау біздің елімізде неліктен өз мақтаныштарымызға лайықты ескерткіштер орнатылмайды екен деп қынжылдым. Сол Есболай ғой кезінде Кіші жүздің мыңдаған тұрғындарын аштықтан құтқарып қалды. Неге оның атын Құлсары, Атырау қалаларындағы бір үлкен көшеге немесе толып жатқан сүреңсіз аттарды иеленген ауыл мен елді мекендерге бермеске? Жылыой мен Мақат аудандарынан көшірілген немесе сол жерлерге орналастырылған қайсыбір елді мекендер ұлы бабамыздың атын алуға сұранып-ақ тұр. Мысалы, Сарқамыс, Жаңа Қаратон деген атау­ларды ­Есболай сынды бабамыздың атына неге өзгертпеске? Сонымен қатар өзінің саф алтындай жырлары мен толғауларын былай қойғанда, бүкіл Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары «Едіге», «Қырымның қырық батыры» жырларын, бұған қоса Шалгездің, Қазту­ғанның, Махамбеттің шығармаларын біздің заманымызға шашауын шы­ғармай бірден-бір жеткізуші ұлы жерлесіміз Мұратқа облыс орталы­ғында лайықты ескерткіш орнату мәселесін де шешкен жөн болар еді.

Енді ақын шығармашылығы ­туралы ойымызды одан әрі сабақтасақ «Үш қиянда» Кіші жүз қазақтарының 1836-1837 жылдарда өткен Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты деректер де кездеседі:

Қабыршақты, Қарасу,

Үйрек пен қазын атқан жер.

Ханнан бері ығысып,

Шатыр тігіп жатқан жер.

Көпірі жоқ Ақ Жайық,

Атын жалдап өткен жер.

Мұз үстінде от жағып,

Ала қыстай кезген жер.

Ақын осы жолдарда тасқа таңба басқандай етіп, көтеріліс басшы­ларының өз адамдарымен 1837 жылы 13 желтоқсанда күресін жалғастыру үшін Жайықтың сол жақ бетіне өткен кезін суреттеп отыр.

Қорыта айтқанда, «Сарыарқа», «Үш қиян» – шоқтығы биік туындылар. Бұл – тарих, берісі – алшын, әрісі – алаш тарихы, сонау ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол – желмаямен жер қараған Асан қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге діндегілерден сескеніп, қонысты талақ еткен Қазтуған; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай ­Шотан. «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, ­Сарытау, Аштарханның жерінде алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды, Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды... Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны... Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей, оны да аңсыз жерде жазымдады... Соңынан Әлім менен Табынды алды, тоздырып ақсүйектің тағын да алды. Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы, Тағынан хан тайған соң бақыр қалды» дейтіні анық тарих.

Мұрат шығармашылығын терең зерттеп, докторлық ­диссертация қорғаған белгілі ғалым, академик ­Бауыржан Омаров былай дейді: «Ақын отаршылдардың озбырлығына ­налып, «Сарыарқа» мен «Үш қиянды» жырлағанда жан-жүрегімен егілген. Өйткені халықтың мұң-зарын жырлауға келгенде Мұраттың көкірек кенішінен өлең сөз маржандай саулайды. Оның ағыл-тегіл ақтарылған жырларынан бір кінәрат таппайсың. Ел-жұрттың тағдыры, ауыр халі, қайғы-мұңы көкірегіне сәуле түсіргенде Мұраттың ақындық қуаты құдіретке айналады».

Қорытындылай келгенде, Мұрат жырларында қазақ тарихына қатысты көптеген деректер кездеседі.Соларды талдай отырып, ел игілігіне айналдыратын уақыт келді.

 

Шахман НАҒИМОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры, педагогика ғылымының

кандидаты

2533 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы