• Cұхбаттар
  • 11 Ақпан, 2021

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒЫЛЫМ ТІЛІНЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауында еліміз тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету керектігін айта келіп, бұл тұрғыда балық шаруашылығын дамытуды да тапсырған болатын. Бұған қосымша сапалы өнім өндіруде түрлі технологиялардың, оның ішінде биотехнологияның да орны ерекше. Алайда осы бағыттарда жоғары білім беретін оқу орындары санаулы ғана. Солардың бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті. Міне, біз осы факультет деканы, биология ғылымының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Заядан Қазыханұлы Болатханға жолығып, факультеттің өткені, бүгіні және болашағы туралы, білікті мамандар даярлаудағы ізденістері жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Алдымен факультет жөнінде айтып өтсеңіз?

– Биология факультеті 1934 жылы құрылған. 2011 жылдан мамандар дайындауда қосымша міндеттер жүктелуіне байланысты факультет биология және биотехнология факультеті деп аталады.Біз 15 оқу бағдарламасы бойынша 3 сатылы (бакалавриат, магистратура және докторантура) мамандар дайындаймыз. Мен өзім бұл факультетке 2001 жылы қызметке келдім. Осында оқытушылық қызмет атқара жүріп профессорлыққа қол жеткіздім. Кафедра меңгерушісі болдым. Содан 2015 жылы биология және биотехнология факультетінің деканы болып, конкурс негізінде сайландым. Осы кезеңде университет рейтингінің индикативтік жоспары бойынша ­факультет жетекші орындарға ие болды. 16 жаңа білім беру бағдарламасы, 4 қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілді, 4 жаппай онлайн курстар әзірленді. Осы уақыт ішінде факультетте студенттер контингентінің өсуі байқалды. Сонымен қатар факультет түлектері 98% жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Бұл біз дайындаған мамандардың қоғамда сұранысқа ие екенінің дәлелі. Қазіргі уақытта ­факультетте білім алушы студент 2451, оның ішінде шетелдік студенттер 155. Профессор оқытушыларымыз 250-ден асады.

Біздің факультетімізден грант ­бойынша оқығысы келетіндер өте көп, бірақ біз 2020-2021 оқу жылынан бастап Ұлттық бірыңғай тестіден жүзден жоғары балл алған абитуренттерді ғана қабылдаймыз.

– Сіздер даярлайтын студенттердің білім сапасы оқытушылар құрамының деңгейіне байланысты екені белгілі. Осы жайды баяндай кетсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, бұл білім сапасын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Бұл ретте факультетімізде 78 пайыз ғылыми дәрежесі бар профессорлар мен оқытушылар жұмыс жасайтынын мақтанышпен айта аламын. Олардың ішінде 6 ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі мен 28 профессор бар. Факультеттің профессор оқытушыларының белсенділігін арттыру арқасында 2019 - 2020 жылдары гранттық қаржыландыру көлемі екі есе өсті. Осы жылдар ішінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 30-дан астам студент академиялық ұтқырлық шеңберінде еуропалық жоғары оқу орындарында (Франция, Италия, Норвегия, Германия, Испания), ҚР БҒМ бағдарламасы бойынша Эрасмус плюс, DIKU және т.б. оқу мүмкіндігіне ие болды. 25-тен астам алыс, жақын шет елдің ғалымдары PhD ­докторанттарын бірлесіп даярлауға қатысуда. ­Факультет соңғы 5 жылда 30-дан астам ғалымды дәріс оқуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге шақырды. 2020-2021 оқу жылынан бастап түрлі елдерден 5 профессор онлайн режимінде дәріс оқуға шақырылды.

– Факультетте студенттердің зерттеу жұмыстарымен айналысуына қандай мүмкіндіктер жасалған?

– Факультетімізде 2 ғылыми-зерттеу институты (биология және биотехнология мәселері институты, экологиялық мәселер институты), 4 ғылыми-зерттеу орталығы, биобаза, агробиостанция және биологиялық нысандарды физикалық және хи­миялық әдістермен зерттеу лабораториясы бар. Оның көпжоспарлы әкімшілік жұмысының нәтижесінде факультеттің еңбек сіңірген профессорлары мен жас зерттеушілеріне ғылым мен оқу процесінің дамуына қосқан зор үлесі үшін түрлі мемлекеттік марапаттар мен стипендиялар берілді. Жас оқытушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ғылыми зертханалардың инфрақұрылымы өте маңызды екені белгілі. Сондықтан да ғылыми зертханалар үшін қымбат жабдықтар алдық. Әрине, ғылыми мектептердің құрылуы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшін шаруашылық келісімшарттардың жасалуы және жұмыстағы басқа да маңызды жетістіктер факультеттің ғылыми жұмысын ұйымдастыруды және басқаруды күшейтуді талап етеді. Факультетте «Білім – ғылым – инновация» үштігінің бірлігін жүзеге асыруда қатаң талаптар қойылуда.

– Факультеттегі балық шаруа­шылығы мамандығы бойынша қанша маман даярлау көзделіп отыр?

– Біздің факультетімізде Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығы 2005 жылы ашылды. Ал 2015 жылы магистартура, 2019-2020 оқу жылынан докторантура ашылды. Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығы факультетінде 60-тай студент оқиды. Өндірілетін балық өнімінің сапасын қамтамасыз ететін факторлардың бірі Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өтуі жөніндегі тұжырымдамасында көрініс тапқан экологиялық таза технологияларды қолдану. Қазақстан Республикасын тағам қауіпсіздігімен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы салаларының ішінде балық шаруашылығының орны ерекше. Балық құнды ақуызды өнім ретінде денсаулыққа пайдалы, және тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Қазіргі кезде Қазақстанда табиғи су қоймаларынан балық аулау ­жылына 40-45 мың тоннадан аспайды, адам басына шаққандағы балықты тұтыну нормасы жылына 14 келіге жету үшін ішкі өндіріс 250 мың тоннаны құрау керек. Біздің республикамызда аталмыш мәселені шешудің бір жолы тауарлы балық өсіруді ­дамыту. 2016 жылы аквакультура өнімі небәрі 1,4 мың тоннаны құрады. 2021 жылға тауарлы балық өсіруді дамыту үдерісі 5000 тонна деңгейінде болады деп бағалануда. ­«Агробизнес-2021» бағдарламасы бойынша көл-тауарлық, тоған, шарбақ және бассейндік балық өсіру, балықтарды тұйық жүйелі сумен жабдықталған балық өсіретін модульдерде өсіруді дамыту есебінен тауарлық өнімді өндіруді арттыру қарастырылған. Қазіргі кезде Қазақстандағы кәсіп­керлердің көксерке, тиляпия, бахтах және аквамәдениеттің жаңа ­нысандарына қызығушылықтары артуда. Қазақстанның көксерке өнімі еуропа нарығында жоғары бағаланады. Акваөсіруді және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бекітілді. Міне, осының бәрі балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығының келеше­гінің мол екендігіне күмән келтірмейді.

– Сіздер дайындаған биотехнолог мамандардың өндіріске араласуы қалай жүзеге асуда?

– Ауылшаруашылығы және азық-түлік өндірістерін жоғарғы деңгейде дамыта алатын шамамыз өте жоғары. Осы бағытта биотехнолог, балық шаруашылығы мамандарын сапалы дайындау факультетіміздің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Қазірдің өзінде биотехнолог мамандығына сұраныс көп. Сонымен қатар әлем халқы органикалық өнімдерге назар аударуда. Жалпы әр елде органикалық өнімдерді тұтыну себептері әртүрлі: АҚШ-та тұтынушылардың көпшілігі органикалық азық-түліктерді ­салауатты өмір салтын сақтау үшін, Еуропада тұтынушылар қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында, ал Азия елдерінде органикалық азық-түліктер жоғары сапаның және қауіпсіз тамақтанудың негізі болып табылады. Әлемдегі халықаралық ұйымның есебіне сәйкес органикалық өнімдердің ірі экспорттаушылары Италия, Нидерланды, Испания, АҚШ, Франция, Мексика, Канада, ҚХР болды. Органикалық өндіріс ел дамуының ұлттық басымдықтарының бірі. Қазақстандық органикалық өнімдердің негізгі өндірушілері бүгінде Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ елдің оңтүстігінде орналасқан. Сонымен қатар көкөніс және бақша өнімі бойынша бүгінгі күні Қазақстанда органикалық өнімдерді тұтыну үлесіне елдегі барлық тұтынылатын өнімдердің 0,1%-ға жуығы тиесілі. Республикамыз өнімнің осы түрлері бойынша үлкен экспорттық әлеуетке ие.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін айтсақ. Адамзат ХХІ ғасырдың талабына сай өмір сүру қажет деп ойлаймын. Осының бәрі биотехнолог, биолог, генетик, микробиолог және эколог ма­мандарға зор жауапкершілік жүктейді.

Факультет студенттерінің ­3-5%-ы, ал PhD докторанттарының ­70-80%-ы әртүрлі ғылыми жобаларға қатысады. Биотехнолог және биолог студенттеріміз биологиялық ­сабын, биотыңайтқыштар, экологиялық таза биологиялық белсенді қоспалар, тұрғын-тұрмыстық суды биологиялық тазалау, мұнай өнімдері мен ластанған топырақтарды тазарту сияқты ғылыми жобаларды әзірлеуде.

Студенттеріміз әртүрлі Start-up компанияларды құруға дайын. Бірақ қолымыз қысқа, осының бәрі қаражатқа тіреледі.

– Биотехнология саласын қазақша сөйлетуде қандай қадамдар жасалуда?

– Биология және биотехнология факультетінің студенттері ағылшынша, қазақша және орысша білім алады. Студенттердің 70%-ы қазақ тілінде оқиды. Міне сондықтан студенттерге қазақша сапалы білім беруде қазақша оқулықтар мен оқу құралдары өте қажет. Факультетімізде жылына 20-дай оқу құралдары қазақ тілінде жарық көреді. Бізде соңғы жылдары 12-ден астам жаңа оқу бағдарламалары өмірге келді. Оларды жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Міне, қазақ тіліне осы мамандықтарға байланысты қаншама терминдер мен балама сөздер кіреді. Тура орыс тілі немесе басқа тілдерден аударма ­жасау арқылы, ғылымды халыққа дұрыс түсіндіре алмайсыз. Биотехнология, биоинформатика, қоршаған орта биотехнологиясы, биомедицина, биоэнергетика сияқты оқу бағдарламары қазақ тілінде қалыптасуы үшін уақыт қажет. Бірақ бізде уақыт жоқ, 21 ғасыр ақпарат өркендеген ғасыр.

Өз басым 16 оқулық және оқу құралын жазып шығарсам, солардың 12-сі қазақ тілінде жарық көрді. Олар: «Биотехнология негіздері», «Тағам биотехнологиясы», «Экологиялық биотехнология», ­«Фототорфты микроорганизмдер биотехнологиясы», «Су тоғандарының ­микрофлорасы», ­«Фототрофты микроорганизмдердің биотехнологиясы бойынша зертханалық практикум», «Микробалдырлардың таза дақылдарын бөліп алу және оларды белсенді өсіру тәсілдері» және т.б.

Менің алға қойған мақсаттарымның бірі қазақ тілін ғылымда, атап айтқанда биология, биотехнология, экология және микробиология сияқты ғылым салаларында дамыту.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Нұрболат Сұлтанғазиев

2011 рет

көрсетілді

56

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы