• Әдебиет
  • 11 Ақпан, 2021

ЖҮРЕКТЕС

Ақын туралы айтқанда алдымен жүрек ­деген сөз бірден ауызға түседі. Поэзия - жүрек күйі. Бізге сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қиялдас, армандас һәм жүректес курстастарына қарлығаштың қанатымен су сепкендей поэзия құдіреті хақында жанын сала, таңды таңға ұрып толғана сыр шертетін Батық Мәжитұлы болатын. Жасымыздың үлкен-кішісі, бойымыздың ұзын-қысқалығын бұйым көрмей, елу бозбала-бойжеткен құлын-тайдай тебісіп жүрген шағымыз. Бәкең бипаздап отырып сөйлей бастағаннан-ақ тайлы-тұяғымызбен айналасына үймелей, сілтідей тына құлақ түреміз. Аурасының мықтылығы емес пе, әр сөзді нығырлап, әсіресе жырды әр буын, әр бунағын бұлым-бұлымымен иін қандыра айтқанда, аузынан қара сөз бен өлең таспаның жұмыр өріміндей сылаң қағып шығып жатады. Әңгіме арасында алдымен қалжыңдап, миығынан күлдіріп алатын да, сәлден соң елжірететін.

Елжіретіп отырып, мұңайтатын. Мұңайтып отыртып, тағы бір серпілтіп алып, қайта тыңайтатын. Өлеңді бейнебір гүлге теңеп, оның тамырын, сабағын, жапырағын, ақыры бүршік атып гүлдей жайнаған сәтіне дейін жүйе-жүйесімен, талдап-талғап беретін.

– Қазақ сағыныштан жаралған халық. Сол сағынышқа Төлеген Айбергенов өлмес жырымен ескерткіш орнатып кетті, – деді де, сәл тамағын бір қырнап алып «Сағынышты» айта жөнелді. Батықтық мәнер, Батықтық әуез, Батықтық ырғақ. Ішіндегісі – түрінде, түріндегісі – тілінде.

Дәл сол сәтте Батықтың үніндегі ішкі жан тазалығы, кіршіксіз көңіл тербелісі біздің де ішкі дүниемізді толқытып жібереді. Осындай кезде Батық бізге курстас емес, әдебиеттен сабақ беретін сұңғыла ұстаздай көрінетін. Бәкеңнің сол кездегі жап-жас болып соншалықты сезім­талдығы, таным-түйсігінің алғырлығы қайдан дегенде, әдеттегідей туған жерінен іздейміз ғой.

Қырқалары сүрлеумен шимайланған,

Сайлар анау – рауғаш жинай барған.

Ақ шоқысы арманның мұнарасы,

Қаусырғанда құшаққа симай қалған, – деген Батыққа құдайдан кейін, атақты Хан Тәңірінің сілемі, Шалкөденің хан жайлауы, «сулары құнан қой­дың сорпасындай» өзен-көлі, аршалары-шыршалары, жеміс-жидегі жан дидарын нұрландырған құді­ретті күш. Бірақ ойлайсың, көзін ашып, есі кіргелі Мұқағалидың жырларымен нәрленіп, Бердібек­тің бұла көркем сөзімен сусындап өскен қағы­лез Бәкеңнің басқаша қалыптасуы мүмкін бе?!

Кейінгі қаламдас інілері Батық ағасының кішкентайынан сурет салуға әуестігін, өзі оқыған мектепте сурет пәнiнен сабақ бергенін, салған суреттерiн көрнекi құрал ретiнде пайдалан­ғанын, көзкөргендер «суретші жiгiт» деп атайтындығын жазыпты. Ол ол ма, Бәкеңнің езу жиғызбайтын актерлiк өнерi, музыкалық аспаптарда құйқылжыта ойнайтындығын шеберлігі, халық әндерiн тамсандыра орындайтын, сол сияқты қалжың-қағытпашыл («Нарынқол әзiлдерi») қабілет-қасиеттері тұла бойы тұнған өнер екендігінен хабар берсе керек. Ал өнер – тек таланттылардың пешенесіндегі дүние. Әсіресе оның ішінде де ақындықтың жөні басқа.

– Осы кейде әлдекімдер ақын болуды қолдан жасап алатын оп-оңай кәсіп көреді, – дейді Бәкең сыр ашқанда, – цирк жонглері секілді сөз ойнатып, ұйқас қағыстырып, шумақтарды жылтыратып-жалпылдатса бітті, ақынмын дейді. Ол жүрек пен мидың симбиозы екендігінде шаруасы жоқ, – деп, Бәкең сөзін одан әрі сабақтайды. – Ал поэзия біле білгенге өмірдің өзі ғой. Оның сырлы сырын да, саф сұлулығын да екінің бірі поэзияға айналдыра алмайды. Оны көре білетін көз, сезе білетін түйсік, жырлай білетін жүрек керек.

Батықтың бойындағы біз қадірлейтін ерекше қасиет – адалдық. Сірә, бұл тумысынан ата-ананың тәрбиесінен, бұла табиғат пен шынайы өлең-өнерден дарыған. Ол Бәкеңнің барлық қырынан білінеді. Айталық, қалаған мамандығы – журналистикада өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білді. Сөздің қадірін түсірмей, жалғандыққа ұрынбауға күш салды. Батық көсемсөз қызметінің бар баспалдағынан өтті: тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, меншікті тілші, редактор болды. Қарап отырсаңыз бәрі де ауданнан бастап мүйізі қарағайдай беделді облыстық, республикалық басылымдардағы жүгі салмақты, жауапты қызметтер. Осылардың қай-қайсысы да Батық ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрді дегенді естірткен емес. Замандас тұрғыластарымен өзінен кейінгі әріптестері әлі күнге дейін Бәкеңнің талапшыл, әділдігіне тәнті.

 Батықтың бұл дүниедегі суқаны сүй­мейтіні – жалғандық пен жағымпаздық.

Сөздеріне сөз қосып дүрілдейді,

Құлағына басқаны бір ілмейді.

Өзі сеніп, өзі айтқан өтірікке,

Тұла бойы бусанып күлімдейді.

Жылуы жоқ күлкісімен алдайтын жылпостар қарап тұрса «пысық» та өзі, мысық та өзі. Руластар баяғы бір белгісіз замандағы батырға ас беріп, арақ-шарап ішіп, тос айтатын даңғазалықтарды көргенде:

Таптайды да аршалы сай аумағын,

Тойған тобыр аузын сүртіп тарайды.

Көпті көрген қасиетті тауларым,

Пенделерге басын шайқап қарайды, – деп қынжылады.

Батық өмірдегі жүрек айнытар ащы құбылыс­тардан бойын аулақ салған емес. Жырымен де, азаматтық ұстанымен де қасайып қарай біледі. Неге дейсіз ғой. Негесі сол, Бәкеңнің ел мен жер дегенде шығарда жаны бөлек. «Баламның табанына кірген шөгір, менің маңдайыма кірсін» дегенмен үндес. Шынайы елшіл, ар-инабатты, нағыз «Отан үшін отқа түсетін» оғылан. Жалпы әдебиетімізде ашығын айтқанда, отан тақырыбындағы ақындардың көбінің жырлары тілден шыққанмен, құлақтан аспайтындар, жүрекке жетпейтіндер. Ал Батық Мәжитұлы басқа. Туындыларының дені жүректің қаны, көзінің жасынан туғандар. Жырларында ана сүтінің арда дәмі бар.

Азат елге айналды бүгін далаң,

Азаттықтың бағасын ұғын балам.

Атасына ұрпағы ұқсау керек,

Сеніп саған артады жүгін заман.

 

Ділің аман болса екен, тілің де аман,

Жазираңда жайнасын гүлің де аман.

Жүрегіңмен қорғап өт, Бостандықты,

Бозторғайы бол оның, шырылдаған.

 

Жүйке де, аман болса екен, жүрек те аман,

Амандықты аңсады тілеп бабаң.

Жігеріңді өткірлеп қайрап ал да,

Абыройын алаштың түлет балам!

Бәкеңнің «Заман-ай» мен «Атамұра» жыр жинақ­тарын ақтара қарасаңыз, осындай тал­ғамды, осындай тұщымды дүниелерге қанасыз.

Біле білгенге, Бәкең танымпаз ақын.Танымпаз­дығы – Мұқағали ақынды бар бітік-болмы­сымен, жүйке-жұлынымен таныған, түйсін­ген, жүректес шайыр. Шыны керек, өз басым әлі Мұқағали поэзиясын сан қырын микроскоппен қарағандай бұлым-бұлымына, ішек қырындысына дейін саралап, талдап, жіліктеп беретін Батықтай жампозды көрген жоқпын. Рас, жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы талай монографиялар жазылып небір диссертациялар қорғалды, әлі қорғалып та жатыр. Оның біразымен таныстым да. Бірақ олар дәл Батық секілді түйсініп, Батық секілді кейіпкерінің тұтас жаратылысымен біте қайнасқан жоқ. Жеме-жемге келгенде бұл өзі, төл әдебиетімізде өте сирек кездесетін құбылыс. Мұқағали поэзиялы шипалы бұлақ десек, сол бұлақтан әлі күнге дейін мың рет қанып ішсе де, сусынын баса алмай келе жатқан бір адам болса ол – Батық. Мұқағалиды поэзия шыңы десек, ол шыңға шаршамай-шалдықпай өр­мелеп келе жатқан жанкештінің бірегейі – Батық. Солай бола тұра ол: «Мен мұқа­ғалитанушы емес­пін. Бар болғаны – мұқағалитанушыларға ши­кізат дайындап берушімін» дейді жайбарақат ғана.

Б.Мәжитұлының диапозоны кең, биік мінберден асқақ та терең пайыммен жырлай білетін, замана запыранына үн қата алатын өжеттігі бар. Ұлы хакім Абай, жыр перғауыны Жамбыл, мұзбалақ Мұқағали хақындағы ой-толғамдары, қараулардың кесір сөздеріне дер кезінде тойтарыс беріп, басылым мінберлеріне көтеріле білді. Айталық, Жамбыл жәкем туралы Әбділда ақын: «Бергенді мақтаған, өзінен зорға жалтақтаған, қошеметшіге жалбақтаған ақындарды ұнатпаған. Оларды қатты мысқылдап, аямай әжуалап отырған». Дүниедегі ең оңай нәрсе – өлгеннен өш алу. Кейбір ағайындар «мықтылығын» солай көрсеткенді қалайды. Мәселен, Сталин қайтыс болған соң Н.С.Хрущев та «батыр» атанған» – деп жазды Батық. Қазір қарттықтың төрінде жантайып жатса да, бақилық жақсылар мен жампоздардың аруағына тиісіп жүргендер кейінгі ұрпаққа қандай өнеге қалдырам деп ойламайды. Осының бәрі де ақынның жанына маза бермейді. Әйтсе де, өмір – өзен. Ағысы бірде екіленіп, бірде жайраңдап кетеді.

Бүгінде Бәкеңнің тұрғылас-замандас­та­рының алды жетпіске келіп, асып түсіп жатқандары да бар. Жаратылысынан қалжыңқой, табан астынан сөз тапқыш, ұйқастырғыш Батық курстасы, экспромт ақын Бекен Шолан екеуі соңғы кезде қолайлы сәтте да суырыпсалмалығына басып жүр.

Былтыр ғана Бекен ақын жетпіске толғанда Батық:

Бекенжан, баяғыдай мұртың қара,

Тұлпардан айнымайсың, тұрқың дара.

Ақынсың аузын ашса жыр төгілген,

Мінезің бір күн дана,бір күн бала.

Шайырлар өмірді өлең деп түсінді,

Жұмсадың көркемсөзге көп күшіңді.

Жолығып қуаныштан қуанышқа,

Жетеле жүзге қарай Жетпісіңді!

Бекен:

Батықтың іші де өлең, тысы да өлең.

Нәп-нәзік қаламының ұшыменен,

Жыр селін буырқанта түсу деген,

Қанатсыз қияндарға ұшу деген,

Ғажап қой бұлт жалынан құшу деген!

Әй, осы Батық досым түсінде де,

Көреді-ау жыр-тұлпарды үкілеген.

Батықты шешіндірсең іші де өлең,

Сауырын сипап көрсең, сырты да өлең!

Батық соңғы кезде байсалды жырды сиретті. Бірақ қалай жырласа да, қай деңгейде жырласа да сол бұрынғы Батық боп жырлап келеді. Ол поэзия үшін ғана өмір сүріп жүрген сияқты. «Алатаудың барлық жерінің биіктігі бірдей болса, ол дәл осындай әдемі, осындай әсерлі болмас еді» деп жазыпты Жұмекен ақын, өз заманындағы ақындар хақында. Иә, ақындарымыздың қай-қайсысының да шыққан өз биігі бар.

 

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

1404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы