• Тарих
  • 18 Ақпан, 2021

ҚАЗАҚ ҮШ БІРДЕЙ АШАРШЫЛЫҚТЫ БАСТАН КЕШКЕН

Биыл 1921-22 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл, нәубеттің 30-шы жылдардағы екінші кезеңіне 90 жыл толып отыр. Ғасыр бұрынғы нәубеттің сабағын бүгінгі қазақ қалай елеп-екшейді? Өткеннің қасіретін қалай ­таразылайды? Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық биігінде мемлекет бұл мәселеге айрықша назар аударып отырғаны белгілі. ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ашаршылық тақырыбына арнайы тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керек екенін де айтқан болатын. Иә, ашаршылық тақырыбын көтеру – егемендіктің қадірін терең түсіну үшін,  тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет.  

«Ашаршылық тақырыбын зерттеу – тәуелсіз тарихи сананы қалыптастыруға мол үлесін қосады. Тарихи сана өткен оқиғаларға қатысты ұжымдық көзқарастан туындайды. Ал ортақ тарихи ­таным біртұтас ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші фактор екені сөзсіз. Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет. Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсіретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығару ­керек» дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ұзақ жыл бойы осы тақырыпты індете зерттеген белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алқалы жиын Парламент Сенатының, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өтті.

«Қазір әлемдік ахуал өте күр­делі және құбылмалы екенін көріп отырмыз. Күн өткен ­сайын ­қа­рама-қайшылық тереңдеп, түрлі қақтығыс қарқын алып тұр. Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес. Дәл осындай жағдайда тәуелсіздігімізді мыз­­ғымастай берік ету – басты міндетіміз. Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал Тәуелсіздікті қа­дірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады» деді Мәулен Сағатханұлы. Сенат төрағасы, осыған орай, отан­дық тарихшы ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтып, нәубет жыл­дардың тасада қалған тұстары әлі де болса көп екеніне ­назар аударды. Ол бұл жұмыста тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек екеніне баса мән берді. Сондай-ақ архив деректеріне, оның ішінде көрші мемлекеттердегі материалдарға қол жеткізудің, оларды жүйелеу және мұқият зерделеудің, өңірлермен, ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың және аштық­ты бастан кешкен куәгерлердің естеліктерін жинақтаудың маңызы зор екенін айтты.

«Ашаршылық – барша адамзат­тың алапат гуманитарлық қасі­реті» деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев объективті ғылыми қоры­тынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық қамту керегін және сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалға нақты жауап іздеу қажет екенін көпшілікке жеткізді. Ұжымдастырудың дайын емес ортада жүргізілуі, жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы ескерілмеуі және сол кездегі режімнің көздеген мақсатқа жету үшін адам өмірін есепке алмауы сияқты факторлар елді ашаршылыққа ұрындырғаны анық. Сенат төрағасы ашаршылық кеңес үкіметі кезінде жабық тақы­рыптардың бірі болғанын, тек тәуелсіздіктің арқасында ­Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен тарихымыздағы ақ­таң­дақтар мемлекеттік деңгейде көтеріле бастағанын да атап өтті.

Іс-шара барысында М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Людмила Гривенная 1920 жылдардың басындағы қазақ даласындағы аштық тарихын ұзақ жыл бойы зерттеп келе жатқанын әңгімеледі. Тарихшының айтуынша, 100 жыл өтсе де ашар­шылықтың себептері, ауқымы мен зардаптары әлі күнге дейін тиісті бағасын алған жоқ. Себебі Кеңес заманында бұл мәселе биліктің шындықты жасыруға және аштықтың құрбаны болған миллиондаған адамның өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнынан алып тастауға тырысуымен байланысты болды. Алапат зұлматтың ақиқаты жазылған құжаттар әлі күнге дейін архивтерде «аса құпия» таңбасымен сақталып келеді. 1920 жылдардың басында аштықтан қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Мемлекет тарихы институтының директоры, ­тарих ғылымының докторы, профессор Еркін Әбіл: «Мәселені объективті тұрғыдан зерттеу үшін эмоцияны қалдырып, ашаршылықты ғылыми феномен ретінде зерттеу қажет» дейді. Жиын барысында бейнежазба арқылы Мэрилэнд Штаты Университетінің профессоры (АҚШ) Сара Камерон осы тақырыпқа қатысты пікірін білдіріп, ашаршылық тақырыбының маңыздылығын атап өтті. 
Жиынды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев түйіндеп, болашақта ашаршылық тақырыбын зерттеу қорытындылары ғылыми ортада ғана қалып қоймай, қоғамға толық таныстырылуы керек екенін айтты. 

Талас Омарбек, 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Алғашқы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық деректері архивтерде ашық және олар кеңестік қазақстандық тарихшылар еңбектерінде біршама зерттелген. Кезінде большевиктердің өздері жариялаған ресми деректерге жүгінер болсақ, 1921-1922 жылдардағы ашаршылықта құрамына Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Торғай губерниялары кірген Батыс Қазақстанда халық 1917-1923 жылдар аралығында 981384 адамға кеміп кетті. Бұл аймақтардағы ауыл халқы 1917 жылмен салыстырғанда 1920 жылы 9,7%-ға азайса, 1923 жылы 1917 жылмен салыстырғанда 38%-ға азайды. Әсіресе, алапат қырғын 1921-1922 жылдардағы ашаршылықта болды. Тек 1921-1923 жылдар аралығында ғана аталған өңірде ауыл халқының саны 31,4%-ға азайды. 

 

Смағұл Елубай, 
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы:

– Тәуелсіздік қадірін тәуелділік трагедиясын білгенде ғана терең түсінеді екенбіз. Ендеше, «қызыл патшаға» тәуелді болған алғашқы 15 жыл ішінде қазақ көрген тозақты еске алайық. Яғни 1918 жылдан бастап 1933 жылға дейін қазақ елі бастан кешкен үш ашаршылықты еске алайық. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылдары қазақ ауылы ақ-қызыл болып шайқасқан Азамат соғысының табанында қалды. Билікке келген қызылдар контрибуция дегенді ойлап тауып, халықтың қолындағы наны мен малын тартып алды. 1919 жылы өткен Түркістан кеңестерінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұлов осы 1918-1919 жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды деп мәлімдеді. 1921 жылғы екінші ашаршылыққа қызыл өкіметтің «азық-түлік салғырттығы» саясаты ұрындырды. Қызыл өкімет «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп, тағы да шаруалардың қолда барын тартып алып, азық-түліксіз қалдырды. Сол кезде ашаршылықпен күрес комиссиясында болған Мұхтар Әуезов 1921 жылғы ашаршылықта 1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеген болатын. Ал 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтың саны 2 млн 300 мың адам деп аталып жүр. 

Бейбіт Қойшыбаев, 
жазушы, публицист, тарих ғылымының кандидаты:

– Ашаршылық шындығын ашу тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бірден қолға алынған болатын. Жоғарғы Кеңестің арнайы комиссиясы Қазатком мен Халкомкеңестің кәмпеске туралы декретін, оған қарсылық көрсеткендерді жауапқа тарту, ұжымдастыру, кулактар мен байларға қарсы күресу жайлы қаулыларын зерделеп, салдарларын мұқият зерттеді. Іс жүзінде ашаршылық кеңес билігімен бірге келген болатын. 1917-1919 ­жылдары Түркістан Республикасына қараған қазақтар ашықты. Ташкент большевиктері олардың жылқысын, малын «әлемдік революция жасауға тиіс» Қызыл Армия үшін сыпырып алып,  күнкөрісіне қажет азық-түлік бөлуден бас ­тартты. 1917-1933 жылдары төрт жарым миллиондай адамның өмірін жалмаған Ұлттық апатты терең зерттеп, адам шығынын мейлінше нақтылауға арнайы қаржы бөлген дұрыс. Еліміздегі, көрші елдердегі архивтерді, жергілікті баспасөз материал­дарын саралаған жөн. Салық көздерін анықтау үшін патша әкімшілігі әр ауылды барлық адаммен, мал-мүлкімен тізімдеп, қағазға түсірген екен. Бұл үрдіс Кеңес дәуірінде де жалғасыпты. Енді соларды мұқият қарастыру қажет.

Берік Әбдіғалиұлы,
Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылым кандидаты:

– Бұл тақырып біз үшін күні бүгінге дейін толық ашылмай келеді. Ғылымда, зерттеуде ғана емес, ұлттық сана-сезімімізде де ақтаңдақ бар. Әр отбасында нақты кімнің қайтыс болғанын білмейміз. Ашаршылық туралы айтуға жасқанамыз. Ал құрбан болған қандастарды ұмытпау, ұмыттырмау мәселесі тек қалыптасқан ұлтқа ғана тән қасиет екенін ескермейміз. Мәселен, әйгілі Холокост бүкіл бір ұлтты біріктірді. Өкінішке қарай, бүгінде отандастарымыздың басым көпшілігі ашаршылық жылдарын мүлде ұмытып барады. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. 
 

Зиябек Қабылдинов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, 
тарих ғылымының докторы, профессор:

– 1931-1933 жылдарға қатысты мұрағат қорларын зерттейтін уақыт келді. Сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті жерлерде конференциялар ұйымдастыру керек. Өкінішке қарай, біз ашаршылыққа деректердің, мұрағаттардың көзімен қараймыз да, қарапайым қазақтың көзімен көрген дүниелерін ескермейміз. Осы мәселеге назар аударатын кез келді. Біздің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 3-4 жыл көлемінде Жамбыл облысы бойынша 3 том еңбекті жарыққа шығарды. Бұл еңбекте аудан-ауданға бөле отырып, жасы 90-ға, 100-ге келген, ашаршылықты өз көзімен көрген адамдардың естеліктері топтас­тырылды. Осы тәжірибені жалғастыру қажет. 

 

6797 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы