• Тарих
  • 25 Ақпан, 2021

ОРАҚТАЙ ОРҒАН ҚАСІРЕТ

Ашаршылық мәселесі қазақ халқының жазылмас жарасы. Оның себебі Қазақстанда осы  1920-1921 және 1928-1933 жылдарғы зұлматтың зардабын қөрмеген отбасы жоқ шығар. Кезінде кімді сұрасаң да, «көп баланың ішінен жалғыз қалған осы  балам немесе немесе қызым» дегенді талай естуші едік. Осы орайда Қазақстан Сенаты басшылығының ұйытқы болуымен  өткен ғылыми конференция көп мәселенің бетін ашты. Әрине, осы мәселе бұрын да қаралған болатын. 
1932-1933 жылдардағы КСРО-дағы, соның ішінде Қазақстандағы ашаршылық пен ұжымдастыру мәселесінің тарихнамалық қоры өте ауқымды. Оның қатарында басында ­Батыс ғалымдары мен жазушылары болды. Себебі – Кеңес еліндегі кемшіліктер, оның арасында, әсіресе саяси репрессия мен аштық мәселесі туралы айтуға қатаң тыйым салынған болатын. Қазақ жазушылары аштық мәселесіне ара-тұра қалам тартты. Мысалы, бұл арада Бейімбет Майлиннің «Күлпәші» мен Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» (бесінші, алтыншы тарау) айтылғанын еске алуға болады.

 

 

С

оңғы кезде табылған архивтік құ­жат­­тарда аштық мәселесі қазақ саяси қайрат­керлерін де қатты толғандырғанын дәлелдейді. Оған мысал – Тұрар Рыс­құловтың, «Бесеудің» И.Сталинге жазған хаты. Біршама материалдарды ғалым Тұрсын Жұртбайдың Алаш қозғалысы қайрат­керлерінің НКВД архивінде сақталған соттау процесінің істерінен ашып көрсетті.

Осы тақырып бойынша тарихнамалық шолу Мемлекет тарихы институты ғалым­дары  2021 жылы дайындаған «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты – Правда о голоде 1932-1933 годов» атты  көлемді ұжым­­дық монографияда қамтылды. Бір­шама дерек осы монографиядан алынып отыр.

Кеңестік тарихнамада Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы ашаршылық мәселесі арнайы зерттеуден тыс қалды. XX ғасырда ашар­шылықтың төрт рет болғаны тарихтан белгілі: 1911 жылы, 1920 жылы, 1930 жылы, 1946-1948 жылдары. XX ғасырдың 20-жылдарындағы мерзімді басылымдарда ашаршылық туралы мәліметтер жарияланғанмен, автор­лардың көбін кеңестік-партиялық аппараттың қызметкерлері құрады. Олар ашаршылықтың себептерін: «Бұрынғы патшалық отарлау саясаты, бірінші дүние­жүзілік соғыс пен азамат соғысы, халықтың сауатсыздығы салдарынан» деп көрсетті.

Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында басылған көптеген мақала­ларында Кеңес билігіндегі Түркістан халық­тарының ауыр тағдыры, Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы большевиктердің саясаты жан-жақты ашылған. Бұл арада  біз, әсіресе Мұстафа Шоқайдың «Туркестан  под властью Советов» деген еңбегін ерекше атап кетуіміз керек.

1988 жылдың қараша айында Қазақ КСР Ғылым Академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнология және археология институты «Коллективизация в Казахстане и республиках Средней Азии: опыт и уроки» тақырыбында бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастырды. Онда күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары мәселесін жаңаша көзқарас тұрғысынан жүйелі зерттеу мақсаты қойылды. Осыдан кейін жаңа мұрағат құжаттары негізінде мәселенің жекелеген қырларын зерттеуге, тұжырымдамалық ой-қорытындылар жасауға жол ашылды.

Қазақстандағы ашаршылық туралы алғашқы мақалаларды 1990 жылы «Вопросы истории» ғылыми журналында М.Қозыбаев, Ж.Әбілғожин, қазақ демографы М.Тәтімов жариялады. Осылайша, танымал осы журнал арқылы 1930 жылдардағы ашаршылық апатының тарихи деректері әлемге белгілі болды.

Ертеде шыққан еңбектерде XX ғасырдың 30-жылдарындағы шаруалардың наразылығы «бұзақылық», «басмашылық қозғалыс», «бүліктер мен тәртіпсіздіктер» деп түсіндірілді. Айталық, Т.Омарбеков күштеп ұжымдастыру мәселелеріне зерттеудің жаңа қырымен келді. Ол XX ғасырдың 20-30 жылдардағы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ беттерін» ашқан алғашқы тарихшылардың бірі, 1991-1993 жылдары «Жұлдыз» журналында «Халық қаһары» деп аталатын мақалалар топтамасын жариялады. Сөйтіп, Қазақстандағы күштеп ұжымдастыруға қарсы ірі шаруалар көтерілістерінің тарихы арнайы қарастырылды.

Академик М.Қозыбаев, ­Ж.Әбіл­ғо­жин, М.Тәтімов зерттеулерінде 1930-1933 жылдардағы ашаршылық пен әртүрлі аурулардан құрбан болған 1,7 млн қазақтың саны анықталды. Демограф М.Тәтімов XX ғасырдың басындағы қазақтар санының өзгеру қозғалысын терең зерттеген. Оның мәліметтері бойынша 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы төңкерістер мен азамат соғысы, 1921 жылғы ашаршылық салдарынан 850 мың қазақ қырылған, 200 мыңы туған жерінен тыс жерлерге көшіп кеткен. Сөйтіп, Қазақстанда 1 млн.-нан аса адам шығыны болған. Бұл еңбектердің маңызы өте зор, тәуелсіздік жылдары отандық демографиялық зерттеулер жаңа деңгейге көтерілді.

Мемлекет тарихы институты дайындаған «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулықтарында КСРО-дағы тоталитаризм сипаты және кеңестік жаңартулар, әсіресе XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық тарихы жаңаша көзқарас тұрғысынан баяндалады.

Осы тақырыпқа зиялы қауым да іргелі еңбектер жазған болатын.

 Ашаршылық нәубетінің көріністері С.Елубайдың 1990-2000 жылдар аралығында жазылған трилогиясы – «Ақбоз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние», А.Мекебаев­тың «Құпия қойма» (Алматы, 2008), А.Тілеулиевтің «Қарақұм» деректі хикаяты (Алматы, 2007) және т.б. әдеби шығармаларда шынайы бейнеленген.

Созақ көтерілісі туралы ОГПУ-дың мұрағат материалдары негізінде құжаттық естеліктерді журналист Мұхаметжан Рүстемов жинақтады.

Жазушы-құжатнамашы, отставкадағы МҚК полковнигі Мұхамеджан Омаров – ОГПУ-дың тергеу материалдарына сүйене отырып, Адай көтерілісі туралы «Расстрелянная степь. История Адаевского восстания 1931 года. По материалам ОГПУ»  деп аталатын құжаттық повесть жазған бірінші автор. Адай көтерілісінің жетекшісі ­Тобанияз Әлниязов туралы ақтаулық журналист Ә.Спанов «Тобанияз» және алматылық жазушы Т.Жанаев «Тобанияз қыстауы» атты кітаптарын жазды.

Қазақстандағы қолдан жасалған  алапат Білім және ғылым министрлігі  бекіткен  мектеп оқулықтарында қаралған болатын. 1950 жылдары Қазақстандағы аштық туралы ағылшын тілінде белгілі америкалық ғалым Роберт Конквест «Қасірет науқаны» (Жатва скорби) деген кітабында «халықтың алапат адами трагедиясы» деп атады.

Мемлекет тарихы институты 31мамыр – 1 маусым арасында өткен халықаралық конференция ­бойынша материалдар жинағын шығарды. Осы конференцияда америкалық ғалым  Сара Камэрон «Голод казахов по данным ападной историографии» деген баяндама жасады. Ал 2020 жылы ол зерттеушінің «Аштық жайлаған дала» деген монографиясы жарыққа шықты. Бұл өте құнды еңбек, себебі ол ғалым көп деректерді пайдалана отырып терең тұжырымдар жасай білген. Сара Камэрон осы конференцияға қатысқанын айта келе былай дейді: «Конференция тәуелсіз Қазақстанның Астанасында Ашаршылық ескерткішінің салтанатты ашылуына ұласты. Ескерткіш тормен безендірілген, қазақтың киіз үйінің ішкі құрылысы немесе керегесін еске түсіретін «Аза Тақтасы» мен оның алдыңғы жағында ашыққан қазақтарды бейнелеген мүсінінен тұрады. 1997 жылдан бастап Қазақстан 31 мамыр күнін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде атап өтеді». Автор сөзінде «қоғамдық талқылаудың бәсеңсіп» кеткенін баса көрсетеді.

Неміс ғалымы Роберт Киндлер «аштық Қазақ даласында бұрын да болған, халық жұтты да басынан өткерген болатын. Ал  Кеңес дәуірінде ашаршылық неге соншама ауыр болды? Халық неге қырылды?» деп көрсете келе оған ол бұлай жауап береді: «Оның себебі – қарапайым халық не көмек, не асар жасау арқылы бір-біріне көмек бере алмай қалды. НКВД, милиция жағдайы бар адамдарды бай-құлақ деп қуғындап елді қоршаудан шығармай қойды». Шетелдік ғалымның бұл тұжырымы ақиқатқа жақын.

Еуропа Кеңесінің Парламенттік ­Ассамблеясы (ЕКПА) Украинада болған ашаршылық бойынша қабылдаған шешімде, қазақтардың өлім-жетім коэфиценті ең жоғары екенін көрсетеді дейді ғалым .

Бүркітбай АЯҒАН,

 Мемлекет тарихы институты

директорының орынбасары

3643 рет

көрсетілді

273

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы