• Мәдениет
  • 04 Наурыз, 2021

Әлемді білмедік, ТМД-да жоқ мұражай

Анаға құрмет және қызмет әкеден бұрын келеді. Хадис шарифтерде былай делінеді: «Анаға жасаған жақсылықтың сауабы екі есеге көп болады». «Бірінші анаңа, екінші әкеңе, кейін әпке-қарындасыңа, аға-ініңе, кейін ретімен қалған туыстарыңа жақсылық жаса!». Қазақ әйелінің болмысы, анаға құрмет деген ұғымдар қазақ халқының ежелден келе жатқан қастерлі түсінігі. Қазақ тарихындағы әйелдердің орны, қажырлы еңбектері әрдайым дәріптеліп келеді. Соның бірден бір дәлелі Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылында «Анаға құрмет» музейі жұмыс істейді. Халық арасында «ТМД елдерінде баламасы жоқ музей» деп бағаланған мәдени ошақ бүгінде өз қызметін атқарып келе жатқанына биыл 6 жыл толады. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аталған музейдің директоры Аршагүл Серікқызы Тойбаеваны аз-кем әңгімеге тарттық. 

–Әңгімемізді алдымен музейдің құрылуы мен қалыптасуынан бастасақ.

–«Анаға құрмет» музейі негізінен жеке адамдардың қаражатына салынған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік» атты бағдарламамен қолға алынған. 2014 жылы белгілі қоғам қайраткері, ­Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынас тілдері университетінің профессоры Бақыт Шпекбаеваның идеясымен ашылды. Дегенмен, идея 2012-2013 жылдары пісіп-жетіліп, музей құрылысы жүрген. Осы өңірден шыққан азаматтар қолдап, екі жыл бойы экспонаттарды жинастырып, әр азамат үйіндегі көне әрі құнды дүниені музейге тасып, дайындық жұмыстарын ел болып бірге атқарады. Өзінің ұстаздық қызметімен қатар, музейдің жұмысын жолға қоюға басшылық жасаған Бақыт Жатқанбайқызы көп еңбектеніп, кейін Алматы облысы Мәдениет басқармасына хабарласып, музейді мемлекетке өткізу туралы ұсыныс айтады. Міне, содан бері музейіміздің ары қарай дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолдау көріп отырмыз.

–Музейдің атынан-ақ, басқа музейлерден ерекшелігін түсінуге болады. Дегенмен негізгі ерекшеліктерін атап өтсеңіз.

– Шын мәнінде, қазақ халқының тарихында аналар ақылды, шешен болып, ірі тұлғаларды тәрбиелеген, керек кезінде атқа қонған. Бұл музей бүгінгі жастарға ықылым заманнан бергі аналар тарихын тереңінен түсіндіріп, тәлім мен тәрбиені қатар беретін орталық. Көп жастарымыз батыр әйел десе тек Томирис, Зарина, Домалақ ана сияқты белгілі үш-төрт адамның ғана атын айтады. Бопай ханша, Гаухар ханым, Айбике ару, Ботакөз, Бақтықыз секілді батыр әйелдер мен ел басқарған, қол бастаған батырлардың жарлары қандай мықты, текті әйелдер болғанын көбі біле бермейді. Мен оқушылармен, жастармен кездесуде осындай аналарымыз туралы әңгімелесем, барлығы таңғалып тыңдайды. «Біздің мектеп оқулықтарында батырларды оқытады, аналарды неге оқытпайды?» деп сұрайды. Осылайша, «Даланың дана арулары» деген тақырыпта бес мыңнан астам оқушыға лекция оқып тұрамыз. Музейіміз үлкен кешенге айналды, жанында «Күлиман ана» медресесінде шәкірттер тәрбиеленіп жатыр. Бұл медреседе жетім балалар білім алады. Сонымен бірге спорт кешені, дендросаябағы бар. Айналамыздағы ауылдық, аудандық мектептер оқушыларының орталыққа барып спортпен айналысуға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан біздің спорт кешенімізде шұғылдана алады.

Тағы бір ерекшелігіміз, 2018 жылы «Анаға құрмет» музейі Қазақстан рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар бізде шеберлік сабақтары, түрлі көрмелер жиі өтеді. Өткен жылы «Даланың дана арулары» қыз-келіншектер кітапханасы ашылды. Болашақта әйел авторлардың жаңа кітаптарының тұсаукесерін өткізсек деген ойымыз бар.

–Музейде қанша экспонат бар?

–Қазіргі таңда музейімізде 550-ден астам экспонат бар. «Музейге сый» деген жобамыз бойынша кімде қандай құнды жәдігер бар соны музейге алдырып, экспонаттарды толықтырып отырмыз. Мұның өзі 5-6 жылдың ішінде өте үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі 20, 100 жылдық тарихы бар музейлердің өзінде бұндай құнды жәдігерлердің саны кем де кем. Музейіміз 7 экспозиция­дан тұрады: қазақ халқының салт-дәстүрі, зергерлік бұйымдар, қол өнер шеберлігі, батыр аналар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанұясына арналған бұрыш, Ислам – әлемдік дін (Көне құран кітап бөлімі) және көркем өнер бөлімі.

Көптеген экспонаттар сақталмағандықтан, көне экспонаттарды ғалымдар, этнографтар, зерттеушілер арқылы біліп, қалпына келтірумен айналысамыз. Суреттер арқылы шеберлеріміз аналарымыздың дүниелерін қайта жаңғыртып, дайындайды. Өткен жылы Әлия мен Мәншүктің қолданған заттарын әкелдім. Мұның өзі біз үшін үлкен абырой болды. Мәселен, бір ғана киіз үйдің өзі қазақ халқының бүкіл болмысын, тарихын, этнографиясын көрсететін дүние. Шетелдіктер киіз үйімізге аса қызғушылық білдіріп жатады. Қазақтың керемет болғанын, қалыптасқан мәдениеті, өркениеті болғанын айғақтайтын киіз үйдің өзі – бір тарих.

Сондықтан қолымыздағы бар дүниені музейге сақтап, жоғын арнайы жасатып, музейді әлі деп толықтырып жатқан жайымыз бар.

–Музейдің 5 жылдығында үлкен фестиваль өткізгендеріңізді білеміз. Музей тарапынан тағы қандай шаралар атқарылып жатыр?

–«Даланың дана арулары» деген халықаралық фестиваль ұйымдастырған болатынбыз. Және осы тақырыпта суретшілер көрмесін өткіздік. Қазақстан суретшілері салған суреттерін музейге сыйға тартты. Өзіміз бастап, Қазақстан суретшілер одағына аналардың суреттерін салып берсеңіздер деп ұсыныс айттық. Олар қуана қолдап, көптеген батыр әйелдердің, аналардың суреттерін салып берді.

Көптен бері Шәмші Қалдаяқовтың «Ана ­туралы жырын» мың адам шырқаса ғой деп армандайтынмын. Сол фестивальде Опера театрының әншісі Талғат Күзембаевты шақырып, осы әнді мың балаға хормен айтқыздық. Бұл жүректерге ерекше сезім ұялатқан сәт еді, өйткені аталған ән қазақ аналарының әнұраны сияқты ғой.

Сонымен бірге «Даланың дана арулары» атты кітабым жарық көрді. Ауданымызда «Тұран қыздары» деген қолөнермен айналысатын қыз-келіншектердің басын біріктіріп сән үлгісін өткіздік. Аналарға арнап «Қоянкөз» атты тарихи драма жазып шықтым. Драмамыздың тұсауын Талдықорған қаласында Б.Римова атындағы театрда кестік. Міне, осылайша тынбай еңбек еткеніміздің арқасында «Үздік мекеме» дәрежесін алдық.

–Сіздің ұғымыңыздағы қазақ әйелінің болмысы қандай?

– Шын мәнінде, мықты еркектің артында мықты әйел тұрады. «Еркекті ез ететін де, ер ететін де әйел» дейді. Мысалы, Қабанбай батырдың жары Гаухар ханымды алайық. Ерімен бірге жорыққа шығып, көмекшісі, ақылшысы, жанындағы сенімді серігі бола білген. Сонау заманда Томирис, Зарина, Домалақ аналарды қараңыз... Бопай ханша, Гаухар ханым, Айбике ару, Бақтықыз секілді батыр әйелдер мен ел басқарған, қол бастаған батырлардың жарлары қандай мықты, текті әйелдер қазақ аруының шын бейнесі деп білемін. Бертін келе қазақтың маңдайына біткен ұлдарды тәрбиелеген Зере, Ұлжан, Айғанымдай аналарымыз бар. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген» әйелдер қашанда төзімді, жігерлі келеді.

Қазіргі таңда да көп ауыртпалық, көп жауапкершілік әйелге жүктелген. «Еркек – түздің адамы» дейміз. Оның міндеті отбасын асырау. Ал қалған шаруа, бала тәрбиесі, ұлт тәрбиесі бәрі-бәрі әйелдің мойнында. Ал қазіргі қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға атсалысуы таңсық емес. Еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосып жүрген нәзік жандылардың да орны айрықша. Қазақтың ақын-жыраулары «Жыласам түнде оянған, түнде бесік таянған, Ардақты бар ма анадан» деп толғаған. «Алып анадан туады» деп, барлық ұлы ғұламалар мен батырларды дүниеге әкелетін аналар құрметке лайық.

–Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

2518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы