• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

Мен қазақтың қызымын

Гүлбақыт ҚАСЕН

 

 

 

ҚҰСҚАНАТЫ

Аспан сілкіп түсірген құсқанатын,

Құсқанаты соңынан із қалатын.

Айналса ғой ұлпа қар ғайып болмай –

Әшекейге әдемі қыз тағатын.

 

Құсқанаты –

секілді үкілі арман,

Үкілі арман жолында бүкіл арман.

Бір ғаріп жан сүйіп тұр алақанын,

Періштесін аспаннан күтіп алған.

 

Қылаулаған ұшқыны үміттердің,

Құсқанаты, сен соны біліп келдің...

Тамсандырдың.

Сағыныш сарайына

Гүл боп көктем, жаз жайнап күліп келдің.

Жазғытұрым жауатын құсқанаты,

Бағзы бір сәт құс тілін құс табатын.

Жастық пенен қарттықтың белгісіндей,

Алма кезек өмір бұл қысқаратын...

 

Құсқанаты –

төгілген жыр қауырсын,

Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың...

Саусағына...

ақынның жүрегіне –

Қонақтайсың әлемді жырлау үшін...

Құсқанаты...

 

КӨКТЕМ-ӨМІР

 

Көктем неге кешікті?

Сұлулыққа ашсам деп ем есікті...

Ғазиз анам ақ жаулығы желбіреп,

Тербетеді ғалам дейтін бесікті.

 

Көктем-өмір...

Бұрынғыдай күлмейді,

Алма ағашы үнсіз ғана гүлдейді.

Көктеу-сәуір самалын да аңсайды ел,

Бәрін-бәрін сағынғанын білмейді...

 

Көктем-өмір,

Құшағыңа құлайын,

Жаратқаннан жарылқауын сұрайын.

Тамырым да, бүршігім де өзіңде –

Соңғы кезде қажытады бір уайым...

 

Көктем-өмір...

Жүрегінде сұрақ бар,

Жаны нәзік, мейіріммен сыр ақтар.

Байтақ далам қызғалдаққа оранып,

Әлі-ақ Күнге еркелейді бұлақтар.

Көктем-ғұмыр...

Құс қанатын қағады,

Жанарымнан жас тайғанап барады...

Көктем,

Сенде Махаббат бар, Сезім бар,

Өмір-өзен тоқтамайды, ағады.

 

Көктем-ғұмыр құсқанатын қағады...

***

Мен қазақтың қызымын

Жаным – нәзік,

Жаным нәзік, ар-намыс – жаныма азық.

Мен – Қарашаш сұлумын ақылы ерен,

Тұмардайын ержүрек, батыл, берен.

 

Мен қазақтың қызымын

Жаным – жібек,

Баян сұлу – әз жырым, әнім – Жібек.

Ұрпағымын Домалақ анамыздың,

Ұмай ана сарқыты – дана, ізгім.

Мен қазақтың қызымын,

Бақ-ырыспын,

Айман-Шолпан, Еңлік, Ақжүніспін.

Айғаныммын, Зеремін,

Ұлылықтың –

Дәнін сепкен ұрпаққа, мың үміттің.

Мен қазақтың қызымын

Көркем мінез,

Жаным – жазға еншілес, көктемге – үлес.

Хас үлгісі бола алсам сұлулықтың,

О, Табиғат, мен сенің сырыңды ұқтым...

 

Мен қазақтың қызымын

Ақмаңдайлы,

Ақмаңдайлы еліме бақ байланды.

Тербетемін Әлемнің ақ бесігін,

Тербетемін Өлеңнің бақ бесігін...

 

Мен Қазақтың Қызымын...

***

Біз екеуміз – Өлең едік...

үнемі аялайтын,

Аялайтын бақ гүлін саялайтын.

Жүрегіміз Көктем мен Жазды сүйген,

Назды сүйген...

Басқаны қаламайтын.

Біз екеуміз – Өлең едік...

таулардай асқақ едік,

Асқақ едік, ерлікке бастап едік.

Көңіліміз тәкаппар Күнді сүйген,

Гүлді сүйген нәп-нәзік...

Дастан едік.

 

Біз екеуміз – Өлең едік...

мөп-мөлдір, жаңа туған,

Жаңа туған, ақ нұрдан жаратылған.

Мен – алуа жырыңмын

Әнді сүйген,

Өлеңімсің – еншілес,

дара туған...

 

Жүрегі егіз құсыңмын – мәңгі сүйген,

сипалашы қанатымнан...

 

ҒАЖАБЫМ

 

Ғажабым-ай,

табиғаттың ең үстем,

Жаны сұлу, әні сұлу періштем,

Жетелеген бір тылсым мен іңкәрлік...

Жүрегіңнің әппағын-ай, ардағым,

мен өзіңмен дос болуға келіскем.

 

Жүрегіміз тапқанда бір жарасым,

Аралайық жер мен көктің арасын.

Періштем-ау, қанатыңа қондыршы,

пенде біткен қызғанышпен қарасын...

 

Менің дағы пенделігім басым ғой,

Жұлмалайды жасырынған тасыр ой.

Жыладым ба,

Жыладым ба, жұбатшы...

Қорғасынды ерітердей ып-ыстық –

сырғып аққан жүрегімнің жасы ғой...

Төгілген жас –

маржан емес мөлдірер,

Алдамағын, өзің ең ғой жөн білер.

Жанарыма бар әлемді сыйдырған –

Жаны сұлу, әні сұлу періштем,

Қанатыңда қалғып кетсем,

өлді дер...

 

Өліп кетсем, бірге өлер соңғы үміт...

Өтінемін, ақ періштем,

белгі бер...

***

Маңдайынан сәбилердің Күн сүйген,

Арулардың жанарынан гүл сүйген.

Адамзатты әлдилеген ақ бесік,

Жер-анадай мейірленіп кім сүйген?

 

Көктем-ару көйлегіндей кестелі,

Қызғалдақты далам кербез есте еді...

Қандай көркем, қандай ғажап, жұпарлы

Алатаудан ақ самалдың ескені.

 

Көктем-ару ажарына тамсанып,

Құйқылжытар бақта бұлбұл ән салып.

Періште гүл – бүр жарады бәйшешек

Мына әлемнің мәңгілігін жар салып.

 

Көктем-ару бұрымына байланып,

Өмір сүрем Махаббатқа айналып.

Бар ғаламды жүрегіме сыйғызып,

Кетсем бе екен адамдарды Айға алып?..

 

Қалықтатар аяулы арман, қиялым,

О, Жер-ана,

Сенсіз қайда сиямын?

Көктем-Өлең тамырланып кеудемнен,

Көкірегімде күмбірлейді күй ағын...

2559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы