• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2021

Мәңгілік көктемге сапар...

Заида ЕЛҒОНДИНОВА, 
Халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауреаты

 

МЕНІҢ ГАУҺАР

ЖҮРЕКТІ ЖАСТЫҒЫМ...

 

Менің гауһар жүректі жастығым,

жапыраққа айналды дірілі басым,

Бақтағы көлеңкелер гүлдеді,

Ғұмырымның іңірі басым.

Өмірдің жанарындағы жасқа

айналды күндерім,

Тамып кетпесін,

Қаңтарда гүл жарып кетпесін.

Мен қаңтарда Айдың нұрымен

некелескен гүлдің бақытын тіледім,

Раушан гүлдері безендірді

уақыттың жүрегін.

Түн де болдырып кепті,

Алыс-алыс жол жүріп кепті.

Қызыл көйлек киген періштелер,

Жасыл жұлдыздарды өшірді,

Жырларымды гүлдің сағағына

көшірді.

Қаңтардың сұсы басқан

гүлдердің күрсінісін-ай,

Құмырадағы,

Сағағына тамшылап

ғұмыр азабы.

Түн сұрап тұр бір шыны шәй...

Теңізде жоғалған желді,

Сағыныш іздеп кетті.

Сені сағынған күндерімді,

Кірпігім тізбектеп тұр...

Сенің жанарыңнан Ай жүзіп өтті,

Өмірімнің күзі кеп тұр.

Күн адасқан жасыл жағалауға кел,

Мені іздесең,

Болмаса мен жалаң аяқ

теңіз кешем...

Құшағын жайып ғалам,

Сағыныштан айықпаған,

Сен теңіз бол,

Мен қайық болам...

 

МЕН ГҮЛ САҒАҒЫНДАҒЫ

ТАМШЫМЫН...

 

Мен гүл сағағындағы тамшымын,

Айдың түсіне кіремін.

Жұлдыздардың шөлін қандырады

жан сырым.

Бала құстай талпынады жүрегім.

Мен мұңмын гүлдің некесіндегі,

Мен аңызбын Айдың түсіндегі.

Ауаға таралады сенің күлкің

тек есімдегі,

Айналамда билейді балбалдың

мүсіндері.

Мен шындықпын Айдың

жанарындағы,

Мен маxаббатпын құстың

xабарындағы,

Мен тылсыммын түннің

жамалындағы.

Мен өмірмін уақыттың

амалындағы...

Айлы түнде, жұлдыздар

жусағанда,

Жүрегім сусағанда,

Мұxит толқындарының

әжіміндегі дауыспын.

Мен сені сүйген едім,

Төзімімді тауыстың.

Сүюді мен сенен үйренемін,

Енді менен раxым күтпе,

Мен гүл суретіндегі ауышпын...

Есімнен тандырды,

Жұлдыздың жүрегіндегі

кекесін мені.

Мен маxаббатпын гүлдің

некесіндегі.

Мен көлеңкесімін сенің

көз жасыңның,

Сені сүйе беремін,

тозбасын Күн.

 

ӨТТІ ҒАСЫР...

 

(Испанның ұлы ақыны Хуан Рамон Хименестің руxына)

 

Жұлдыздарға сен қаныңды

ішкіздің,

Тас төбеңде олар тұрды

тояттап.

Мініп кетті қанатына күз-

құстың,

Көбелектер қаңғып кетті

ойы аппақ.

Сен қайтқанда құлар дедің

көк аспан,

Ал аспанда ой болмады

құламақ.

Көңіл айтты көне жұлдыз

адасқан,

Ол да кетті аз-кем өксіп

жылап ап.

Кітаптарың шығып жатты,

ел мақтап,

Жез тырнағын жазды сосын

қысқан Күн.

Күллі әлем сен кеткен соң

ардақтап,

Ұлы ақыны деді сені

Испанның.

Қаламыңда қалды солай

мұң қалғып,

Ұзақ жоқтап көнерді де

үстелің.

Айтып, айтып шаршады да

мұндар жұрт,

Кемпірқосақ болып кетті

түстерің.

Құрбан болды қызығың да,

барың да,

Ұйқыңды алып кетті сосын,

құс келіп.

Бір тал гүл де ұсына алмай

жарыңа,

Кете бердің жұмағыңа

түстеніп...

Ақын тағдыр лаврға бөленген,

Күллі әлемге аңыз болып

тараған.

Руxыңнан бір қасірет

көрем мен,

Ал өзіңе бұйырғаны

тас мүсін мен жатағандау

қараған...

 

МӘҢГІЛІК

КӨКТЕМГЕ САПАР...

 

(Испанның ұлы ақыны

Федерико Гарсиа Лоркаға)

 

Сен Отаныңа бар махаббатыңды

бердің,

Жан шырағың бұлт астында

қалды.

Аспан мен жердің тартылысын

көрдің,

Жұлдыздар күлкі астында

қалды.

Сол күні мұхиттар Айға шапшыды,

Зілмауыр толқыннан шыға алмай,

жыр тасқында қалды.

Ғаламшар толды дана гүлдерге,

Хош иісінен айырылған.

Жүрегіңнің қанымен жыр жазған,

парағың жерде,

Жаралы құс болды, қанатынан

қайырылған.

Сен Отаныңа өміріңді бердің,

Сұлуды емес, Отаныңды сүйдің.

Жібек құстардың қанаты

желдің,

Ойыншығына айналды, күйдің.

Жібек аспанда жұлдыздар

жамырағанда,

Періштелер

садағын оқтады.

Перілер бесатарын тақағанда,

аңыз адамға,

Бірер сәтке, Күннің де жүрегі

тоқтады...

Сенің ерніңде сәбидің күлкісі

шетінеп,

Бір оққа байланды жүрек кеп.

Ақынның тағдырын жетімек,

Құзғындар күлісті иектеп...

Сен Отаныңды сүйдің, жоқ еді

басқа Отан,

Жасынның күшімен жасқа тән.

О, Лорка, сен кеттің, жұлдызға

айналып,

Жырыңды ежіктеп қасқа таң.

Жібек көйлек киген жұлдыздар

өксіді,

Жендетің жерледі қас қақпай.

Мейірімсіз көк аспан, көк шыны,

Кеудесін көтерді асқақтай!

О, Лорка!

Қоштастың осылай Испанмен,

О, Андалузия!

Жыр қалды жыртылған парақтың

шетінде.

Қоштастың қанатты құстармен,

Кекілің желбіреп, мұхиттан

соққан жел өтінде...

Қарадың ағашқа айналған

тәніңе,

Жапырақ жүрегің желкілдеп.

Есірген есер жел әніне,

Жас тамды,

шараптай мөлтілдеп...

Шайырдың ап-ащы көз жасы.

 

ҰСТАЗ...

 

(Жапонның ұлы жазушысы

Акутагава Рюноскэге)

 

Сіз ғой маған сіздің елді таныстырған әуелгі,

Сонша ғажап күншығыстық әуенді.

Айға арнап ән шығарған, жыр оқыған сол елдің,

Әуеніне, әуезіне болдым сосын тәуелді.

Сіз боп жапон, сіз боп қана сөйледі,

Ай болдыңыз шалбарлы һәм жейделі.

Мен Ай болдым, ару әйел бейнелі,

Көк мұxиттың толқынындай, толқындаған көйлегі.

Соңыңызда толқын-толқын сөз қалып,

Сансыз арал әлсін-әлсін қозғалып.

Шыдай алмай шідеріне өмірдің,

Акутагава Рюноскэ бұл фәниден озғанын...

Айтқан еді оңашада Ай маған.

Самурайдай жігіт деп те, сертінен бір таймаған.

Сізді елеп, ескермеген сол қоғам,

Сіз кеткен соң, ұлы еді деп, салды сосын байбалам.

Жүрегіңізден өткен еді сан сүзгі,

Көрдіңіз сіз, жансызды да қансызды.

Үйреттіңіз егер мықты болмасам,

Мына қоғам жұтатынын әлсізді.

Үйреттіңіз, Ай бедерін, Күн сынын,

Басқа әлемнің жұмбағы мен тылсымын.

Үнсіз Айға қарап үнсіз отырам,

О, ұстазым, сізді ойлап күрсініп.

Айдай жылжып аспандағы ескі өмір,

Ескі Айдай сізден дағы көшті өмір.

Бақыттысыз сонау қазақ елінде,

Бір арудың, білесіз бе, мәңгі бақыт кешкенін.

...Жапония!

Әлсін-әлсін түске еніп,

Сәлем айтты сиқырлы бір құс келіп.

Ай туралы әуезі де тым ғажап,

Оянамын көкірегімді күш керіп.

Сакураның жапырағы қаншама рет қурады,

Тынық мұxит толқындары

қаншама рет шулады.

Жапония!

Сенің ғажап ұрпағың,

Жазар ма екен қазақ қызы туралы,

Күншығысты сүйетін.

ЕҺ, БЕЛЛА, БЕЛЛА

 

(Орыстың ұлы ақыны

Белла Аxмадулинаға)

 

Еһ, Белла, Белла...

Жүрсің бе бір әлемде?!

Ғашық боп...Маxаббатпен, күнәмен де...

Сыя алмай кең дүниеге күрсінемін,

Жыр жазып ертелі-кеш мына мен де.

Кім еді ақын әйел,

Періште ме, пері ме еді?!

Тарқатар бір өзіңе шерім еді.

Ақын әйел таңертең періште боп,

Ал түнде көк аспаннан

жұлдыз боп көрінеді.

Еһ, Белла, Белла...

Көрдің бе өміріңде бақытты боп?!

Сүйді ме маңдайыңнан уақыт жүдеп?!

Қол жайып көне аспанға күбірледің,

Тәңірден таусылмайтын тақыт тілеп.

Кавказға да бардың сен қиырдағы.

Санаңды сансыз ойлар шиырлады.

Қанша ақын болсаң дағы талантты,

Ал саған әйел бағы бұйырмады.

Жаныңның оттай қарып, жасыны үдеп,

Жанарың жаңбыр болып басылып ед.

Бір бақыт таптым деп ең, ол да кетті,

Күз кеудең көктем болып ашылып ед.

Өмірдің әлдиледі мұңды ырғағы,

Жаныңның жаңбыр шайып тұнжыр бағын.

Беллажан, бақытты әйел бола алмадың,

Басыңа қонды бірақ жырдың бағы.

Не таптың жырмен жалғыз жарасқаннан?!

Жаныңа болмады бір қарасқан жан.

Түндерде маған мұңлы сыр шертесің,

Көмескі жұлдыз болып көк аспаннан...

Еһ, Белла, Белла...

ДАЛАНЫ АРМАНШЫЛ

МҰҢНЫҢ ӘУЕНІ ТЕРБЕДІ...

 

(Соғыс ардагері,

қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының классигі, жазушы Кемел Тоқаевтың

рухына арналады)

 

Даланы арманшыл мұңның әуені тербеді,

Алатау шыңдары шерлі еді.

Сіз кеттіңіз пайғамбардың жасында,

Ай ұзатып салды,

Сізді көрші қылып жасынға.

Гүл жазира Жетісудың ерке ұлы,

Білесіз ғой, Қора, Шажа тауларының

көркі ұлы!

Сарноқайды бала шайыр жырлаған,

Бұл Жетісу «Шұғынық гүлдің төркіні».

Мұнда өседі Ай гүлі де, Күн гүлі.

Ал жұлдыздар тамшылайды түнде ірі!

Ақсу, Көксу ағайынды қос өзен,

Ал Ілияс қара өлеңнің дүлдүлі!

Жетісу ғой жеті өзеннің сағасы.

Жеті өзеннің Балқаш деген ағасы.

Көктем туса, гүл бәйшешек қырды асып,

Көксуымның сап түзейді аппақ терек ағашы!

Қараталда қарға бойлы толқындар,

Жағасында Талдықорған,

шілде туса салқындар.

О, Кемел аға!

Сіз кеткенмен, еске алатын мәңгілік,

Қаламыңды қадірлейтін халқың бар!

Софоклдан* нәр алғансыз көк тіліп,

Өн бойыңызда бекзаттық пен тектілік!

«Жұлдызды жорық», «Тасқын» менен

«Сарғабанды»* жазғанда,

Қаламыңызды көк жұлдызы кетті іліп.

Алдыңызға кеп мұңын шағып мың кісі,

Кірпігіңізге қонақтайтын түн құсы!

О, Кемел аға!

Рухыңыз мың жыл Сіздің жасайды,

Қазағымның детектив жазған тұңғышы!

Талантыңыз таңғалдырды таңға өсіп,

Келсеңіз де майдан кешіп, қан кешіп!

Сағындыңыз Алматының төрінде,

Кәлпеңізді, ойша үнсіз ән кешіп!

 

Шығыс, батыс тарланына бой ұрдың,

Кемелдігі кемел еді ойыңның!

Ізбасары болып сосын шықтыңыз,

Эдгар По* мен Артур Конан Дойлдың*!

 

Софокл* – ең алғашқы детектив жанры Софоклдың «Царь Эдип» атты көне грек трагедиясынан бастау алады.

«Жұлдызды жорық», «Тасқын», «Сарғабанда болған оқиға»* – қазақтың тұңғыш ­детектив жазушысы Кемел Тоқаевтың шығармалары.

Эдгар По*, Артур Конан Дойл* – детектив жанрының классиктері.

1553 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы