• Тарих
  • 11 Наурыз, 2021

«САМАЛТАУ» КІМНІҢ ӘНІ?

Шу қағанның есімімен аталатын өзен Мойын қағанның жал-жал құмдарының солтүстігін ала ағып, су аяғы құрдымға кетеді. Өзеннің солтүстігін Бетпақдала әрі қарай Арқа деп атайды жұрт. Есте жоқ ескі заманда ақселеулі далаға айналған кең дала теңіздің түбі болыпты дейді ғалымдар. Жер кіндігі саналатын Ұлытау, Іргетау оңтүстікке қарай созылып Қаратаудың соңғы сілемі Қызылордадағы Шиелідегі Дәуітқожа тауымен жалғасып жатады екен. Қарағанды өңіріндегі Жаңаарқа ауданындағы Сарысу және Атасу өзендері жарыса ағып Шу өзеніне келіп қосылып, осы күнгі Қызылорда өңірін басып өтіп, Аралға құйыпты. Туу ғарыштан қарағанда арналардың сілемдері әлі күнге дейін көрінеді екен. 
Кеңес өкіметі орнар тұста Сарысу мен Атасу бойын кіші жүз тайпалары мекендеген. Жері құйқалы, табиғаты көркем, суы бал, шөбі шүйгін, шалғынды өлкеде Жетіқоңыр деген жер бар. Жаңаарқа ауданына қарасты Қаражал қаласына қарайтын Жәйрам поселкесінде тұратын Сүлейменұлы Жақсыбай көкем Жетіқоңырды жіктеп береді. Өсімдігіне қарай, жер бедеріне қарай аталады бәрі. Жиделі, Тобылғылы, Қызыл жыңғыл, Байғана, Қотыр шеңгел, Атансор, Керуен деп келеді. Мұңлы мен Қулы деген атауларының өзі неге тұрады. 
Жақсыбай көкемді тыңдасам, адам нанғысыз аңыздар айтады:
– Сендердің Қаратау деп атап жүрген­дерің – Самалтау, – дейді ол кісі. 

– Сайын далада самал жел соғып тұрғандықтан, біздің елдің жұрты Қаратаудың соңғы сілемін Самалтау деп атаған. Жаңағы жазиралы, көкмайсалы, қараса жұрттың көзі тоятын Сарыарқа жері әу бастан сал-серілердің мекені. Жеті болыстың ұл-қыздары да шетінен өнерлі еді. Бұл өңірден ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы, ғажайып әнші Сапалай Исатайұлы шыққан. Еті тірілері ерте бастан Сібір асып орысша оқыды. Содан ба, бұл төңіректің жігіттері өнер, білімге құмар болды. ­Сапалай да жастайынан өнерлі болып өсті. Той-томалақта домбырамен әуелете ән салып, елдің аузына ілікті. Сымбатты, насаты болып өсті. Сапалайдың бабалары Бектұрсын, Байбосындар болыс, би ­болып елге әмірін жүргізген жандар еді. Осы күнге дейін Сарысу өзенінің бойындағы Ақбастау деген жерде Байбосынның тұзы, Байбосынның бұлағы деген жерлер бар. Байбосынның ұлы Исатай би, алдына едәуір мал біткен шаруа кісі еді. ­Жалпы қазақ даласының, оның ішінде жеті болыстың бейжай өмірін, сән-салтанатын Бірінші Дүниежүзілік соғыстың ошағына айналған Ресей патшасының 1916 жылғы 16 маусымдағы Жарлығы бұзды. Онда қазақ балаларын окоп қазуға, әскер қатарына алуға шешім қабылданған еді. Патша ағзамның қазақтарды әскерге алмаймыз деген уәдесін бұзғанына қазақтың намысы келді. «Әскерге бармаймыз» деп Торғай өңірінің жігіттері атқа мініп, орыс әскерлерінің бекіністеріне шабуыл жасады. Қанды қырғыннан қорыққан ел балаларын амал жоқтығынан әскерге жіберді. Солардың бірі – Сапалай еді. Олар қатарластарымен ең әуелі Ресейдің Омбы деген қаласының маңайына барады. Сол жақтан әскер жасақталып, батысқа соғысқа аттанайын деп тұрғандарында 1917 жылы Ақпан төңкерісі басталып, Сапалайлар еліне қайтады.

– Осы күні, – деп әңгімесін жалғайды Жақсыбай көкем, – Әркім өзінше халық әні деп айтып жүрген «Самалтау» әнінің авторы да, әуені де Сапалайдікі. Жасым сексеннің үшеуіне келді. Сапалайдың өзін көрмесем де көз көргендерін көріп, әлгі әнді естіп өстім. Жақсыбай аға даусының қырылдағанына қарамастан «Самалтауды» жайлап орындап берді.

Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар, солдат болып, айнам,

көрген күнім-ай.

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен айнам,

туған жерім-ай.

 

Қ/сы

Атты емеспіз, жаяумыз,

Жаяудан да баяумыз.

Он бес тәулік жүргенде,

Омбы жаққа-ей таяумыз.

 

Жасым бар, қос мүшелдей

жылым – сиыр,

Тағдырдың айдауымен, айнам,

кеттім қиыр-ай.

Самалтау, қайран елім, артта қалдың,

Адасқан өрісінен, айнам,

біздің үйір-ай.

 

Қ/сы

Әке-шешем бар еді,

Жасы келген кәрі еді.

Осын-ау әнге салдырған

Он алтының-ей зары еді!

 

Айдын-шалқар көлім-ай,

Сауықшыл, сайран елім-ай.

Көремін бе тірі өзіңді,

Самалы ескен жерім-ай.

Мен бұл әнді осыдан 22 жыл бұрын дәстүрлі ән орындап жүрген Сырғабек Тазабековтен естігенімде, өлеңнің екінші жолындағы «айнам» сөзін «айдай-ау» деп жазғаным есіме түсті. Димаш Құдайберген «айнам» деп айтып жүр. Қайсысы болса да жүрекке жақын. Сүйіспеншіліктен шыққан сөз.

Сырғабек Талас ауданының тумасы, қазақы әндерді орындаудың хас шебері, өзінің ұстазы Көпжасар Арынұлынан үйреніпті. Ол Сарысу ауданында мәдениет бөлімін басқарып жүрген кезінде сол өңірдің халқынан үйренсе керек. Сапалайдың әні деп, Сарысу ауданындағы Сембин Донданың әйелі Мамық айтып жүрген. Сол жылдары Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Рабиға Есімжанова Сапалайдың бірнеше әнін орындаған көрінеді. Соның ішінде «Сәулем-ай» әніне таңғалыпты. Сөйтіп, бұл әнді «Еңлік-Кебек» пьесасына енгізіпті. Сапалаймен сырлас болған Сәкен Сейфуллин осы ән жайлы тебірене отырып «Көкшатау» поэмасын жазған деседі. Бұл Жақсыбай көкемнің сендіріп айтқандары.

– «Самалтау» әнін, – дейді Жақсыбай аға әңгімесін одан әрі сабақтай, – ең алғаш орындаған әнші Бекболат Тілеуханов. Сапалайдың әні деп айтпай жүрген оған мен: «Біреудің әнін біреуге телитіндерің қалай? Бұларың әділетті емес қой» деп ренжідім. Осы күні, байқаймын, Бекболаттың да әннің Сапалайдікі екеніне көзі жете бастағандай. Әйгілі өнер зерттеушісі Ілия Жақанов «Самалтау» Сапалайдың әні екеніне еш шәк келтірмейді. Халық әндерін, әсіресе Сарыарқаның сал-серілерінің әндерін зерттеп, зерделеп жүрген ағамыз Сапалайдың әндерінің өзіне қайтарылуына батасын берер деп сенеміз. Аға­мыздан әннің шығу тарихы жөнінде сұрастырғанымда:

– Халық әніне айналып кеткен Сапа­лайдың ­«Са­малтауын» көкпар етудің қажеті жоқ. Әні де, сөзі де сол кісінікі. Ал таудың атына келетін болсақ, Арқа өңірінде ондай тау кездеспейді. Соған қарағанда, Сапалай Сарыарқаның сайын даласын, самал желін сағынып содан образ жасаған ба деймін. Ақынның да, әншінің де сезімге берілетіні ақиқат дүние, – деді Ілия ағамыз. Ағаның бұл байламымен біз де келістік.

Үстіміздегі жылы АҚШ-тың «су жаңа» президенті Джозеф Байденді ұлықтау рәсімінде сирек дауыс иесі ­Димаш (Дінмұхаммед) Құдайберген қазақ тілінде «Самалтау» әнін орындап, америкалықтарды таңғалдырды. Өкінішке қарай, ол да халық әні деп айтыпты. Әрі Сарыарқа өңірінен Самалтау деген тауды кездестіре алмағанын айтады. Алайда атау туралы болжам көп. Рас, біраз зерттеушілердің пікірімен де санасу керек сияқты. Бекболаттың Жезқазған өңіріндегі Жеңіс ауылының маңайындағы ұсақ шоқыларын жұрт жалпақ тау, ­самал тау деп айтқанын белгілі журналист Серікбол ­Хасан өзінің «Димаш орындаған ­«Самалтау» кімнің әні?» деген мақаласында мысалға келтіріпті («Жас Алаш» 2021 жыл 28 қаңтар, №8). Ендеше, Самалтауды Қаратаумен шатастырмағанымыз дұрыс сияқты.

Сапалай елге оралған соң, әкесі ­Исатай көп уақыт өтпей қайтыс болады. Шешесі баласына бесік кертпе құда болған таманың дәулеткелді атасынан шыққан Бекболат болыстың қызы Мағрипаны (кейде Мұхида деп атайды) келін қылып әкел деп жұмсайды. Азамат соғысынан жұтаңданып қалған Исатайдың қалың малды төлей алмағандығын, оның баласының кедейлігін бетіне басқан болыс, қызы Мағрипаны қыпшақтағы байдың баласына ұзатып жібереді. Ебін тауып есендескен Сапалайға Мағрипа қоштасарда: «Әкем мені саған бұйыртпады. Сіңілім Шәйбен саған аманат» дейді. Үлкен қызын бермеген болыс кіші қызын қисын ба: «Ел аралап, домбырасын сабалап жүргенге беретін қызым жоқ» деп, оны да басқа біреуге ұзатып жібереді. Жүрегі жараланған сезімнің серісі Сапалай екеуіне арнап, «Мұхида – Шәйбен» деген әнін шығарады. Оның бізге жеткен, талай әншілердің орындауында айтылып жүрген мәтіні төмендегідей:

Дүние-ай, өткенің бе екі келмей,

Табаны тарланбоздың гулер желдей.

Қайырмасы:

Сағындым, айнам,

Сағындым сені.

 

Өлеңді гулет десең, гулетейін,

Қоңырдан қой қоздады көшкен селдей.

 

Қайырмасы:

Мұхида-Шәйбен,

Ахау, үри-ай!

 

Қонғаны ауылымның шат қараған,

Көрдің бе екі бала ат қараған.

 

Қайырмасы:

Түскенде сен есіме, қарағым-ай,

Көзіңнен айналайын жалт қараған.

Ол екеуіне деген ғашықтық сезімі онымен қоймай «Сәулем-ай», «Екеуің де ақсұңқар», «Екі айна» деген тамаша әндердің тууына себеп болады. Өзіміз ілеріден айтатын «Ақтамақ» әні де Сапалайдікі екендігін естігенде таңғалдық. Бір сөзбен айтқанда, Сапалай Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сияқты сүйгендеріне ынтықты ән арнаған сал-серінің нақ өзі. Оған әндері куә. Әрқайсысының шығу тарихы ­туралы Ілия Жақанов аға­мыз жазып та жүр.

«Самалтау» әнін 1918-1919 жыл­дардағы Колчак бүлігі кезінде Анненковтың азап вагонында бір кездері Сапалайдан үйренген Бәкен Серікбаевтың әуелете айтатынын Жақсыбай аға айта отырып, оған риза болған Сәкен Сейфуллин мен Байсейіт Әділов қалжыңдап, «Бәкеннің зары» дейді екен.

Ғашықтықтан жолы болмаған Сапалай­дың суырып салма ақындығы да бар екені белгілі. Ауылдағы жиын-тойларда қыз бен жігіттің айтысын қыздыратын. Солардың бірі таманың жөгісінің Құлмырза атасынан шыққан Сарбастың қызы – Рақиламен сөз қағысуы. Апайды көзім көрді. Ажарлы, көрікті, екі көзі мөлдіреген сұлу келіншек болатын. Байдың ерке қызы болған соң ба, еркін өсіпті. Домбыра тартады, сыбызғыдай сызылған үні бар. Сарбас қызын можантопайлау бір жігітке ұзатады. Арынды өскен сұлу келіншек күйеуін менсінбей, бір жылдан соң ажырасып, төркініне оралады. Ол кезде қазақтың «қайтып келген қыз жаман» дейтін кезі. Сонысын бетіне баспақ болған Сапалай бір тойда Рақиламен айтысады.

Сондағы оның айтқаны:

– Рақила бетің аппақ маржандайсың,

Қайтіп үйге келуге арланбайсың.

Қоймасаң бұл қылығыңды ей-қарағым,

Күн санап бағаң түсіп арзандайсың.

Ұқсайтын Саракеңе бір жерің жоқ,

Түбің шикі емес пе қандай жансың?!

Рақила биыл жиырма жетідесің,

Отызға үш жыл толып жетілерсің.

Бұл жаман әдетіңнен тыйылмасаң,

Ұятқа Саракеңді келтіресің, – дейді.

 

Сонда Рақила жұлып алғандай:

– Рақила, өзім атым – әкем Сарбас,

Сарбастан мені танып, ешкім алмас.

Әркім кеп балаларын танып алса,

Үйінде Исатайтың ешкім қалмас.

Сапалай, сұрамаппын сен қалайсың?

Бойда бар өз мініңе қарамайсың.

Айыбың асқар таудай болып тұрып,

Басқаның болымсызын қаралайсың.

Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсыдан жаман туса оңбас деген.

Иттің боғын мақтасаң қыл шығады,

Бір кінә әулетіңде болмас па екен, – деп жауап қайтарғанда Сапалай қатты сасып, жеңілгенін мойындайды. Ол кезде жеке бастың мінін, әулеттің кемшілігін айту айтыскерлерге мін емес. Екеуі де жөн сөзге тоқтайды.

Сапалайдың жиын-тойларда додаға түсіп айтысқан өлеңдері жүдә көп. ­Мы­салы, Ақторық деген қызбен айтысында:

«Ақторық, сен де өлеңші,

мен де өлеңші,

Білейін өлеңіңді өршіленші.

Осындай көпшіліктің жиынында,

Тасындай диірменнің дөңгеленші» депті.

Сапалай Исатайұлы әнші ғана емес, билікке де араласқан азамат. Тіпті бір деректе Сарысу болысы құрылғанда болыстық атқару комитетінің орынбасары болған деген де әңгіме бар. 1928 жылы 3 қыркүйек күні Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданы құрылды. Орталығы Шудағы Кеңтарал қыстағы болды. Жаз жайлауы Арқаның бойы еді. Тарихи деректерге қарағанда, аудан Сырдария округіне қарады дегені болмаса, 1931-1932 жылдары Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облысының құрамында болуы көп қиындықтар әкелгені белгілі. Әсіресе 1928-1930 жылдардағы кәмпескелеу, ұжымдастыру елдің берекесін қашырды. Ақыры 1930 жылы басталған Созақ және Сарысу көтерілістері ішінара Талас ауданында жалғасын тауып, оның соңы ұлы ашаршылыққа бастайтыны белгілі бола бастады. Әпербақандардың кесірінен жұрт мал-мүлкінен ажырап, тақыр кедей күйге түсті. 1932-1933 жылдары Сарысу жұртын Қаратау өңіріне көшіруді дайын­­дықсыз бастаған атқамінерлер сайын даланың ержүрек жұртын бүтіндей құрта жаздады. Атамекенінен ажырай, аңы­рай көшкен қандастарының қырғынын көр­ген Исатайдың Сапалайы Кеңес өкі­метін өлердей жек көрген. Халқы үшін әділет­­сіздікке төзбей айқасқан есіл азамат Иса­тайұлы Сапалай да ауданның орталығы Кеңтаралда қолға түсіп: «Кеңес өкіметіне қарсы шыққан жау» ретінде сотсыз, тергеусіз атылып кетті. Бір аңызда ­Сапалайды итжеккенге айдапты деп айтылады. Біз құрастырған «Талас – Сарысу» деп аталатын жинақта оны 1901 жылы туып, 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесілген дейді. Кей­біреулердің 1934 жылы пойыздан секіріп өлді дегені ақиқатқа жанаспайды. Бірақ өз әнінде айтылғандай, Сапалай 1916 жылы 2 мүшел жасқа толғаны анық сияқ­ты. Оған «Самалтау» әніндегі «Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр» деген сөзі айғақ.

Тамаша композитор, төкпе айтыс ақыны, дәулескер домбырашы Сапалайдың есімін атауға тыйым салынды. Оның әндерін айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Сөйтіп, оның адамның жүрегін аялаған сұлу әндері кім көрінгеннің тақымында кеткен көкпарға айналды. «Әу» деп айтатындар оның әндерін ұялмай, ұяласындай меншіктеп алды.

– Сапалайдың үнінің зор екендігі соншалықты, әуелетіп ән салғанда әуені алты қырдан асады екен, – деп таңғалады Жақсыбай аға, – айдаладағы жолаушылар әншіні іздеп келіп тыңдайтын болған. Міне, сол тамаша әнші Сапалай  Исатайұлының туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Әттең, оның өлмес мұраларын зерттеушілер жоққа тән. Тек ел аузында аңыз ғана қалғандай. Бір ғана ұлы даланың әнұранына айналған «Самалтау» әнінің өзі неге тұрады?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты құндылығымыз – Тәуел­сіздік» деген мақаласында орнықты ойын білдірді. Тарихымызды дұрыс түсіндіру талай­дың ой-өрісіне әсер ететінін қадап айтты. Ендеше, өткен күннің қасірет қате­лігін қайталамас үшін Сапалай Исатайұлы сияқты біртуар тұлғала­рымыздың есім­дерін қадірлеп, мұрасын зерделеп, ақиқат жолын іздейік.

Қорыта айтқанда, «Халық әндеріне» айналып кеткен Сапалай Исатайұлының әндерін өзіне қайтарып, әділдікті қалпына келтіру өнер зерттеушілерінің міндеті деп ойлаймыз.

Сәулембай Әбсадықұлы

Қаратау қаласы

 

4775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы