• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2021

СУРЕТТЕУГЕ КӨНБЕЙТІН ҚҰБЫЛЫСТАР СУРЕТШІСІ

Суретші Алпысбай Қазғұлов аты аталғанда көкейге әуелі оның көл-көсір, жүздеген, мыңдаған, әсіресі мен асырасы мол картиналары келеді. Түр-түстің жұмбақ үйлесімінің кілтін тапқан шебердің қолынан ұзаған алуан түрлі, мың ­бояулы кеңістікте, бейне ауадан өніп, әуеге қайыра сіңіп кететін аттылы жаяу адамдар, ауыл, әженің үйі, тал-дарақтар, қолына қыран қондырған аңшы, соңына тазы ерткен саятшы, сәукеле киіп ақ боз ат мінген, ұзатылған қалыңдық, бақытты ғашықтар, қауырсындары құлпырған құстар, асауға бұғалық тастаған жылқышы, бәйге, дода, сайыс, сауық, тіке шапшып, айқасқан айғырлар, жібек жолымен іркес-тіркес тырналардай шұбырған, жүк артқан керуен, сахара ұшында құм сағаттай себезгіп-көбейіп, құмырсқадай қаптаған көш келеді. Шалт қимылды, абстракты сызықтар, жұмбақ көкжиек пен қалтарыстатқан құпия құз, беймәлім шыңдар мен сиқырлы бұлттар еске түседі.

Кенебіне түсіп, әріден Гарсиа Маркес, Шыңғыс Айтматовтар бой көрсетсе, беріде түр-түс, қою колорит, бояулар үндестігі алдыңғы орынға шығады. Сап-сары дала мен қорғасындай ауыр аспан кезек астасады. Зеңгір көк пен құм қызыл сағым жымдасады. Картиналары егіздес, туыстас, сарындас көрінгенімен, бір ырғақта, бір нәште қабылданғанымен, ешкім, тіпті автордың өзі қайталап жаза алмайтын, көңіл ауанына бағына жазылған, ықылас мүддесіне қарай кенеп бетіне түскен, бір ғана, дүниеге екі келмес жалғыз данадан тұратын авторлық кар­ти­налар бой түзейді. Сансыз керуендері секілді, шұбала толқып, соңын таптырмай діңкелетеді.

Суретші дыңылдай керілген кенеп үстіне апарып діттеген бояуларын ­уыстай сығып, майды араластыра құйып, мас­тихин табанымен оңды-солды, жоғары-төмен, шеңберлей езе-ысқылап, мейлінше ықтияттап араластырып, әбден иі қанғанша «пісіріп», оны реңге-түрге айналдырып, бойына «қан, жүгіре жан бітіріп» (қылқалам ұшымен тіршілік иелерінің кескін-келбеті кезек-кезек пайда болып), бірде күлгін түске бағынтып, бірде лағыл реңге шағылтып, жеті бояуды түгел адақтап, енді бірде қалай атарыңды білмейтін, баяндауға бағынбайтын, суреттеуге көнбейтін, қисынды құбылыстар, кербез келісімдер ауыз екі тілде, сөйлем табиғатында жоқ реңдермен тұтастырып, жазықтық бетіне біртұтас тіршілік, өң мен түстің арасындай, кеш пен түннің ортасындай фантастикалық әлем сіңіріп (бір күнде, бір деммен), шеберхана кеңістігін қаттаса, қабаттаса, тұтастыра-толтыра береді.

Әлгі картиналар бірде бедерсіз жазылып, ізсіз, түссіз, боз тұмандай кеңістікке кірігіп, жоғалып, енді бірде, вулкан ­қо­тар­ған қызыл шоқты лавадайын атылып, рельефтене бері, көруші назарына атырыла шығып, жалынымен бет шарпып тұрғаны. Қырық құбылып, мың бұралып (сапасымен жасқап, санымен ықтырып), көкірек көзіне барақат сыйлап, елітіп тұрғаны.

Һәм Автордың айрықша түс таны­ғыштығын әйгілей көрсетіп тұрғаны.

***

«Суретші Алпысбай Нағметұлы» десе, көз алдыма оның танбай-талмай жина­ған, сансыз картиналары келеді. Палитра ұстаған әріптесінің сурет салған кездегі жан рахатын шын сезінген, шілтердің ас­тында жатқан жақсы мен жаманды сәтте ажырата қоятын көкірегі даңғыл суретші келеді.

Атақтылармен қоса есімі жария бол­маған, аса талантпен туып, белгісіз күйде о дүниелік болған небір сурет­ші­лердің осы күнгі әлеумет көрмеген-білмеген суреттері көлбейді. Портрет, пейзаж, натюр­морт, этюдтер. Абстракционизм, сюрреализм, постмодернизм, кубизм, экспрессионизм, символизм, әлбетте реализм бағытында жазылған, жанрлық, тұрмыстық, батырлық, ерлік, ертегі аңыз сюжеттері, иллюстрациялар. Қарындаш жобалар, станоктан алғаш шыққан авторлық дана оттисктер. Түрлі баспадан, әлемнің түкпірлерінде басылып, белгілі-белгісіз жолдармен келіп текшеленген кітап, репродукциялар жинағы, альбом-­каталогтар. Айнала қаттап жиналған офорт, ораулы акварель қағаздар. Көне қол өнері бұйымдары, кесте, тұскиіздер.

Лизогуб, Қастеев, Қарымсақов, ­Исмаилов, Бобомурадов, ­Хамиров, ­Шарденов, Баранов, Қайрамбаев, Әбдіреев, Ақашев, Мұхаметжанов, ­Исабаев, ­Бибин, Омышев, Кузнецов, Төлепбаев, Қиса­мединов, ­Орманшин, ­Исмаилова, Қасымов, Баянов, Тілеужанов, Бұхарбаев, Нұрғожин, ­Гончарова, Жүсіпов, ­Кужеленко, Мәмбеев деп жүйесіз, алфавитсіз, жылдар тізбегінсіз, хронологиялық ретсіз суретшілер тегін тізбелесем, картина жинаушы Қазғұлов иелігіндегі осы суретшілердің шығармалары да тап солай, ми-палаудай араласып, апаш-құпаш құшақтаса, аса тығыз араласып жатыр. Түрлі кенептегі, жалпақ та жіңішке багет киініп, әрқилы жақтауға керілген бояуы таңдақ болып баттаса жағыла да, жұқа, мөлдірей жазылған суреттер ұшан-теңіз. Жалтылдап, суретімен тәнті қылып, түр-түсі кескіндемесімен көз суыра арбап, қабыр­ғада ілініп тұрғаны да көп. Қаға беріс, қалқада қалғандары да ырғын. Шкаф­тардың төбесін жауып, сөрелерін, қуыс-қуысын лықа толтырып, картонға жазыл­ған ірілі-ұсақ этюдтердің самсап тұрғаны.

Және Алпысбайдың ала-бөтен картина танығыштығын, дәулетті, ұнатқанын ойланбай сатып алуға қаржысы жететін қалталы суретші екенін дабыстап тұрғаны.

***

Айтпақшы, Алпаңның араласқан атақты адамдарын айтсам, санынан жаңы­лып қалам. Оның әлемдегі аралаған әйгілі музейлерін айтсам, аттарын шатастырып алам. Қазғұловтың картиналарын ­сатып алғандарда есеп жоқ. Алпысбайдың шығармашылығын жазған журналист пен өнертанушыда қисап жоқ.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,

суретші

 

945 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы