• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2021

ОЮ-ӨРНЕКТІ ҚАЛАЙ САЛЫП ЖҮРМІЗ?

Тарихи-мәдени құндылық­тарымыздың киелі мекені Түркістан облысы ­Отырар ауданындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі бүгінгі таңда жас ұрпаққа құнды мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы тәрбие мен білім беруге арналған орынға айналып отыр.  

Киіз басу өнеріне тоқталатын болсақ, оның әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы өзгеріске ұшырамаған. Ол икемді, жұм­сақ материал, сондықтан көшпелі мә­дениетте ең қажетті зат болды.

Текемет. Қолөнер үлгілерінің бірі киізге ою-өрнек түсіріліп басылған төсеніш – текемет. Ертеде ұзатылған қыз өзінің үйіне сәлемдеме ретінде ­текемет немесе сырмақ жіберетін болған. Текеметке салынған ою-өрнектер Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі болып келеді. Еліміздің оңтүстік өңірінде текемет бетіне сары, қызыл, қара бояулар көп пайдаланылады. Ою-өрнектері мына үлгіде болып келеді: ортасына тұтастай бір ғана өте ірі ою тармағын түсіру немесе тұтас екі немесе үш ромб түсіріліп, оның ішіне қошқар мүйіз өрнек салынып, жиектеріне айналдыра сыңар мүйіз өрнектер, сондай-ақ қос мүйіз, қаз мойын өрнектері түсірілген түрі көп тараған.

Геометриялық өрнек ­тобына ­жататын ромбы өрнегін Орталық ­Қа­зақстанда айшық, Солтүстік Қазақстан облыстарында екі көзді, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында шаршы деп атайды (Жәнібеков, 1992, 49-53 б.б.).

Батыс Қазақстанда текемет бетіне үш немесе төрт жерден шеңбер ішіне сыңар мүйіз өрнегі айналдыра түсірілген түрі көп кездеседі.

Қызылорда облысында текеметтің бірнеше жеріне ромб тәрізді өрнек түсіріліп, оны айналдыра қошқар мүйіз өрнегі салынған түрі. Отырар қорық-музейінің қорындағы текеметтердің ішінен Түркістан облысы Отырар ауданының Аққұм ауылының қолөнер шебері Несібелі Әбдіхалықовадан алынған текеметті ерекше атауға болады. Текеметтің ортасына үш жерден төрт құлақ, қолтықшаларына сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Ал келесі түрі ромб ішіне қошқар мүйіз, ал шеттеріне сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Әдетте текеметтің көлеміне қарай оған ірілі, уақты әртүрлі сәнді әшекей өрнектер салынады.   

Сырмақ. Қолөнер үлгілерінің бірі сырмақтың көлемдері жағынан да, бетіне түсірілген ою-өрнектерінің ерекшеліктері жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан түрлі сырмақтар бар. Олар ақ сырмақ, қара ала сырмақ, жиекті сырмақ, дебіске сырмақ деп аталады. Сырмақ жасалатын киіз ою салуға, жиектеуге бөгет болмай тегіс жасалады, ол ақ немесе шымқай қара болуы шарт. Сырмақтың ортасындағы ою-өрнектер бір түсті мәнерде ойылып әртүрлі жібек жіптермен әсемделіп кестеленеді де, қалың киізге жапсырылады. Ал келесі түрі қой жүнінің екі түрін алып, оюлап жасайтын болған. Тұтас үлкен қара киіз бетіне ақ киізден ойылған оюға, ақ киіз бен бетіне қара киізден ойылған оюға жиек басып сырмақты сырады да, киіздің үстін түгелдей тігіп шығады. Сырмақ сыруда ірі ою-өрнектер кеңінен қолданылған.

Отырар мемлекеттік археоло­гиялық қорық-музейінің қорындағы сырмақтарға тоқталатын болсақ: сырмақтың ортасына үш жерден ірі ромб түскен ішіне төрт құлақ өрнегі түсірілген. Сонсоң ромбының сыртынан үлкен төрт бұрыш ішіне алған. Оны айналдыра мүйіз өрнегі түсірілген түрі. Ұзындығы – 2 метр 90 см. Осы аталған ою-өрнекті сырмақтар Отырар қорық-музейінің қорында көп кездеседі. Келесі түрі сырмақ бетіне ірі қошқар мүйіз, шеттеріне сыңар мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Тағы бір түрі сырмақ ақ киізден басылып бетіне сыңар мүйіз, шеттеріне шет ою-өрнегі түсірілген. Ұзындығы – 2 метр 98см.

Қазақстанның әр өңірінде сырмақ өрнектерінің ерекшеліктері бар. Оңтүстік өңірінде сырмақ бетіне ірі-ірі төрт құлақ өрнегі үш жерден түсіріліп оны айналдыра мүйіз өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ бетіне екі немесе үш жерден ромб түсіріліп оның ішіне төрт құлақ шеттеріне айналдыра қос мүйіз өрнектері түсірілген түрі көп қолданылады. Шығыс Қазақстанда кездесетін сырмақ бетіне гүлді тұспалдап тұратын айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралған шыныгүл ою-өрнегі түсірілгені, өсімдік элементтері кеңінен қолданылып, тіпті басқаша сипат алады. Келесі түрі сыңарөкше, төрт құлақ, арқар мүйіз ою-өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі. Алматы облысында сырмақ бетіне өсімдік тектес, төрт құлақ, қима ою-өрнектері, Талдықорғанда, Қарағанды облысында сырмақ бетіне төрт құлақ, арқар мүйіз ою-өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі.

Орталық Қазақстан, Семей өңірінде сырмақты қой жүнінің ақ, қара, қоңыр, боз түрлерінен екі түрін алып жасайтын болған. Ал еліміздің Оңтүстігінде сырмақ ашық түсті, бірнеше бояуға боялып оюланатыны белгілі.

Тұскиіз – екі түсті барқыттан, жі­бек­тен, шұға, т.б.материалдардан ойыл­ған өрнектерді жұқа әрі тығыз орналасқан ақ киіз шаршысына жапсырып, қабырғаға кілем орнына ілетін төсеніш. Тұскиіздің түрлі матаның бетіне кестелеп ою-өрнектер түсірілген түрі де бар. Қазақстанның әр өңірінде кездесетін тұс киіздің өз ерекшеліктері бар. Тұскиіз бетіне матадан түсті жіптермен кестелеп жұлдызша, өсімдік тектес, ою-өрнектер түсірілген түрі Орталық Қазақстанда көп кездеседі. Шығыс Қазақстанда барқыт, мақта матаның бетіне кестелеп өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген. Көкшетау өңірінде тұскиіздің бетіне шибарқыт матадан ойып арқар мүйіз, ал шеттеріне сынық мүйіз ою-өрнегі түсірілген. Сондай-ақ майда ромб ішіне төрт құлақ, ал шеттеріне мүйіз ою-өрнектерін шибарқытқа жапсырған. Шығыс Қазақстанда мақта мата, помази, драп, т.б. маталардан түсті жіптермен кестелеп шеңбер ішіне, жұлдызша, сыңар мүйіз, өсімдік тектес ою-өрнектер түсірілген, тағы бір түрі бетіне түгел майда ромб, келесі түрі бетіне ірі арқар мүйіз ою-өрнегін кестелеп түсірілген түрі көп кездеседі. Талдықорғанда мақта мата бетіне түсті жіптермен кестелеп ортасына дөңгелек шеңбер ішіне өсімдік тектес, ал шеттеріне ірі өсімдік ою-өрнектері түсірілген түрі көп кездеседі. Тұскиіз бетіне қошқар мүйіз, сыңар өкше өрнегі, шеттеріне ирек су өрнегі, оны айналдыра арқар мүйіз өрнегі түсірілген түрі, сондай-ақ тармақты мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Оңтүстік өңірінде тұс киізді ақ немесе қара киізден басып бетіне матадан ойып өрнектер түсіреді де, шеті шыт матамен көмкеріледі. Тұскиіздің бетіне ромб ішіне төрт құлақ өрнегі түсірілген, шеттеріне сыңар мүйіз, ал одан жоғары мүйіз өрнегі түсірілген түрі көп кездеседі. Тұскиіз жасаушы шебер киіздің бетін оюлайтын маталарды өзінің ұнатуынша таңдап алады. Ал шетін бір түсті матамен көмкереді. Отырар қорық-музейінің қорындағы тұскиіздің мына бір түрі ақ түсті жүннен басылып, бетіне төрт құлақ ою өрнегі матадан ойылып шетін шыт матамен көмкерген. Ұзындығы – 2 метр 86 см, ені – 1,78 см. Келесі түрі қара түсті жүн­нен басылып ортасына тұтас төрт құлақ, шеттеріне құс тұмсық ою-өрнегі түсірілген. Ұзындығы – 3 метр 29 см, ені – 1 метр 58 см

Айнақап. Киізден жасалатын ай­нақап опа, айна тәрізді сән­деуге қажетті бұйымдарды салып, шымыл­дыққа іліп қоятын бұйым. Айнақап төртбұрыш пішінді тұмарша тәрізді, қақпағы ­жабылатын етіп ақ киізден ­жасалады. Ондағы ою-өрнек көбінесе мүйіз тектес болып келеді. Киізден құрап үй тұрмысына қажетті жасалған аяққап, айнақап сияқты бұйымдардың бетін қолдан әшекейлеп тігетін болған. Олар киіз үйдің ішін жабдықтап безендіруде қосылар жасау болған. Өйткені олардың көркем ою-өрнегі киіз үйдің ішкі бояуы­мен үндестік тауып тұтасып жатқан. 

Еліміздің әрбір аймағында ою әртүрлі үлгіде дамып, өз ерекшеліктері болған. Барлық ою-өрнектердің бас­тапқы элементтерінің негізі мүйіз тектес ою-өрнек болып саналады.

 

Ақлима Жұмашова,

Отырар мемлекеттік археологиялық

қорық-музейінің бөлім меңгерушісі

2749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы