• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2021

ҰЛТ ҚАСИЕТІНІҢ КЕМЕЛ КӨРІНІСІ

БҰРЫНҒЫ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ҚАЗАҚТЫҢ ӘНШІЛІК ӨНЕРІ ТУРАЛЫ

Бұл мақалада автор қазақ халқының әншілік өнерінің халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл саналы ғұмырында алатын ерекше орнына тоқтала келе әншілік өнердің ерекшілектерін, рухани-мәдени құндылықтары мен ұлттық тәрбиедегі өзіндік орнын атап көрсетіп, тағылымдық маңызын, мағынасын қарастыра келе бүгінгі күнгі әншілік өнердегі келеңсіздіктерге терең талдау жасай отырып, сахнада болып жатқан келеңсіздіктердің бетін ашады. Сөйлеу тілі сияқты музыканың да ұлттық тілі бар екендігін дәлелдей келе, музыка тілін де бұзуға болмайтындығын айқындай түседі. Автор бүгінгі күні халқымыздың салт-дәстүрінде болатын той-томалақтарда кеңінен пайдаланылатын музыка мен билерді талдай отырып, басқа ұлттардың музыка ырғақтарының, билерінің ұлттық музыкамыздың өзегіне еніп кеткендігін айқындап, бұл үрдістің ұлттық қасиетімізге төндіретін қаупін баяндайды және өнер, мәдениет саласына нақты мемлекеттік бағдарлама, саясат қажеттілігін көрсетеді. Аталған тақырыптың өзектілігі бүгінгі күнгі білім беру саласындағы халық музыкасының, дәстүрлі және эстрадалық ән үлгілері мысалында өскелең ұрпақтың кәсіптік шеберліктерін, рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, дұрыс жолға салу жөнінде маңызды мақсаты деп білеміз.

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бір саласы – ән өнері. Халқымыздың ғұмыр шежіресінің бір парасы ұрпақтан-ұрпаққа ән-күй, ауыз әдебиеті арқылы тараған. Рухани тыныстың кеңейуі мен эстетикалық сана түсініктің қалыптасуына әннің әсер-ықпалы орасан зор болды. Халықтың бойындағы табиғаттың тылсым сырларымен жұптасқан етенелік қасиеті оның тұрмыс-тіршілікке, әдет-ғұрыпқа деген талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сондай-ақ рухани жан дүниесінің сұлулық пен мейірімге іңкәр қайнар көзін ашты. Өнер туралы таным-түсінік оның өміршеңдігіне мойын ұсыну, көкірегіне жаратылыс сыйлаған дарын қабілетін жетілдіріп, сан салалы мол арналы синкретті өнер туғызуына мүмкіндік берді. Соның ішінде шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі ән болды.

Әннің қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тәрбиелік мәні елдің санасынан бір сәт тысқары қалмағаны аян. Кең далада желдей есіп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезіп жүретін ән мен күй халықтың жан дүниесінің ең асыл мұраттарын дәріптеп, таратып отырды. Қайғы, мұңның өзінде зор ғибрат жатуы сондықтан. Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-бабаларымыз сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын игі адамгершілікке жетеледі. Сондықтан кең-байтақ атажұртта буыннан-буынға жалғасып, ұят-аят, әдеп-көрген, мейірім-шарапат салтанат құрды. Ең кереметі сол, ән қанатында халық ойының тереңдігі, шексіз қиялы, кестелі, орамды шешен тілі берік сақталып, заманның алдын орап, кейінгіге тарады. Мұның өзі отбасы­нан Отан тұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналды. Шілдехана мен қаралы жоқтау әнінің аралығында да ақынжанды сері халықтың ғұмыры осылай түзілген. Оның жан сарайын, пайым парасатын, сұлу сазды әндерін тыңдап айрықша бағалаған жандар көшпелілер өмірінің бұл ерекшелігін назардан тыс қалдырмаған. Әр ғасырда қазақ жерін көктей шолып өткен француз, неміс, ағылшын, поляк, қытай, орыс саяхатшы-ғалымдарының даланың ән-күйі жайлы тамсанып, таңдай қаға жазған шыншыл сөздері осыны айғақтай түседі.

Қазақ әнінің жанрлық сипаттары өте кең. Тұрмыс-салт әндері, махаббат, жастық күйі, табиғат лирикасы, туған жер, отаншылдық тақырыпты қамтитын ән өрісі тақырып ішінен сала-салаға бөлініп жатады. Біз бұдан халық әнінің туу, өсу, қалыптасу тегінің тым әріде жатқанын байқаймыз. Ал сөз етіп жүрген бірер ғасырдың аясын шырқау шыңына шыққан ән сарасының түр-мазмұнын, гармониялық құрылым жүйесін зерттейтін алтын тегі деп қарауымыз керек секілді. Жасырары жоқ, бүгінгі ­музыка мәдениетіміздің мерейін тасытып, гүлдендіріп тұрған сарқылмас кәусар бұлақ халықтың ән-күйі, солай бола тұрса да кеңес дәуірінде фольклорлық ән өнері ғылым тұрғысынан талданып, жүйелі зерттелмей келді.

Оның да белгілі бір саяси-әлеуметтік себептері болғанын бүгінгі жариялылық кезеңнің шындығы ашып беріп отыр. Шеңгелінен қан сорғалаған отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардың ызғарлы сұсы көптеген ұлттардың дәстүр-мәдениетіне, тарихына көлеңкесін түсірмей қалған жоқ. Қазақ халқының рухани жан дүниесінде де сол жараның орны сайрап жатыр.

1933 жылы екі жүзден аса халық әні мен халық композиторларының әндерінің сөзіне тыйым салынды. Ауыз әдебиетіне тағылған айып, ән өнерімізді де ­уысынан шығарған жоқ. «Феодалдық дәуірді жырлайтын ескінің сарқыны» деп тұжырымдалды. Арнайы тапсырмамен «жаңа заманға лайықталынып» ән сөздері қайта жазылды. Бұл «саяси қырағылық» 1951 жылы ән мұрамызға бұғалықты екінші рет салғаны белгілі.

 Сән-салтанат, байлық-мансап, атақ-абырой, діни атаулар ұстанған сөздер, «қамауға» түсті. Үш мың жылдық тарихи деректі бозторғайдай шырылдатып ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген асыл әннің бір қанаты соқыр қатыгездікпен аяусыз қиылды. Қатал уақыттың диірмені жаныштап, аштық пен түрмеден ақсүйек болған ел мәдени мұрасынан, әнінен айырылған соң, арқасы жауыр, мұрны тесік тайлақтай бәрінен безіп, жетекке жүре берді. ­Рухани тапшылыққа, тоқырауға ұшырады. Төл сөз түрмеде кетті. Жаңа жасанды сөз жанға жарық түсірмеді. Көптеген ән айтылмай ұмыт қалды. Тіпті қазақ даласын жаяу аралап, тірнектеп жүріп жинаған А.В.Затаевичтің 1500 әні шаң жұтып архивте қалды. Қызығып қолына алған жан «заманның қырағылығынан» қорықты. Себебі ол әндер сұрыптаудан өтпеген еді.

Қазақтың ән өнері талай тарих зобалаңынан өтіп бүгінгі күнге жетті. Оның ең басты себебі халықтың алыстан бастау алған рухани екпінінің басылмауы­нан. Оның үстіне еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық орта арнаулы және жоғары музыкалық оқу орындарында халық әні бөлімдері мен кафедралары ашылып, көптеген өнерпаз жастар білім алып, өнер сахналарында халқымыздың ән өнерінің дамуына өз үлесін қосуда.

Дей тұрғанмен, бүгінгі күні әншілік өнер эстрадалық және дәстүрлі болып екіге бөлінді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап эстрадалық ән өнері қарқындап дами бастады. Оның басты себебі еліміздің мәдениет министрлігі жас композиторлардың алдына ­заманауи эстрадалық әндер жазуды тапсырған еді. Осылайша, латын америкасы халықтарының билері ырғағындағы (свинг, ча-ча-ча, румба, самбо, т.с.с.), джаз ырғағындағы, вальс ырғағындағы әндер көптеп шығарыла бастады. Ол әндерді сүйемелдейтін эстрадалы-симфониялық, джаз оркестрлері, вокады-эстрадалық ансамбльдер дүниеге келе бастады. Яғни, қазақтың ән өнері жаңа сипат ала бастады. Қазақ сахнасы түбегейлі өзгерді. Сахнадағы концерттер халық музыкасы, классикалық музыка, эстрадалық концерттер болып түрленді. Халық әндері эстрадаға өңделіп айтыла бастады. Бұл үрдіс дәстүрлі халық әндері мен эстрадалық әндердің арасын алшақтата бастады. Сайып келгенде, жылдар өте келе дәстүрлі халық әндері мен эстрадалық әндер бір-біріне мүлдем ұқсамастай болып өзгерді.

Біздің санамызға «музыканың тілі ортақ, музыка – интернационалдық өнер, жақсы музыка кез келген ұлтқа түсінікті» деп келетін ұшқары пікірлер сіңіріліп келді. Нағыз төлтума музыканың тілі сөйлеу тіліне қарағанда ұлттың болмысына көп жақын. Тарих зобалаңына тап болып, сырт күштің экспансиясына ұшыраған ұлттың, ең алдымен, өмір салты ассимиляцияға ұшырайды. Сонан-соң тұрмыс-тіршілігі, киген киімі, моральдық-этикалық нормалары сырттан ықпал еткен өктем күшке мойын ұсынып еліктейді. Ұлттық қасиеттен ең соңғы ассимиляцияға түсетін – музыка. Бұл – этностар тарихында мың сан рет дәлелденген ақиқат. Демек, ұлттық қасиет пен ұлттық тілді бойына мол сіңірген рухани құбылыс деп музыканы айтуға негіз бар.

Әрине, әлеуметтік-тарихи жағдай халықтың болмысын өзгертпей қой­майды. Қазіргі ақпараттар ағымы­ның заманында урбанизация мен рухани ассимиляция үрдісі бұрын-соңды болып көрмеген қарқын алуда. Соның ішінде музыка өнеріміз де шаблонға еліктеуден шет қалған жоқ. Компьютерлік техно­логияның, ғаламтордың дамуы ұлттық өнерімізге өз билігін жүргізуде. Еліміз нарықтық қатынастар заманына кірген мезеттен бастап мәдениет саласы да нарықтық қатынасқа көшті. Кеңестік замандағы мәдениет пен өнер саласындағы арнаулы саясат, бағыт-бағдар тоқтады. Мәдениет пен өнер өз бетімен жіберілді. Нәтижесінде, нарық заманының қатал заңдылықтарына сәйкес ешқандай музыкалық білімі жоқ нотаны танымақ тұрмақ мұрнына иісі де бармайтын, алайда компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп алған ­жастар көптеп дыбыс жазатын ­студиялар ашып алып, музыкаға ойына келгенін істеп бағуда. Прогрестің адамзатқа берген сыйы атақ-даңққа ұмтылушылардың да бақ-жұлдызын оңынан тудырып берді. Тек қалтаңда ақшаң не демеушің болса болғаны. Таудай таланттың да, инемен құдық қазған арнаулы білімнің де қажеті шамалы. Өзіңе ұнаған кез келген әуенді де, күйді де білімсіз аранжировщиктерге өңдетіп фонограмма жасатып аласың да, сахнаға қарай тарта бер. Ең сорақысы, осындай келеңсіздікке, киелі өнерге деген қиянатқа – ай дейтін ажаның, қой дейтін қожаның болмағаны.

Аталған келеңсіз үрдістің нәти­жесін қазір айқын көріп отырмыз. Телеарналарды қосып жіберсең бітпейтін мәнсіз-мағынасыз концерттер. Орындап жатқандары той-томалақтың әләләу-халәләу секең-секең әнсымақтары. Бір кездері «өнер жолдарын» той-томалақтан бастап ақша жинағандар үлкен киелі сахнаға лап қойды. Олар, той-томалаққа келген елді секіртіп билетуге арналған, кімнің әуені екені белгісіз, шет елдерден ұрлап-жырлап қазақша сөз жаздырып алып айтып жүрген әнсымақтарын өздерімен бірге ала келді. Олар өздерінің осы қылықтарымен қазақтың ұлттық музыка өнеріне үлкен қиянат жасап жүргенін білген де, сезген де, түсінген де жоқ. Білімсіз адам қайдан білсін.

Той-томалақ та халық қазынасы ғой. Тойдың да адамға берер мәдени, рухани тәрбиесі бар. Сол той-томалақтарда өнерпаздар елге танылып жатады. Алайда тойларда орындалып жатқан әндер мен билерге көңіл аударайықшы. Бұрынғы кездерде тойларда – ол дәстүрлі ән болсын, эстрадалық ән болсын тек қазақ әндері орындалатын. Ал билеу үшін ішінара орыстың, алыс шетелдердің эстрадалық әндері аралас пайдаланылатын. Қазіргі кезде ән өңдеушілер елді билету үшін шетелдердің әуендерін, ырғақтарын қойыртпақтап, қазақ әндерінің ішіне енгізіп тықпалап тастаған және сол «туындыларын» индия, восток, ташкент, т.с.с. стилінде деп атап алған. Яғни ташкент – өзбек музыкасының ырғағында, восток – араб елдерінің, индия – үнді елінің музыкасы мен ырғағында жасалған қазақша әндер. Бейнелеп айтсақ, басқа ұлтқа күйеуге шыққан қазақ әйелінің шата баласы сияқты, аты да, заты да қазаққа ұқсамайды. Тек сөздері ғана қазақ тілінде.

Лизгинка биін тек кавказдықтар ғана өз тойларында билейтін болса, қазір қазақтар өз тойларында лизгинка, өзбек, үнді, түрік және басқа да ұлттардың билерін билейтін болған. Кез келген өнер төлтума қасиетке ие. Ұлттың ішкі жан дүниесін, болмысын бейнелейді. Қазақтан басқа ұлттар өз тойларында басқа ұлттың әнін айтып, биін билегенін көрмейсің. Өйткені олар ұлттық қасиетін, ұлттық тілін, ұлттық намысын қадірлейді, қатаң сақтайды. Басқа ұлттың тілін, өнерін, салт-дәстүрін жалпы мәдениетін өз ұлтыңа тықпалау, ұлтсыздануға, ұлт ретінде жойылуға апаратын тура жол. Ең сорақысы, жоғарыда аталған той-томалақ өнерпаздарының тойға пайдаланып жүрген кімдікі екені белгісіз қойыртпақ әнсымақтарын үлкен сахнаға алып келгендері және оған ешкімнің қой деп тыйым салмауы болды.

Кез келген ұлттың өзіне тән дыбыс­тық тілі болады. Біз сол «дыбыстық тіл» деген сөзге айрықша мән беруіміз ­керек. Тіл, сөз дегеніміз белгілі бір ұлттық айғақ екені аян. Дәл сол сияқты белгілі бір әуен-сазға айналған дыбыстың да ұлттық тілінің болатынына күмәніміз болмауы керек. Біз сөзін түсінбесек те үнді аруы ән салғанда оны тек ­дауыс бояуынан, әуендік жолдарынан үндінің әуенін танимыз. Сол сияқты қытайдың да, арабтың да, италияның да әуендерін дауыс бояуынан, әуендік жолдарынан танимыз. Түптеп келгенде, бұл қасиеттер ұлттық дыбыстың да, әр ұлтқа тән әуендік жолдарының да болатынын, сол ұлттық дыбыстың өз ұлтына көбірек түсінікті тілінің де болатынын аңғартады. Қысқасы, музыканың да ұлттық тілі, төлтума дыбыстан тұратын символы бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кез келген ұлттың музыка­сында, әндерінің, аспаптық музы­касының өзегінде сол ұлттың генетикалық коды, ұлттық қасиеті жатыр. Біздің мәдениетімізді, ұлттық өнерімізді басқарып отырған азаматтар мен азаматшаларға бүгінгі күні мәдениетімізде, ұлттық музыка өнерімізде болып жатқан жоғарыда көрсетілген келеңсіздіктерге көңіл аударып, қолға алып, «мәдениет пен өнердің дамуы, болашағы» туралы стратегиялық маңызы бар бағыт-бағдар жасап, тиісті заңдар қабылдамаса, қазақ халқы ұлттық қасиетін жоғалтуы мүмкін.

С.Мәлімбай,

дирижер, композитор,

ҚР Мәдениет қайраткері

Алматы

 

2081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы