• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2021

Ұлтымыздың үнжариясы

«Алматыда радио соңғы кезде айтарлықтай жақсарды. Айына екі рет әдеби хабарлар беріледі, жазушылар сөз сөйлейді. Жас ақындар Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов және басқалар тартылды. Менің дүниелерім де ­радиодан беріліп тұрады».

Б.Майлин

Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан республикаға қазан ­айынан бастап хабар таратыла бастады. Ғалым Намазалы Омашев еліміздегі радиохабарларын тарату ісінің алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен 1921 жылдан басталғанын, ғылыми тұрғыдан негіздеп берді.
Ал 1931 жылы 4 мамырда Алматыда 10 киловаттық жаңа радиостанса ашылды, яғни осы мерзім Қазақстанда радиоха­барлардың жүйелі түрде эфирден беріле бастаған күні болып есептеледі. 
Алғашқы қазақ тіліндегі радиогазеттер әдеби хабарларды ұйымдастырудың негізгі ұйытқысы болды, оны мына деректер айғақтайды.  

Қазақ радиогазетінің тұңғыш редакторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев өз естелігінде: «1931 жылы көктемде Қазақстан өлкелік партия комитеті хабар-ошарлар радиогазет түрінде берілсін, оның қазақшасы «Еңбекші қазақ» деп аталсын деген қаулы қабылдады.

Газетіміз екі бөлімнен тұратын. Оның біріншісі – жалпы саяси бөлім, екіншісі – ойын-сауық бөлімі деп аталатын... Газеттің ойын-сауық бөлімі түгелдей ­музыка, ән-күй, өлең-тақпақ болып келетін. Оларды астанадағы театр артистерін шақырып айтқызатын едік» деп көрсетеді.

Екінші дерек ҚР Президентінің мұрағатында сақталған, онда «Лениншіл жас» радиогазетінің жұмысы жайлы толық мәлімет береді, яғни БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің кезекті мәжілісінде Шәріпжанов аталған радиогазеттің жалпы жұмысына тоқтала келіп, 1931 жылдың 14 қазанында берілген «Елтай» очеркін талдаған. Колхоз өміріндегі қарқынды еңбекті суреттеуге арналған материалды жақсы бағалайды, дегенмен, «хабарда еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдісі – социалистік жарыс барысы көрсетілмеген» деген ескерту айтылады.

Радио ісінің елімізде жандануына төмендегідей жайт ықпал етті.

1931 жылдың 2 қыркүйегінде Радиохабары жөніндегі Бүкілодақтық комитет құрылды, осы ізбен Алматыда респуб­ликалық комитет ұйымдасты және осы негізде саяси-ағарту, ғылым және білім беру, көркем әдебиет пен музыка, тағы басқа бөлімдері ашылды.

Зерттеуші Р.Сағымбеков радиохабарларын дамыту жолындағы маңызды қадамның бірі – партия Орталық комитетінің 1932 жылдың 23 сәуірінде қабылдаған «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы болғанына тоқтала келіп, сол кезде радиогазеттер жабылып, саяси, ағартушылық және көркем хабарлары секторлары ұйымдастырылғанын айтады.

«Жалпы Қазақ радиосында әдеби-көркем хабарлардың қалыптасуы еліміздегі мәдени революцияның шешімдерін өмірге тұтастай енгізу талабымен қабаттас жүргізілді. Негізгі мақсат – жергілікті халықты сауаттандыру, сауатсыздықты жою, жаңа интеллигенция өкілдерін тәрбиелеу, жаңа бағыттағы социалистік мә­дениет құру, оған жұртшылықты жұмылдыру бағытынан туындады» дейді профессор Н.Омашев.

Осы кезеңнен бастап әдеби хабарлар эфирге актерлардың орындауымен берілді, бұл жайт әдебиетті радио арқылы таратудың ерекше тиімді екенін көрсетті. «Я совершенно убежден, что целая бездна художественных наслаждений, психологических глубин, сокровенных красот  выясниться перед той культурой, которая будет культурой звучащей литературы» деген А.В.Луначарскийдің сөзі ақиқатқа айналды. Радио әдебиеттің жаршысы, оқырман мен әдебиет өкілдерін байланыстырудың алтын көпіріне айналды.

Радионың осынау әдеби шығарма­ларды таратудағы орны толмас қызметінің маңызын В.В. Маяковский де жете түсініп, 1926 жылғы өз мақаласында: «Литература перестала быть тем, что видимо глазами. Я требую 15 минут на радио!» деп жар салған болатын. Осылайша, радионың жетекшілігімен «Дыбысталған әдебиет» деген мәдениеттің жаңа саласы қалыптасты.

Қазақ радиосы бұл үрдістен тыс қалған жоқ, Бұл сөзімізді Б.Майлиннің 1934 жылы жазған мына пікірі дәлелдейді: «Алматыда радио соңғы кезде айтарлықтай жақсарды. Айына екі рет әдеби хабарлар беріледі, жазушылар сөз сөйлейді. Жас ақындар Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов және басқалар тартылды. Менің дүниелерім де радиодан беріліп тұрады».

Қазақ радиосы қаламгерлер мен жұртшылықты байланыстырудың негізгі құралдарының бірі болды. Рухани дәнекерші рөлін атқара отырып, халықтың рухани өсуіне, сауаттануына ықпал етті.

Мұрағат деректерін сөйлетер болсақ, 1934 жылы Қазақ радиосының қазақ бөлімінің редакторы әрі әдебиет секторы Исмамбетов болған, 1935 жылдан 1937 жылдарда әдеби-қазақ секторын Н.Баймұхамедов басқарған, 1938 жылы әдеби редакторлық қызметке Мұқан Иманжанов келген.

Қазақ радиосы өз тыңдаушыларына әдебиеттің ең үздік шығармаларын ұсынып, тек ана тіліміздегі ғана емес, орыс және әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын да кеңінен насихаттап отырған. Ойымызды нақтылай түсу үшін әдеби-драмалық сектордың 1935 жылдың қазан айындағы жұмыс жоспарына көз жіберіп көрелік. Мәселен, «Батыстың әлемдік классикасы» айдарымен Джовани Бокаччоның ­«Декамерон» атты новеллалар жинағынан үзінділер, «Өткеннен мұрағат» айдарымен Тургеневтің әңгімелері, «Туысқан республикалар поэзиясы»  ­айдарымен «Қоқан» хабарының 1-бөлімі берілген, ал «Советтік Қазақстан ­поэзиясы» аясында І.Жансүгіров, Б.Майлин, Т.Жароков өлеңдері тыңдаушыларға ұсынылған. Аталған жоспардан жан-жақтылықты көруге болады.

Жалпы Қазақ радиосында 1935 жылы 472 әдеби хабар берілген. Қазақ секторы бойынша – 230, орыс тілінде – 216, Қазақстанның аз ұлттар секторы бойынша – 26 хабар. Оның ішінде ана тілімізде көркем оқу түрінде 82 хабар, 17 әдеби монтаж, ал 117 хабар орыс тілінде ұйымдастырылған. Әдеби-драмалық хабарлар күнделікті кешкі сағат 18.35-19.00 немесе 20.45-21.25 аралығында беріліп тұрған.

Жоғарыдағы дерек бұл жылдары хабар беру барысында әдеби шығарманы көркем оқу түрімен қоса, әдеби монтаждау пішінінің де қолданылғанын көрсетеді. Бұл орайда ф.ғ.к, зерттеуші-ғалым Т.Көп­баевтың «Қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарларының тәжірибесінде көркем шығарманы насихаттаудың көркем оқу және қойылымдық сияқты түрлері де бар» деген пікірі ойымызды дәлелдей түседі.

Бұл кезеңде Қазақ радиосының тәжірибесінде «жанды» хабар ұйым­дастыру қолға алынды. Мәселен, 1935 жылдың қараша айында «Жас жазушылар мен ақындар Октябрьден кейін» айдарымен «Қалқаманның творчествосы туралы» деген хабар берілген және баса айтып өтерлігі, бұл хабарға автор өзі қатысқан, әрі жазушының шығармашылығы талданған. Бұл дерек Қазақ радиосының шығармашылық ізденістерге барып, жаңаша форматта хабар ұйымдастыруға қадам жасағанын көрсетеді.

Қазақ радиосының көркем хабарларды радио табиғатына лайықтап беруіне 1936 жылдың мамыр айында Мәскеуде өткен «Қазақ көркемөнерінің онкүндігі» айрықша әсер етті, әрі үлкен тәжірибе болды. Мысалы, сол кезде Бүкілодақтық радио қазақтың әні мен әдебиетін бүкіл әлемге таратты. 18 мамыр күні халықтық эпос «Ер Сайыннан» үзінді, жыршы Майымбет, ақын Жамбылдың жыр-толғаулары, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаевтың шығармалары эфирден бірнеше тілде берілді.

Қазақстан жұртшылығы да онкүндік барысымен Қазақ радиосының хабарлары арқылы құлақтанып отырды, ұлтымыздың рухани мұраларымен қайта қауышты.

Алғашқы даму жылдарында Қазақ радиосының жұмысына жоғарғы жақтан сын-ескертулер жиі айтылған. Бір жа­ғынан, сын дұрыс бағытта дамудың негізгі қозғаушы күші десек те, мұрағат құжат­тарындағы деректерден Қазақ радио­сы қызметкерлерінің әр қадамы қатаң бақылауда болып, кейде солақайлау сын­ның қатты қыспаққа алғаны байқалып қалады.

 Соғыстан кейінгі жылдардағы Қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарларының даму бағдарлары бір жақты, яғни саяси идеология шеңберінде дамыды. Әдеби радиохабарлар замана шежіресін жырлау құралына айналды. 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы марксизм-ленинизм тұрғысынан баяндалмаған» атты мақала жарияланды. Осыдан кейін қазақтың эпостық жырлары, ақын-жыраулардың замана туралы ой-толғаулары қоғамдық мүддеге қайшы, «ұлтшылдыққа ұрын­дырады» деген желеумен жоққа шығарылды.

1956 жылдың басында КОКП-ның XX съезі өтіп онда сталиндік жеке басқа табынушылықтың социалистік қоғам орнатуда зор зиян келтіргені анықталып, халықтың рухани өмірінде оң өзгеріс бола бастады. 1957 жылы «Қазақ халқының әдеби және музыкалық мұралары туралы» қаулы алынып, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен сол кез үшін прогресшіл деп табылған өткен дәуір ақындарының шығармаларын жариялау қолға алынды.

Әдебиет өміріндегі бұл өзгерістер Қазақ радиосының шығармашылық жұмысына да ықпал етті. Ұлтымыздың уақыт тезінен мұқалмай өткен мұралары қайта жаңғыра бастады, соның бір айғағы ретінде айтыс өнері жанданды. Қазақ радиосы бұл бастамалардың жаршысы болды. Мәселен, 1957 жылы «Солтүстік Қазақстан облысындағы ақындар айтысы» деген радиохабар ұйымдастырылған. Петропавл қаласында өткен айтыста облыстық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаров сөз сөйлеген, ол  айтыс өнерінің елімізде ескерілмей, тіпті ұмытылып кеткенін айта келіп: «Бұл үлкен қате, айтыс халықтың рухани өмірінде өзінің қадірін жойған жоқ, өмірдегі кемшіліктерді айтыстың алмас семсерімен өлтіре кескілеу мазмұны бай, әрі тапқырлыққа, шешендікке баулитын өнер мектебі болғандықтан да бұл өнер өлмек емес» деп ой түйген.

1961 жылдың қараша айында ұйымдас­тырылған «Ақындар айтысы» деген музы­калық-әдеби хабарда ақындардың сөз сайы­сынан кейін студияның қонағы болған Әбділда Тәжібаев былай дейді: «...Айтыста, басқа өлеңдерде де бірбеткейлеу кетіп барамыз. Ылғи сол барды мадақтау, айту. Ол керек-ақ, 100 қойдан 150 қозы алғанды айту. Бірақ менің айтайын дегенім, халық ақыны жігіт болмап па, сұлуға ғашық болып көрмеп пе? Соларыңыз қайда? Сол өлең­деріңізді халық неге білмейді?». Хабар­дың құндылығы – студия қонақ­тарының айтыс өнері жайлы өткір-өткір пікір­ айтып, тың ой білдіруінде жатыр.

Ақын-жазушылар қай кезеңде болсын қоғамдағы бетбұрыс пен өзге­ріске өз үнін қосып, халықты жалынды жырларымен қанаттандырып, белгілі мақсат-мұрат жолында жұмыла еңбек етуге шақырды. Олардың шығар­ма­лары өз кезеңінің жігерлі үнін танытып отырды.

Жоғарыда айтылған деректерден Қазақ радиосының тарихи маңызын былайша жүйелеуге болады:

Біріншіден, Қазақ радиосы заманның шын­­дығын танытатын «тірі» шежіресі болды.

Екіншіден, ұлттық әдебиетіміздің ­тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан бағамдауға мүмкіндік беретін  құнды жәдігерлер қоры жасақталды;

Үшіншіден, ақын-жазушылары­мыздың жанды дауысы тарих қойнауынан сыр шертетін таспаға жазылған аудиохабарлар жинақталды;

Төртіншіден, радио қазақтың біртұтас тіл мәдениетін қалыптастырудың негізгі құралы болды.

Бір ғасыр бойы ұлтымыздың үнжа­риясы болып келе жатқан Қазақ радиосы бүгінде замана көшіне ілесіп, өзінің ұлттық мүддеге қызмет ету жолындағы жан­кешті еңбегін абыроймен атқарып отыр.

Бір ғасырлық мерейтойын той­лағалы отырған ұлт руханиятының «тірі» шежіресі Қазақ радиосы «ҰЛТ ҮНЖАРИЯСЫ» деген абыройлы атағын әрқашанда биікте ұстап, еліміздегі дәстүр сабақтастығын сақтап отырған беделді БАҚ қатарынан көріне беретініне сенеміз.

Орынтай Ошанова,

филология ғылымының

кандидаты, доцент

1221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы