• Тарих
  • 18 Наурыз, 2021

БІР ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚОС ЖЕЛБАУЫНДАЙ НЕМЕСЕ КӨКТЕМДЕ КӨТЕРІЛГЕН ЕКІ РУХ

«Лениншіл жас» газетінің ұжымы

Раушан Төленқызы 
«Ana tili»

Бірі шыққанына 100 жыл толған, ал бірінің жарық көргеніне 31 жыл болған қос басылым «Лениншіл жас», (бүгінгі «Жас Алаш») пен «Ана тілі» газеттерінің тұңғыш саны наурыздың 22-сінде баспадан шықты. Көктеммен бірге бүр жарған қос газеттің бірі ерте, бірі кенже көктесе де, бірі бәйтерекке, бірі діңі берік жас ­терекке айналып, оқырмандардың ортасында жайқалды. Бір шаңырақтың қос желбауындай қос газет те наурыз туған таңда жаңа нөмірлері албырт-жасыл түске боялып, жаңа шыққан егіннің көгіндей жайқалды. Кіндігі бірге жаратылған қазақ басылымдарының ішіндегі осынау қос газет ұлт руханиятының дуэтіндей. Діл мен тілтануды, ел мен елтануды, жастық пен жас ұрпақты, талант пен дарынды, қайрат пен рухты қоңырлатып жазып келеді. Бірі бүгінде гүрілдеген ұстаханаға айналса, бірінің ұсталары көрігінде темірді қызған сайын соғып, жүз рет отқа салып, жүз рет суға суарған жарқылдаған алмас та, ал тілшілері шетінен өңкей марғасқа. 

БӨЛІМДЕР  БӘЙГЕСІ...

Алғашқы саны 1921 жылы ­нау­рыздың 22-сінде Ташкент қала­сында жарық көрген жас­тар газеті «Жас Алаш» заманының әр белесінде қоғам­ның құбылуына қарай «Жас қайрат», «Өртең», «Жас қазақ» болып келіп, 1927 жылы қыркүйектің 22-сінен бастап, «Лениншіл жас» болып бекіді.

Социалистік дәуірмен үндесе шыққан «Лениншіл жас» газеті білікті редакторлар мен ілкімді журналистердің арқасында – жас мамандардың алтын ордасы, жастық шақтың хан базары, таланттардың тайқазанына, үлгі менен өнегенің ошағына айналды. Қазақ қоғамындағы мәдениет пен әдебиет, білім мен ғылым һәм халық шаруашылығы қалай өркендеп жатса, солармен қатар өріліп, өрбіген «Лениншіл жас» газеті осынау игіліктер туралы жазатын рухани алып алаңға айналған еді. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейінгі алдыңғы толқын ағалардың ізін ала «Атырау», «Алтай», «Алатау» мен «Арқаның» шиырса алшысынан түсетін алтын асығындай, үйірсе арқасымен түсетін алтын қасығындай кілең бір ұшқын атқан қыз-жігіттер жиналып, «Лениншіл ­жасты» жалындатты.

«Жастар» газетіне 1963 жылы Шерхан Мұртаза басшылыққа келген кезде басылымның таралымы 30 мың дана болатын. Тілші қауымының ғана емес, қазақ қоғамының Шер-ағасына айналған, жаратылысынан жақсы редактор бұл кісі 7 жылдың ішінде оқырман санын 150 мыңға шарықтатты. Қызметкерлер қатарын білікті тілшілерден жинап, газеттің сапасын арттырды, мазмұнын байытты. Арқадан Ақселеу Сейдімбековті, Атыраудан Фариза Оңғарсынованы, Алтайдан Оралхан Бөкеевті аттай қалап газетке арнайы алдыртты. Шоқ жұлдыздай жарқыраған, шоқтығы биік сол журналистер редколлегияның қуатына қуат қосып, газеттің беделін апта сайын емес, күн сайын биіктетті.

...70-ші жылдар «Лениншіл жастың» туы желбіреген кезең болды. Басылымның бағын асырып және бір жасампаз редактор Сейдахмет Бердіқұлов келді. Шерхан Мұртаза айдынға салған «Лениншіл жастың» кемесі кемелденді деп бағаланған кешегі социализм тұсында, ақиқаты керек, керемет дәуірледі. Ол басқарған 16 жылда газеттің өрісі ұлғайып, қай жағынан алғанда да, бауыры жазылған тұлпардай тұяғы жеткен жерге ­тиражы таралды. Сейд-ағаң Шер-ағаң қолына берген 150 мың таралымды үстемелетіп, еселеп, 350 мыңға асырды. Сол уақытта бір ғана Шымкент облысында «Лениншіл жастың» 50 мың оқырманы болды. Редакцияда мұз шайнап, от бүркіген оғландар отырғанда осы мақұл ма, Бердіқұлов бар журналисті жинап, «отқа май құйды»: «50 мыңға 2 қадам жетпей тұрмыз, ол өлкедегі таралымымыз 48 мың дана, толтырып қайтыңдар» деп жауаптыларды жолға салды. Газеттің таралымын арттыру мақсатында бір жағы, оқырман тілшілерді көрсін, тілшілер халықтың тұрмыс-тіршілігін танысын, қажетін білсін деген ниетпен «Лениншіл жастың» облыстағы күндерін ұйымдастырды. Оқырмандар қатарының қалыңдауына осы іс-шара игі әсер етті.

Бердіқұловтың басқаларда байқал­майтын бір қасиеті бөлімдерді бір-бірлеп бәйгеге қосатын. Әр жаңа жыл сайын «Әдебиет» бөлімін, «Білім» бөлімін, «Жұмысшы жастар» бөлімін, «Тәрбие» бөлімін, қойшы, не керек, онсыз да кілең «сен тұр, мен ­атайын» қыз-жігіттерді қамшылар тұсына алып, «осы аптада, мына бөлім, келесі аптада ана бөлім, одан соңыра осы бөлім газеттің арнаулы нөмірін жасайсыңдар. Қайсысың жақсы шығарады екенсіңдер, көрейік» деп екі тізгін, бір шылбырды қолға ұстатып қоя беретін. Ол осылайша «жанам» деген жүректерге от бере білді... Арғы аталары найзамен шаншып ет жеген қазақтың бұ заманғы журналистеріне Қал-ағаң, Қалтай Мұхамеджанов айта жүретін «маған найзағайға нан пісіріп үлгеретін жігіттер керек» дейтіні осындайдан шығар, осының арқасында «Лениншіл жастың» әрбір беті бірінен-бірі өткен тартымды, мазмұнды дүниелер жарқырап жарияланып жатты. «Үркердің» әдемі әдебиет әлемі, адамгершілік пен өнегеге баулитын «Аққу» эстетикалық клубы, «Маздақ» ауыл жастар клубы, «Екпінді құрылыста – комсомол жастар», «Ақшам» және тағы басқа арнайы айдарлы беттерде қоғамның тынысын, заманның бет алысын, халық шаруашылығы, ауыл шаруашылығының аяқ алысын, сондағы жастардың тұлғасы мен қарышты қадамдары туралы күнде парақтап, дәуірдің шежіресіне айналдырып жазып жатты. «Лениншіл жастың» бетіндегі бір тақырыбы – гауһар тас, бір тақырыбы – күміс тас, әдебиет, мәдениет, өнер, эстетика, білім туралы мақалалар, очерктер, суреттемелер мен тамаша әңгімелердің әрбірі, тақырыбынан бастап мазмұны­на дейін Қазақстанның Менделеев картасындағы жерасты, жерүсті бай­лықтарына пара-пар қазына сынды рухани құндылық.

Бұл газеттің атасы мен анасындай Бағдат атай мен Бүбіхан апай сол ­заманда газеттің көзі тірі шежірелері еді. Әсіресе, соғысқа бір аяғын беріп келген Бағдат Жандосай сонау 40-шы жылдардан бастап, өмірінің соңына дейін сол газетте 50 жылға таяу суретші-ретушер болып еңбек етті. Редакцияның ол көнекөз білмейтін қалтарыс, бұлта­рысы жоқ еді. Репрессия кезінде кімдер ұсталып, кімдер жазықсыз жазалы болғанын бүге-шүгесіне дейін білетін. Ал Бүбіхан апайдың жыл сайын 22 ­наурызда наурыз көже беретіні есте.

Әдебиет бөлімінің меңгерушісі ақын Өтеген Оралбаевтың «Үркер» аясында дайындаған әңгімелер мен өлеңдері Әдеби басылымдардың дүниелеріне пара-пар еді. Әсіресе, 1988 жылы Шыңғыс Айтматовтың 60 жасқа толған мерейтойына орай «Лениншіл жаста» ұйымдастырылған арнайы беттегі оқырман сұрақтарына қарап, заңғар жазушының «О-о-о... әдебиет туралы осындай салмақты сауалдар қойған қазақтар озып кеткен екен» деп тамсанғанын газетке кезекші редактор болып келгенде айтып отырар еді.

Жұмысшы жастар мен студент жастардың алтын қазығына айналған «Лениншіл жастағы» диспуттар мен дөңгелек үстелдерге оқырманның өзі тікелей қатысып отырғандай қызу диалогты сезінесің. Студент жастардың пікірсайысын газетте ұйымдастырған Жұмакүл Солтиева олардың редак­циядағы кураторы секілді. Сол заманғы халық шаруашылығының әр саласындағы, өнер, мәдениет, ғылымның биігіндегі жас таланттар мен тарландар туралы, жас дарындар мен дарабоздары туралы да осы газетте жазылатын. «Доп ойнағанның тозбайтынын, озатынын», осы орайда, футболды, бұқаралық спортты дәріптеген редактор Сейдахмет Бердіқұловтың, Несіп Жүнісбаевтің репортаждары мен тақырыптық мақалалары «Жастар» газетін жасыл алаңға, спорт аренасына, палуандардың боз кілеміне айналдырып жібергендей. Өнер мен мәдениет, әдебиет саласындағы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары аз емес. Ал журналистикадағы жалғыз лауреат – «Лениншіл жастың» өкілі, Шоқан туралы «Жасын тағдыр жарқылы» жолжазба очерктер кіта­бының авторы Жарылқап Бейсенбаев.

«ЖАХА, БЕСІК – БАЛАНЫҢ

­БЛАГОУСТРОЕННЫЙ  ҮЙІ ҒОЙ»

Табиғаттың таңғажайып та­маша­лары туралы мақалалар ­жазуда ­Жанболат Аупбаевқа жететін жан кемде-кем. Негізінен ­Еуропада, ­Эфиопияда және Арабияның Оңтүстігін мекен ететін ақ ләйлек, яғни дегелек ­деген қасиетті құстың Орта Азия және Қазақстан аймағында үш ақ жерде ұя салғанын атап айтқанда, бірі Өзбекстанда, екіншісі Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Ойық» ауылында, ал үшіншісі Үшаралда өсіп-өнетінін ­тауып, газетке жазған. Үйімізге таяу тұрған «Абдолла ишан» мешітінің киіз үйдей үлкен күмбезінің төбесіне салған биіктігі де, диаметрі де бір-бір жарым метрге жететін ұядағы ақ ләйлек ауылымыздың сәні еді. Соның суретін осы газеттен көріп, Аупбаевтың мақаласын ауыл болып оқығанбыз. Өздері де, ұялары да көбейе бастап еді, әттеген-ай, киелі құсты атқан қаңғып жүрген жирен сақалдардың кесірінен келесі көктемде қайтып оралмады, ал атқандар өздері де оңбады.

Бердіқұловтың айтқан «Жанболат­тың жұмыс істесе алдына жан салмайтын жақсы қасиеті сол, іссапарға елдің қай түкпіріне жіберсең де жоқ демейді. Бәрінен бұрын, бір жолы кезекті ­командировкадан оралған ол, кабинетке кіргенде, енді осы жолы ­демалыс сұрайтын-ақ шығар, жіберейін деп ойлап үлгергенімше, «Сейд-аға, тағы қайда барып, не жазып келейін. Қандай тапсырмаңыз бар?» дегеніне риза болдым» деген сөзі қаперімізде.

Комсомол жастар тұрмысы бөлі­мі­нің басшысы Қуаныш Жиенбаевтың мақалалары бір шоғыр. Журналистер күндіз-түні ала қағаздан бас алмайды деу өтірік болар. Редакцияның іші – қайнаған өмір. Ара-арасында жігіттер жиналып, секретариатқа барады. Ол жер – небір қызу әңгіменің ұясы. Кейде ұзақ тарқамай қойған әңгімешіл топты редактордың орынбасары Ержұман Смайылов «қуып» тарататын. Бір жолы, сол заманда қалалы жерде қолданудан шығуға айналған бесік туралы сөз ­болыпты. Бірінен бірі асырып пікір айтады. Қасым Әзімханов әңгімені бастаған жауапты хатшыға қарата бір сөз бас­тай бергенде, басқалары бөле беретін көрінеді. Өзі ұяң, өзі сырбаз Қас-ағаң айтып үлгергенінше, әңгіме тамамдалып, әрқайсысы өз кабинеттеріне беттейді. Сонда, жас журналист жауапты хатшының есігін ашып, «Жаха, бесік – баланың благоустроенный үйі ғой» деп есікті жаба салып, жұмыс орнына бет алды.

...Менің журналистикадағы ұшқан ұям, 1984 жылдың 24 ­наурызы мен 1990 жылдың 20 наурыз аралығында, студент күнімде еңбек еткен – «Лениншіл жастың» корректорлар бюросы. Айкен Маматаева, Баян Тәңірбергенова, Бағдат Бәкірова, Базаркүл Бабалиева, Сағила Жүнісова апайларымыздың ізін басып, Сәдуақас Жұбатов, Алтынай Жолдыбекова және Зәуреш ­Рахымова қатар келдік. Газеттің төрт бетін әр корректор бір-бірден алып, басылған мақалалардың қатесін түзейміз. Әр күн сайын жаңа шығатын нөмірге бір бөлім меңгерушісі, бір тілшісі кезекші ­болып, қатесі түзетілген бетке қол қояды. Коррбюродағы апайларымыз бен ақиық ағаларымыз өзара бірде қалжың қағыстырып, бірде редакцияның өткен-кеткенінен салиқалы сөздер айтып отырады. 80-ші жылдардың бел ортасында, сол кісілердің, әсіресе Әдебиет бөліміндегі ағайлардың сөздерінен әрегідік әр сипатты әңгімелерін құлағымыз іліп-шалып қалатын. Ара-арасында, Мағжан, Ахмет, Міржақып деген есімдерді, әсіресе Өтеген Оралбаев ағайдың аузынан естігенде, назар тігіп қалғанымызды аңдаған ақын ағай «сендерге тыңдауға болмайды!» деп, сөзінің аяғын тез түйіндей салатын. Кейін келе, Әділғазы Қайырбеков­тың, Қали Сәрсенбаевтың ұлдарының атын Мағжан деп қойғанда, бұрын-соңды естілмеген есім құлағымызға тосын тиген-ді...

...Беттің қатесін түзетіп отыр­ғанымда, құнан қойға бергісіз тақы­рыптарды көргенде, «қалай тауып қойылған» деп таңғалатынмын. Қуаныш Жиенбаевтің Алматы кондитер фабрикасында төрт саусағын кесіп алған, соның зардабын тартып жүрген қыз туралы мақаланың «Тәтті түбірдің ащы дәмі» деген тақырыбына, Шымкент облысындағы арнаулы тілші Ертай Бекқұловтың домбырамен қазақша ән салатын Татьяна Мартыненконың малшылар алдындағы концерті туралы суреттемесінің «Татьянаның қырдағы әні» деп аталатын тақырыптарына не деген тапқырлық деп әрі қуанатынмын, әрі сүйсінетінмін. Бұдан – тақырыптар королі Сейдахмет Бердіқұловтың қолтаңбасының табы, тағылымы танылып тұрар-дүр.

 

 «ЛЕНИНШІЛ ЖАСҚА»

ЕҢ АЛДЫМЕН ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҒАНИ МҰРАТБАЕВ!

Тақырып демекші, коррбюроның өз тірлігі өз алдына қызық. Баспа­ха­наның тәртібі бойынша кешкі сағат он сегізде дайын болған беттерді секретариаттың қызметкері мен кезекші редактор Бердіқұловтың алдына алып барады. Бас редактор бұған дейін де әбден сүзгіден өткен беттердің тақырыптарын мұқият қадағалайды. Көкейге қонбағанын ауыстырады. Сондай бір кездерде Алтынай оқыған беттегі шабындықтағы шалғышы Жәмилә қыз туралы очерктің «Жәмилә жапырып келеді» деген тақырыпты «Жәмиләнің жасыл жалдары» деп өзгерткен. Оны корректор көрмеген бе, аңдамаған ба, техредактор кезекші редакторға сенген бе, не керек, түзету жасалмай, бұрынғы тақырып сол күйінше кеткен. Ертесі газет шыққанда, С.Бердіқұлов ауыстырған тақырыптың бақырайып тұрғанын көріп, жауапты адамдар «сыбағасын алады». Секретариаттың сол күнгі өкілі, табиғатынан байсалды Қали Сәрсенбаев басшыдан сөз естісе де, сабырынан таймай, корректорға ақырын ғана «Алтынай-ау, Жәмилә емес, бәрімізді сен жапырдың ғой» дегені бар.

...Бір күні тағы бір қызық, қызық емес-ау, абайламағанда шыжық бола жаздады. Алтынай оқыған үшінші бетті кезекші редактор Қасым Әзімханов мәрмәрдан қашағандай қолтаңбасымен «басуға рұқсат» деп жазып қол қоя бергенде, үні оқыс шығып, «Ойбай, Алтынай бері кел!» деді. «О не, аға?!» деп сызыла басып, қасына келгенде «Мынау не қылған сөз?» деп, үлкен мақаланың үшінші бағанындағы орта бөлікті нұсқады. Алтынай үңіле беріп, шошынғаннан ішегін қатты тартып қалды. Көзі бақырайып, түпнұсқаға ұмтылды. Сөйтсек, мәселе былай екен. Қас-ағаңның қаламының ұшы қол қоярда тура «...ВЛКСМ орталық комитетінен келген жаумыз» деген жазуға тіреліпті. Жалғыз Алтынай емес, бәріміз дүрлігісіп қалдық. Басқа-басқа, Мәскеудің билігі өтіп тұрған заманда, бұл қате қорқыныштылау еді... Дереу түпнұсқаны қарап жіберсек, анығы ­«...ВЛКСМ орталық комитетінен келген жауапты мамандармыз» деген сөйлем екен. Тасымал кезінде, ­металдан терілген «...апты мамандар» деген жол түсіп қалыпты. Қалай түсіп қалғанын бір Құдай білсін.

...Жүз жылдық тарихтың жүз сағатының ширегіне де жетпес әңгімені әлі қанша айтсақ та тауыса алмаспыз. Сейдахмет Бердіқұловтың өз кадрларын қаншалықты бағалайтыны оның «Лениншіл жастың» әр журналисі бір-бір редактор» деген сөзі айна-қатесіз орындалды.

Газеттің әр облыстағы тілшілері Айқын Несіпбаев, Әмір Оралбаев, Мұхтар Наушабаев, Жақай Ералиев сынды, т.б. тілшілер аймақтың ахуалынан ұдайы хабар беріп тұрды.

...Өмір болған соң, оның ойы, қыры да болады. Бір жолы былай болды. Бір қызметкер бір мәселеге наразы ­болып, редактордың орынбасары Ерғали Сағатовтың араласуына тура келді. Қанша басу айтқанымен, сөзге тоқтар болмады. «Мен осы газетке еңбегім сіңген адаммын» дегенде, Ер-ағаң: «Ай, бұл газетке кімнің қандай еңбек сіңіргенін уақыт өзі көрсетеді. Еңбегі сіңген адам – ең алдымен Ғани Мұратбаев! Ал сенімен мен – еңбекақыға жұмыс істеп жүрген адамдармыз!» деді...

Сейд-ағаңның, Сейдахмет Берді­құловтың сара жолын Уәлихан Қалижанов одан әрі жалғады. 1986 жылдан кейінгі күрт өзгерген қоғамның, оның ізімен келген тәуелсіздіктің ­тынысын, бет алысын, барысын алпыс екі тамырынан таныған Уәлихан Қалижан басылымның беделін биігінде ұстап тұрды. Газеттің шығармашылық сипатымен қатар, ол да, Сейд-ағаң сияқты қызметкерлердің жағдайын барынша жоғары деңгейде жасады. Журналистерге: «Сендер газеттің ажарын тайдырмауға жұмыс істеңдер. Мен сендерге қызмет жасаймын» деп, байырғы қызметкерлерден бастап, жаңа келген жас мамандарға дейін пәтер алып берді. Менің диплом жетекшім, сол кездегі бас редакторым Уәлихан Қалижанның бағыт-бағдарымен дипломдық жұмысымды беске қорғап шықтым. Білікті басшы ХХ ғасырдың соңын ала келген өзгерістерге өз редакциясы тарапынан рух беріп, үн қосып ұраны – Алаш, керегесі – ағаш қазақтың жас қайратын қайрау мақсатында газеттің атын «Жас Алаш» деп өзгертуге бастамашы болды.

 

«МІРЖАҚЫПТЫҢ КАБИНЕТІ ҚАЙДА, ҚАРАҒЫМ?!»

XX ғасырдың 80-ші жылдарында Кеңес Одағы үлкен бір өзгерістер алдында тұрғанынан жұрт бейхабар-ды. Коммунизм келеді деп күткен халық социализмнің кейбір кемшін тұстарын да аңдап, қоғамнан мін ­тауып жатты. Тоқырауға тірелдік деп, қайта құруға ниет еткен билік те, халық та бір бетбұрыстың болатынын болжаса да, біле қойған жоқ. Бірақ 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін 15 республикада да әлеуметтік-қоғамдық, рухани толқыныс деуге келмейтіндей тербеліс ақырындап ояна бастаған. Қазақстанда да қазақ мектептері, қазақ балабақшалары ашылып, оның соңы 1989 жылы республикалық «Қазақ тілі қоғамының» құрылуына ұласты. Ондағы мақсат қазақ тілін өз елімізде және басқа өзге республикаларда тұратын қазақ ұлтының өкілдері тұратын өзге республикалардың аясында ана тілін насихаттау, ата дәстүр салтты дәріптеу. Әсіресе, Қазақ КСР-і аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, өндіріс орындарында қазақ тілін қолданысқа енгізу бастамасын алға тарту болатын. Қазақ тілі қоғамының тұңғыш құрылтайы өтіп, оған жоғары биліктің өкілдері, ұлт жанашырлары, тіл жанашырлары көптеп қатысты. Қоғамдық сана дерлік өзгеріс бұқараның арасында біртіндеп қалыптаса бастады. Алматының онсыз да қоңыржай күзі қалай өткені байқалмай, жаңа жылды алып келді. Жылмен бірге жақсы жаңалық жетті. Елімізде тұңғыш қоғамдық ­газет, қазақ тілі қоғамының үні, ана тілі үнжариясы шығатын болды. Ұлттық сананы сақтаушылардың һәм дамытушылардың бірегейі қазақтың ұлттық биі мен киімін, мәдениетін, өнерін он саусағының әрқайсысымен дерлік сүйреп келе жатқан Өзбекәлі Жәнібековтың қолға алуымен «Ана тілі» газеті 1990 жылғы наурыздың 22-сі күні жарыққа шығатын болды. Бұған дейін, республикалық, облыстық және аудандық газеттер ғана шығып келе жатқан біздің елге өте сүйінішті хабар болды. Бір қызығы, басқалар сияқты аптасына алты рет емес, жеті күнде бір рет шығатыны тіпті тосын болып көрінді. Бір қалыпқа әбден үйреніп қалған халық та таң-тамаша. Бірақ жанға жағымды жақсылыққа жан-тәнімен қуанған жұрт «Ана тілін» «Қазақ тілі» қоғамынан кейінгі алтын баспалдақтай қабылдады. Жаңа басылымның басшысы «Ле­ниншіл жастың» жауапты хат­­шысы Жарылқап Бейсенбаев тағайындалғаны туралы естідік. Бірақ көп қағазын қолтықтап, бүгін-ертеңгі нөмірге материал дайындап, асығып жүрген адамды көрмедік. Ауыл қайда, су қайда, қызық, ашылуын ашылғанмен, отыратын орны, біртүрлі, қолайсыздау ма... Қазақ КСР Ғылым академиясының мәжіліс залына орналасыпты деп естідік. Мен бұл кезде журфактың сырттай бөлімінің соңғы курсындамын. Диплом аларға 6 ай, сессия. Жұмыстан біржолата шығып кетпесем, аттай алты айға мені кім босатсын. Күнде шығатын газет пен емтиханды қатар алып жүру қиын. Дей тұрғанмен, коррбюродағы апайларымның қолдауымен редактор Уәлихан Қалижан осыншалықты уақытқа мұрсат берді. Сөйткенше екінші бір жаңалықты естідім. Бұл күнде «Қазақ әдебиеті» газетінің секретариатында қызмет етіп жүрген Ертай Айғалиев жауапты хатшы болыпты. Мәссаған, маған бір ой келді. Аптасына бір шығатын газет кімге де болса ыңғайлы ғой, 6 ай орынды бекер ұстап тұрғанша, «Ана тілі» апта­лығына ауыссам қайтеді деп ой түйдім де, Жарылқап ағайға бардым. Жағдайымды айттым. Бұл енді ұзақ әңгіме.

...Қысқасы, баспахананың коррбюро орналасқан бөлігінен бос ­кабинет табылды. Солайша, жанымда екінші корректормен «Ана тілінің» 1990 жылғы наурыздың 22-сі күні №1, тұңғыш санын жарыққа шығардық. Көп ұзамай, «Ана тілінің» қатарынан атауы әртүрлі қазақ-орыс тілдерінде бірнеше қоғамдық газет қаулап шыға бастады. Оқырманға – таңдау, журналистерге – өріс ашылды. Қалай дегеніңізбен, солардың арасында «Ана тілі» апта сайын, яғни әр нөмір сайын топтан оза берді. Ә дегеннен бұл газеттің бұрын-соңғы шыққан басқа басылымдарда кездеспеген «Елтану», «Тілтану» атты тосын да, жаныңа жақын бөлімдер ашылып, оған «Ақпарат» деген жаңа бөлім де қосылды. Бара-бара «Қазақ тілі» қоғамының аясынан асып, елдік, ұлттық, танымдық, тарихи, рухани салаларға жылға тартып, арнасы кеңейе берді. Газеттің даңқы да, тіпті таралымы да басқа республикаларға жетті. Өзбекстан, Ресей, Түркия, сонау Мажарстанға дейін атағы асты. Омбыдағы «Мөлдір» қазақ қауымдастығының өкілдері редакцияға келіп, танысып, қауышып, ризалықтарын қазақ тіліне, қазақы руханиятқа қатысты қажеттіліктерін айтты. Түркиядан Халифа Алтай, ­Хасен Өр-Алтай сынды жырақта түтін түтеткен қандастарымыз «Ана тілін» ата-бабасының атажұрттағы төрім деп тапқандай қуанып, мақалаларын жіберіп жатты. Мажарлық түрік­танушы, ғалым филолог, ғылым докторы, профессор Иштуан Қоңыр Мандоки құба қыпшақтардың көшін, рухани аңсарын «Ана тілінен» тапты. Алтай тілі топтары туралы, тіл, фольклор және этнология тақырыбында қазақ оқырманы үшін тың мақалалар жазды. Мажарлар мен құмандардың көне тарихын, түркі-мадияр байланыстарын танытты. Мадияр тіліндегі түркі текті көптеген сөздер төркінін талдап берді. Бас сарашымен барлық жағынан да тіл табысып, қазақ халқымен қандас, рухтас, ниеттес екендігін білдіріп, бұрын-соңды қазақ тілінде жарық көрмеген құнды дүниелерді жариялады. Одан кейін Венгрияның Қазақстандағы елшісі, түріктанушы, филология ғылымының докторы, Венгрияның Орта Азия және Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Йожев Торма, яғни Жүсіп Торма «Ана тілін» Венгр мен қазақ сабақтастығының Түркі әлемінің төріндей, рухани алаңындай таныды.

Міне, осынау көмбеде жатқан алтын секілді караттары қашалмаған гауһартас секілді рухани тілдік, елдік таңғажайыптар «Ана тілінің» бетінде күннен-күнге көбейе берді. Осынау қазынаның бетін ашып екшеп, текшеп оқырманға ұсынған негізінен ғалымдар мен зерттеушілер еді. Асылында, газетке кәсібі журналист, мамандығы тілші қызметкерлер алынатын. Жарылқап Бейсенбайұлы мұзжарғыш кемедей «Ана тіліне» осы саланың өкілдерін таңдады. Ол осылайша журналистика, публицистика саласын таным, икемдеп осы рухани қазынаның бұқараға, қалың елге қажетті деп таныған, қажетті деп табылған асылдың сынықтарын, бөліктерін қоғамды, әлеуметтік, рухани сана тұрғысынан аршып алақанымызға әкеліп салды. Яғни «Ана тілі» Ғылым Академиясының, бұқаралық халықтық сипатты институтындай жүк арқалады.

Бас редактордың бір қанатында Ғарифолла Әнес, Сағатбек Медеу­бекұлы, Шәмшәдин Керім, Амантай Шәріп, Дихан Қамзабекұлы секілді ғалымдар болса, бір қана­тында ­Марат Қабанбай, Байбота Серікбайұлы, ­Сабыржан Шүкірұлы, Ахмет Жүнісұлы, Қонысбек Қожамжарұлы, ­Болат Шарахымбай, Сәкен Сыбанбай және меншікті тілшілері Жұматай Сабыржанұлы, Қосыл Омар, Ақылбек Шаяхмет секілді оқымыстылар мен зерттеушілер, этнографтар, филологтар, публицистер, қала берді Баян-Өлгейден келген қандасымыз Абай Мауқараұлы атты дәрігер, бәрі бірігіп, ондаған журналистің еңбегін атқарды. «Ана тілінің» «Ақпарат айнасын» «Ан-Ақ-Ай» деген атаумен айдынға алып шықты. «Ана тілі» солайша таным, публицистика, ғылым және ақпарат сынды салалар арқылы «Алатау», «Алтай», «Ұлытау», «Қаратау» секілді таулардай биіктетті. Ұлт басылымының керегесін керіп, уығын шаншыған, алғашқы күннен бастап қызмет еткен, Машбюродағы Қайша апай, Тамара, Кенже қыз, коррбюродағы Әйкен апай, Бағдат апай, бухгалтериядағы Шәриза апай мен Рая апайлар редакциядағы қандай да бір қызықшылық пен атаулы мерекелерде дастарқан жайып, үйме табақ еттен бастап қызметкерлердің алдына шым-шым ыстық шәйін ұсынып ұжымның берекесін келтіреді. Жәй күннің өзін той қылған осынау апаларымыз өз отбасы мен ауызбірлігі мен ынтымағын қалай көксесе, ұжымның да қадіріне құрмет қосумен жүреді.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ана тілінің» алғашқы санынан бастап «Бас редактор» «Бас сарашы» атауына өзгертіліп, бәріміз де «ұлы», «қызы» болайық деп, «ов», «ев»-тен арылған алғашқы журналистер легі анатілдіктер еді.

Сонымен қатар бұл газетте Күлтегін сына жазулары көп танытылып, сол жазуды қолдану нышанын көрсеткен де «Ана тілі» болды. Бұл ­басылым Ахмет Байтұрсынұлы бастатқан (Қазақ газетінің) ­рухани жалғасы болғандықтан, газеттің атауының бір бауырында төте жазудағы араб қарпімен және Күлтегін жазуымен «Ана тілі» деген жазу жазылды. Әркім өз ісінің шебері, ғалым Ғарифолла Әнес араб қарпімен жазылған текстті алдына алып қарап отырғанда қасына бардым (Бұл кезде мен корректорлықтан ауысып, «Ақпарат» бөлімінің тілшісімін). «Ғарифолла аға, арабша «Ана тілі» қалай жазылады?» деп сұрадым. Ғалым қаламдасым төтеше жазуды алдыма тартты. Арабшаны хат танымайтын болған соң қайдан білейін, «Ал мына жерде «А» әрпі қайда?» дегенімде табиғатында байсалды азамат ішек-сілесі қата күлді де, ескі қазақ ғадетіндегі таныс сөзді аузына алып, «Әліпті таяқ деп білмейсің бе?» деп рахаттана күлді. Онша-мұнша артық сөзі жоқ адам бір жолы «Осы, Қайдар кеше баяндамасында «Қазақ тілі» қоғамының бір миллион мүшесі бар деп айтты, солай екені рас болса, сол бір миллион адам «Ана тілін» неге жаздырып алмайды» деп қабағын шытты. Сабырлы адамның қабақ түйгені де қызық болады екен. Демек, шын көңіліне келгені ғой...

Біздің редакция Абай мен Достық даң­ғылының қиылысында ­«Қазақ­стан» қонақүйінің қарсысын­дағы бес қабатты ғимараттың бесінші қабатына көшіп келген. Тілшілерге кең де, жарық ­кабинет бұйырып жұмыс істеуге жақсы жағдай туғызылды. Елдік мәселелер, қазақтың басынан өткен зұлматтар мен қиындықтар туралы «Репрессия», «Алаш арыстары» туралы тарихи-публицистикалық мақалалар әлеуметтің назарына тартылды. Бұрын-соңды Партия мен Комсомолдың органдары болып есептелетін газеттерде айтқызылмай келген талай жағдаяттар «Ана тілінде» қоғамдық санаға түрткі боларлық деңгейде екшеліп, сарапталып жазылды. «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жырақта түтін түтеткен» секілді айдарлардың аясында жазылған мақалалар «Ұлт газеті» деңгейіне көтерілген басылымның бас­ты-басты тақырыптары еді.

 

«Ана тілі» газетінің алғашқы ұжымы

 

ҮШҚОҢЫРДЫҢ  БИІГІНДЕЙ ҮШ ҰСТАЗ

Аптасына бір рет болатын лездемеде талай тақырып қозғалады, жазуға ортаға салынады, сараланады. Арасында әзіл-қалжың да айтылады. Бір күні Сабыржан ағаның (біз ол кісіні «көке» деп айтып кеттік) жұмысқа жаңадан келген кезі. Лездемеге жиналып ­жатырмыз. Сәл кешігіңкіреп кірген Марат ағай ол кісінің жанындағы бос орынға барып отырды. Марат ағай хал сұрады. Сабыржан көке «Шүкір» деді. Марат аға еңсеріле бұрылып: «Салқар тұлғаңызға, амандыққа жауабыңызға қарағанда, осы сіз Сабыржан Шүкірұлы емессіз бе?» деді жайдарылана күліп. «Маңдайыңа қарап, Марат Қабанбай өзіңсің бе деп тұрмын» деді ол кісі де жарқылдап. Енді екеуі ақтарыла күлді де, орындарынан тұрып, құшақ айқастыра амандасты.

Бірде жаздың күні бесінші қа­баттағы асханадан келе жатқанмын. Екінші қабаттың баспалдағына келгенімде бір қария кісінің бүлкілдеп әр есікті бір ашып, жөн сұрап қайта жауып жүргенін көрдім де, бірінші қабатқа түскенде сәл іркілдім. Жас шамасы сексеннен мол асқан заманында сүйекті де сұңғақ жауырынды болғаны көрініп тұр. Еңкіш тартып нұры тайған көздерін сығырайта қасыма келді де, «Балам, мынау Қазыбек көшесіндегі үй ме?» деп сұрады. «Иә, ата». «Ал, ендеше, мұнда Міржақып қай кабинетте отырады?». «Міржақы-ы-ып?...». «Иә, иә, Міржақып. Міржақыптың кабинеті қайсы, қарағым?». «Осы кісі Міржақып деп тегін айып тұрған жоқ» деп ойландым да, ойыма әлдене келді. «Осы кісі... Ата, сіз қандай мекемені іздеп жүрсіз?». «Ана тілі. Міржақып» сен де білмейсің бе дегендей шарасыз, шаршаңқы раймен. «Жарылқап шығар, Жарылқап Бейсенбайұлы». «Ә-ә-ә, иә, иә қарағым, Жахаң... Жарылқап... Иә. Біз Міржақыпты «Жахаң» деуші едік, ол да «Жахаң», бұл да «Жахаң». Менің етімді де, есімді де репрессия жеп қойды ғой. Сүйегімді кеміруге енді аз қалып еді. Әйтеуір, құтылдым» деді айқыш-ұйқыш сызығы бар торлы алақанын жайып. «Ата, жүріңіз. Мен сізді Жарылқап ағайға алып ­барайын» деп, шынтағынан демеп, Бас сарашының кабинетіне жеткізіп салдым.

«Ана тілі» газеті одан кейін Жел­тоқсан мен Қазыбек би көшесіндегі ғимаратқа қоныс аударды. Бұл кезде «Ана тілі» қанатын кеңге жайып, қадірі биіктей түскен. Газет республикалық деңгейдегі ірі басылымға айналды. Ахмет Жүнісұлының этнографиялық дүниелері, Марат Қабанбайдың публицистикалық мақалалары халықтың көкейіндегі қоғамдық-әлеуметтік, рухани мәселелерді өзегін жарып жазып «тіл мәселесі» туралы үлкен проблемаларды қозғауға көшкен. Жоғары және жергілікті билік «Ана тілін» жеткілікті танитын болды. Редакцияға Алматыда тұратын тіл мен мәдениет саласының ардагерлері жиі атбасын бұрып, бірі мақала, бірі естелік айтады.

Менің «Ана тіліндегі» Үшқоңыр­дың биігіндей үш ұстазымның бірі Мереке Құлкенов бұл басылымды 1997 жылы қолға алды. Бұл кез нарықтық заманның қыспағы жан-жақтан қаусырып келе жатқан. Көптеген басылымдар мезгілімен шығудан қалып, қызметкерлеріне жалақы бере алмай, қысылып тұрған кезде Мереке Әбдешұлы өзінің ­газетке келуімен Қазақ Мұнайының 100 жылдығы қатар келгенін ілкімді іске асыра білді. Тапшылықтың салдарынан таралымы төмендеп кеткен газеттің оқырман санын көбейту үшін нарықтық амалдардың бәрін жасады. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салды. Газеттің жанынан қосымша беттер шығарып, коммерциялық табыстың көзін тапты. Қоғам ағымына қарай материалдардың мазмұнын құбылтты, байытты.

 

«ҰЛЫ ДАЛАДА ҰСТАХАНА ГҮРІЛДЕП ТҰР!»

Мереке Құлкеновтың тұсындағы «Ана тілі» қазақтың көптеген нар тұлғаларымен жүргізілген сұхбаттармен толық­тырылды. Экономикалық дағда­рыстан басылымды аман алып шық­қан Мереке Құлкеновтың салған ізін кейінгі ізбасарлар лайықты жалғап келеді.

...Баспасөз деген БАҚ орданың бір керегесі – «Лениншіл жас», яғни «Жас Алаш» болғанда, бір керегесі – «Ана тілі». Киелі керегенің әрбір көгін үйлестіре, былғарымен түйіндеген шебер оны қандайда бір жағдайларда икемді тігілуі үшін, қандайда бір дауылдарда жығылмас үшін жазылмалы-жиырылмалы, геометриялық-физикалық дәлме-дәл өлшеммен орындайды. Тырна мойын уықтарды шаңыраққа дәлдеп шаншады. Ендеше, керегенің көгін түйген хас шебер көшбасшы-редактор болғанда, қосшылары – тілшілері. ­Демек, қазақ қоғамындағы ұлттық рухани, мәдени һәм әлеуметтік, құбылыс пен өрлеудің өрінде тұрған бүгінгі «Жас Алаш» пен «Ана тілі» басылымдарының әр кезеңіндегі бас иелері, яғни басшылары керегесін қайтсе де нық тігіп, құлашы жеткенше кеңге жаюға ­жанын да, барын да, білімін де, білігін де, көргенін де, тәжірибесін де артығымен салады. Олай болса 100 жастағы «Жас Алаштың» әрбір бел белестердегі бас ­редакторлары Төрехан Данияр, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Рысбек Сәрсенбай, Руслан Ербота, Қайрат ­Матреков және 30-дан асқан «Ана тілінің» әр кезеңіндегі бас сарашылары Жұмабек Кенжалин, Мақсат Тәж-Мұрат, ­Бауыржан Омарұлы, Самат Ибраим, Жанарбек Әшімжан сынды БАҚ деген ұстахананың ұсталары алдыңғы толқыннан жеткен көрікті гүрілдетіп, қызған ­сайын темірді шамырқанта шыңдап жатыр. «Лениншіл жас» туралы баспасөз баһадүрінің дуалы аузымен айтылған сөзді «Ана тілінде» тағы қайталаймыз: «Ұлы далада ұстахана гүрілдеп тұр!».

3400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы