• Мәдениет
  • 18 Наурыз, 2021

Мәңгілік елдің салтанаты

Алып Еуразия құрлығының дәл кіндік ортасына орналасқан Қазақстан – егеменді, зайырлы, демократиялық мемлекет. Қазақстан – қазақ жерінің кең байтақ аумағына шашырай қоныстанып келген бүкіл түркі халықтары мен ұлттарының атажұрты, ежелгі тұрағы, қара шаңырағы.

Осынау алпауыт мемлекетте «Татулық – таптырмас бақыт» дегендей, 140-тан астам ұлт өкілінің ауызбіршілікпен күн кешіп, іргесін еш ажыратпай өмір сүріп келе жатқаны барша халыққа мәлім. Бұл әрине, ең бірінші халық бірлігінің нәтижесі болса, екіншіден «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Рухани жаңғыру», «Қазақстан – 2050» стратегиясы сынды түрлі бағдарламалардың іс жүзінде орындалып жатқанының ықпалынан деп білемін. Сан ғасырға созылған отарлық езгіде пұшайман күн кешіп, енді-енді ғана есін жиып, етек жаба бастаған, тарихи тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алып жатқан түбі бір туысқан халықтар бір-біріне қырын қарамай, жылы қабақ танытып, туыстығын сезіне білгені бәріміз үшін ең үлкен олжа болды. Осы тұста тек туыстық қарым-қатынастан бөлек ерекше көңіл бөлерлік дүние бар, бұл халықтарды бір-бірімен жақындастыратын алтын көпір – салт-сана, салт-дәстүрлеріміз, мәдениет пен өнер.

Еліміздің азаттығына аттай – 30 жыл. Осы аралықта толдық, есейдік, аяқтан нық тұрдық. Яғни орда бұзар кезең. Қуана білмегенге құт қонбайды. Қуану да керек. Бұл – ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам.Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі.Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құн­дылық жоқ.Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз.

Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Осы Тәуелсіз еліміздің көк аспанының астында Наурыз мерекесін өткізу бір ғанибет емес пе.

Жаһандану кезіндегі адам мен адамның байланысы телефонға тәуелді болып бара жатқан XXI ғасырда «Мәңгілік елдің» идеясындай Наурыз мейрамы шешуші факторға айналады. Дәстүрді ұмытпай, оны болашақтың айнасына енгізу – біздің өз қолымызда. Демек, қоғамның дамуына, еліміздің бірлігіне, әртүрлі ұлтаралық, мәдениеттералық, діндераралық, әлеуметтік топтараралық ықпалдастық пен ынтымақтастыққа, тіл мен әдебиет, өнерді байланыстыруда еліміздің ұлттық мұраты – «Мәңгілік ел» идеясының бір кірпіші болып қаланатын Наурыздай мейрамдардың ықпалы зор.

Раушангүл Жаспанова

 

3117 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы