• Мәдениет
  • 18 Наурыз, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА – 30 КОНЦЕРТ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еліміздегі мәдениет, руханият саласындағы азаматтар мерейтойға қазірден бастап үлес қосуға ­тырысып, түрлі шараларды бастап жіберді. Солардың бірі дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова мерекеге орай бірқатар жобаларды қолға алғандарын айтады.

«Ел тойына әрбір қазақстандық азамат өз үлесін қосуы парыз деп есептеймін. Біздің «Аманат» дейтін өнер орталығымыз бар. Оған өзім жетекшілік етемін. Сол орталықтың құрылғанына биыл 5 жыл болады. Бірқатар балалар сол жерде домбыра, ән, вокал, фортепиано аспаптары бойынша үйреніп жүр. Мінеки, осы шәкірттеріміздің өнерлерін ұштау, дамыту мақсатында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 концерт» дейтін жобаны бастаған болатынбыз. Біздің орталық Алатау ­ауданында орналасқандықтан, ең бірінші концертімізді шәкірттерімізбен бірге сол жердегі жақында ашылған «Алатау креа­тив хаб» дейтін орталықтың тұсаукесер алаңында өткіздік. Көрерменнің көбі жастар болды» дейді өнерпаз. «Аманат» өнер орталығының биылғы жылдың 6 ақпанында өткізген алғашқы концертінде Құр­манғазының «Адай» күйі, сондай-ақ «Телкүрең», «Кеңес» халық күйлері мен «Тай­бурылдың шабысы-ай», «Әриайдай», «Он алты қыз» сынды халық әндері орта­лық­та тәлім алып жатқан шәкірттердің орын­дауында көрерменді жақсы әсерге бөледі.

Өнер иесі осындай игі шараларды өткізу арқылы жас шәкірттердің өнерлерін дамыту жайын көздегенін де жеткізді. Олардың ұлттық өнерге деген жүректерінде ұшқын пайда болатынына сенім білдіреді. Сондай-ақ сол жерде орналасқан мультимедиялық музей – дәстүрлі өнер орталығында әйгілі қазақ әншісі Манарбек Ержановтың туғанына 120 жыл толуына арналған ­«Сайра бұлбұл» дейтін дәстүрлі ән фестивалі өткізілді. Онда Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл», «Паровоз», «Бақыт жыры» атты әндері жас шәкірттер тарапынан нақышына келтіріліп орындалды.

«Бұл фестивальде де біздің шәкірт­теріміз өнер көрсетті. Қала бойынша бірнеше оқу орындарынан дәстүрлі әншілер қатысты. Манарбек Ержанов қазақ дәстүрлі ән өнерінің үлкен тұлғасы. Ол кісінің көптеген авторлық әндері бар. Орындаушылығы өз алдына бір төбе. Дәл қазіргі кезде Манарбек Ержановша ән айтатын жастар көп емес. Біз де сол ­Манарбек атамыздың әндерін шәкірттерімізге үйретіп, сол бойынша фестивалімізді өткіздік» дейді С.Жанпейісова.

Сонымен бірге 6 наурызда өткен «Аманат» өнер орталығының үшінші концертінде бұған дейін сахнаға шықпаған балалар өнерлерін көрсетті. «Біз үшін бастысы көрерменге жақсы көңіл күй сыйлау және жастарымызды дәстүрлі өнерге баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу. Міне, осы мақсатта концерттерімізді бастап кеттік» дейді орталық жетекшісі. Сондай-ақ ол жақында 20 наурыз күні Алматыдан екінші өнер мектебін ашқалы жатқанын жеткізді.

«Аманат» өнер орталығы жақында ашылғанымен, аз уақыт ішінде біршама жобаларды қолға алып, бірнеше шаралар өткізіп үлгерді. Бұл жобалардың жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде, дәстүрлі өнерді балалар бойына сіңіруде алатын орны ерекше. Музыка арқылы жас шәкірттерді ізгілікке, ұлттық рухқа баулуды көздеген өнерпаздардың игі талабы көңіл қуантады. «Алда Наурыз келе жатыр. Тәуелсіздігіміз желтоқсан айында тойланады. Соған дейін жыл бойына осындай концерттерімізді жалғастыра береміз» дейді С.Жанпейісова. Танымал өнер иесінің алдағы жоспарларының, ұлт руханиятын, мәдениетін дәріптеуде жасап жатқан істерінің жалғасын табуын тілейміз.

Н.БАТЫР

 

2112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы