• Әдебиет
  • 01 Сәуір, 2021

МОРФОЛОГИЯ МАЙТАЛМАНЫ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды  жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Тіл білімінің көрнекті өкілдері - академиктер І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтармен аты қатар аталатын, қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына мол үлес қосқан Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымының докторы, профессор Ахмеди Ысқақовтың (1910-1996) тағылымдық келбетін «Тіл тарландары» айдарында сөз етпекпіз.

Жалпы түркітану ғылымының ірі өкілдері, қазақ тілінің өркендеуіне өлшеусіз қызмет еткен тіл білімі тарландарының өмірлері де, қызметтері де бір-біріне ұқсас келеді. Бәріне ортақ нәрсе ретінде, жоқшылықтың, қиыншылықтың, таршылықтың тар жолын, сондай-ақ олардың еңбекқорлығы мен алға қойған мақсатқа жету жолында еш қиындықтан қаймықпай, діттегенін іске асыру ниетіне ұмтылу қасиеттерімен ерекшеленетінін айтуға болады. Ашаршылықтың ащы дәмін тартып, елдегі нәубетті бастан кешірген аға буын өкілдерінің қайсарлығына қайран қалмасқа амал жоқ.

Міне, академик Ахмеди Ысқақовты да білімге деген құштарлығының арқасында, бар сүйіспеншілікпен қазақ тілі деген іргелі ғылымның ілгері басуына жан-тәнімен атсалысқан қайраткер ретінде халқы қадірлейді, елі ұмытпайды. Ғалымдықпен қатар, ғылымды ұйымдастыру ісіне де ерекше еңбек еткенін, Тіл және әдебиет институтының директоры, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты директорының орынбасары, директоры, Қазақ қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, «Халық мұғалімі» журналының редакторы, сондай-ақ құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі болып, тіл білімінің биікке көтерілуіне өзіндік үлес қосқанын айтқанымыз абзал.

Шығармашылық шеңбері кең, тіл білімінің сан түрлі салаларын саралаған академиктің 200-ден астам монографиялық еңбектері, оқулықтары, сөздіктері мен ғылыми мақалалары түркология ғылымына, оның ішінде қазақ тіл біліміне қосылған мол қазына болып есептелетіні елдің есінде. Бар күш-жігерін сарп етіп зерттеген ерекше екі саласы – морфология мен лексикографияның орны ерекше. Морфология майталманы деген дәрежеге көтерген «Қазіргі қазақ тілі» (1964) еңбегінің ғылыми ортада зор табысқа жеткен құнды еңбек ретінде бағаланғаны белгілі. Қазақ тілінің морфологиясын жан-жақты зерттеп, «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер», «Қазіргі қазақ тілі» (есім сөздер), «Қазіргі қазақ тілі» (морфология), «Тыныс белгілері» атты туындылары да көпшіліктің көңілінен шыққаны тағы рас. Сондай-ақ сөздерді топтастыру, сөз таптарын жүйелеуде теориялық негізін салған сарабдал ғалым екенін ғылыми орта әлдеқашан мойындаған-ды. Академик А.Ысқақов қосымшаларды сөздердің құрамына қарай жалаң және күрделі деп екіге бөліп, жалаң сөздерді өз ішінен түбір және туынды деп бөлумен бірге күрделі сөздерді біріккен, кіріккен, қысқарған сөздер деп қарастырады. Жалпы қазақ тілінде 9 сөз табы бар деп қортынды жасағаны терең біліктіліктің белгісі болса керек. Қазақ тілінің морфологиясын ыждағаттықпен зерттеу нәтижесі оның үстеуден кандидаттық диссертация қорғауына әкеледі. «Морфологическая структура слова и именные части речи современном казахском языке» атты тақырыпта қорғалған докторлық диссертациясында теориялық терең, практикалық маңызы зор ғылыми еңбек тілі біліміне қосылған сүбелі үлес болып бағаланғаны баршамызға аян. «Қазақ тілінің морфологиясы», «Қазақ тілі. Морфология» атты еңбектері 1964, 1974, 1991 жылдары бірнеше рет қайта басылып шығуы – академикті морфология майталманы деп айтуға әбден болатындығын көрсетсе керек.

Ғалым лексикография саласында да елеулі еңбек етіп, қазақ тілінің сөздік қорын молайтуда  «Қазақша-орысша», «Орысша-қазақша» сөздіктерін құрастырушылардың және редакторлардың бірі ретінде атқарған еңбегі айрықша. Сондай-ақ ғалымның басқаруымен «Абай тілі» сөздігінің жарық көруі – қазақ тіл білімінің абыройын асқақтатқан зерттеу болғаны белгілі. Сонымен қатар академик А.Ысқақовтың басшылығымен тарихи түсіндірмелік және нормалық болып табылатын 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жарық көруі қазақ ғылымына қосылған құбылыс ретінде  – түріктану ғылымында да өзіндік орнын ойып алған құнды еңбек қатарында саналатыны сөзсіз. Көп томдық түсіндірме сөздіктің маңызы мен мәніне және түркологияда қазақ тілінің мерейін өсіргенін тарқата айтсақ артық болмас. Түсіндірме сөздік жасаудың қазақ лексикографиясының тарихы мен тәжірибесінде алатын орны ерекше екені белгілі, ол рухани, мәдени және тарихи қоғамдық өміріміздің айнасы болуымен қатар, қазақ тіл білімінің дамығанын көрсететін белгілі бір деңгейі десек те болады. Тілімізде неше түрлі сөздіктер бар екені белгілі, алайда түсіндірме сөздіктің орны өзгеше. Тіліміздегі сөздерді түгендеуге, олардың мағыналарына түсініктемелер берудегі міндеті тым айрықша. Сондықтан да түсіндірме сөздіктің арқалайтын жүгі де жеңіл емес. Мұның ішінде, келер ұрпаққа азық болар, тіл қазынасынан хабардар етер дәйектемелер мен дәлелдерге негізделген сөздік қордың барлығын да, байлығын да жинақтап беру міндеті тұрғанын зерттеушілер толықтай сезінері хақ. Ол үшін осындай маңдай терді, асқан ұқыптылық пен зеректілікті, байқампаздық пен аңғарымпаздық қасиетті қажет ететін нағыз ғалымға тән ізденгіштік, еңбекқорлықтың арқасында іске асатын мемлекеттік маңызы зор міндеттер үдесінен шығатын оқымыстылардың басын қосып, оларға жетекшілік етіп, көрегендігін көрсету – академик Ахмеди Ысқақов сынды санаулы саңлақ ғалымдардың қолынан ғана келетінін айтсақ артық болмас. Түсіндірме сөздік жасау тіл білімінің барлық салалары, атап айтсақ: лексикология, лексикография, фразеология, семасиология, орфография, грамматика, стилистика сынды толып жатқан тағы басқа зерттеулерді зерделеуге жол ашары сөзсіз. Қазақ тілінде жарық көрген алуан түрлі сөздіктерден түсіндірме сөздіктің тағы бір ерекшелігі – қазақ тілінің сөздерін түгел қамтып, мағыналарын ашумен бірге әдеби нормасын дұрыс айқындау да күн тәртібіне қойылғанын естен шығармағанымыз жөн. Ғалым басқарған шығармашылық топ түсіндірме сөздікті барлық талаптарға сай, жоғары деңгейде әзірлегені үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы – тек ғылыми ортадан ғана емес, күллі қазақ халқынан алған алғысы деп бағаласақ та болады.

Сөздік жасаудың сардары ретінде лексикографияның көкейкесті мәселелеріне ерекше мән беріп, қазақ тілінің қоржынындағы қазыналы дүниелерді сөздік жасау ісінде ұтымды пайдаланып, олардың берілу жолдарын ғылыми негіздеп, қысқаша айтқанда, қазақ лексикографиясының теориялық негізін тереңдеткен тұлғалы қайраткер-ғылым екенін танытты.

Бүгінгі күні өзі де тіл тарландарының қатарынан табылып отырған ғалымның шәкірті, профессор Сейдін Бизақов Ахаңды үлкен бедел мен зор құрметке ие еткен сан-салалы білімі мен ақыл-парасаты, ғылымға адалдығы мен ондағы проблеманы терең зерделей білуі, зор зерттеушілігі мен еңбексүйгіштігі, принциптілігі мен азаматтығы, сергектігі мен сезімталдығы, азаматтықтың ешқашан адастырмайтын биігінен табылатын қарапайым, тура да адал мінезі, кез келген кісімен ашық-жарқын сөйлесе білуі, қателескенді қисынға келтіріп, жас ізденушілерге қол ұшын беруге ылғи да елпілдеп тұратын қасиеті абзал ғалымның ішкі әсем жан дүниесін айғақтап тұратынын мақтаныш  сезіммен айтқаны есіме оралып отыр.

Айтса айтқандай, шәкірттерінен бөлек қазақ тіл білімінің тарландарының бірі, академик А.Ысқақов туралы әріптестерінің де ана тілінің абыройын арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін мерейлетуде ғылымға қосқан ғұламалығын сөз етіп, пайым-парасаты мол, саңлақ ғалым, ғылымды дамытуда ұтқыр ұйымдастырушы, жігерлі жетекші, білгір басшы болғанын жастарға үлгі-өнеге етіп жазған еңбектерінің өзі бір кітапқа жүк болары анық. Ендеше, ерекше дарын иесінің ғибратты ғұмырын жастар үлгі етіп, өмірлік шамшырағына айналдырса, мақаланың жазылу мақсаты да орындалды деп есептеуге әбден болады.

 

2525 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы