• Тарих
  • 01 Сәуір, 2021

ЖЕТІСУ ЖҰМБАҚТАРЫ

Альпинист-саяхатшы атақты шыңды 1903 жылы осылай түсірген еді.

 

1. ХАН-ТӘҢІРІНІҢ ТҰҢҒЫШ СУРЕТІ

Менің республикамыздағы осы бір ең биік шың туралы алғаш рет қалам тартқаныма 40 жылдың жүзі болыпты. Ол 1981 жылдың 12 қыркүйегіндегі «Лениншіл жас» газетінде шыққан шағын мақалам еді. Содан бері әрәдік түрлі басылымдарда Аспантау аясындағы оның ерекшеліктері, оған аяқ басқан алғашқы саяхатшылар мен зерттеушілер және 7010 метрлік биіктікке ие бұл мұз құрсаулы мұнараны тұңғыш бағындырған альпинистер хақында қадери-халімше 8 мақала жазыппын. Былай алып қарағанда, оларда бәрі де қамтылып, жеткілікті айтылған сияқты еді. Бірақ сөз етіліп отырған шыңның біз білмейтін құпиялары әлі де баршылық екен. Соның бірі санамызға ойда-жоқта сап ете түскен: «Хан-Тәңіріні алғаш рет суретке түсірген фотограф... Алып шыңның болмыс-бітімін әлемге тұңғыш жария еткен ол кім?» деген сұрақ-тын.

Бұл үшін кезінде өзіміз тауып жазып, есімдерін ерекшелеп атаған саяхатшылар еңбектерін қайта қарауға тура келді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Орталық Тянь-Шань, ондағы Хан-Тәңірі шыңын көріп, зерттеген бұлардың жалпы саны 15-ке жуық адам еді. Солардың ішінде неміс альпинисі Мерцбахерге келгенімізде көзімізге: «Ол Хан-Тәңірі массивіндегі мәрмәр қабырға мен жұмбақ көлді тұңғыш тапқан және шыңды ең алғаш фотоға түсірген жан» деген сөйлемнің көзімізге оттай басылғаны!.. Міне, қызық! Мұны бұрын біз қалай байқамағанбыз, көрмегенбіз?! Шамасы, бұл интернет жетістігі арқылы табылған соңғы жаңалықтардың бірі-ау! Содан, ал кеп ізденіс жұмысына кірісейік. Ақыры керек деректерді компьютер базасындағы сайт ресурстары мен саяхатшының Тянь-Шань сапары туралы 1905 жылы Лондоннан жарыққа шыққан ағылшын тіліндегі кітабының соңғы басылымын Қазақстандағы Германия елшілігінің қызметкерлері арқылы алдыртқаннан кейін төмендегі жайттарға куә болдық.

Германиядағы Байедсдорф елді мекенінде 1843 жылы өмірге келген Готфрид Мерцбахер аң терілерімен сауда жасайтын дүкеншілер әулетінің баласы екен. Өсе келе әке жолын қуған оның тасы өрге домалап, мол дәулетке ие болады. Бірақ тумысынан романтик ол 1886 жылы өзіне тиесілі сауда нүктелерінің бәрін нотариустық қолхатпен іскер топ өкілдеріне өткізеді. Мұндағы мақсаты – сауда-саттықтан қолын босатып, оған қатысты жұмыстардың бәрін сол саланың адамдарына келісімшартпен беру арқылы олардан өсім алып отыру-тын. Осындай қаржы көзіне қол жеткізген соң ол сонау балалық шақтан бергі арманы альпинизммен айналысуға мықтап ден қояды. Сөйтіп, өзі жасақтаған экспедициялармен ­Еуропа және Америка елдерінің таулы өлкелерін емін-еркін аралай бастайды.

1900 жылы Мерцбахер Ресей мен Қытай шекарасындағы Тянь-Шань, ондағы Хан-Тәңірі шыңы туралы естиді. Мұны ол Санкт-Петербургтегі Императорлық Орыс география қоғамы ғалымдарының аталмыш аймаққа барып келгеннен соң жазған еңбектерінен білген еді. Соларды жата-жастана оқыған неміс альпинисінің осы бір мүлдем бейтаныс әрі беймәлім жерге құмартқаны сонша: «Тәуекел!» деп сапарға шығуға бел байлайды. Бір есептен алып қарағанда, оның бұл ойы дұрыс та еді. Өйткені оған дейін жер шарының арғы-бергі бетіндегі Кордильер, Пиреней, Альпі және Кавказдағы биік шыңдардың бәрі игеріліп біткен-тін. Саяхатшылар мен зерттеушілер үшін енді Азиядағы Памир, Тянь-Шань, Гиндукуш, Алтай және Гималай тау жоталарының құпиялары әлі ашыла қоймаған нүктелер еді.

Осы жұмбақ жерлердің бірі Тянь-Шаньға құмартқан Мерцбахер оған экспедиция жасақтауға кірісіп, болашақ сапарға жігерлі әрі төзімді, сонымен қатар қабілетті зерттеушілерді жинауға барынша күш салады. Соның нәтижесінде құрамында Берлиндегі тау-кен институтының қызметкері, геолог Г.Кейдель, Мюнхендегі ғылыми-зерттеу орталығының инженері Г.Пфан, Кавказдағы Пятигорск қаласының бас бағбаны Э.Руссель, таулы Тироль өлкесінен шыққан жолбасшы Ф.Костнер секілді альпинистер бар топ 1902 жылы патшалық Ресейге қарайтын Жетісу губерниясының орталығы Верныйға (қазіргі Алматы – авт.) келіп жетеді. Одан 350 шақырым жердегі Ресей-Қытай шекарасында орналасқан Нарынқол форпосына бет алады. Интернеттегі деректер, міне, сол әскери бекініске жеткен соң олардың жорыққа жан-жақты түрде әзірленгенінен мол мәлімет береді. Атап айтқанда, осы елді мекеннен 54 шақырым жердегі Хан-Тәңірі массивіне қалай жетуге болады деген мәселе талқыланғанда, оған селоның қарт тұрғыны Н.Набоков Байынқол аңғарымен жүріп отырып баруды ұсынады. Және жорықты тамыз айының алғашқы аптасында бас­тап, бар-жоғы 2 жеті ішінде аяқтап шығуға кеңес береді. Мұны ол кісі бұл жердегі ауа райының сол уақыттағы 14-15 күн бойы бұлтсыз ашық, тымық және жайма-шуақ болатын ерекшелігімен түсіндіреді. Ал сөз етіліп отырған өңір шекаралы аймаққа жататындықтан, экспедициядағы шетелдіктер өмірінің қауіпсіздігіне кім жауап береді дегенде, оны Верныйдан келген пәрмен бойынша осы форпостағы 2-Сібір полкінің 1-жүздігіндегі Жетісу казактарының уряднигі К.Деев жеке взвод конвойын бөлу арқылы өз мойнына алатындығын мәлімдейді.

Сол басқосуда болған тағы бір қызық жайт бар. Жоғарыдағы мәселелер дұрыс шешімін тапқан соң, Мерцбахер олардан альпинистер пайдаланатын азық-түлік пен құрал-жабдықтардың өздерінде жеткілікті екендігін, дегенмен тағы нендей нәрселердің керек боп қалуы қажеттілігін сұрайды. Сонда жоғарыда аты аталған Н.Набоков қария бұлардың түнемелік шатырларына басын шайқап, 4500 метр биіктікке жеткен соң мына палаткалардың жылуға қамзау болмайтындығын, сондықтан іргедегі қазақ ауылдарынан шағын жаппа киіз үйлер және ат ерттеп, жүк теңдерін бууды жақсы білетін жергілікті ұлт жігіттерін жұмысқа алуды ескертеді. ­Содан бастап Мерцбахердің тілдік қорына «жігіт» сөзі берік енеді. Мұны біз оның қолымыздағы «Орталық Тянь-Шаньға саяхат» кітабындағы сөйлем жолдарынан анық байқаймыз.

Осы ұйымдастыру жұмыстарының бәрі әбден реттеліп болған соң, экспедиция мүшелері, оларды қорғаған әскери взвод солдаттары, жолбасшылар және азық-түлік пен құрал-жабдық артылған жүктерге ие адамдар бар, 128 аттылы керуен Нарынқолдан Хан-Тәңірі етегіне қарай қозғалады. Бұл «Аргументы и факты» апталығының 1997 жылғы 12 қыркүйектегі «Асқақ шыңды бағындыруға ұмтылған неміс» атты мақаладан алынған дерек.

Осылайша, олар Байынқол аңғарын өрлей отырып, Қарағайлыға келеді. Ақкөлдің етегін жанамалай өтіп, Екіашаға жетеді.Одан Жарқұлақ... Осы жерде оқыс оқиға орын алады. Оған «кінәлі» қалың шөп арасынан ду етіп көтерілген бөгелектер шоғыры екен. Тамыз айында әбден өсіп-өніп, тірлік ету қабілетінің ең жоғарғы кондициялық деңгейіне жеткен олар ойда-жоқта әлденеше жүздеп келіп, қылқұйрықтарға атой салған ғой. Бейқам келе жатқан экспедиция мүшелері жылқылардың қас жауы бұл қанатты жәндіктер өкілінің мынадай дүлей әрекетін қайдан білсін. Сондықтан да олар алғашында естерін жия алмай, жүк артылған аттардың тулап, бүйірлеріне ауған теңдерді сүйретіп ала қашқан, сөйтіп олардағы жәшіктерден шашылған консервілерді аласұра таптаған көрінісіне зәрелері ұша қарап тұрып қалады. Мерцбахердің қорыққаны фотоаппаратураның асай-мүсей саймандары артылған ат еді. Жоқ, ол аман болып шығады! Керуендегі оған жауапты «жігіт» оны бөгелектер шоғыры жоқ ашық беткейдегі тақырға қарай жетекке ала тартып барады екен.

Біраздан соң бұл у-шудың бәрі басылады. Конвойдағы солдаттар мен жол көрсетіп, жүк тиеуге жалданған қазақтар қылқұйрықтардың ата жауы осы бір титтей ғана қанатты жәндіктерден әптер-тәптері шыққан керуенді ретке келтіріп, өрге қарай қайта қозғалады. Содан 17 шақырым жол жүрген соң, олар аңғардың тұйықтала біткен тұсына келіп тоқтайды. Байқап қараса, алдарында алып тас қабырға тұр. Оның ернеуіндегі ғасырлар бойы жиналып сүңгіленген мұздардан сауылдай құйылған мыңдаған тамшыларда есеп жоқ. Жерге жеткенде олар жеке-жеке бұлақ боп ағып, бір арнаға тоғысады екен. Кейін белгілі болғандай, бұл Байынқол аңғарындағы осы аттас үлкен өзеннің басын құрайтын негізгі су көзі болып шығады.

Шыңға алдарында тұрған мына алып тас қабырға арқылы жол тауып өту мүмкін емес еді. Сондықтан одан үмітін үзген экспедиция мүшелері енді оның оң жағындағы қарлы асуға көз тігеді. Байыппен барлап қараған жанға бұл да оңай шағыла қоятын жаңғақ емес сияқты. Өйткені бір жағы жоғарыда сөз еткен қып-қызыл тас қабырғаға, ал келесі шеті көкке қарасаң төбеңнен тақияң түсер зау биік жалаңаш шоқыға барып тірелетін оған аяқ басу емес, көз тоқтатып қараудың өзі қорқынышты еді. Себебі ұзындығы бір шақырымдай жерге кесе-көлденең жатып алған жойдасыз алып жота беткейі тастақ жер емес, тек қардан, оның жүздеген жылдар бойы жел ұйтқытқан үрінділерінен құралған мұзды асу тәрізді болып көрінеді. Содан соң, иә, содан кейін онда не көп, үздіксіз соққан боран әсерінен пайда болған белдеу-белдеу құлама қарлар көп екен.

Альпинистердің алғашқы сәтте-ақ аңғарған осы сақтану рефлекстерінің астарында төмендегідей сыр бар еді. Асудағы адам аяғы баспаған мына қалың қар оппа ойығы деп аталатын қатерлі қақпан-тын. Бұл қай тауда да жиі кездесетін мұз жарығы емес. Ол әңгек қой. Оған түсіп кеткен әріптестері болса, ондай жағдайда жолдастары оларды арқан тастап шығарып ала алатын. Ал мына оппа қар ойығы... Оған тап келген адамның қайда түсіп, қайда кеткенінен хабар болмайды. Өйткені үсті сіресіп қатқан, ал асты жер жылуынан жібіп жатқан қар кеуегі үстіне құлаған жанды өзінің қатпар-қатпар сусымалы қуысына тартып әкетеді де жоқ қылады. Бұл бұл ма, сондай-ақ мына беткейдегі әрбір 100-150 метр сайын кездесетін құлама қар белдеулері де альпинистерге қауіпті болып шығады. Оны кесіп өтемін деп қайла сілтесең бітті, төбеңнен түндіктей боп төніп тұрған одан көшкін жүріп, өзіңді басады да қалады.

Алғашқы күндері осыларды көріп, байқаған экспедиция мүшелері: «Босқа тұрғанша, қимылдап көрейік» деп қарлы асуға көтерілуге әрекет жасайды. Өкінішке қарай... Тірліктері өнбейді. Қасат қар адымдарын аштырмаған альпинистердің 4 тәулік ішіндегі қайта-қайта түсіп-шығып жүріп игергендері жарты шақырымдай ғана жер еді. Ал олардың алдарында бұдан 5 есе артық тар жол, тайғақ кешу тұрған болатын. Соны бағамдап көріп, жеткен жерлеріне дейінгі қиындықтың өзінен жүректері әбден шайлыққан альпинистер алға беттей алмайды. Бұл уақытта күз лебі біліне бастаған тау ішіндегі күн де ­суытып, 5500 метр биіктіктегі лагерь адамдары ауырып-сырқай бастаған еді. Осы жағдайларға және өздері тұрған маңайда Хан-Тәңіріне апарар басқа асудың жоқтығына көзі жеткен Мерцбахер төмендегідей ұйғарымға келеді. Ол Нарынқол мен Мәрмәр қабырғаға дейінгі жүріп өткен жолдағы өсімдіктерден жинаған мол гербарий мен лагерь орын тепкен аңғардағы 8 күн ішінде жүргізіп үлгерген географиялық-картографиялық зерттеулерді, сондай-ақ сол уақыт аралығында түсірілген фотосуреттерді қанағат тұтып, экспедиция жұмысын тоқтату туралы шешім болатын.

...Таудан қайтып, етекке беттегенде керуеннің тағы бір кездейсоқ оқиғаға душар болмасы бар ма?.. Жамансайдан өтіп, Жарқұлаққа жете бергенде... Иә, сол жердегі өткелде сүрініп кеткен 2-3 аттың асау толқынды суға үйме-жүйме боп құлағаны... Бұларды жетектеп келе жатқан конвой солдаттары әлгі жануарларды орындарынан қанша тұрғызамыз дегенімен, одан еш нәрсе шықпайды. Сөйтіп жанталасып жатқанда, өзен арнасын кернеген кезекті бір долы толқын құлаған аттарды үстілеріндегі жүгімен аунатқан күйі төменге ағызып алады да кетеді. Онда экспедиция мүшелерінің құжаттары мен қаражаттарының бір бөлігі, Хан-Тәңірі шыңының Байынқол аңғары жақтағы алыс беткейінен түсірілген фотосуреттер пластинкасы бар еді. Қандай өкінішті?.. Солардың бәрі әп сәтте жоқ болады да кетеді.

Бірақ... Иә, бірақ Мерцбахер мол ерік-жігерге ие, керемет табанды адам болатын. Сондықтан да ол жоғарыдағы сәтсіз сапарға жасып, жабырқамады. Керісінше, қайраттанып, келесі жылы осында тағы келуге іштей серт етеді. Сөйтеді де Верныйға оралып, одан Ташкентті бетке алады. Ойы Мәскеу арқылы Мюнхеннен ақша алдырып, жаңа, екінші экспедицияға тыңғылықты әзірлену-тін. Ал мұнда, яғни Орта Азияның жоғарыда аты аталған шаһарында сапарға қажет дүниенің бәрі бар әрі олар өте тез табылатын еді.

Айтқанындай, келесі 1903 жылы жазда Мерцбахер Нарынқолға қайта келеді. Жорыққа шығар алдындағы ұзақ пікір алысудан кейін экспедиция мүшелері енді басқа бағытпен жүруді ұйғарады. Ол Хан-Тәңірі етегіне Қырғыз бен Қазақ елдері арасындағы Сарыжаз тау сілемдері арқылы барып көру еді. Осы бағытпен сапарға шыққан топ Сырт жайлауына жетеді. Одан Инелшік мұздығын бетке алады. Оған дейінгі қияметтің қыл көпірі дерлік жердің алғашқы 20 шақырымдық бөлігін артқа тастаған жорық иелері Түз жотасына көтерілмей ме?.. Міне, сонда Мерцбахер бұдан әрі жүк артқан аттар жүрер жолдың да, бұл жануарлар талғажау ететін шөп атаулының да мүлде жоқ екенін көреді. Альпинистердің алдарында енді осы тау белдеуінен ­бастап тек үйдей-үйдей арантіс шоңғал тастардан ғана тұратын сұп-сұр өлі аңғар жатқан еді. Сондықтан да экспедиция мүшелері амал жоқ Мерцбахердің айтқанына көніп, өздері мініп, жүк артып келе жатқан қылқұйрық атаулыны күзетшілерге өткізеді. Сөйтеді де оларды сол Түз маңындағы сайға қалдырып, өздері алға жаяу тартады.

Осылайша, өрге тырмысқан альпинистер 2-3 күн бойы күндіз тоқтамай жүріп, түнде тас қуыстарына түнеп, Хан-Тәңіріні көлегейлеп тұрған ең үлкен шоқыдан асып түскенде, құдды бір Мұзды мұхит аймағына келіп жеткендей әсерде қалады. Өз көздеріне өздері сенбей қарайды, ұзынынан ұзақ созылған кең аңғар... Ондағы жаз айында еріген телегей-теңіз қар суы... Сол суда жүзген ірілі-ұсақты айсбергтер... Таудың ең суық сілеміндегі морена деп аталатын бұл мұз үңгірінің шоқылары альпинисттерге таңсық емес-тін. Бірақ Арктиканы көзге елестетін мынадай тосын құбылысты олар құрлықтағы шыңдар төңірегінен бұрын-соңды көрмеген де, естімеген еді.

Өздері кездейсоқ ұшырастырған бұл жұмбақ көлмен таныспау, зерттемеу сол кездегі қай экспедиция үшін де ағаттық болып саналатыны анық болатын. Сондықтан уақыттарының шектеулі екеніне қарамастан, ­Мерцбахер тобының мүшелері мұнда 2 күн аялдауға шешім қабылдайды. Осының нәтижесінде жұмбақ көлдің өзі ғана емес, оның төңірегі де алғаш рет қағазға жазылып, сызбалары картаға түседі. Жорық иелерінің байқауынша аңғардағы мол су өз ернеуінен асып та кетпейді және ортаймайды да екен. Бұған қарап оның табанындағы тастар арасында суды жер астына жіберетін табиғи тесік – ­сифондар бар-ау деп пайымдауға ­болатын сияқты.

Мерцбахерді алаңдатқаны бұл жердегі жолдың жоқтығы еді. Иә, ортасы еріп жатқан қар суына толы аңғармен алға қалай жүресің? Сөз жоқ, бір адым да аттай алмайсың. Ал оның жиегімен жылжуды ойға алмаса да болады. Өйткені екі жақтағы тіп-тік беткейді жапқан ұсақ қиыршықты қорымтас болмашы дыбыс пен сәл артық қимылдан төменге сырғи көшіп, өзіңді басып қалуы әбден мүмкін. Осыларды көріп: «Сапарымыз тағы да сәтсіздікке ұшырағаны ма?» деп уайымдаған Мерцбахердің көңілі қатты құлазиды. Ешкіммен сөйлеспей, терең ойға кетіп, бәрінен түңілгендей болады. Шамасы сол күндері-ау, оның қойын дәптеріне: «Тянь-Шань... альпинистік әуреленушілікті көтермейтін жер» деп жазатыны.

Әйтсе де, өзін-өзі тоқтатып, төңірекке барлай көз салған ол бір мезетте селт етіп серпіледі. Оған себеп болған нәрсе өздері отырған көл жағасынан бір шақырымдай қашықтықтағы биік шоқы еді. Бұл экспедиция мүшелері аялдаған жерден қиыстау, алшақ тұста тұр. «Уақыт өткізбей, осы биікке шығып, төңіректі барласақ қайтеді? Мүмкін, шыңға апарар басқа жол табылып қалар» деп күбірлейді ішінен ол. Сөйтеді де әріптестерін ертіп, соған беттейді.

Г.Мерцбахердің 1905 жылы  Лондонда шыққан Хан-Тәңірі туралы кітабы

 

Мезгіл түске жақындап қалған кез еді. Күн батпай тұрып шоқы үстіне жетуге тырысқан альпинистер өрге қарай жанұшыра қимылдайды. Сол екпіндерімен 4-5 сағат өткенде белгі­ленген межеге жетіп, алдарына қараса... Хан-Тәңірі жақтағы көкжиекті көлегейлеп тағы бір тау сілемі тұр. Мұны көрген Мерцбахер серіктерінің сол сәттегі өкініші дегеніңіз... Оны енді сөзбен айтып жеткізу өте қиын еді. Бәрі де сол өздері тұрған орындарынан қозғала алмай, жеткен жерлеріне сылқ етіп отыра кетеді. Жолдастарының мына күйзелісін көрген Мерцбахер ешқайсысын: «Жүріңдер!» деп қыстамайды. Осы қажет-ау деген құрал-жабдықтарды іріктеп алып, ары қарай өзі жалғыз кете барады.

Содан кейін... Иә, содан соң оның жолдастары қалып қойған шоқыдан тайғанақтаған күйі төмен түскені есінде. Одан демалу дегенді ұмытып, қарсы беткейге қадам басқаны жадында. Және: «Күн батқанша, қараңғы түспей тұрып мына биік тау сілеміне шықсам... Сөйтіп айналаны өз көзімен бір шолып қарасам, шіркін!» деген арманы да ойында. Осы мақсатпен алғашында нық басып, ширақ адымдаған. Одан соң көзі қарауытып, қимылы пәс тартқан. Жүрісі келе-келе бір тұрып, бір жығылған мимырт тірлікке ауысқан. Ең ақырында күш-қуаты әбден таусылған ол құрал-жабдықтарды беліне байлап алып сүйретіп, еңбектей қозғалуға мәжбүр болған. Бір мезетте оның арқасындағы рюкзагы мойнына қарай лықсыған сияқты әсер береді. Басы да төмен тартқандай ма, қалай?.. Сөйтсе бұл өзі діттеген тау сілемі үстіне жетіп, кеудесі ондағы еңіске аса бере тоқтаған екен. «Алақай!» деп қуануға шамасы жоқ. Есеңгіреп отырып ес жияды. Тізерлей отырып төңірегіне қараса... О, ғажап! Өздері көріп, тоқтаған айсбергтер аңғары бар емес пе? Міне, содан шығыстағы 7-8 шақырымдай жерде бір алып шың асқақтап тұр. Ұшар басы аспандағы бұлтқа ұласып кеткен ол тәкаппар да құдіретті еді. Көркем көрінісінде де шек жоқ. Кереметтің нағыз кереметі. Батып бара жатқан күннің қызыл арай сәулесінен алаулаған болмыс-бітімі қандай?! Мұз құрсаулы мұнара онда жаратқан ие Тәңірдің тылсым күші бар сияқты...

Бұл Хан-Тәңірі еді. Иә, соның нақ өзі болатын. Ал оған таңдана қараған Мерцбахерде ес жоқ-тын. «Осы сәтті көруге мүмкіндік туғызған құдіреті күшті Құдайға мың тағзым!» деп күбірлейді ішінен ол. Сөйтеді де орнынан тұруға әрекеттеніп, фотоаппаратурасының асай-мүсейіне қол созады. Ойы – таудағы батып бара жатқан күн сәулесі өшпей тұрғанда, Хан-Тәңіріні суретке түсіріп алу еді. Осы мақсатпен треноганы құрып, оған объективті мықтап бекіткен ол шыңды фотоға 2 рет басып үлгереді.

Бұл кезде ымырт үйіріліп, төңірек қаракөлеңке тарта бастаған еді. Әлденеге алаңдаған Мерцбахер ақыры: «Осы ойым дұрыс» деген бір шешімге келеді. Ол мұнда қалып, таңертең күн шыққанда арнаулы аппаратпен Хан-Тәңірінің биіктігін өлшеу және оны тағы да суретке түсіру туралы ұйғарым еді. Осыған тоқтаған жанкешті жан құрал-жабдықтарын құшақтаған күйі ықтасын жердегі тас қуысына түнеп шығады. Таң ата бере дірдектей оянған ол діттеген жұмысына жанын сала кіріспей ме? Міне, сонда оның қолындағы құрал Хан-Тәңірінің ұстыны 7200 (қазіргі цифр – 7010) метр­ге тең екенін көрсетеді. Осыдан кейін өзі тұрған тау төбесінен көрінген Тянь-Шаньнның жалпы көрінісі мен Хан-Тәңірінің кең панорамалы келбетін қайта-қайта фотообъектив нысанасына алған кейіпкеріміз өзі асып түскен құз-қиялардың ар жағындағы жолдастарына қарай бет алады.

...Бұл кезде Мерцбахердің жасы 60-қа иек артқан еді. Сондықтан да Жетісудан аттанып, Баварияға барғаннан кейін ол экспедицияға шығуды доғарады. Бар уақытын Тянь-Шандағы жүргізген зерттеу жұмыстары мен түсірген суреттерін реттеуге арнайды. Көп кешікпей Мюнхендегі газет-журналдарда оның Аспантау және ондағы Хан-Тәңірі шыңы туралы фотолары жарық көріп, Еуропадағы альпинистік клуб мүшелерін таңғалдырады. Іле-шала, яғни, 1905 жылы Лондонда «Орталық Тянь-Шаньға саяхат» атты кітабы шығып, бұл еңбек оған үлкен атақ-даңқ сыйлайды.

Иә, оның олай болатын жөні де, реті де бар еді. Біріншіден, ол өзіне дейінгі саяхатшылардың ішінде Тянь-Шаньдағы осы бір белгісіз шыңға қалай барудың керектігін айтқан, соның жөн-жобасын көрсеткен тұңғыш адам-тын. Екіншіден, бұл жанкешті баварлық неміс саяхатшысы жоғарыдағы өзіміз әңгіме еткен мұз құрсаулы мұнараға апарар жолды ­тауып қана қоймай, сондағы шың іргесіне жақын Мәрмәр қабырға мен айсбергтер жүзген жұмбақ көлді бірінші көрген, қағазға сызбасын түсірген жан еді. Үшіншіден... Иә, үшіншіден кейіпкеріміздің сол замандағы альпинист атаулының бәрі армандаған «рухтар мекенін» алғаш рет суретке түсіріп, алып шың бейнесін әлемге паш еткені. Осы еңбектері үшін Мерцбахерге Мюнхен университеті профессор атағын берсе, Императорлық Орыс география қоғамы оны П.П.Семенов-Тянь-Шанский атындағы Алтын медальмен марапаттайды. Осыдан соң ол тағы да Ресей мемлекетінің екінші дәрежелі Әулие Станислав орденімен аталып өтіліп, Франциядағы Луи ­Максимилиан университетінің құрметті докторы болады. 1926 жылы жасы 82-ге келген қарт географ кезінде өзінің әлемнің 10-нан астам еліндегі тауларында болған уақытында көрген-білген жазбаларының бәрін Германиядағы ­Бавария университетінің кітапханасына сыйлайды. Сондағы мұрағатта Готфрид Мерцбахердің Жетісудағы Тянь-Шань сапарының күнделігі де бар. Бүгінгі таңда ол Қазақ елі жаратылыстанушы ғалымдары тарапынан өз зерттеушісін күтуде.

Жанболат АУПБАЕВ

НҰР-СҰЛТАН

 

2223 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы