• Білім және ғылым
  • 01 Сәуір, 2021

Отанды қорғау – білімнен

Қоғам өзгерісіне байланысты сана да, талап та өзгеше. Шет елдерде дипломға емес, мамандардың біліктілік сертификатына қарайды. Бұл талап еліміздің Білім және ғылым министрлігіне де жеткені бізді қуантады. Білім – қоғам дамуының көрінісі. «Білім алу азабы уақытша, ал білімсіздіктің азабы мәңгілік» деген сөз бар.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктіліктің дәуіріне айналды. Жастарға уақыт талабына сай жаңа кәсіпті игертіп, сол арқылы бәсекелестік қабілетін арттыру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналуда. Осы  орайда тарихы сонау 1952 жылдан басталатын Алматы қаласының білім басқармасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны ­«Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі» мекемесінің республика жастарына кәсіптік білім берудегі атқарып отырған шаралары атап айтуға тұрарлық. Әр жылдары Алматы политехникумы, Жеңіл өнеркәсіп техникумы, Технологиялық жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық қызмет көрсету техникумы аталған арнайы орта білім ұжымдары бірігіп Алматы сервис колледжі атауын иеленген-ді. Бүгінде аталмыш колледж алматылықтардың мақтанышына айналған.

Колледж қабырғасынан жыл сайын ­программист, туризм, сәнгер (модельер), шаштараз, тігінші, стилист, қонақүй қызметкері  мамандықтарын игерген мамандар бітіріп шығады. Колледжде өз маманды­ғын  жақсы меңгерген 60-қа тарта ұстаз-оқытушы дәріс береді. Колледж директоры Жарқын Жаниязова іскерлік, ұйым­дастырушылық, жаңашылдық қабілеттерімен, ұжымның құрметіне бөленіп келеді. Ынтымақ, бірлік бар жерде өнімді еңбек болатыны аян. Колледжде оқитын мыңнан аса білім алушының сабақ үлгерімі, тәрбиесі де көңіл көншітерлік.

Мен колледждің алғашқы әскери дайындық оқытушысы ретінде білім алушыларға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруге тырысамын. Себебі олар болашақта Отанды, елді қорғаушылар. Жастардың бойында патриотизм осы бастан қалыптасуға тиіс деп ойлаймын.

Тәуелсіз Республикамыздың әскерінің рухы мен даңқы одан әрі арта түсуі үшін, колледж білім алушылары әскери дайындық сабағынан мол әскери мағлұмат алғаны дұрыс. Дұрыс дайындалмаған жастар келешек әскер қатарында қызмет етсе, еліміздің қуатты қарулы күштерін құру мүмкін емес. Біз алғашқы әскери дайындық арқылы жастарды кәсіби әскери дайындыққа ынталандыруымыз қажет.

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, Қазақстан Республикасының халқына адал болуға тәрбиелеу.

 

Асқан Әзімхан,

Алматы мемлекеттік сервис және

технологиялар  колледжінің алғашқы

әскери дайындық бойынша

оқытушы-ұйымдастырушысы

 

1746 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы