• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2021

ҚҰБЫЛУДА ДҮНИЕНІҢ КЕСКІНІ...

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы 
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

***

Үнсіз...

Тілсіз...

Көк аспан...

Жырақта Айым...

Қара жердің қабағы – сұрақтайын.

Өмір көшіп барады көкжиекке,

Дәуір заулап барады құр аттайын.

 

Жүрегімді бүреді сұрақ дәйім.

 

Сұрақ...

Сұрақ...

Миымды жаулап алған.

Жылдарымды іздеймін дауда қалған.

Тау басында – найзағай, күн күркіреп,

Қара нөсер жауардай саулап алдан?!.

 

Келем іздеп ғасырды дауда қалған.

 

Алты құрлық мазасыз...

Қағысуда...

Ой-санасы пендеңнің жарысуда.

Күбірлейді ақсақал киіз үйде:

«Кетпесін, деп, жыйғанның бәрі суға...»

 

Қалың сұрақ кеудемде алысуда...

Қағысуда...

 

БІР ЕЛЕС ЖҮР...

 

Қала...

Дала...

Құбылуда адамдар,

Көріп соны жүрек шіркін алаңдар.

Құбылуда көк пен жердің арасы,

Құбылуда алқара көк – ғалам бар.

 

Құбылуда дүниенің кескіні,

Құбылудан ескі әндердің өшті үні.

Өзгерді өмір...

Өзегімде – көк жалын,

алыстырған жаңа менен ескіні.

 

Қоңыр түске бояп тау мен қыр өңін,

Қарашада елегзиді жүрегім.

Кешкі уақыт...

Көшті бақыт ұстатпай,

Қозғалғандай діңгегім мен тірегім.

 

Құбылуда аспан мен жер арасы,

Құбылуда Адам Ата баласы.

Әлдекімдер тағдырымды тәлкек қып,

сыздайтындай жанның бітеу жарасы...

 

«Жұмақты әпер» деп сұраман, Айдағы...

Аман болсын Адамзаттың Айлағы.

Айдың астын кезіп елес жүргендей –

Ібілістің бір алапат майданы.

 

Бір үрей бар көкті кезіп тараған,

Мен ғана емес...

Алаңдаулы бар адам.

Алаңдаулы алты құрлық анасы –

Қара Жер де тамтығы жоқ жарадан.

 

Құнығуда...

Жұлынуда Заман-қар...

Құбылуда:

Қала...

Дала...

Алаңдар...

Ойланыңдар!

Тәңір Ұлы неге үнсіз?!

Бір елес жүр...

Сақ болыңдар, Адамдар!

 

Құбылуда ғалам бар!

 

БІССІМІЛЛӘ!

 

 «Мен жастарға сенемін!..»

Мағжан

 

Арындысың!

Ағындысың!

Сеземін...

Толқын атып жатыр іште өзенің.

Дәуір дейтін құр асауды тізгіндер,

Біссіміллә!

Келді Сенің кезегің!

 

Тіл бітіріп қорғандарға, жал, құмға,

Үн бітіріп ормандарға, шалғынға...

Кесіп айтар...

Шешім айтар жұртыңа

Заманың тұр...

Амалың тұр...

Алдыңда!

 

Дәуірің тұр бағынбастай жұлқынып,

Ноқтасына басы сыймай бұлқынып...

Өмір дейтін – долы теңіз... Ұмытпа!

Бола бермес ойлағандай кіл тұнық.

 

Тау да,

Тас та,

Сарыарқа да өзгерді.

Алатаудың өзгергенін көз көрді.

Мынау Ұлы Даласына Қазақтың

Сөзі бөлек, ісі бөлек кез келді...

 

Біздің заман өзгеше еді... Өзгеше!..

Тағдырменен ойнайтұғын жездеше.

Асау жылдар аңыз болып қалды енді,

Бермейтұғын мінез бенен сөзде есе.

 

Кезең келді таразылап пендесін,

Екшейтұғын аламанда ел көшін.

Заманыңа сенің, Ұлым, алаңмын:

Ісің...

Сөзің...

Соғатұғын Жел де – сын.

 

Құбыладан соғатұғын дем – егіз,

Егіз...

Егіз!..

Айдынымыз, Төбеміз.

Солтүстіктің мұздықтары қозғалса,

Оңтүстікте жыртылардай көбеміз.

Батыс...

Шығыс...

Қызыл жалын, жерік үн.

Ібілістің үні сынды – Пері мұң.

Құдайсыздар құбылуда күн санап,

Қияметтің үрлеп қара көрігін.

 

Сәби ғалам... Бұлдырайды дара шың –

Тәңір салған ұлы сурет!

Жарасым!

Кезең келді майдан ашып, жалғайтын

Жүректер мен жүректердің арасын.

 

Дәуір Ұлы...

Сынға салды Сені Елім,

Сенде менің:

Тәңір!

Тағдыр!

Өлеңім!

Сақтау үшін Қара Жерді,

Ұмытпа!

Сақтау парыз – Ұлы Дала көлемін.

 

Арындысың!

Ағындысың!

Сеземін...

Буырқанып жатыр іште өзенің.

Ұлым!

Ұлым!

Дәуіріңді тізгінде!

Біссіміллә!

Келді Сенің кезеңің!

 

ЕСКІ ӘУЕН

 

Мың сан нұрдың арасынан өшпеген

бір жарықты іздеймін де... Екшелем...

Жалт-жұлт етіп жанарымен шақырып,

со бір жұлдыз жаздырады кешке өлең.

 

Қою түнде мың құбылып реңі,

дүрс-дүрс етіп соғатындай жүрегі.

Со бір жұлдыз – бала күннен сырласым,

арманымның қанаты еді, тірегі.

 

Тербеп тауды, өлең шөпті, қияқты,

көкіректен талмаусырап күй ақты;

со бір жұлдыз түн ауа кеп туатын,

әлі күнге ән салатын сияқты.

 

Сәулесіне шомылатын түнгі Айдың,

балаң едім, бозбала едім, ұлғайдым.

Дәуір өтті... Бірақ жұлдыз орнында...

Әнін...

Күйін...

Баяғыдай тыңдаймын.

 

Со бір жұлдыз – көңілімнің көрігі,

өмірімнің өрнегі мен серігі.

Көк аспанды бұлт басса, іздеймін,

басылардай жырларымның желігі.

 

Қалатындай жер үстінде от өрмей,

өткен өмір, кешкен көңіл бекердей.

Со бір жұлдыз... Болмаса егер аспанда

ғалам ұлы көшіп мүлдем кетердей.

 

Тағдырымды....

Қалай?

Қайтып сөгейін?

Бер, Тәңірім!

Ойдан азап шегейін.

Со бір жұлдыз өшпесін деп көктегі

Айтақырға жырдан жаңбыр төгейін.

 

***

Інім!

 

Ойлану үшін бас берген,

егілу үшін жас берген.

Күш берген, қуат Адамға

көтеру үшін тасты өрден.

 

Жұмбағы қалың ғаламда,

Міндет көп артар адамға;

бүлінбей ғұмыр кешу – сын,

бүлінген мына заманда.

 

Басыңды сұқпа құрыққа,

жаңыла көрме!

Құнықпа!

Әр ісің менен әр сөздің

сұрауы барын ұмытпа!

 

Жүрекпен тыңда қыр үнін,

жүрекпен өмір сүр, інім.

Сұлулық...

Сымбат – Жер үсті.

Тарқата көрме бұрымын.

 

Тіршілік дейтін сағымға

алдана көрме!

Алынба!

Өмір – шөл..

Бірде қара орман,

адасып кетпе қалыңда.

 

Оттанбыз!..

Желден!..

Суданбыз!..

Көк мұхит, қалың нуданбыз.

Адам Атаның сарқыты

сананы оймен жуғанбыз...

 

Сарқылмау үшін туғанбыз!

Інім!

 АРЫЛУ

 

Ей, ескі дос!

Ерік беріп сезімге,

Шынымды айттым...

Сырымды айттым...

Безінбе!

Жұмбағымды...

Құндағымды қозғадым,

Өзің...

Сөзің...

Жарасқан бір кезімде.

 

Ақ нөсердей ағыл-тегіл ой кеп бір,

Жүрегімде күмбірледі сөйлеп қыр.

Іштегі, асау шерім, мұңым сілкінді,

Жуылғандай болды көңіл – көйлек кір.

 

Кетті деме, артықтау сәл көпіріп,

Өтті деме, өтпес жерден секіріп.

Кінәлассәң...

Кінәласәң...

Өзің біл!

Ақтарылдым.

Айта алмадым өтірік.

 

Айтып, шыным, жеңілдедім бүгін мен,

Сәттеріме «Шүкір» айттым жүгінген.

Тәңір нұры шайып өтті кеудемді,

ұмыттырып күндерімді үгілген,

түндерімді түңілген...

 

Көріп тұрмын!

Сауал тұрды көзіңде.

Әр пенденің өз жұмбағы – өзінде.

Шынымды айтып,

Сырымды айтып, арылдым.

Өзің...

Сөзің...

Жарасқан бір кезіңде...

 

***

Көңіл дейтұғын сығырды

басатын кім бар?

Қайда күш?

Жыр болып қонған сыбырды

ұшырсам ба екен Айға алыс?!.

 

Болар ма, пенде, дегенің,

көнер ме заман ырыққа?

Жұлқылап ойдың көгенін,

қайыру бермей құрыққа...

 

Сипатпай жалын, сауырын

Боз аттай тіліп даланы,

андыздап Асау Дәуірім

барады көкпен...

Қара, әні!

 

Көнетін түрі жоқ білем,

шаң қауып қалды тау үсті,

кеудемді қарып отты дем,

қара түн таңға ауысты...

 

Жеткізер емес...

Ұзады!

Ғаламның шулы дүбірі!

Мойында – тағдыр дұзағы,

Көңілде – көктем сыбыры.

 

Аспан мен Жерді тыңдадым,

Асау ойларым – көкберен,

Жеткізбей кетті жылдарым

Бас бермей бірге кетті Өлең!..

 

***

Өмір шіркінге не дерсің?!

Өртеніп, жанып, сөгерсің.

Өзіңді-өзің кінәлап,

өлеңге бәрін төгерсің.

 

Бүлініп іштей жіктерсің,

үгіліп үнсіз үптерсің.

Өткен-кеткенді саралап,

сағынып, бойды тіктерсің.

Жүректі жалап от-өрім,

ғарыштан жұмбақ жетер үн.

Сарсаңға салар сен ішкен

бал менен уың, шекерің.

 

Шырқырап ойдың шанағы,

шарпиды жалын сананы.

Өтеді бәрі қас-қағым,

тамшыдай тасқа тамады.

 

Тамады-дағы теседі,

Құбыла желі еседі.

Келу мен кету – Тәңірден,

Өтеді бәрі, көшеді...

 

Тербеліп дала, тау әні,

Көкала бұлт ауады.

Көктемде, жазда, қазанда,

ақпанда өлең жауады...

 

Мәңгілік көші ауады...

 

ЖЕРГЕ ТҮС!

 

«Адамның күні – адаммен...»

Халық сөзі

 

Ес жыйғалы іздеп ең...

Таба алдың ба?

Кең айдынға шықтың ба? Қамалдың ба?

Арман дейтін асау ат кетті ме ұзап,

жел суырған айналып сағал құмға?!

 

Сәуле-нұрды көрінбес өзге ешкімге

есің кете іздеп ең...

Кездестің бе?

Ой дейтұғын биік шың бағынды ма?

Тізгін бермес жан едің өзге ешкімге?!

 

Адамдарға жақтың ба?

Жақпадың ба?

Сызығынан иманның аттадың ба?!

Арбасқанмен арбасып, шыныңды айтшы,

Ар отына жүректі қақтадың ба?!

 

Алу...

Беру...

Пендеге серт еді ме?

Айналды ма кешегің ертегіге?

Байқадың ба?

Қу тірлік – қас-қағым сәт.

Тағдыр-бейбақ – көк жалын.

Өртеді ме?!

 

Сезсең соны...

Айыл жый!

Асқақтама!

Ей, Жұмырбас, кеудеңе тас қаптама!

Қысқа өмірді қысқартпа.

                                Мәңгі ешкім жоқ.

Қара жұртың күтіп жүр...

Қашқақтама!

Қуан!

Жұбан!

Жерге түс!

Асқақтама!

 

ӨЗГЕ САРЫН

 

Біздер, досым, өлу үшін келмедік!

Өмір үшін...

Қаталадық, шөлдедік.

Өлмеу үшін...

Тауды шарлап, құм кездік,

Дауылда қап,

Жауында қап, селдедік.

 

Шыңға шықтық...

Шыңырауды ұғындық...

Көкжиекке көз жеткенше үңілдік.

Асылдардың асыл ойын серік қып,

Жасықтардан... Жерідік те, түңілдік...

 

Үңілумен...

Түңілумен...

Өтті өмір!

Өтті жылдар...

Жапырағын төкті өңір.

«Өлу үшін келмедік!» деп жүргенде,

Талай асыл...

Ұшып кетті көкке жыр...

 

Талай жайсаң жұлдыздай боп өтті ағып,

Жоқтау айттық...

Күңіренді көп халық...

Өмір өтті... Боз даланы боздатып,

Ажал шіркін, боздақтарды кетті алып.

 

Көрінбеді. Қырларымды қозғап ем...

Естілмеді. Дауысымды созған ем...

Талай досты алып кетті аңдаусыз,

Сөзі жұмбақ...

Өзі жұмбақ өзге әлем...

 

Өтті бауыр... «Өлу үшін келмеген»

Өтті дәуір қаталаған, шөлдеген...

«Өлмесін!» деп әкетті ме Тәңірім,

Жеті түнде...

Құлағыма келді өлең?!

Өзге сарын...

Өртенбеген...

Өлмеген...

 

ТҮС. ТУҒАН ҮЙ.

 

«Жартастың жонын ұрғылап,

Сұрар ма екен бір бұлақ:

– Сол бала қайда кетті? – деп...»

Мұқағали

 

 

Түгенделмей, бүтінделмей көш, бауым,

Ес жиғалы жолда келем,

Кеш, Қауым!

Сағындым ба?!

Орны бар да, өзі жоқ,

түске еніп жүр туған үй мен ескі ауыл.

 

Қия белден қара орманның сыбыры,

естілердей әжелердің күбірі...

Қыр астынан көкпар үні жетердей,

бойды сілкіп қалың тұяқ дүбірі...

 

Шекаралы тар қолтықтан жел ескен,

жететіндей бір ескі әуен дөңестен.

Мына арада болмағандай тіршілік,

ұл өсіріп, қыз ұзатып, ел өскен...

 

Өткен өмір...

Ойы, сөзі, ісінде

бір міні жоқ, отын жағып ішімде...

Қозы, лағын маңыратып ескі жұрт,

қара шалдар қауқылдап жүр түсімде...

 

Әкем...

Анам...

Түсіме еніп бауырым,

Ертегідей көшіп кеткен дәуірім.

Мен туған үй шақыратын тәрізді,

қолын бұлғап кіндік кескен ауылым.

 

Күзгі жазық – тозған ескі шекпендей,

Көктен жұлдыз жарысып нұр төккендей.

Қара жорға...

Кісінеп жүр, жануар,

бала күнім құсқа айналып кеткендей.

 

Үйсінтаудың бұлт оранып бөктері,

Көкбастаудың жем іздеп жүр кептері.

Ұлар құстың үні естіліп Қыржолдан

Ойырмадан ұлитындай көк бөрі...

 

Сырға айналып, жырға айналып көш, бауым,

Ес жиғалы жолда келем...

Кеш, Қауым!

Мен туған үй...

Орны жатыр. Өзі жоқ.

Аян беріп, түске еніп жүр ескі ауыл...

 

ӨРТ

 

«Австралияның мың жылдық ұлы тоғайлары екі айдан астам

көк жалынға оранды.

Сұлулық жермен-жексен болды...»

 

«Іштегі дауыс» (Күнделік беттерінен).

Ақпан, 2020 жыл.

 

 

Жап-жасыл тоғай көркем-ді,

Жалын орады өртеңді.

«Алла!» деп ұшты көк жалын.

Табиғат-Ана өрт емді!

Себебі неден?

Айта алман...

Өрт құшты орман жайқалған.

Кінәлі Жер ме?

Аспан ба?

Адам ба әлде...

«Шайқалған?!»

 

Жұлмалап, жұлқып жұлынды,

Қыртысы Жердің тілінді.

Күрсінді мұхит «Алла!» деп,

Мың жылдық тоғай бүлінді.

 

Бұзылды сұлу жарасым,

Көмілді күлге қара шың.

Жайпады қызыл айдаһар

Тау менен таудың арасын.

 

Өртеніп қала-тұрағы,

Тартылып таудың бұлағы.

Сұлулық жермен-жексен боп,

Күрсініп аспан жылады...

 

Жап-жасыл тоғай көркем-ді,

Тіршілік көркем өртенді...

«Алла!» деп әлсіз күрсініп,

Ішіме менің өрт енді!..

 

Көк ала жалын – түсің бе?

Жүгенсіз...

Жөнсіз ісің бе?

Ойланшы бір сәт,

Ей, Пендем!

Адасқан сайтан ішінде...

 

Жылады бір жан ішімде!..

 

***

Қорған бол, Алла, жаныма!

Бере көр жалын қаныма!

Жалынсыз, отсыз күндерді

Жолата көрме маңыма!

 

Шындығым: Мен де пендемін...

Жайлымын, кейде шөңгемін.

Өмірім: күнгей, көлеңке,

Еңбегім, Елім – сенгенім.

 

Жүрегім, жаным – жыр айдын,

ширығып өлең құраймын;

жағымпаз, сатқын жандарды

жолата көрме сұраймын!

 

«Олаймын», кейде «бұлаймын»,

күрсінем, күліп, жылаймын.

Келетін бір-ақ өмірге,

Құлымын Тәңір-Құдайдың.

 

Қорған бол, Алла сұраймын!

 

ҚИЫН СҰРАҚ

 

Фәни-Жалған!

Жалған – мұң...

Жалған – күйік...

Жалған – қайғы,

Жалған – ой,

Жалған – биік.

Адамдардың жұмбағы көбеюде,

кеудесіне заманды алған құйып.

 

Жалғандықтан жүректер, сана – ғаріп,

сан қарайып,

кеңістік сан ағарып,

онсегіз мың ғаламның қатарында,

жадап-жүдеп жұмыр жер барады ағып.

 

Фәни-Жалған!

Жалған – сөз...

Жалған – күйік...

Жалған – арман,

Жалған – ой, жалған – биік.

Көз ұшында ғарыш көк барады ұзап,

кеудесіне арманды алған құйып...

 

Қайда кетіп барады?

Аллаға аян...

Арты – тарих. Ал алды? Жанға – баян.

Қай пайғамбар айтады?

Қай әулиең?

Ақ, қарасын айтады қандай адам?

 

Жұмбағы көп...

Шешімі қиын сұрақ.

Әуре болма Ғарыштың күйін сұрап.

Адамзаттың санасын қамшылаған

Жырың – сұрақ...

Жүрегің...

Миың – сұрақ...

Елді, Жерді сақтауың –

Мәңгілігің...

Қиын сұрақ.

 

***

Бір күн пенде боламыз, бір күн адам,

Артық емес бір кінә бір кінәдән...

Арылсын, деп алдында бір-бірінің,

Тарту еткен адамға Жырды ғалам.

 

Қиналғанда байқалып дір еткені,

Сілкінеді бір дауыс жүректегі.

Жұмырбасты пендеге қуат берер,

Өлең шіркін!

Өмірдің бір от-кені.

 

Сол от бізді жібермей үгілуге,

Сол от бізді жібермей бүгілуге.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп»,

Үйретумен келеді жүгінуге.

 

Адамдардың алдырмай миын уға,

Қиын тұста үйретіп жиылуға.

Үйретумен келеді сол от бізді,

Ақиқаттың алдында сыйынуға.

 

Жүрек – төре...

Бағынып әміріне,

Дұға арнаймыз өлгендер қабіріне.

Сол От бізді келеді бағындырып,

Табындырып келеді Тәңіріге.

 

Бір күн пенде...

Боламыз бір күн адам...

Артық емес бір күнә, бір күнәдән.

Арылсын, деп, алдында Жаратқанның,

Тарту еткен адамға Жырды ғалам...

1784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы