• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2021

ЕРТЕГІ АДАМ (Эссе)

АЛМАТЫНЫҢ  БАС АСАБАСЫ

Ишанбай аға туралы ойла­дың ба, тұла бойыңмен жаныңды рақатқа бөлеген бір ыстық сезім бөлей жөнеледі. Ғылыми медицинаны Ойыл даласында алғаш әлпештеп, бүкіл қазақ даласына медицина саласының тұңғыш профессоры болып енген, Қазақстанның Денсаулық сақтау халық комиссариатын, Денсаулық сақтау ми­нистрлігін басқарған, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ­сарапшысы ретінде адам ағзасының проблемасын ­шешуге әлемдік мінбеден үн қосқан осы адам, жаңағы ­лауазымдарымен-ақ мысыңды басуы керек еді, жоқ ол керісінше, өзгені өзіне ұмтылдырып, өзі де өзгеге ұмтылып тұрады. Қазақтың тамаша ақыны Қадыр Мырза Әлидің:

«Айтқан бойда еретін сөз болса

бір – сенікі.

Көз жасымды көретін көз болса

бір – сенікі.

Ауыздығын кемірген

атқа мінсем – сенікі.

Бір телефон бүгінде

жатқа білсем – сенікі.

Будан гүлін біреудің

сұрыптасам – сенікі.

Туған күнін біреудің

ұмытпасам – сенікі.

Азырқанбай алатын

сыйым болса – сенікі.

Шақыртпай-ақ баратын

үйім болса – сенікі.

Басқаларға бұлдайтын

төрім болса – сенікі.

Өмір бойы толмайтын орын болса – сенікі» деп балаша еркелеуі, ай, тегін емес-ау! Ал, енді, онсыз да көңілі даладай кең, өз бойындағы табиғи мейірім отымен өзі «буланып» жүретін Ишанбай аға, осыдан кейін қалай ақтарылмасын. Қазір ел аузында жүрген «Свежая рыба» туралы анекдот осындай сәттердің бірінде туған еді. Немересі Әмірдің өтінішімен «Океан» дүкеніне барып, жібек жіпті тор дорбасын суда жүзіп жүрген балықтарға толтырып, ақшасын төлеу үшін кассаға беттемей ме?! Қалтасын әрі ақтарады, бері ақтарады, көк тиын жоқ. Жаңа жолда өнердің жас серілері кездесіп, соларды қонақ қылғаны сонда ғана есіне түседі. «Ал, министр мырза, төлейтін ақшаң қайда?». Кезектегілер Ишекеңе қарайды. Ишекең кассир қызға қарайды. Сөйтеді де: «Доченка, эта свежая рыба?» деп сұрайды. Қыз таңданып: «Конечно свежая, она же живая» дейді. «Нет, дочка, не всё живое свежее. Например, у меня Надежда Кузьминична тоже живая, но далеко не свежая» деп тордағы балықтарды суға апарып төге салады.

Қадырдың жаңағы айтқаны өмірден көшіріп алғандай. Ишанбай аға мінген ұшақ Мәскеуге қонар алдында Сталиндік сыйлықтың иегері, әлемге есімі белгілі дәрігер-академик В.Д.Тимаковтың ылғи да: «Господа москвичи, готовьтесь, ­завтра фестиваль Ишанбая Каракуловича» дейтін әзілін әріптестері, бар болса, әлі ұмыта қоймаған шығар. Алматының бас асабасын бұдан әрі де таныстыра беруге болар еді, бірақ осының өзі аз баға ма?! Мұндай бағаны аты әлемге мәшһүр авар ақыны Расул Ғамзатовқа қатысты естуші едім. Ишанбай ағам дәрігер бола тұра, асау ақынға тән адами тартылыс шабытын қалай тамаша меңгерген?!

Бүкіл бақытты саналы өмірін бірге өткізген Надежда Кузьминична қайтыс болғаннан кейін Ишанбай аға жерлесі, Ақтөбе облысы Қобда ауданының тумасы Мәрзия апайға үйленді. Сол Мәрзиясын қолтықтап, аға М.Әуезов атындағы академиялық театрға спектакль көруге бармай ма?! Дәлізде қазақтың арынды ақындарының бірі Сырбай Мәуленов кездесе кетеді. Ірі денелі тентек ақын алыс­тан аюдай қорбаңдап келіп, жақындай бере ағаға: «Өмір бойы адасып, адасып, шаршап, шалдыққанда қолыңа қондырған құсың құтты болсын» деп гүр етеді. ­Ишанбай аға шағын желпуіштей жайылған алақандарымен ақынды жанына жолатпай: «Әрі жүр, әрі, бұл ақын дегенің магнит сияқты, қойныңдағыны да тартып алады. Жалындап жүргенімде қарамай қойып едім, мені өмір бойы іздеп, ақыры тауып алған махаббатыма жолай көрме» деп, жанындағыларды қыран-топан күлкіге батырады. Шынында да: «... и умер великий хранитель здоровья людей с улыбкой на лице, с такой же, которой он обрадовал родных и близких при своем рождении в уильских степях» деп Сәтімжан өте дұрыс айтады. Ишанбай аға ауру әбден меңдеп, ауруханада қайтыс боларының дәл алдында өзін күзетіп отырған Мәрзия апайға, құп-қу жүзіне әлсіз қызыл шырай жүгіріп, құлағыңды әкелші дегендей ымдайды. Апай құлағын тосады. «Мәрзия, сен менің құдай қосқан қосағымсың ғой. Қазақтың дәстүрі бойынша, күйеуі қайтыс болғанда, әйелі мін­детті түрде жоқтау айтады. Ертең сен де жоқтау айтасың, соны қазір айтсаң қайтеді, естіп кетейін» дейді аға. Қайран қаламын, тағдырымен табиғи еркіндікпен осылай әзілдесе алатын күш-жігерді ол қалай бойына сіңірген?!

Өмірі сән-салтанат құратын, ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүрсе екен-ау! Әкесі Қарағұл маңдайы қырық қыртыс болып, кедейліктің зардабын көп тартқан кісі, анасы Ақанай он бес құрсақ көтергенмен, бала бақытын көре алмады. Ойыл даласын жайлаған обадан ұлдары Жаналы, Мұқағали, қызы Жәния жастай қайтыс болды. Өңірдегі белгілі зілзаладан қашып, Қарақалпақты паналаған зауалды шақта қызы Марияның сүйегі шет жерде қалды. Балаларының үлкені, азан айтып қойылған аты Мұқаналы болғанмен, табиғатынан тура мінезді, сотқар болып өскендіктен  Таусоғар атанып кеткен үлкен ұлы тағдырына көнгісі келмей М.Шоқайдың Түркістан Республикасын құру жөніндегі азаттық идеясын қолдайды. Жиырма үш жасында Хорезм Халық Республикасы Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып сайланған, іле-шала Түркістан ұлтшылдар ұйымымен байланысқан, панисламдық контрреволюциялық пиғылдағы адам ретінде айыпталған Меңдіқожа Ибнә­миновтің көмекшісі қызметін атқарады. Белгілі нәубетте Меңдіқожаның өмірі қиылған кезде Таусоғар да қуғынға ұшырады. Оның соңғы тағдырына қатысты өмірлік дерек айқын емес. Бірде, большевиктермен шайқаста оққа ұшты делінсе, бірде асқазан обырынан қайтыс болды делінеді. Бақтыбай Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмады.

Ишанбай ағаның дүниеге келуінің өзі өзгелерге ұқсамайды. Толғақ анасын жаңағыдай сергелдең көштің бірінде, атанның үстінде тербеліп келе жатқанда қысты. Е.Букетовтің оны «Атан қомында туған адам» дейтіні сондықтан. Сәбиді шүберекке орап алу үшін, атанды тізе бүктірген жер де өзгеше, Тұщы Ойыл болып келетін өзеннің Ащы Ойыл болып бөлінетін жыралы-жылғалы тұсы. Әлде, Ишанбай аға өмірінің де біресе ащы, біресе тұщы болып ағатын Ойылдың суына ұқсайтыны содан ба екен?!

Обадан қашып, аштықтан бұратылып, бас  сауғалап келген қазақтарға Хорезм өзбектерінің де қамқор бола қоятындай қауқары шамалы еді. Бойы қатып, буыны бекімеген Ишанбай біресе Байсұлтан арықтың қойын бағып, біресе саудагер Сұлтан көсенің жүгін арқалап,  біресе май шайқаушы Сапардың бөшкісін жуып, ащы мен тұщыға жаутаң көзбен қарап өсті. Ағаның күнделігінен: «Жасымнан Байсұлтанның қойын бақтым, арқалап суын тасып, отын жақтым. Қарным аш, үстім жыртық, басымда мұң, қызығын қашан көрем жастық шақтың» деген жолдарды оқып отырып, осылай демеске ­шамам да жоқ.

ЖЕҢІС ЕМЕС, ЕҢ АЛҒАШҚЫ ДРАМАЛЫҚ

КҮЙЗЕЛІС ЕДІ

Ата дәстүр бойынша «Он үш жасында отау иесі» болуы керек еді, бірақ сол жаста әлі «әріпті таяқ деп білмейтін» Ишанбайға болашағын бағамдау айға атылғанмен бірдей-тін. Өзінен әлдеқайда кіші балалар арасында бойы сорайып, қолына алғаш әліппе ұстағанда намыс бойын қалай өртеді десеңізші ... Өртемесе, сол күннен бастап құрық тимеген асаудай шиыршық атар ма еді. Іште тұншығып жатқан бір күштің сиқырымен әдеттен тыс тез есейер ме еді. Сауат ашу мектебін екі-үш айда тамамдады, сонша уақыт түркімендердің Ташауз округтік партия комитетінің құжаттарын тасыды, іле қайтадан өзбек арасына оралып, енді онда пионер ұйымдарын ұйымдастыра бастады, жылға жетпейтін уақыт ішінде осындай аласапыран жолдан өтіп, 1926 жылы туған жеріне оралған бойда Ойыл болысына хатшылық қызметке орналасты, тіпті оған да разы болмай, республикалық Білім беру комиссариатының арнаулы комиссиясы 1927 жылы Ойылдағы үй-күйсіз қырықшақты баланы сегіз арбамен Орынборға жөнелткенде, солардың арасында Ишанбай аға да болды. Кейін Хамза Жұматовтың: «Орынборға шала сауатты күйде келген Ишанбайдың білімге деген құштарлығы таңғалдыратын. Айналдырған бір-екі жылда оның бәрімізден көш ілгері озып кеткенін біз байқамай қалдық» дейтіні сол кез еді. Айтса айтқандай, И.Қарақұлов Оралда, өлкелік медициналық техникумның дайындық курсында оқи жүріп, тесік өкпе қара шаруа балаларын жинады, соларды білімге тартып, солар оқитын мектепті басқарды. Тіпті Ақтөбе округтік халыққа білім беру комитеті жанындағы сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияның тапсырмасымен Қобда ауданына арнайы іссапарға жіберілді. Әйтеуір, өмір тауқыметінен құтылып, оның қызығын көру үмітінің айқындала түсуі жас жігітті жігерлендіргені сонша, енді ол осыған жеткізген заманауи өзгерістердің қай-қайсысына болсын бейжай қарай алмады. Орал өлкелік медицина техникумның директоры Зобнинмен де, Алматы медицина институтының директоры Қасаболатовпен де тең дәрежеде пікір таластырудан тайсалған жоқ. Ащы шындықты ашық айтқанда, жаңағы екеуіне де жақпай қалды. Алғашқысына техникум газетіндегі ашық айтыс, екіншісіне Қасаболатовтың бұйрығымен И.Қарақұловтың институттан қуылып, іле-шала қайта қабылдануы куә.

Осы жолдарды жазу үстінде жүрегімді сыздатқан бір ойдан арыла алмадым. 1967 жылы Ишанбай ағаның үйінде біраз күн болып, жеке мұрағатымен танысқанмын, 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің екінші және үшінші беттерін тұтастай алып жатқан И.Сталин мен И.Қарақұловтың портреттері мен бағдарламалық материал­дарына көзім түскенде отыз жетінші жылдың нәубетін құжаттар арқылы ғана танып, біржақты қалыптасқан ұрпақтың өкілі ретінде маған Ишанбай аға да бір сәт сталиндік тәртіптің кейіпкеріндей көрініп кетті-ау деймін, белгісіз бір үрейдің бойымды дір еткізгені әлі есімде. Адам санасын өзгерту оңай емес, жаңағы «ұлтшыл-контрреволюциялық топ туралы» ұғымның жалпы көпшілікке үрей туғызу мақсатында жоғарыдан әдейі құрылған тұзақ екенін ұғу үшін қаншама жыл қажет болды десеңізші?! Ащы, бірақ ақиқат, мұрағат құжаттары көрсеткендей, институттың ­бастауыш партия ұйымының жалпы жиналысында ұстаз да, шәкірт те, осындай тұзаққа ілінерін сезсін, сезбесін бірін-бірі аянбай-ақ сілкіледі. Директор Е.Қасаболатов мақтаулы шәкіртін институттан шығару туралы бұйрық берді. Жоғары билік оны құптамады, іле-шала ол бұйрықтың күшін жойды, тіпті директордың өзін қызметтен босатты. Бұл И.Қарақұловтың жеңісі емес, ең алғашқы драмалық күйзелісі еді.

 

МИРЗОЯННЫҢ  ШҰҒЫЛ ШАҚЫРТУЫ

Келесі 1937 жылдың маусым айында жұмысшы асха­на­сында кезекте тұрған И.Қарақұловты әлдекім иығынан түртті. «Сізді іздеп жүрміз, Мирзоян шақырады» деді. «Кім?». «Лев Исаевич Мирзоян!». Аспирант үшін төбеден түскендей ­хабар. Л.Мирзоян И.Қарақұловты жылы қабылдады. Елдегі әлеуметтік жағдаймен таныстырып, денсаулық сақтау ісін түбегейлі түзету үшін арнаулы экспедициялар ұйымдастыру қажеттігін және оған сол экспедициялардың бірін басқаруды жүктегелі отырғанын айтты. Сөйтіп, жаңағы он екі экспедицияның бірін басқару Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссарының 1937 жылғы 7 маусымдағы бұйрығымен И.Қарақұловқа жүктелді.

Болашақ мемлекеттік қайраткердің қалыптасу жолы нақ осы кезден ­бас­талады және ол сол кезеңнің ерекше­лігімен, яғни мемлекеттің ұлттық кадрға зәрулігімен, аталған қайрат­кердің еліне сүйіспеншілігінің табиғилығымен, адами үйірсектігімен, сондай-ақ қызметке адалдығымен сипатталады.

Үш айда 8 341 адамның денсау­лығын тексеріп, 342 адамды жатқызып емдеген, 111 адамға сәтті операция жасаған, 14 бөбектің кіндігін кескен экспедицияның ауданға келуі мен кетуі әрі қуанышты, әрі өкінішті салтанатпен өтті. Ал, жас дәрігер И.Қарақұлов үшін үлкен өмір мектебі болды және ол үкімет басшыларының ­назарына ілінсе керек, экспедициядан оралысымен ілешала Денсаулық сақтау Халық комиссары болып тағайындалды. Араға тағы екі-үш ай салып, бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Өмір И.Қарақұлов үшін шарықтау мен құлдилау, шаттану мен егесу кеңістігі сияқты, біреуге жағып, біреуге жақпаса да күрессіз өткен күні некен-саяқ. Жыл жарымдық комиссарлық шарықтау 1939 жылдың ортасында қою оқиғалармен тұйықталған рухани күйзелуге ұласты. Мәселе қызметтен алыну емес, сүйікті жары Ираида тұңғышын босану үстінде қайтыс болды. Ишанбай аға қызы – Мариясын Мәскеудегі жақсы танысы, талай жанның бағын ашқан О.В.Васильевскаяның қолына тапсырды. Ольга Владимировнаның аналық мейрімі шексіз-ді, бірақ амал не, мәскеуліктердің өзі фашизм соққысының астында қалды. Осындай сұрапыл күндерде, кейін «Сырласу» атты кітабында толқи жазғанындай, шиттей сәбиін іздеп аласұрған, жолшыбай «көр азабынан» өтіп Алматыға жеткен И.Қарақұловтың кейінгі күндері де «аллаға шүкір» дейтіндей болған жоқ. Ірілі-ұсақты текетірестерден құтылып, жаны қалаған ғылыми жұмыспен еркін айналысудың сәті түспеді. Ғылым әлемді жайлап бара жатқан фашизм құрсауына түсіп қалмау үшін оған қарсы тұра алатын алапат күшке жегілді. «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше еменге иір бұтақ бітсейші, қыранға тұғыр қыларға, ханнан қырық туғанша қарадан бір-ақ тусайшы, халықтың кегін қусайшы, артымыздан біздердің, ақырып теңдік сұрарға» дегенді ер Махамбет осындайда айтса керек. Атом бомбасының «атасы» Р.Оппенгеймер А.Эйнштейнге атом бомбасын жасау ­туралы Рузвельтке жазған хатқа қол қоюын сұрағанда, ол: «Апырай, құдайдың өзі жеті қат жер астына жасырып тастаған затты шығарғанымыз қалай болар екен, кейін халық сорламас па екен?» деп жүрегін ұстапты. «Немістер бұрын жасап қойса қайтеміз?» деген соң ғана амалсыз хатқа қол қойған екен. Бактериялық жегінің құрсауындағы ұлтының қамы үшін кейбір «патриоттар» әдейі тұйыққа тірегенде, өз басын қауіпке тігіп, денесіне сынақ жүргізуден тайсалмаған И.Қарақұлов, ең алдымен мемлекеттің мүддесін, соның қауіпсіздігін көздеген ерекше құпия тапсырмамен КСРО Мемлекеттік шекарасының санита­риялық қауіпсіздігін қорғау жөніндегі жұмысты басқарып жүрген жерінен КСРО Қарулы Күштерінің ғылыми-зерттеу институтына жіберілді. Неміс басқыншыларының химиялық және бактериологиялық қаруларын қолдану мүмкіндіктерін қадағалау жөніндегі ерекше топтың жауапты қызметкері Сталинград үшін жан алысып, жан беріскен күндерде, қаланың жертөлесінде адамзатқа атом бомбасынан да қауіпті қарудың өте құпия сынағымен арпалысты. Ғалымдар­дың, оның ішінде И.Қарақұловтың да бақытына Сталинград шайқасы кеңес жауынгерлерінің жеңісімен аяқталды. Президент Трумэннің бұйрығымен атом бомбасы Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталғанда Р.Оппенгеймердің Президентке барып, наразылығын білдіріп, атом қаруын ойлап тапқан ақылын, хатқа таңбасын басқан қолын қарғап жылаған трагедиялық тағдырын И.Қарақұлов басынан кешкен жоқ, бірақ ол ғалымның ең рухани күйзелісті жылдары еді.

 

АЙМЕН, ЖҰЛДЫЗДАРМЕН СӨЙЛЕСУ АДАМДАРМЕН СӨЙЛЕСУДЕН ӘЛДЕҚАЙДА ҚИЫН ЕКЕН

«Қой бастаған серкенің маңдайы­ның соры бес елі, – деп Ишанбай аға бірде өткенді күлімсірей еске алды. – Ресми жауапты қызметтен босап, арқамды кеңге салып жүрген кезім еді. Аяқ астынан Орталық Партия Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жан­ділдин шақырды. «Сізді респуб­ликалық Обсерваторияық ғылыми орталықты басқаруға жібергелі отырмыз» деді. «Ойбай-ау, медицина қайда, аспан әлемі қайда. Жоқ, бармаймын» дедім шорт кесіп. «Ишеке, бұл өзі бізге құпиясы көп, бірақ елімізге ұланғайыр пайдасы тиетін өте жауапты сала. Қазір сол сала мамандардың жетіспеуінен емес, сондағы бізге аса қажетті академиктердің бір-біріне мүйіз шайқауларынан зардап шегіп отыр. Сол екеуінің тілін тапсаңыз, бітті. Ол сіздің қолыңыздан келеді. Ал аспан мәселесін басқалар шешеді» деп табандап тұрып алды. Партияның сөзі жүріп тұрған кез. Аймен, жұлдыздармен сөйлесу адамдармен сөйлесуден әлдеқайда қиын екен. Том-том кітаптарды ақтарып, басым қатып жүргенде, жоспарлы республикалық бір симпозум өткізетін уақыт та келіп қалды. Симпозиумда жаңағы екі академиктің өзара айтысып жүретін мәселесі де қозғалуы тиіс. Соңғы отырыста саланың басшысы ретінде соларға бәтуа сөз сөйлеуім керек. Марқұм Қарақұл әкемнің айтқан ақылдарын түгел сүзіп шықтым, бірақ басыма ешқандай дәйекті дәлел қонбады. Сонда қандай шешімге келді дейсің ғой, – деп Ишанбай аға тағы да жайыла күліп алды. – Төрді қасымда отырған, Ленинградтан келген академик әріптесіме тапсырдым да, «дәретханаға барып келейін, жиналысты өзіңіз жүргізе беріңіз» деп шығып кеттім. Содан жұрт тарап жатқанда бір-ақ оралдым, қорытынды сөзді менің орныма Ленинградтан келген жаңағы академиктің айтуына тура келді. Менің басыма түскен мұндай қиын жағдайды ешкімнің басына бермесін, бірақ оның жақсылығы – бұдан кейін көтере алмайтын шоқпарды беліме қыстырмайтын болдым. Л.Мирзоянның 1937 жылы «Денсаулық сақтау халық комиссары боласың» дегенде, қатты шошынып: «Мен бұйрық жаза алмаймын» дегеніме: «Комиссар бұйрық жазбайды, қол қояды» дегенінің қандай дертке ұшыратынын тағы да айқын сезіндім».

 

ҒАБЕҢ ЖАЗҒАН  АЛҒЫ СӨЗ

Тән тазалығына осынша мән берген И.Қарақұловты жан тазалығы да аз толған­дырмаса керек, әртүрлі кездесулерде, әсіресе жастар үшін өзекті сұ­рақтар жиі қойыла берді де, уа­қыттың тапшылығына қарамастан, осы сұрақтарға толыққанды жауап беру үшін кітап жазуға отырды. Кейін «Сырласу» деген атпен қазақ, қырғыз тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген «Қырық сұрағы» осылай дүниеге келді. Кілең марғасқалар ортасында жүрген Ишанбай аға осы кітапқа алғысөзді әдебиетіміздің тірі классигі Ғабиден Мұстафинге жаздыртқысы келеді. Ғабең шоршып түседі. «Сенің түк салмағы жоқ бейпіл сөздеріңе не айтушы едім?» деп өзін кінәлай сөйлейді. Бірақ, әдебиетіміздің тағы бір тірі классигі, екінші Ғабаң, Ғабит Мүсірепов: «Ишанбай-ау, жер астында, шахтада көмір қазып, көзі ашылған Ғабиден әйел затының ғажайыбын қайдан түсінсін, екеуміз сияқты ақсүйек көресің-ау! –деп құрдас-досын түйреп өтеді де, – мен жазамын» дейді. Алғысөздегі классик қаламгердің: «Өмірде бар нәрсені айтпай, жасырып, оны үнемі жатсына беруіміз, шынына келсек, артық та, ағат іс» дегенін, Семейден хат жолдаған ­Ахмет Жүнісов деген азамат: «Етекке сыймайтын күннің нұрындай заңдылықты ашып жазбай қазақтың қылымсығаны енді жетті» деп толықтырады. Сол А.Жүнісов Ишанбай ағаның «Қазақ әдебиетінде» жарияланған ата-бабаларын Қобыландыға тірейтін «Жаңа туған» кімнен туған?» атты мақаласына да ерекше ыстық ықылас білдіреді. Тап осы мақалаға белгілі қаламгер, көне әңгіменің шебері Ж.Бектұров 1972 жылғы 16 сәуірде жазған хатында Ишанбай ағаның орасан зор ғылыми дүниелерін «ысырып қойып»: « …осы тақырыпта қалам тартуыңыз түбі сіздің көп еңбектеріңіздің ішіндегі ең сүбелісі болып қалар» дей келіп, егер осы бағытпен кетсеңіз сізден тамаша тарихшы не жазушы шығар еді деп әзілдейді. Ишанбай ағаның жақын інісі, белгілі журналист, аудармашы Есен Сафуани өз естелігінде осы әзілді былай зерделейді: «Мына Әзербайжан (Ә.Мәмбетовты айтып отыр – С.Б.) театрдың штатын қысқартып, жасы келген әртістерді зейнетке жібергісі келіп жатыр екен. Маған бір егде әйелді жіберіпті. Керемет ақылды әйел, Сізге жақсылап қарайды деп қояды. Маған беріп, құтылмақшы ғой. Үстіндегі қалың киімін шешпей отыра кетті. «Шешініп отырсаңшы» деп едім, «иә, шешем жақсы адам еді, жасы елуге толмай айрылып қалдым ғой, қайтейін» дейді. Байқасам, құлағы естімейді екен. Мен оған үйленсем, ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббат, ғашықтық сөздерді айқайлап айтуым керек пе сонда?

Егер ағамыз медицинамен айналыс­пай, жас кезінен әдебиетпен айналысса, түріктің Әзиз Несинімен иық тірестіретін сатирик жазушы болар ма еді, кім білсін». Әзіл болса да, осында шындық та бар. Ұлы Мұхтар, Мұхтар Әуезов ағаның «У индейских друзей» атты еңбегіне жазған алғысөзінде: «Профессор Ишанбай Каракулов, будучи в Индии, много видел, много сумел подметить внимательным глазом взыскательного друга. Об этом он рассказывает в своей книге живо и увлекательно» дейді. Иә, ағаның болмысты бағалап, танымдық, тағылымдық ой түюі, сөзді әсерлі, бейнелеп қолдануы ерекше еді.

Ойлап отырсам, ағаның арамыздан бақилыққа кеткеніне отыз жыл болыпты. Тағы да күлкі, адам баласын әзілмен емдеген аға өзінің табиғи болмысын еске түсіретін ерекше күн сол әзіл күні өмірден өтті. Ұлы Болат: «Әкемнің достарына телеграмма жөнелтіп жатырмын-ау, сене қойса жақсы. Ишекеңнің кезекті бір әзілі шығар демесе болғаны ғой» деп жымиды. Өлім үстінде де шынайы күлкі шақырған тұлғаға басымды идім.

«Ерте-ерте ертеде, жерде де емес, көкте де емес, атанның қомында, Ащы Ойылдың бойында бір томпиған сары бала дүниеге келіпті. Оған әке-шешесі Алланың елшісі Мұхамбет пайғарымыздың үмбетіне қызмет етсін деп Ишанбай деген ат қойыпты. Сол Ишанбай кеудесінде бір от тұтанып, сәуле шаша бастаған күні Өлім мен Өмір арасындағы байланыстың сырын зерттеу үшін сапарға шығыпты» деп бастағым келген, бірақ әртүрлі себептермен олай бастамаған ертегімді аяқтағалы отырмын. Кім қалай түсініп, қалай қабылдайды, ол басқа әңгіме.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Ақтөбе облысы

1614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы