• Руханият
  • 08 Сәуір, 2021

ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті бейне­конференция арқылы өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы  Нұрсұлтан ­Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті  Ильхам Әлиев,  Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті ­Реджеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедов және Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан, сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркі­с­танның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айтты. «Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден бабаларымыздың діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті. «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр» деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанына тоқталды. Қазақстан Президенті бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп жатқан қазіргідей қиын уақыттың өзінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Алайда күрделі кезеңдегі қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруы­мыз қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше мәселе бойынша ойымен бөлісті. Президенттің пікірінше, індетті тоқтатудың басты жолы – азаматтарды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету. Бұл орайда ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, Түркітілдес мемлекеттер бір-бірін қолдауы қажет деп санайды.

Президент: «Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын» деп атап өтті.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте Қазақстан Президенті ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн деп есептейді. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жас­тары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи степендиясы» деп аталатын болады. Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті. «Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп» деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Кеңестің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды. Онда мына мәселелер қамтылды:

Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Болашақта ротациялық негізде Түркі әлемінің өзге де әйгілі көне шаһарларына осы іспеттес мәртебе беруге мүмкін болатыны туралы келісті және Хатшылыққа Мүше мемлекеттермен бірлесе аталған мәселе бойынша ережені 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитінің қарсаңында Сыртқы істер министрлері кеңесінің қабылдауы үшін әзірлеуді тапсырды;

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қолдады және Сыртқы істер министрлері мен Хатшылыққа 2021 жылы күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитіне қол қою үшін тиісті құжаттарды әзірлеуді тапсырды;

Хатшылыққа «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясының» алғашқы жобаларын дайындағаны үшін алғыс білдірді және мүше мемлекеттердің тиісті органдарына өздерінің тиісті ұлттық  ішкі рәсімдері шеңберінде Түркиядағы келесі саммитте бекіту мүмкіндігі мақсатында оларды Хатшылықпен бірлесіп дайындауды тапсырды;

Әзербайжан Үкіметі және халқымен бірге қақтығыстардан зардап шеккен аумақтарды оңалту, қалпына келтіру және қайта біріктіруге олардың күш-жігеріне ниеттестігін білдірді және бір-бірінің егемендігі, аумақтық тұтастығы мен халық­аралық танылған шекараларының мызғымастығын өзара құрметтеу және ­мойындау негізінде ­Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастардың қалыпқа келуін қолдады;

Түркі кеңесіне қол жетімді үлкен ­мақ­саттар қоюға, стратегиялық маңызы бар өңірлік жобаларды, атап айтқанда көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым сала­сындағы жобаларды қолға алуға және жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін экономикалық бағыттың маңыздылығын атап өтті;

Атақты ақын және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің түркі халқына сіңірген еңбегін, Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өмірінің дамуына қосқан үлесін бағалап, сондай-ақ осы жылы оның 580 жылдық мерейтойының кеңінен атап өтілуімен байланыстыра отырып, Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаи халықаралық сыйлығын тағайындауға келісті;

Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлеріне Жүсіп Баласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық, Юнус Емре мен түрік тілінің жылы, Әлішер Науаидің 580 жылдық, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Әлихан Бөкейханның 155 жылдық және Хусейн Карасаевтың 120 жылдық мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берді;

Соңғы Саммит өткен уақыттан бері Түркі кеңесі Хатшылығының қызметіндегі маңызды жетістіктерді жоғары бағалады.

Ақжыға ЖҰМАҒАЛИ

 

1991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы