• Тарих
  • 15 Сәуір, 2021

ЖІБЕК ЖОЛЫ – ҚЫЛҚАЛАМДА

«Шығыс әдебиеті және өнері» ­Баспа компаниясынан» Фың Ишудың «Қылқалам арқауы – Жібек жолы» кітабы жарық көрді. Орталық Азия және Қытай мәдениетімен жақын танысуға ынталы, халықаралық мәдениетаралық қарым-қатынасқа қызығатын оқырманға арналған кітап адамзат мәдениеті туралы танымдық ақпаратқа толы. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Р.Алимов кітап ­туралы пікірін былай білдірген екен: «Қолыңыздағы кітап қамтыған географиялық кеңістік – Азия-Еуропа атты жаңа континенттік көпір түскен елдер, Арктикадан Үнді мұхитына дейін және Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейінгі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер – бір-бірімен белсенді түрде қарым-қатынас орнатқан кең-байтақ жер. Кітапта Қытай мен Орталық Азияның достық байланысының мың жылдық тарихы баяндалып, «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасының негізін құрайтын мәдени аспектілері көрініс тапқан; кітапта өзара сенім, өзара тиімділік, теңдік, өзара кеңес алмасу, мәдени әртүрлілікке құрмет көрсету мен ортақ дамуға талпыну туралы айтылады.

Қытай халықаралық баспа корпора­цияларының жетекші баспаларының бірі тарапынан басуға дайындалған бұл кітап Қытай мен шет елдердің мәдениеті туралы танымдық ақпаратқа толы. Бұл кітап дүниежүзінің мәдениетімен жақын танысуға ­ынталы жандарға ­тамаша көмекші құрал болмақ. Бүгінгі халықаралық  жағдай Шанхай ынтымақтастық ұйымына әрі қарай даму, серіктестік байланыстар мен мәдени диалогты нығайту және өрістету үшін жаңа тарихи мүмкіндік беріп отыр. Еуразия құрлығының сегіз мемлекетінен құрылған ұйымға мүше елдер жаңа және орасан зор жетістіктерге қол жеткізу жолында бірлесіп әрекет ететін болады. Чиндауда өткен ШЫҰ саммиті (2018 жылдың 9-10 маусымы) ШЫҰ тарихында жаңа дәуірді аша­тыны сөзсіз. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің жастары да қарым-қатынасты нығайтып, өзара түсініс­тікті жетілдіретініне, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері арасындағы барлық салалардағы ынтымақтастығына, өңірі­міздегі қауіпсіздік пен тұрақты­лықты қам­тамасыз етуге, ортақ даму мен гүл­денуге елеулі үлес қосатынына кәміл сенемін».

Кітап авторы Фың Ишу: «Мем­лекеттеріміз арасындағы ықпалдас­тық жылдан-жылға жоғары деңгейге көтеріліп, барлық бағыт бойынша дамып отырғаны жүрегімізге қуаныш ұялатады. Адамзат қоғамындағы жаңа тарихи кезеңде жаһандану мен ақпараттық төңкеріс үдерістері түрлі халықтарды бір-біріне жақын етіп, бір тағдыр қоғамдастығын қалыптастырды. Бұл бәрімізге ортақ қоғамдастықта мүдделер мен дамудың жалпы бағыты тоғысып, бір-біріне тәуелді болғанын да айта кеткен жөн. Соңғы ­жылдары мемлекеттердің халықаралық аренадағы рөлі мен кешенді күш-қуаты айтарлықтай нығайды. Оның себебі: тату, бейбіт өмір, өзара бүкіл әлем ­мойындады. Осы жағдайларда «ортақ келісімге келіп, оны құрып, нәтижесінің жемісін бірге көруді» негізгі қағида ретінде қабылдап, уақыт өте бұл ­ережеден «Бір белдеу – бір жол» атты ұлы бастама қалыптасты.

Өз бағытының ең бастапқы, шығыс­тағы нүктесінен Азия-Еуропа атты жаңа континенттік көпір табиғаты тамаша, тарих пен мәдениеттің көне ескерткіштеріне тұнған жазықты кесіп өтеді. Бұл тарихи ескерт­кіштермен ­таныса отырып, олардың кескінінен, сыртқы көрінісінен  конфуцийшілдіктің, буддизмнің және даосизм мұрасының белгілерін жазбай тануға болады. ­Дегенмен, олар – бөлек элементтер емес,  ұлттық мәдениетті қалыптастырған дүниенің нағыз мазмұны. Бұл кеңіс­тіктен мыңжылдықтар бойы араласып, бір-біріне сіңіп кеткен жергілікті және сырттан келген дәстүрлердің араласуының ізін көреміз. Даосизмнен біз «Дао табиғатқа сүйенеді» тұжырымын, конфуцийшілдіктен – «алуан пікір арқылы келісімге жетуге» әзірлікті, буддизмнен – «үйлесімді әлемнің» космологиялық тұжырымын қабылдадық. Еуразия құрлығының елдері тек қана ортақ тау сілемдері мен тасқынды өзендері арқылы ғана емес, сонымен қатар ежелгі Жібек жолының бағыттарымен де байланысқан. Еуразия елдерінің тамаша табиғатына тамсана отырып, олардың халқына деген терең достық сезімім арқылы мен ерекше тебіреніспен және сүйіспеншілікпен осы бағыттардағы өмір салтын, мәдени дәстүрлер мен ғұрыптарды, тарихи ескерткіштер және қазіргі нышандар мен таңбаларды өз қылқаламыммен суреттеуге тырыстым» дейді.

Автордың айтуынша, Жібек жолын қайта жаңғыртуға байланысты парасатты және ақылға салынған көзқарас тек қана  біздің тарих пен заманауи жағдайға байланысты ұғымымызды өзгертіп қоймай, сонымен қатар бүкіл ғаламшар халқы үшін ортақ әрі тамаша мекенді құруға, анағұрлым саналы халықаралық тәртіпті  орнату бағытында бірге қадам басуға түрткі  бола алады.

«Көп жылдық елшілік қызметім барысында және тәжірибелік ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыру жолдарын іздеу кезінде осындай «жүректен – жүрекке» деген сұхбат қарым-қатынас пен өзара сапаландыруға ықпал ететініне көз жеткіздім. Оқырман назарына ұсынып отырған менің Жібек жолы бағыттарындағы халықаралық жобаларға қатысуыммен байланысты оқиғалар жөніндегі деректер мен естелік үзінділері халықтарымыздың рухани жақын болуға деген талпынысына ықпал етіп, халықаралық мәдениетаралық алмасу саласындағы қызметке енді кіріскен (немесе болашақта қызмет істейтін) жастарға пайдасы тиеді деген үміттемін» дейді автор.

ШАЛҒАЙ ШАҺАР ШЕЖІРЕСІ

«Хулучжэнь қаласының тарихы» кітабын қытай тілінен Ж.Қайрат, Қ.Дәлелқызы, С.Бәзілбек тәржімалаған. Кітапта қытай әдебиетінің көрнекті өкілі, қазіргі заманғы шағын прозаның танымал шебері Лао Маның хикаяттары берілген. Көптеген хикаяттарына қытай халқының Үлкен секіріс пен Мәдени төңкеріс кезінде басынан кешкен нәубетті жылдардың және одан кейінгі кезеңнің оқиғалары арқау болған. Төменде сол хикаяттардан шағын үзінді беріп отырмыз...

Хулучжэньде қауақ өспейді, есесіне ауылдың әрбір тұрғынының бау-бақ­шасында асқабақ шығады. Егін бітік шық­қан жылы асқабақтар диір­меннің тасындай үлкен болады. Асқабақты көбіне ірі жемісті деп те атайды. Пісіп жетілгенде оны буға бұқтырып, тамаққа қосады, дәмі тәтті болған соң, оны бөлек тағам ретінде де, гарнир етіп беруге де әбден ­болады. Хулучжэнь қаласының өмірі тек осы асқабақтың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді десек, асыра айтқандық емес. Әрине, «қауақ» та өмірдің жалғасуындағы еркектің күш-қуатының нышаны ретінде өзіндік рөл атқарады. Шындығын айтқанда, Хулучжэнь – қала емес, бар болғаны үлкен ауыл ғана. Қысқасы, Хулучжэнь қалашығының атауы шындыққа жанас­пайды: оны асқабақтың құрметіне Вогуацунь ауылы деп атаған дұрыс болар еді. Бір күні бәз біреулер қалашықтың атын өзгертуді ұсынған. Жергілікті ауыл басшысы кең пейілімен келісімін беріп: «Мейлі, ендеше, Хулучжэнь өлкесі болсын!» деді. Бірақ ақыр аяғы бұл атауы да мақұлданбай қалды. Қала үлгісіндегі ауыл тұрғындары өздерін қала тұрғындары деп атағандықтан, жақын маңайдағы ауылдардың тұрғындары өздерін олардан бір саты төмен санайтын. Жергілікті балақайлардың есімі ретінде жиі «Піскен жұмыртқа», «Иттің күшігі», «Қошқар мүйіз», «Шошқаның құйрығы» тәрізді қызықты сөз тіркестері қолданылады. Бірақ қалашықтағы азаматтарды тіркеу кітабына үңілетін болсақ, И қарияның балаларының қарапайым аттарынан басқа, атышулы есімдерді кездестіруге болады, мәселен, Ван Дачэнь (министр Ван), Чжан Цзайсян (канцлер Чжан), Сюй Цзунли (премьер-­министр Сюй), Сунь Чжишу (партия ұйымының хатшысы Сунь), Ху Чэнсян (статс-хатшы Ху) және т.б. Істің мән-жайынан хабарсыз адам бұл есімдерді естігенде шошып, құдды бір патша сарайында жүрген шығармын деп ойлауы әбден мүмкін. Хулучжэнь ауылын қала ретінде көру, мүмкін, аға буынның арманы болса керек. Хулучжэнь қалашығының тарихы жоқ, дәлірек айтсақ, жазбаша құжатталмаған. Осындай қала, не ауыл болғаны туралы ешқандай дерек қалмаған, оқиғалар тек қарттардың жадында және қиялында сақталған. Қалашық тұрғындары тарихи хикая туралы баяндағанда әңгімесін «біреулердің айтуынша...» деп бастайды. Сонда олар кімнің тарихын әңгімелейді? Губернатор Ду, министр Фан, басшы Гуанның тарихын. Губернатор, министр, басшы – мұның бәрі лауазым емес, бар болғаны қарапайым есімдер. Осындай есімді адамдар да «Иттің күшігі» немесе «Сиырдың тезегі», «Сасық» аталатын адамдар сияқты сиыр бағатын, егін егетін және арбамен жүретін. Қысқасы, Хулучжэнь тарихының шынайылығы үлкен сұрақ тудырады.

***

Қалашық Хулучжэнь деп неліктен аталғаны әрқашан жұмбақ болды. Қариялардың айтуынша, баяғыда Хоушань тауындағы (Тайшань тауының басқаша атауы) жолбарыс үңгірінде (таудың биіктігі теңіз деңгейінен 40 метрден аспайды) алтын қауақшаны жасырып қойған. Кім жасырған? Әрине, құдайлар, басқа кім ­болуы мүмкін?! Нақты қай құдай? Оны айту қиын. Осындай ешбір мағынасы жоқ аңыз-хикаяларға, тіпті әңгімешілердің өздері де сенбесе керек. Егер осы алтын қауақ шынымен бар болса, оны осы меңіреу жерде кім жасыруы мүмкін? Дегенмен, И Ши бала кезінде: «Біздің тұрып жатқан жер қауақшаға ұқсайды» деп дұрыс айтқан екен. Топографиялық картаға қарағанда қалашықтың пішіні қауақ тәрізді. Бірақ И Ши сөзінің астарында басқа бір мағына жатқан жоқ па? Бұл жайында өзі де толығымен ойланып көрген емес және басқалар да одан сұраған емес. Карта пайда болмас бұрын, біреулер қалашықты жоғарыдан көру үшін Хоушань (Тайшань) тауына көтерілетін – бұл қаланың ең биік нүктесі болса да, елді мекен алақандағыдай толық көрінбейтін еді. Оған И Ши: «Ой, ақымақтар, таудан тек қана ағаштар көрінеді ғой, қауақшаны көре алмайсың» деп іштей күліп, аяқтарын алшайтып тұрып еңкейіп жерге басын қаратып, аяқтарының арасына сұғып: «Осылайша қараған дұрыс!» дейтін. Сонымен бірге И Ши аспанға шығатын саты жасап, адамдар сатының төбесінен төменге қарауы үшін оны таудың шыңына қоймақшы да болған. Бірақ, кейін ол: «Саты жасаған соң, оны қайда тіреп қоямын» деген пайымдаумен өз ­ойынан бас тартты. Бұл проблеманы ешкім шеше алмады.

***

Үш жыл бойы Хулучжэньда егін шықпай, тұрғындардың бестен бір бөлігі – сол жердегі ақымақтардың санымен тең – аштықтан қырылды. Әр отбасы кем дегенде бір адамнан айырылды. Тіпті үй-ішімен түгел қайтыс болған екі түтін де болды. Үш отбасында ешкім қаза болған жоқ, ол ауылдық кадр жұмысшыларының отбасылары еді. Бұрынғы жылдары асқабақ диірмен тасындай болып ірі шығатын, қуаңшылық жылдары олардың үлкендігі кішкене тостағаннан аспайтын. Ашыққан жұрт ағаштың қабығын сылып, өсімдіктердің түбірлерін қазып алып жеп қойды. Ал жүгері жомы мен гаолян өсімдігінің ұсақталған сабағы қадірлі қонақтың алдына қоятын тағамға айналды. Бүкіл ауыл шемен ауруы мен іштің кебуінен зардап шегіп, көпшілік қан аралас іш өту ауруына ­душар болды. Ол кезде И Ши он жастан енді асқан кезі, күні бойы аштыққа ­шыдамай екі қолын сүйегі көрінгенше кеміретін. Әжесі қолын аузына салудан жиіркенсін деген оймен әдейілеп тауықтың саңғырығын жағып қоятын. Осылайша, немересінің қолы аман қалды. Бірде И Шидің әжесі тәтесінің үйінен асқабақтың кішкене тілімін алып келіп, ешкімге көрсетпестен үлкен немересінің аузына тығып жіберді. И Ши тілімді бірден жұтып жіберуге көзі қимай, асықпай отырды. Ол әжесіне: «Әмірші болсам күнде асқабақ жейтін едім, үлкен-үлкен тілімдерін, – деді. Одан соң, – Әже, сен ашсың ба? – деп сұрады. Әжесі көз жасын жасырып, күлімдеп: – Жоқ, ботам, әжең аш емес, әжең бүкіл өмірі бойы асқабақ жеп, әлдеқашан тойған» деп жауап береді. Келесі түні әжесі қайтыс болды. И Ши оның аузынан жабысқақ сары балшықтың түйірін шығарып алды. «Әжем қызық екен, – дейді И Ши, – аузындағы асқабақ қалайша балшыққа айналған?»...

ТАУЛАР  АРАСЫН ЖАҚЫНДАТҚАН…

Шыңжаңдағы Гоцзыго көпірі – Ляньюньган-Қорғас арасын жалғайтын маңызды аймақ. Көпірдің ұзындығы 700 метр, шамамен, 2000 метр биіктікте салынған. Ол Шыңжаңдағы алғашқы үлкен көпір және Гоцзыго табиғат белдеуіндегі ­басты көрнекті орынға айналған. 
Шыңжаңдағы бұл көпір басын қар басқан ­таулар арасын жалғайды. Үрімші-Іле күре ­жолын жалғайтын бұл көпір ежелгі Жібек жолының солтүстік бөлігінде орналасқан. Бұрынырақта Гоцзыго жазығында табиғи апат жиі байқалатын еді. Соның кесірінен көпірлер бұзылып, аймақ пен аймақ арасы алшақтап кететін. Гоцзыго көпірі осы олқылықтың орнын толтырып, әрі көпір арқылы өткен әрбір адамның тұма табиғаттың таңғажайып көркіне көзі тоя түсті.

БОЛАШАҚТАН  ӘРЕКЕТКЕ ДЕЙІН

«Бір белдеу – бір жол: болашақтан әрекетке дейін» – «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдағы теңіз Жібек жолының» жаңартылған ­атауы. Ол Азия мен Еуропаны байланыстыратын аса зор экономикалық одақ әрі ежелгі Ұлы Жібек жолы рухына негізделген стратегия. Ол – аймақтар арасындағы ашық-айқын ынтымақтастық құрылымы.

Ежелгі отаршылдық пен тарихта пайда болған әртүрлі гегемонистік тәжірибелерден ада құрылымның мақсаты – саяси сенім, экономикалық байланыс және адамгершілікке негізделген мүдделер, тағдыры бір әрі жауапкершілігі ортақ қауымдастық. Сондықтан 60-тан астам ел мен халықаралық ұйым «Бір белдеу – бір жол» жобасын құруға қатысуға қолдау білдірді. «Бір белдеу – бір жол» жобасы бара-бара кеңейіп, жалпы дамудың сара жолына шықпақ. Чжао Кэцзиннің «Бір белдеу – бір жол: болашақтан әрекетке дейін» атты кітабында осы тақырыпқа қатысты маңызды мәселелер төңірегіндегі сарабдал ой-толғаныстары жан-жақты баяндалған.

«Бір белдеу – бір жол: болашақтан әрекетке дейін» – «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдағы теңіз Жібек жолының» жаңартылған атауы. Ол – Еуразия құрлығын кесіп өтіп, Шығыста Азия экономикасын Батыста Еуропаның экономикасына тоғыстыратын торап.

Аймақтар арасындағы экономикалық ынты­мақтастық формасынан «Бір жол – бір белдеу» жобасы қанатын кеңге жайды. Мақсаты – теңқұқықты, ашық, еркін, толерантты, жалпыға бірдей пайдалы, қолжетімді экономикалық ынтымақтастық іргетасын құру. Оның дамуы саясаттағы өзара сенімге, экономикалық интеграцияға, мәдениетпен тығыз байланысты мүдделердің тоғысуымен ұштасып, «Бір қоғам – бір тағдыр» тұжырымдамасы мен қауымдастықтың міндеттеріне айналды.

Қазақстандағы Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде Си Цзинпин «Саяси қарым-қатынас, жол қатынасы, үздіксіз сауда-саттық еркіндігі, ақша айналымы мен халықтың өзара бірлігі» сияқты бес басты маңызды байланысты атап өткен болатын.

Нұрғиса САҚ

 

1925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы