• Cұхбаттар
  • 15 Сәуір, 2021

Теңлік МӘСӘЛІМҚЫЗЫ: БАЛАМЕРДІҢ БОСАҒАСЫ ОРНЫНДА

Қара сөздің қадірін қырық нардың нарқынан артық көретін қазақта «жазушы» ­деген бір қауым бар. Қалың ел қалам ұстағандарды «дуалы ауыз деп» біледі. Халқымыз күні кешеге дейін кітап қылып түзіп, мұқабамен түптеп, тасқа басылған сөзді желге ұшырмай, жерге түсірмей, қадағалап оқитын. Қастерлеп, алты қанат ақбоз үйдің керегесінің басына, уықтың байланар тұсына жағалай тізіп қоятындары да кездесті. Ел ішінде екінің бірі үйіне кітап сөресін қалап, оған кітаптарды текшелеп жинайтын-ды... Қаламгерді құрметтеп,  ­«бойына кие қонған сөз иесі» деп қадірледі. Осы орайда, жазушыны жұртшылыққа барынша танытатын, жазғандарын жағымды, жақсы көрсететін, сыншы және әдеби сын ­деген ұғым былайғы жұртқа беймәлімдеу. Өйткені көркем дүниеге, деректі мақалаларға дағдыланған қарапайым оқырман әдеби сынға аса мойынсұна қоймайды. Ақиқатында, әдеби сын мен сыншының мақсаты – оқырман аудиториясы мен қаламгер қауымының арасын жалғайтын тұлға. Демек, сынның ­тарихы һәм оның әлеуметтік салмағы мен ықпалы, сондай-ақ сыншылардың еңбегі мұқият зерттеліп, сыншылардың өзін де, еңбегін де таныту артықтық етпейді. Осы тұрғыдан алғанда, сын саңлағы ғалым, аудармашы, марқұм ­Баламер Сахариевтің тұлғасы менмұндалайды. Оның өзіндей, көзіндей өмірлік жары, осы күні жасы тоқсанға таяп отырған апамыз Теңлік Мәсәлімқызымен әңгімелестік. 

СЫНШЫ – ЖАЗУШЫНЫҢ

ЖАН ДОСЫ

 

– Қоғам да, талғам да құбылған осы бір күндері кітап пен қағаз-қалам кейін қалып тұр. Жазушының стилінің де, бұқараға ұсынатын дүниесінің де сипаты ауысты. Бұрынғы қат-қат қағаздың орнына компьютер келді. Бойына бір емес, бірнеше мың роман, повестерді, әңгімелер мен өлеңдерді сығындап сыйғызатын электронды сандықшаның бір қызығы, екі бүктеп, қолға ұстап, қажет кезінде түймесін түртіп ашып оқи беретін болдық. Қарекет, тіршілік осылай өзгерсе де,  ай орнында, күн орнында, оқырман, ол да орнында. Осынау ауыспалы-төңкермелі заманда әдебиет әлемінде өзгермеген бір-ақ нәрсе бар. Ол – сыншылық, әдеби сын.  Сіз қазақ әдеби сын әлемінде орны бөлек, сардар сыншы Баламер Сахариевке жар болдыңыз. Біреулер «өткен күнде белгі жоқ десе, басқалары өткен күннен белгі бар» дейді. Баламер Сахариев кешегі ғасырда әдебиет майданының бел ортасындағы бірегей сыншы болды. Ендеше, бүгінгі буынға ол кісінің әдеби сынның бастауына қашан, қалай келгені турасында, алдымен, аз-кем естелік айтып өтсеңіз.

– Қарағым, өткен күннен белгі бар ғой. Оның барлығы тасқа басылып, ­тарихта қалды. Тек, өзің айтқандай, өмірдің өзгеріп кеткені көпшіліктің бұрынғыдай бас алмай кітап оқымайтыны болмаса, тұр ғой бәрі. Баламер де бала болған, жас болған. Оқуға, білімге өте құштар еді. Мектеп бітіріп, Алматыға келгенде, сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға ынталанды. Келсе, қабылдау емтихандары аяқталып кетіпті. Баламер кешігіп қалған. Кім білсін, сол күні басынан күн өтті ме, әлде, өкініш өтті ме, Алматының көшесінде келе жатып, күтпеген жерден мұрнынан қан сау ете қалады. Ол кезде Алматыда арық көп, жол шетіне шығып, арыққа еңкейіп, мұрнының қанын жуып отырғанда, жанынан өтіп бара жатқан кісі тоқтап, жөн сұрапты. Ол кездің адамдары-ай, шіркін, мейірімді ғой, екі бүктетіліп отырған уыздай жігітке танымаса да, бөгелгенін қарамайсың ба! Бұл, Құдайдың құдіреті ме, бөтен қалада бір ауылда туған адамдарды Жаратқанның жолықтарған жерін көрмейсің бе, жөн сұраса келе, екеуі де, Шығыс Қазақстан облысы Қатон-қарағай ауданындағы Еңбек ауылынан болып шықты. Ол өзі Алматыға ертерек келген, зиялы ортаға қадірлі бір кісі екен. Жағдайын білгеннен соң, Баламерді жанына ілестіріп, ҚазПИ-ге келеді. Сөзін өткізіп, Баламерді қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне қабылдатқызады...

...Баламер институтты үздік бітіріп, жұмысын 1951 жылы «Халық мұғалімі» журналында әдеби қызметкер болып ­бастады. Кейінірек қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің меңгерушісі болды. Меніңше, Баламердің сынға бет бұруы осы журналда басталды-ау деймін. Өйткені тіл мен әдебиетті зерделеп оқи жүріп, оған өзінің көзқарасы қалыптасқан болу керек. Содан болар, соңыра, бес жыл «Жұлдыз» журналында істеді. Ғылым Академиясына қызметке тұрды. Ол жерде Әдебиет және өнер институтында еңбек етті. Институт басшысы – Мүсілім ­Базарбаев. Мүсілім екеуі 10-сыныпқа арналған «Қазақ Совет әдебиеті» оқулығын жазып шығарды. ­Баламер – 60-жылдарғы ең алғашқы кәсіби сыншылардың бірі. Сыни мақалалары орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде де жарияланып тұрды.

Осыншама жан-жақты қаламгерді жазушыдан кем деп кім айтады. Сыншылығы мен ғалымдығын былай қойғанда, Баламер жақсы аудармашы. Иван Буниннің, Ованес Туманянның әңгімелерін, Арсений Поповтың «Семья», Иван Корнейчуктің «Днепр айдынында» пьесаларын және тағы да басқа бірнеше аудармалар жасады.

Сөйте тұра, Баламердің бүйрегі қайтсе де сынға, әдеби сынға бұра берді. Ал жалпы сыншылдық бәріміздің бойымызда бар. Жазушының шығармасы түгілі, кез келген жаңа нәрсеге сын көзбен қарап, оның артық-кемін іліп-шалып, жақсысы болса сүйсініп, жаманы болса жиреніп, реті келсе, тезге саламыз. Тіпті біреудің бойындағы соған ғана лайықты нәрселерді де аңдап қаламыз. «Ата – балаға сыншы», өйт-бүйт деп жүріп, қайтсек жақсы адам етіп тәрбиелейміз, қайтсек дұрыс жолға саламыз деп әуреміз. Ендеше, сын неге жаман болсын, шырағым. 

– Сыншылдық бәрімізде де бар дедіңіз ғой, әдебиет сыншысы Сахариевтің өмірдегі, жайшылықтағы сыншылдығы қандай еді?

– Жалпы Баламер табиғатынан сыншыл. Бірақ міншіл емес. Ешкімді кекетіп, мінеп, түйрегенін немесе біреуге қырын қарағанын өз басым білмеймін. Бірақ ол кісі жақсы пародист болатын. Жора-жолдастарын, тіпті өзінен жасы үлкен кісілерді де жүріс-тұрысын, сөзін, мәнерін айнытпай салатыны бар еді. Әсіресе Әбділда Тәжібаевтің жүрісін, сөйлеу мәнерін салғанда жұрт қыран-топан күлкіге батады. Оны Баламерді танитындардың бәрі біледі. Өзі ол кезде Әуезов музей-үйінде аға ғылыми қызметкер. Мұхаңның музей-үйіне ақын, жазушы, ғалымдар өте көп келеді. Себебі ол жерде қазақ әдебиеті тарихынан, ауыз әдебиеті, фольклор, тіл білімі мәселелері туралы сабақтар өткізіліп тұратын. ­Баламер соның басы-қасында. Бір жолы тіл мәселесіне байланысты жиынды жүргізіп отырған академик Ісмет Кеңесбаев Баламерге: «Сен біреулерді айнытпай салады дейді ғой. Қане көрсетші» деп өтініпті. Өзін және басқа белгілі адамдардың даусын, қылығын, жүріс-тұрысы мен сөйлеу машығын айнытпай салып, отырғандарды күлкіге қарық қылыпты. Тіпті мына Әуезов театрындағы атақты артис Серке Қожамқұлов ойнаған Қоңқайды Сері-ағаңның өзіне қаз-қалпында салып беріп, риза еткен екен.

– Ойын-шыны аралас әзіл-қалжыңды біреу көтереді, біреу көтермейді. Ренжіп қалғандары болды ма екен, айтпайтын ба еді?

– Иә, кейбіреулер ренжіп те қалатын. Ондайда, екінші рет қайталамайды немесе кешірім сұрап, мұның мысқылдау, әлде мұқату емес екенін, керісінше, өзгелерге ұқсамайтын мінезіңізге тәнті болғаным  ғой деп, көңілін тауып қоятын. Әсіресе осындай сынға мәз болған Серке ағасына ризашылығын айтатын. «Себебі, – дейтін ол, – менің бұл әдетімді артистер жақсы түсінеді. Өйткені олар өздері де сахнада өзге болып ойнайды, олардың дауыс ырғағын салады, мәнерін қайталайды. Мен салып берген, өзі ойнаған рөлді көрерменнің көзімен қарап, түсіне біледі» дейтін. Бұл, демек, оның бойындағы кез келген нәрсеге, қырағылықпен қарай білетін қағілездігі ғой. Өзі ғалым, оқымысты адам, артық-кемді, жақсы-жаманды назары тез шалатын сергек еді, жарықтығым...

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ

АЛЫП АЛАҢЫ ЕДІК

 

– Сіз өзіңіз де қара жаяу емессіз. Сол заманғы қазақ қыздарының арасында Мәскеуден оқу бітіріп келген инженерсіз. Екеуіңіз екі қалада оқыдыңыздар, қайдан танысып, қалай табыстыңыздар?

– Екеуіміз екі бөлек республикада болғанымызбен, өнген топырағымыз бір. Алтайдың бауырында туып-өстік. Мен де сол, Шығыс Қазақстан облысы Қатон-қарағай ауданында оқыдым. Ол Еңбектен, мен көрші Жаңаүлгі ауылынанмын. Черновая орыс орта мектебінде 7-класқа дейін орысша, қалғанын Шыңғыстай орта мектебінде 1950 жылы қазақша оқып, бітірдім. Баламермен менің мектеп бітіру кешімде таныстық. Ол тура осы кезде ауылға демалысқа келген көрінеді.

Мектепті бітірген соң, Алматыға оқуға аттандым. Сол жылдарда Орталық партия Комитетінің жергілікті жерлерде ұлттық кадрлар қатарын көбейту туралы қаулы шыққан. Соған сәйкес, қыз-жігіттерді Мәскеудегі жоғары оқу орындарына жіберіп жатыр екен. Мен сәл кешігіңкіреп қалыппын. Маған Мәскеу технология және жеңіл өнеркәсіп институты бұйырды. Аттестатымды соған тапсырдым. Мектепті күміс медальмен бітіргендіктен, емтихансыз қабылдандым. Мәскеуге келген соң, оқуға, еш нәрсеге алаңдамастан, ынты-шынтыммен кірістім. Бір жолы, ойымда ештеңе жоқ, Алматыдан Баламер хабарласты. Мәскеуге келіп-қайтпақ ойы бар екен. Алайда сол екі арада әкесі қайтыс болып, бізге жүздесу бұйырмады...

Бес жылдан соң, 1955 жылы институтты аяқтап, Семейдегі былғары-тері комбинатына инженер болып келдім. Бұл кезде Баламер Алматыда, «Халық мұғалімі» журналында қызметкер. Бір-біріміздің хабарымызды білген соң, хат алмасып тұрдық. Келесі жылы ол Семейге келіп, сөз салды, маған үйленгісі келетіні туралы көңілін білдірді. «Азаматым осындай-ақ болсын» деген жігіт еді, әрі бұрыннан бір-бірімізге бөтен емеспіз. Келісімімді бердім. 

– Сіздер бойжеткен шақта ірі қалалар­дағы қазақтың қыздары ұзын шашын желкесінен қиып, білтелеп, күлтелеп бұйралап тастайтын. Сіз де сөйттіңіз бе?

– Жо-жоқ қарағым, білектей бұры­мым­ды тоқпақтай етіп желкеме түйіп қоятынмын. Күні кешеге дейін бұры­мымды ұшынан алып, бір өріп, бір тарқатып жүрдім ғой. Осы кешегі жаздағы пандемиядағы аты жаман  пәлекеттен сескендім бе, тітіркендім бе, шашым біраз сиреп, түсіп қалды. Міне, жасым 88-де. Сексенге толғанша, денсаулығым сыр берген емес. Азаматым – жайлы, балаларым жақсы, өнегелі, білімді, қызметім өзіме ұнайтын. Жақсылармен бірге жүрдім. Жақсы жерде жүрдім. Алтайда тудым, Алатауда тұрдым. Өзіммен бірге туған Фаузия деген жалғыз әпкем бар еді, ол қайтыс болды. Ананың алақанында, әкемнің жоқтығы білінбей, аялы өстім.

– Сіздер еңбек еткен заман – халық шаруашылығының дәуірлеп тұрған тұсы еді. Біз шет-жағасын білеміз, сіз бел ортасында жүрдіңіз... Сол жылдар есіңізде ме?

– Шырағым-ай, несін сұрайсың, несін айтайын. Қазақстан, бүкіл Одақты былай қоя тұрғанда, қайнаған қызу еңбектің қазаны еді ғой. Біздің ел жеңіл өнеркәсіптің алып алаңы болатын. Совет Одағы бойынша, Қазақ КСР-і жеңіл өнеркәсіп жөнінен 15 республиканың ішінде 3-орында тұрдық. Бес-алтауын айтып өтейінші, өзім іші-бауырын аралаған жерлер ғой. Бәрі көз алдымда жайнап тұр. Алматыдағы «1-Май тігін фабрикасы», Алматы облысындағы «Қарғалы шұға комбинаты», «Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасы», Алматы «Жетісу» аяқ киім фабрикасы, Жамбыл «Жүнді алғаш өңдеу-жуу фабрикасы», Шымкент «Жіп иіру фабрикасы», сол қаладағы ерлер киімін тігетін «Восход» фабрикасы. Бір ғана Шымкентте ондаған тігін, тоқу, былғары-галантерея фабрикасы болды. Одан басқа Қазақстанның барлық қалаларында осындай он-сан жеңіл өнеркәсіп орындары жұмыс істеп тұрды. Ал енді, ірі кәсіпорындарды айтсаңшы. Бір өзі бір ауыл «Алматы мақта-мата комбинаты», «Алматы кілем фабрикасы», «Алматы тері комбинаты», «Алмагүл» тігін фабрикасы... Осыншама өндіріс, кәсіпорындары бар болған соң, Жамбылда технология институты, бірнеше тоқу, тігін училищелері, қысқа мерзімді курстар көп еді. Ал бәрінен бұрын, Алматыдағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін айтсаңшы. Мен өзім сонда 25 жыл аға инженер, аға әдіскер болып еңбек еттім. Жыл сайын, қаншама халықаралық, шетелдік жеңіл өнеркәсіп көрмелері, оқу, семинарлар өтті. Өз еліміздің өнеркәсіпшілері күнде осында. Беу, заман-ай!.. Бүгінде осы саладағы шағын және орта кәсіпорындар көп деседі. Болғаны жақсы-ау, бірақ қуаты да, өнім өндіруі де, халықты жұмысқа тарту да, сол кезге жету қайда...

– Халықаралық көрме дегенде, жетекші маман ретінде өзіңіз қай елдердегі ірі көрмелерде Қазақстанды таныттыңыз?

– Моңғолияда бүкіл Дүниежүзілік жеңіл өнеркәсіп өндірісшілерінің көрмесі болды. Көрме қырық күнге созылды. ­Совет Одағы атынан, басқа республикадағы жеңіл өнеркәсіпшілердің ішінде Қазақстан да қатысты.  Біздің көрмеміз өте бай болды.  Сол кездегі Партия басшыларының бірі  Алексей Николаевич Косыгин бізге жақсы сөздерін арнап, рақметін айтты. Сол заманда Кремльдегі басшылардан мұндай мақтау есту зор абырой болатын. Сөйтіп жүрсек те, өзім – көрмеде, ойым – үйімде. Балалы-шағалы, отбасында күйеуі күтіп отырған әйелге соншама уақыт жырақта жүру де оңай емес. Бір жақсысы, анам үйге келіп, бала-шағаға бас-көз болды.  Дегенмен, ­Баламер өзі қызметке адал болған соң, менің жолыма кесе-көлденең тұрған емес. Өз еліміздегі қалаларға, ондағы өнеркәсіптердің жұмысын көруге барып-келіп жүрдім.

 

КӨП ПІКІРІ АЙТЫЛМАЙ

ТІРЕЛІП, ТАМАҒЫНДА КЕТТІ

 

– Бір отбасында бірі – оқымысты, бірі – жетекші маман, екі бірдей қызметкердің үйді де, түзді де қатар алып жүруі некен-саяқ...

– Қарағым, біле-білгенге бір-бірін қадірлей білген ерлі-зайыптыға ең ­бастысы өзара сыйласып, құрметтеп өткен жандарға үйді де, түзді де қатар алып жүру аса қиын емес. Адамгершілігіңді, кісілігіңді жоғалтпасаң болды. Бала-шағаны асырап, нан тауып жүрген, көпке қадірлі еткен қызметіміз неге кедергі болсын?! Үйлі-баранды болғанға дейін де қызметте едік қой. Екеуміз де өз ісімізді білеміз. Үш ­балалы болдық. Балалардың алды – естияр, кейінгілеріне қамқор бола алатын жасқа жеткенде ғана жұмысқа шықтым. Сол ­заманда көптеген ата-ана балалардың өздерін қалдырып, қызметін істеп жүрді. Сынның соңында жүріп, өзінің жеке дүниелерін жазып та үлгермеді ғой. Бар-жоғы «Уақыт тынысы», «Күрескер тұлғасы» деген кітаптарын шығарды.

Негізі, Баламер Мұхтар Әуезов музей-үйіндегі қызметіне музейдің өзі ашылмай тұрып кірісіп кеткен. Екі-үш жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізіп, Әуезов мұраларының әрбір әрпіне дейін қанығып алған. Сондықтан да бұл музейдің алғашқы экскурсоводы да Баламердің өзі болды. Ең бірінші Қауіпсіздік қызметінің мамандарының сүзгісінен өтіп, олардың рұқсатын алғаннан кейін жан-тәнімен беріле кірісті. Ауылда туып-өссе де зеректігінің арқасына орысшаға жүйрік болды. Сондықтан музей-үйге келген «үлкен» адамдарға, басқа ұлттың алдында экскурсияны орыс тілінде ­Баламер ғана жүргізетін. Ол жерде Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнерінің халық университеті болды. Ректоры – Рахманқұл Бердібаев, проректоры – Баламер. Ол Ләйлә Әуезовамен  де қызметтес болды. Ләйлә Мұхтарқызы жауапты хатшы еді. Баламер сол музейде қызмет ете жүріп, Мұхаң шығармаларын зерттеуде өте көп еңбек сіңірді, Абайды терең таныды, талдады. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин туралы монографиялар жазды.

– Апа, әңгімені жазушылардан бастап едік, Баламер Сахариевпен қатар жүрген сыншылар туралы есіңізде не қалды?

– Соғыстан кейінгі жылдарды елдің бәрі біледі, әдебиетшілер, жазушылар көптеп шықты. Айқын Нұрқатов, Мүсілім ­Базарбаев, Серік Қирабаев, ­Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Зәки ­Ахметов, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынбек Кәкішев, Сейділдә Ордалиев, Әнуар Дербісалин деген азаматтар Баламермен қатар жүрген жігіттер еді. Ұмытпасам, осылар. Баламер сол адамдардың біразы­мен сыйлас болды. Үйге келіп, талайы дәм татты. Дастарқан дайындап, кіріп-шығып жүргенде еститінім – әдебиет, сын туралы әңгімелер еді. Рас, арасында әзіл-қалжыңдары да болатын. Жарың жазушылардың қатарында жүргендіктен, саған да сөз жұғады екен. Біраз нәрсеге қанық сияқты едім, мына 88 жасымда көп нәрсені ұмыттым ғой. Бірақ күйеуімнің қасында жүрген жазушылар мен сыншыларды неге есімнен шығарайын. Мекемтас Мырзахметовты қатты қадірлейтін. Кейбіреуі қона жатып, әсіресе Қайнекей Жармағамбетов екеуі ұзақ түнге әңгімелесетін. Солардың біразы дүниеден өтіп те кетті. Баламер осылардың көпшілігінен ертерек кетіп қалды. Бар-жоғы бір жарым жыл ауырып, қайтты.

Тамағынан «жаман ауруға» шалдықты. Емделді. Болмады ғой... Біз бала-шағамен дастарқан басында отырғанда, ол ­жанымызда жай отыратын. Тамағынан ас өтпейді. Соңғы кездері қатты жүдеді. 1979 жылдың күзі, қараша айы еді... Тәуір болып қалған сияқты көрінген. Бір күні, қатты әлсіреп жатып қалды... Жағдайы төмендей берген соң, дәрігер шақырдық. Бір кезде аузынан қан кетті. Тамағындағы ісік ­жарылып, алпыс екі тамырдан ақтарылған қан таңертеңнен бастап түнге дейін тоқтамай, ақыры, түгел сарқылды. Амалымыз қайсы, енді қатарға қосылмайтынына көзіміз жетті.

 

ТӨРІМДЕ ЫСТЫҚ ОРНЫ, ТАБАЛДЫРЫҒЫМДА ТАБАНЫНЫҢ МӨРІ ҚАЛДЫ

 

– Ол кісінің көзін көргендер, көнекөздер күні кешеге дейін арамызда жүрді ғой. Жазушылар одағы деген үлкен ауыл бар. Көзкөргендермен араласып, барып-келіп тұратын шығарсыздар?

– Баламер кеткеннен кейін, ауыл-елдің азаматтары хабар алып тұрды. Жазушылар одағында жыл сайын, қандай да бір мереке, мейрам болса да, Баламердің жары деп еш уақытта мені қалдырған емес. Сый-сыяпаттарын алдыма тосып, қадірлеп тұрады. Баяғы, өзі көзі тірісінде араласқан Мұзафар Әлімбаев ағаның, ол кісінің үйіндегі Шапау жеңгеміздің орны бөлек. Біз үйленіп, Алматыға алғаш келген кезде, мені Баламер Мұзафар ағаның үйіне алып барды. Сол күннен бастап, сыйластығымыз Мұз-ағаңның өзі кетсе де, әлі күнге дейін үзілген емес. Кей күндері Баламер жұмыста отырып, үйге телефон соғады, «балаларды киіндір, Мұзафардың үйіне қонаққа барамыз» дейді. Анар мен Алтайды ала жөнелемін. Сыйластығымыздың күштілігі сондай, Шапау жеңгей Баламердің өзін де, атын да жақсы көріп, Арнұр мен Жаннұрдан кейін туған ұлына Баламер деп ат қойды. Мен үшінші баламды босанғанда, Мұзафар ағай: «Мен сенің атыңды балама қойдым. Енді кішкентайыңа менің атымды қой» деді әзіл-шыны аралас. Сонда ­Баламер: «Ойбай-ау, ертең келініңіз Мұзафар жөргегін сулап қойды, Мұзафар өйтіп қойды, бүйтіп қойды...» деп атыңызды батпандай етіп атап жүре ме, одан да, үлкен ұлыңыз Арнұрдың атын алайық деді. Сонымен, үшінші баламыздың есімі Арнұр болды. Айтпақшы, Мұзафар ағамыздың Баламері Тұрсынбек Кәкішовке күйеу бала болды, қызын алды.

– Баламер Сахариевтің балалары бүгінде қай салада, қайда?

– Құдайға шүкір, үш баламыз да жақсы ержетіп, бойжетті. Тұңғышымыз Анар  ҚазҰУ-дың қолданбалы математика факультетін бітірген. Әкесі кеткеннен кейін, 1994 жылы Анарым артына бірі 8 жасар, бірі 5 жасар Дәрия, Дархан деген балаларын қалдырып, дүниеден мезгілсіз өтіп кеткені жанымды қариды.

Екінші анасы келгенше, екі бала екі жыл қолымда болды. Бүгінде олар да жетілді. Заманы солай болған соң, олар да кейбір қатарластары секілді ­шетелде оқыды. Осы күні Америкада тұрады. Қызметтері бар.

Екі ұлым да үйлі-баранды. Баламер балаларының бейімін зерделеп жүретін. ­Алтай деген ұлымызға «Сен әскери қызметкер болуға лайықсың» дейтін. ­Алтайымыз әскерде жүргенде, әкесі қайтыс болып, топырақ салуға да үлгермеді... ­Алтай әкесінің айтқанын орындап, әскери салада, қауіпсіздік қызметінде еңбек етіп, 45 жасында зейнетке шықты. Арнұрым заң саласының маманы. Бүгінде Арнұрдың отбасымен тұрамын. Баяғы Баламерден қалған құтты шаңырағымызда отырмыз. Бізден басқалар түгел дерлік көшіп кетті. Біраз жыл бірге тұрған қадірлі замандастардың өздері де, әйелдері де о дүниелік болды. Кейбірінің балалары немесе немерелері осында қалды. 

– Немерелеріңіздің ішінде атасына ұқсайтын қайсысы?

– Арнұрымның Сұлтан деген ұлы атасына ұқсайды. КИМЭП-ті бітірді. Атасы сияқты білімдар, тиянақты, қатарының алды, айналайын...

Біз жазушыларға арнап алғаш салынған үйге ең алғашқылардың бірі болып қоныстанып едік. Әлі күнге дейін сол үйде тұрамыз, Баламердің босағасы орнында. Осы бір құтты шаңырақтағы қалам ұстаған жақсы-жайсаңдармен көп араластық. Аулада балаларымыз құлын-тайдай тебісіп өсті. Олардың арасынан айтулы азаматтар шықты. Рахметолла Райымқұлов деген жазушы, ол да біздің үйде тұрған. Бірақ кейін көшіп кетті. Жақсының аты өзінен бұрын жүреді ғой, қызының өзін көрмесем де, атын естіп жатырмын. Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрі болыпты. Оны өзім газеттен оқып, білдім. «Әкесінің атын шығарып жүр екен ғой» деп қуандым. Осылайша, осы үйдің тұрғындары түгілі, заман да ауысты, ұрпақтар да ауысты. Ал біз осы бір жылы ұямызды, жылы орнымызды суытпай отырмыз. Босағам өзіме, бала-шағама керегем де, шаңырағым да қадірлі. Осы құттыханада талай жақсы-жайсаң қонақ болып, талай тамаша естелік айтылды. Ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттың абитуриент балалары, студенттер арылып көрген емес. Соның барлығы шаңырағымда жылма-жыл қаттап қойған Баламердің өзінің кітаптары мен ғылыми жазбалары сияқты көрінеді. Қайда барайын, онсыз да Баламердің тіршілігінде курорт, санаторий дегенге бармаппыз. Демалыс болса, Алтайға тартамыз. Саяжайымыз да жоқ. Баламер қызметіне осы үйден жаяу қатынайтын. Кіріп-шыққан ізі, жүріп өткен жолы әлі сайрап жатқан сияқты маған. Төрімде Баламердің ыстық орны, табалдырығымда табанының мөрі қалды. 

– Алматыда, Алтайда ол кісінің атында көше, мектеп, мәдени орындар бар ма?

– ...Баламердің туған жері Еңбек ауылы – өте көркем өлке. Бір жағында – Алтай таулары, бір жағында – Бұқтырма өзені. Көктем туса, айнала-төңірек гүл-гүл жайнап кетеді. Бірақ ол өзі Алматыны өте жақсы көрді. Алматыда жерленді. Сүйікті Алматысында бұрынғы Красногвардейск көшесін Баламер Сахариевтің атына берді. Қатон-қарағайда өзі туған Еңбек ауылында бір көше оның атымен аталады. Осылайша, Алатау мен Алтайдың бауырында Баламердің аты таңбаланып тұр.

Әңгімелескен

Раушан Төленқызы

4586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы