• Білім және ғылым
  • 22 Сәуір, 2021

«БІЛІМДІ БОЛУҒА ОҚУ КЕРЕК...»

Еліміз жақын және алыс шет елдермен стратегиялық бағыттағы қарым-қатынастарын арттыруда. Соның бірі білім және ғылым саласындағы ЖОО арасындағы өзара ынтымақтастықтың нығаю. 

 

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аясында қазақ-француз «Гео-энергетика» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың тарихы 2010 жылдан бастау алады. Орталықтың мақсаты ҚазҰУ мен Франция университеттері арасында өзара байланыс орнатып, қос дипломдық бағдарламалар жасау. Алғашқыда тек «Механика және энергетика» бағыты бойынша жұмыс атқарылып келсе, бүгінгі таңда математика және химия салаларында жаңа бағдарламалар ашылды. Алдағы жылы «Гео-энергетика» орталығы «Қазақ-француз ғылым, технологиялар және энергетика институты» болып құрылуын меңзеп отыр. Сондықтан да орталықтың алдында жаңа бір маңызды мақсат – жұмыс аясын кеңейтіп, биотехнология, туризм, археология және тағы басқа салалар бойынша ҚазҰУ-мен біріге отырып жаңа қос дипломдық бағдарламалар ашу.

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Францияның Лотарингия университеті арасында әртүрлі білім бағдарламалары аясындағы байланыстары дамып келеді. Соның бірі үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап Химия және химиялық технология факультетінің, «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы» кафедрасына қарасты 7М07201- «Мұнай-газ ісі» білім бағдарламасына сәйкес білім алып жатқан магистранттарымызға Лотарингия университетінің профессор-оқытушылары өз сабақтарын онлайн форматта бастап кетті.

Лотарингия университетінің білікті профессоры, әрі мұнай-газ ісі бөліміне жауапты өкілі Ирина Панфилова қазіргі кезде Transport of fluids, multiphase flow and hydrodynamic in the reservoir (Сұйықтықтардың тасымалдануы, көп фазалы ағын және резервуардағы гидродинамика) курсы бойынша сабақ өтуде.

Сондай-ақ Mineral processing, geology and raw mineral materials (Пайдалы қазбаларды өңдеу, геология және минералды шикізат) пәнінен ауқымды тақырыпта профессорлар: Lev Filipov (Лев Филипов), David Jousselin (Дэвид Джусселин) сабақ өтуде.

Ал профессор Hautevelle Yann (Хаутевелл Ян) болса, жер қыртысының тау жыныстары, олардың алуан түрлілігі; шөгінді жыныстардың құрамы, қасиеті, түрлеріне байланысты жіктелуі; шөгінді петрографияның техникада қолданылуы, жер туралы ілімнің бір саласы петрологияның: физика, химия және биологияның ғылымдарымен тығыз байланысы және т.б. басқа тақырыптарды қамтитын сапалы дәрістерін жүргізді.

Қос дипломды білім беру бағдарламасының артық­шылық­тарына тоқталсақ, ол білім алушының төмендегідей басымдықтарға ие болу мүмкіндігіне қол жеткізеді: яғни халықаралық тәжірибе жинақтауы; серіктес шет елдік ЖОО-ның оқытушыларынан прогрессивті білім алуға мүмкіндігі; оқуды сәтті аяқтаған соң жұмысқа тұру мүмкіндіктері және қос бірдей оқу орнының мысалы ҚазҰУ мен Лотарингия университетінің дипломына ие болуы.

Алғағали Қартабай,

Бауыржан Насибуллин,

әл-Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университетінің

Физикалық химия, катализ және мұнай

 химиясы кафедрасының оқытушылары

2412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы