• Әдебиет
  • 22 Сәуір, 2021

ТОҚАЛ ТАМНЫҢ ТӨБЕСІ (Әңгіме)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Таңсықбай жапонмен құда болды. Өзі ауылдағы көп колхозшының бірі саналғанымен баласы алғыр болып өсті. Қатарынан оза ­шауып, мектепті алтын медальмен бітірді. Мектеп директоры соңғы қоңырау соғыларда: «Тәке, алтын медальдің құны кемі бір семіз тоқты ғой» деп қалжың айтқысы келіп еді, «Тоқтыны түсіңде көрерсің» деп қағып тастады. Директор ығып қалды. «Бәлкім, оқу бөлімінің бастығына баспақ беретін шығармын» дегенді қосып қойды. «Тәке, қалжың ғой» деп ытқып кетті. «Осы жұрт Таңсықбайды бір күн біреудің отынын, бір күн шөбін түсірген қара жаяу санайды. Дегенмен, бойында бірдеңе бар. Газетті құр жібермейтін қағілез дейді. Үш жыл атты әскерде болған деп те естіп қалғам. Қой, бәлесінен аулақ, – деп директор қышыған ернін қымқыра тістеніп, біраз жерге дейін қорқасоқтап барды. – «Бәледен машайық қашыпты». Үйге келгесін де, «Егер осыны сөз ғып жатса, қалай тойтарыс берем» деп Таңсықбайдың жекжат-жұрағаттарын тегіс түгендеп, көз алдынан өткізді. «Өзі ағайынның тілін алатын адамға ұқсамайды». Тік мінезін көзбен көрген ол «ауыз айтқыш, тіл – жылан» деп өзін-өзі сөгіп, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты.
Бала алтын медаль алып, Алматы емес, Мәскеудің ­Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы Академиясына түсіп қайтты. Онда да агрономия факультетіне. «Осы ауылдың күріші мен бидайына енді сенің балаң ие» деп ­тамыр-таныстары екі-үш бөтелке «Мәскеу айрықшасының» тығынын ашқызды. «Көрерміз, әуелі оқуын тауыссын» деп жақсы тілекке жылы шырай білдіргенмен жіби қоймады.
Таңсықбайдың пешенесіне құдай жапонмен құда болуды жазыпты. Баласы Мәскеу Халықаралық шет тілдері институтының ағылшын тілі факультетінде оқитын бір ­жапон қызбен көңіл қосып, бір рет үй көрсетуге ертіп те келді. Кәдімгі ауылдағы көп кәрістің қызындай көзіне жылыұшырай көрінді. «Мынауың Чан-Геннің қарындасы емес пе?» деп баласына су жүгіртті. Чан-Ген трәктір бригадирі, өзінің кәріс досы.

– Бәрі көрші ел. Бірақ жапондар бізге жақын, – деп баласы бір елі болса да біз жаққа бұрды. – Салт-дәстүрі ұқсас. Үлкенге иіліп тұрады, әйелдері еркектің алдын кесіп өтпейді. Біз «нан» десек, олар «пан» дейді, біз «ошақ» десек, олар «ачак» дейді. Мұнан артық не керек, – деп, «қарыс-қарыс, сүйем-сүйемге» бұрды.

– Өзіңе жақсы болса болды да, – деп балаға бірден келісімін берді.

Бала оқуын бітіріп, елге оралды. Колхоздағы кіші агроном боп жұмысқа кірісті. Алты ай өтіп, айлықтың дәмін татып, өзіне-өзі келгесін әкесіне:

– Барып құда түспейсіз бе? – деді. – Оларда құда түсіп, алдынан өту деген болады.

Таңсықбай баласының сөзін екі етпеді. Әуелі Алматыға келіп, Сеулге алты сағат ұшып, одан Жапонияның Осака деген облыс орталығына жер асты пойызымен жарты сағатта зу ете қалды. Жер асты пойызы екі минөт сайын жүреді. Олардың санасында кешігу деген ұғым жоқ екен. Таңсықбай осының бәріне таңғалды. «Біздің ауылдың автобусы бір сағат кешіксе де, «дөңгелегі жарылып қалған шығар» деп жайбарақат әңгіме айтып тұра береміз». Уақыттың бағасына осылай көз жеткізіп, қадірін біліп қайтты.

Құдасының мекен-жайы құрқыл­тайдың ұясындай ғана қатар тізілген қос қабатты үйшік. Осылай салынған үш үйде үш баласы тұрады. Келген күні көзіне ерекше көрінгені – үш үйшіктің де төбесінде жайқалып күріш өсіп тұр.

– Мынау не? – деді баласына аузын ашып қарап.

– Бұл – күріш. Бұлар да біз сияқты күріш өсіреді. Біздерге де күріш өсіруді өткен ғасырда айдалып келген кәрістер үйреткен жоқ па. Куба, Вьетнам, Жапонияның негізгі дақылы – күріш.

– Жер жетпей қалды ма? – деді терісіне сыймай кетіп.

– Жер болса, жерге егер еді ғой.

Баласының сөзін естіп, көкесі жым болды. Жердің де қадірін көзімен көріп, кепиетін сезінгендей бір зуыл өнбойынан жүгіріп өтті. Кәдімгі сап-сары күріш. Сабағы иіліп, басын көтере алмай әрең тұр.

– Мынау қай сорты екен? – деп еді, баласы қаққан қазықтай ғып нық жауап берді.

– «Узрос – 269» деген сорты.

«Осының өзі күшік күйеулікке бейім емес пе?» деп қазақы күдігі қоса ербең ете қалды, іле жаман ойды жанынан қуып тастады.

– Біздің еккеніміз қазақы салы, – деп білгенін айтты.

– Қазір жеп көресіз. Бұлардың негізгі тамағы – күріш, – деп баласы аузы-аузына жұқпай тұр.

– Ұқсас екен де, – деп құптай бергенде, болашақ келін қастарына кеп иіліп, шайға шақырды.

Құда түсу рәсімі мен қыз ұзату мәзіріне бас-аяғы жиырма екі адам жиналыпты. Көз жүгіртіп, иегін бүлкілдетіп, біртіндеп санап шықты. Тойға ешкім де кешікпеді, бұлардың салтында үкімет басы болса да ешкімді күтпейді екен. «Адамнан адамның артықшылығы жоқ» деген қағида қаққан шегедей іске асып, той мен жиылыс уақтылы басталып, уақтылы тарайтын көрінеді. Осыны көріп тұрып Таңсықбайдың ызасы келді, ішінен белгісіз біреуді боқтап та алды. «Біздің тойларда «елден бұрын бару ұят қой» деген жаман әдет бар. Сосын құданың құдасы келмесе той басталмайды, әкеңнің...» деп, тағы да іштегі шалаға тамызық тигізді.

 Той талтүсте басталды. Дастар­қанның төріне отырды. Өзін көрген кезде келген қонақтардың еркегі де, ұрғашысы да қолын көкірегіне қойып, басын иіп, сәлем берді. «Сыйлағандарыңа рақмет?» деді іштей көңілі босап. – «Қызылтаңнан» шеткері шыққанда көресіңдер Таңсықбайдың кім екенін» деген бір зуыл шеке тұсында зың ете қалды. Айдалада, біреудің Отанында көрген құрметіне өзін бақытты сезініп, «осының бәрі Ертуғанның арқасы ғой» деп баласының болғанына мың мәрте тәуба айтты. Қасында отырған Ертуғанның күйеу жолдасы жап-жалпақ тәрелкеге аппақ күріш ботқасын салып берді. Дәмін татып еді, тұз салмапты.

– Мынаған тұз салуды ұмытып кетіпті ғой, – деді әрі күйеу жолдас, әрі жапонша ағып тұрған аудармашы Сейілханға.

– Көке, бұлар тамаққа тұз салмайды, әркім өзі сап жейді, – деп тұз толтырылған ағаш тостағанды алдына қарай ысырды.

– Қор болған қайран күріш-ай, – деп күбір еткенде құдасы Тәкеши өз тілінде бірдеме деп қалды. Аудармашы бала апалақтап сасып қап:

– Бәрі дұрыс, сэр Тәкеши, – деп жуып-шәйді.

Қонақтар қысқа-қысқа сөйлеп, орындарынан тұрып, иіліп кетіп бара жатты. «Бұлар қайда барады?» деп еді, «Жұмыстарына барады» деді күйеу жолдас Сейілхан. «Біздің ауылдағылар бірінің айтқанын бірі қайталап, әрқайсысы жеті атасын түгендеп, бір сағат сөйлеп тұрып алар еді. Қарашы, түк болмағандай жұмыстарына кетіп бара жатыр» деп тағы да сүйсінді. Жол ұрып шаршап келсе де, әпсәтте демалып, көзбен көрген тіршілік нышанына көңілі сергіп қалды. Құда Тәкеши биік орындыққа отырып, біздің қобызға ұқсас бір ішек аспаппен әуен тартты. Сосын жұбайы екеуі қосылып, әлгі ­дударбас Алла Пугачеваның дүниежүзін шарлап кеткен әні «Миллион алых роздың» жапонша аудармасын шырқады. «Осы ән тегін ән емес, гүлге арнаған әнді бостан-босқа айтпайды ғой» деп ауылда қалған жұбайы Ажаркүлді ойлап, іші шым етті. Бәрі жарасып тұр, бізге ұқсап тұр. Әсіресе қобыздан (қобыз дейікші) шыққан үн мұңлы-ақ. «Қыз беріп отырған жұрт мұңлы болады ғой» деп құдаларының нәзік көңілін де күрмеп байлап қойды.

16 градус қызуы бар «Сакэ» деп аталған ұлттық шараптың екі бөтелкесі үстел үстінде мойны қылтиып тұрды да қойды. Бөтелкесі де тым тапал екен. Оны да ашарда «Ішесіз бе?» деп сұрау салды. «Сұрап бергенше, ұрып бер», сұрамай-ақ қойса болмай ма» деген ой Таңсықбайдың ішін тырнап, «Мәскеу айрықшасының» дәмі аузына келді. Жарытып та құймады, көздей рюмкеге көзге тамызғандай ғып мөлтілдетіп құя салысымен тартып жіберіп еді, жас күнінде ішкен «Вермут» пен «Портвейн №12»-ден де әлсіз, әшейін арақ деген аты екен. «Мейлі, бір емдік қасиеті бар шығар» деп, құйғанын құйғанша тауысып қойып отырды. Тәтті дәм жүрегін айнытып, «екіншісін ашса ішпей-ақ қояйын» деп іштей қарсылық білдіргенмен көңіл шіркін аттай желіп, екінші бөтелкеге де көз салып қарай берді. Той бітер-бітпесте баласын қасына шақырып:

– Құдаға аттың құнын қалай береміз? – деп еді, баласы бірден ­тыйып тастады.

– Көке, көңіліңді берсең болды. Елге барғасын шапан жауып, бөрік кигізесің. Бергеніңді бәрібір алмайды.

– Жөн екен, – деп іші жылып қоя берді. – Бірақ ертең сөз боп жүрмесін, – деп ауылдың мәнеріне салды.

Құдасын отбасын көруге шақырып қайтты. Қыздары үйден шығарда ешкім көзіне жас алмады, қыз да сыңсу айтпады. Бәрі орындалуға тиісті нәрсе сияқты рет-ретімен өтіп жатты. «Қандай тастан жаралған адамдар» деп ішіне қатал ой түйді. Үйден шығарда там төбесінде үшінші қабат боп жайқалып тұрған сап-сары күрішке көзі түсіп кетті де, баласына сыбырлап сұрау салды.

– Там төбесіне шығып көрсем қайтеді?

Перзенті «буынсыз жерге пышақ ұрма» дегендей қабағын кіржитті.

– Бұлар орақ салғанша там төбесін бөтен аяққа бастырмайды. Орақты да барабан ұрып, дабыл қағып тұрып салады. Ол күні ешкім де аузына арам ас алмайды, «сакэ» ішпейді.

– Бізде де орақ салғанда Қыз Жібек боп киінген қыздар атызда тұрып ән салып, би билейді ғой. Бірақ комбаиншыларға жүз грамм бермесең моторын оталдырмай бәлсініп тұрып алады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп Таңсықбай райынан қайтты. «Біз «Сыр сұлуы» деп ат қойған күрішімізді неге осылай төбемізге көтермейміз?» деген қытымыр ой да жан-дүниесін жалап өтті. «Тілдің аты – тіл ғой. Тіл білсем саңқылдап сөйлеп, қисайтып қыңыр сөз айтып тұрар едім» деп, келін алып қайтқан Таңсықбай бөтен жерден әйтеуір бір кемістік іздеп, өз көкірегін өзі шимайлап елге аттанды.

***

Таңсықбай құдалықтан келген бетте тоқал тамның төбесін жабуға кірісіп кетті. Сары қамыстың үстіне шелек-шелек тышқақ лай құйып, үстін сабан лаймен көмкерді. Ел еңсесін көтеріп, тойына бастаған кезде «Қызылтаңдағылар» да шипрлы там соғып, бойлары биіктей бастаған. Бес қыз, бір ұл өсіріп, оқытып-шоқытып, қатардан қалмаған қарапайым колхозшы Таңсықбай қолға қондырған жалғыз ұл оқуды бітіріп, бір шаруаның басын ұстаса биік үй соғармын деп әркез армандап қоятын. «Там соққанның тамтығы қалмас» деген сөзден де сескенетін. Сөйтіп жүріп, жер түбіндегі құдаларын қарашаның басында үй көрсетуге шақырып келді. «Олар сағатына сағат, минөтіне минөт санап кешікпей жүреді, кешікпеуді адамды силау деп бағалайды. Сонда қаз-қатар тізілген ақ шағаладай ­шипрлы үйлердің арасында біздің тоқал тамның төбесі құдамның көңіліне біртүрлі көрінер, е төбесіне еккен күрішім жоқ» деп қазақы көңілі одан бетер құлазыды. Ертуғанның жолдастары арқылы потребсоюздан жүз шипр алып, там төбесін төрт бұрыштап көмкере жапты. Тапал болғанмен төбесіне шипр жабылғасын көрер көзге тоқал тамның еңсесі биіктеп қалды. Бес қызы мен әйелі қолына щетка алып, күн сіңіп қарайып кеткен қабырғаны әктеп, үйдің іші мен сырты да ағарып қалды. Мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін келіні де келген бетте қолына щетка ұстап, жұлқынып іске кірісіп кетті. Қимылы шалт, тірлікке мәттақам. Ата-анасы келетін болғасын қолды-аяққа тұрмай қуанып жүр. «Әке-шешесін кім сағынбайды дейсің. Бір ауылда тұратын біздің үлкен қыз күн бата шешесіне кеп өсек айтып, енесін жамандап кетпесе көңілі көншімейді».

Құда екеу боп келді. Дәл айтқан күнінен жаңылған жоқ. Құда-қор­жында бір дорба күріш, екі бөтелке «сакэ»-сі бар. Жұрт біраз күлкі қылды. «Күлсін. Адамзат бір-біріне күлу үшін жаралған ғой» деп Таңсықбайдың қылы қисаймады. Құда да, құдағи да шірену дегенді білмейтін жандар екен. Біреулер «Құда тартамыз ба?» деп еді, біреу «Бір жапырақ қып қай жерін тартасың, бастауыш кластың баласы бұдан жарамды шығар» деп көңілі толмай тағы да тәлкекке салды. Құда түсінбесе де сөз төркінін сезіп, бәріне күлімсіреп қарайды, бөтен біреу кіріп келсе ұшып тұрып иіліп, сәлемнен жаңылмайды. «Құдаң көргенді екен» деп бұл көрініске де біреу бағасын берді. Құдағи да желпініп отырып, айналасына пысқырына қарауды білмейтін қарапайымның өзі екен. Қолында фотоаппарат, тойға келгендердің бәрін шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жүр. Қатыны мен еркегі басын түйістіріп, қайнысы мен жеңгесі иық түйістіріп, жуан сандарын жалатып отырып әбден жансыз бейнеге айналды. Құдағи бір сәт оңаша кетіп, әпсәтте сурет шығарып әкеп қолдарына ұстатты. «Бұның ақшасы да удай шығар» деп біреу айтып қап еді, ошаққа сексеуіл сап жатқан бәденді келіншек: «Ақшаң тасып бара жатса бәрімізге төлей сал» деп әлгінің жағын қарыстырды. «Жансыз бейне, қалмасын жерде» деп, бәрі де суретті ұшынан ұстап тұрып қайта-қайта қарады.

Той қыз-қыз қайнап жатқанда бір қартаңдау кісі: «Баяғыда, 45-ші жылы, біздің «Жапон базды» соққан тұтқын жапондардың өзі ғой мынау, жақындары емес пе екен, сұраңдаршы» дегесін үлкен кісінің сөзін жерге тастай алмай Ертуғанның досы сұрап еді, құдадан бәлеге қалды.

– Біз олармен жақын туыс болма­сақ та бір ұлттың өкілдеріміз деп есептейміз. Қайтсек те сол жерді көруі­міз керек. Оның тарихи мәнін білуіміз керек. Бізді сол жерге апарыңыздар, – деп қиылып тұрып алды.

– Ол жерге баратын жол жоқ. «Жапон баз» атамзаманда бұзылып, кірпішін талап алып кеткен, – деп әңгіме қозғаған кісі әрең құтылды.

– Бізге, ең болмаса, сол жердің суретін түсіріп жіберіңіздер. Соғыста із-түссіз кеткен тұтқындардың қолы тиген жер ғой, – деп құда көзіне жас алды.

– Құдаңның көңілі бос екен. Қан тартып тұр ғой. Біз үш атадан қосылған ағайынмен араласпаймыз, – деп әңгіме бастаған әлгі кісі өзін мысалға алып, көпшіліктің гөй-гөйінен сытылып кетті.

Құдаға ішкізу бір мәртебе болды.

– Мен ішкілікке құмар емеспін. Оның үстіне шет жерде ішпеймін. Өзіміздің шараптан ғана бір рет ұрттайын, – деп өзі қоржынбасы ғып әкеп, дастарқанның көркі боп тұрған қос қортық бөтелке «сакэнің» біреуін ашқызды.

– Жапонның арағынан дәм татайық, Тәкеңнің баласының арқа­сында, – деді бір жақын ағайын. Іле қолының қырымен аузын сүртіп тұрып көңілі толмай сөйледі. – Мынау ­лимонад қой, осыны да ит өлген жерден арақ деп әкеп жүр ме?

Көңілі толмай тұрғандардың сөзін құда «сакэден» дәм татқандардың бет-әлпеті мен әртүрлі ауыздан шыққан ұрма әуендерден байқады. Олар 16 градусты мәнзүр қылмай ақырған 40 градус «Айрықшаны» аңсап тұр еді.

– Құданың аты кім? – деді озат механизатор атанып, «Құрмет белгісі» орденін салбыратып тағып кеп кеу­десіне нан пісіп жүрген тракторшы Бекәшір.

– Тәкеши.

– Тәкеңе қазір ішкізем.

– Тәке, алып қояйық, – деп ақ арақ құйылған қырлы стаканды ұсынды.

Құда тұлғасы бітеу, түрі сұсты, көкірегінде салбыраған темір мен бір қап желі бар жігіттен сескеніп қалды.

– Мен өз шарабымды ішейін, оны да көп ішпеймін, – деп қолын көкірегіне қойып иілді.

– Біз де өз арағымызды құрмет­тейміз. Мынау ұлы орыс халқының «Аврора» деген арағы. Сыртындағы мылтық ұстап тұрған адамның суретін көрмейсің бе, бұның күші мылтықтың оғымен бірдей. Атылса болды, аспанда жүресің. Біз өзі ішуден орыстан кейінгі орынды аламыз, мұсылманда біріншіміз. Кейде трәктірім оталмай жатса, радиаторға арақ құйып жіберсем, пар ете қалады, – деп жігіт дарылдай күлгенде құда селк етіп, ­«сакэден» жұтып-жұтып жіберді.

Аудармашы бала сөздің кәдеге асар жерлерін аузы-аузына жұқпай тәржімалап тұр.

– Өз арағын өзі тауысатын болды ғой, – деді біреу көзі тоймай, көңілі толмай қарап.

– Енді мынадан, – деп озат механизатор мөлт-мөлт еткен қырлы стаканды қолына ұстатты. – Тәке, түбіне дейін, – деп сыңғыр еткізіп соғыстырды да, өзі ағызып-тамызып тартып жіберді. Құда екі ұрттап, өз тілінде екі ауыз сөз айтты.

– Мынау не деді?

– «Өмір қандай ащы еді» деді ғой, – Ертуғанның досы табанда тәржімалап берді.

Содан кейін де құда екі жұтым ақ арақты тыржиып тұрып тамақтан өткізді. Қысық көздері кіртиіп, оң алақанын жүрек тұсына қойды. Өз тілінде сөйлеп, жұдырықтай басын кегжең-кегжең еткізді.

– Мынау не деп отыр? – деді механизатор мәнеріне салып.

– Мен жүдә қатты мас болып тұрмын. Бәріне ризамын, дейді.

– Адам емес екен ғой, – деп озат механизатор алға түсіп кетті. – Екі ұрттап мас боп қалған екен де.

Құда терезеден лапылдап от жанған ошақ басына қарады. Жұбайы кішкенай балдарды тізіп қойып, шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жүр екен.

Құда Тәкеши сыртқа шығып, есік алдын көлбеп жатқан кең далаға көз салды. Келгелі сұрағысы кеп еді, бірақ иба сақтап, өзін-өзі тежей берген. ­Аудармашы бала да алдын кесіп өтпей аузын бағып тұр.

– Мына жердің бәрі өзіңіздікі ме?

– Иә, – деді Таңсықбай.

– Неге бос жатыр?

– Биыл егіс еге алмадық. Мұрша болмады. Қайта құру да қолбайлау болды.

Құда құдаға бақырая қарады да, шипрмен төртбұрыштап төңкеріле жабылған там төбесіне көз салды. Қабырғасы көне үйдің шатыры жап-жаңа. Кейін істелген тірлік екені көрініп тұр. Сосын қолын көкірегіне қойып иіліп, бас бармағын кіндіктен төмен апарды. Бұл – әжетхана іздеген белгісі еді. Келідей жуан Таңсықбай бөденедей ши­диген құдасын қол­тықтап, қара ағаш­тың қалтарысына қарай ыңғайлай берді.

***

Колхоз бастығы Таңсықбайдың сөзін сөз деп қыстырмады.

– Саған жер бере алмаймын. Балаң агроном, жұрт әңгіме қылады.

– Сонда мен егін екпеуім керек пе?

Колхоз бастықта екпін бар.

– Оны өзің білесің. Айттым ғой, жер жетпей жатыр деп. Қайта құрудың заңы солай.

Таңсықбайда ексім бар.

– Сенің де, қайта құруыңның да тап әкесінің аузын...

Колхоз бастық тілін тістеп қалды.

«Жер қаржысы барларға сатылады. Соларға жетпей жатқанда... жалаңаяқ Таңсықбайға не жоқ». Бұны көзіне көзін қадап тұрып көкірегімен айтты.

Таңсықбай бұрылып кетті.

Колхоз бастық құтылғанына қуанды.

Жолай дүкеннен бір бөтелке «Аврора» алып, үйге келді де, тығынын тісімен тыңқ еткізіп жұлып ап қырлы стаканға толтыра құйды. Бір тартып алғасын бәйбішесіне батыл сөйледі.

– Ажаркүл, бүгін үйдің төбесін бұзам...

– Не, төбең тиіп қалды ма?

Әйелдің тілі ащы, Таңсықбай да тотияйынға төзген бір еркек.

– Келер көктем күріш егем. Құдаларымнан қалам ба?

– Қалай суғарасың. Төбеңе емес, төменіңе су жетпей жүргенде... Жерге егіп-ақ жарытып алсайшы.

– Ертуған водавозбен әкеп береді. Сырдарияның жағасындағыларға су жалко емес. Күріштен келетін бәлені бір білсе, сол біледі.

– Ең болмаса, келініңмен ақылдас­пайсың ба? Там төбесіне қалай егетінін сұрамайсың ба?

– Келін қарсы болмайды. Көрсетем әлі... колхоз бастыққа. Бізде жер бар, ел жоқ. Жерді сатқандар жетісер. Мен осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шыққан колхозшы емеспін бе. Бүйткен қайта құруыңның тап әкесінің...

– Қайта құруда әке жоқ.

– Сен-ақ... осы... – тағы бір қырлы стаканды тартып ап, тоқал тамның төбесіне шығып, сыра бөтелкесінің қақпағымен қапталған жүздік шеге­лерді қысқышпен суыра бастады. Сөйтіп, толқын жүгіргендей бір ойық, бір бүдір, жап-жалпақ шипрларды жерге лақтырды.

– Дәл осы жерге қазақы салы егем. Құйтақандай құдамнан кеммін бе? ­Келер жылы шақырып, көрсетем, – деп сөйлеп жүр.

Әпсәтте шипрды ұстап тұрған тарам-тарам көлденең ағаштар ­адырайып, көзге түсіп қалды. Оны да қарулы қолмен жып-жылдам жинап тастады. Таңертең тоқал тамның сабан лай ұрған төртбұрыш төбесі ғана томпиып көрініп тұрды.

Таңсықбай Күн шықса да, бас көтеріп ұйқыдан тұра алмады. Оң қол, оң аяғынан жан кетіп, тілден қалды. Бұны естіген колхоз бастық: «Мені боқтаса да, қайта құруды боқтамау керек еді» деп айызы қанды. Дәрігер «жүрекке салмақ түскен, инсульт» деп диагноз қойды. Көңілін сұрап келген ара ағайын шашылып жатқан жап-жаңа шипрға қарап, «мұнысы несі екен?» деп, аузының суы құрып таңғалғанмен тіл жалдап ештеңе сұрай алмады.

Көп ұзамай Таңсықбайдың баласы Ертуған аудандық ауылшаруашылығы басқармасына бас агроном боп қызметі өсіп, мәртебесі көтерілді. Мәскеуде бірге оқыған достары демеу беріпті. Түн жамылып әке-шешесін көшіріп алып кетті. Ағайынға «Қош!» демеді.

 Екі жүз түтіні көкке өрлеген «Қызыл­таңның» ортасында тоқал тамның төбесі қарауытып қала берді. Былтыр жапқан сабан лай да сәнін келтіре алмады. Айналасы жүздік шегенің орны қалып, шашылып жатқан шұрқ тесік шипр. Үшкір ­шегелер де табан асты боп тотығып, ұшы майырыла бастаған. Сусыз қалған қауындықтағы тарам-тарам арықтарды ақбас пен алабұта көмкеріп, кетпен тимеген жер боз топырақ боп алыс­тан ағараң-ағараң етеді. Салпаң құлақ сұр есектер есігі аңқайып ашық қалған қорада тізіліп тұрып ап қоруы жоқ шөпке құшырлана бас қойыпты. Үй қабырғасына «Сатылады!» деген жалғыз ауыз сөз де жазылмаған. Сау­даға салып, сөз жүгіртуге кім болса да ұрда-жық Таңсықбайдан үркектеп жүр.

Тілден қалған Таңсықбай бүгін қыстақтағы жаңа үйдің ауласында күншуаққа малынып отырып, әйеліне қарап аузы-басы қисаңдап, бірдеңе деп былдырлап, иығын қозғады. Тілі ащы жұбайы Ажаркүл сөздің ­нобайын аяқтамай жатып-ақ аңғарып қалды. Ирелеңдеген көп сөздің басын қосқанда «Биыл көктем ауылдағы там төбесіне күріш егем» деген мазмұн шықты.

– Түс көріп ояндың ба? Құдаңмен теңескің келіп отыр ғой. Жетісіп қапсың, – деді ауру күтіп зәрезап болған сыңаймен ернін шүйіріп.

Таңсықбай естісе де, естімесе де тағы бірдеңе айтқысы кеп едіреңдеп, сау қолы ербең ете қалды.

 

2473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы