• Білім және ғылым
  • 22 Сәуір, 2021

Кітап туралы жиі жазылса...

«Ана тілі» газетінің 11-12 номерінде журналист Нұрлайым Батырдың «Менің ұстазым – кітап» атты мақаласын оқып, кітапханашы ретінде ой бөліссем деп едім. Иә, бүгінде жастардың кітап оқымайтыны, кітапханаға тым сирек баратыны туралы әңгіме жиі ­айт­ы­лады. Ғаламтор, техниканың соңғы жетістігі адам­ды кітаптан алшақтатқаны белгілі. Бірақ ғаламтор еш­­қашан кітап пен кітапхананың орнын баса алмайды ғой.

Кітапханашы ретінде жаңалықтардан, жаңа технологиялардан бас тартқызғым келіп отырған жоқ. Алайда кітаптың ғаламат пайдасы туралы газет-журналдарда көп жазылса, айтылса екен деймін. Иә, бұрындары кітапты «ұрлап» оқыды, кешке жақын қолшамның жарығымен «тығып» оқыды. Ендеше осы күні кітап оқудың сирексіп кеткенінің себебі не?

Оның бір себебі, кітап туралы жақсы дүниелер көп жазылмай, айтылмай жатуында ма деп ойлаймын. Сіздердің газеттің 10-нөмерінде «Кітап қазына» деген айдарларыңыздың аясында бірнеше кітаптарды таныстырдыңыздар. Міне, оқырман, осындай жақсы кітаптардың бар екенін оқырманы көп басылымдардан біліп, танысып отырса қандай жақсы? Сондай жақсы кітаптар шыққанын оқыған оқырман, ол кітапты міндетті түрде оқығысы келеді. Оқығысы келген оқырман міндетті түрде кітапханаға келеді. Ал кітапханада кітап қана емес, күллі рухани байлық қатталып тұр ғой. 

Сөзімнің басында ғаламтор туралы айттым ғой. Иә, осы күні ғаламторда адамдар ұзақ уақыт отыра береді. Иә, ғаламтор өміріміздің барлық саласына енді. Індеттің кесірінен үйде қамалып отырғанда ғаламтордың пайдасы көп тиді. Дәрігерлер әріптестерімен, оқушылар мұғалімдермен онлайн кездесулер ұйымдастырып, вебинарлар өткізді. Ғаламтордың арқасында басқа құрлықтағы жақындарыңызбен «қол созым жерде» отырып, емен-жарқын тілдесе аласыз. Демек, шын ізденген жанға ғаламтордың да пайдасы мол. Алайда ондағы мағлұматтардың барлығы шын, тура ақпарат деп сеніммен айта алмаймыз ғой. Ал тасқа басылған, кітап болып қатталған дүниенің өзі де, сөзі де шындыққа көбірек сәйкесетіні жасырын емес. Кітап – асыл қазына, адамгершіліктің бастамасы. Құдай да жер бетіне төрт кітап түсірген жоқ па? Яғни кітап ғаламтордың орнын алмастыра алғанымен, ғаламтор кітап бола алмайды.

Әрине, қазіргі заман ағымына қарай, техниканың дамығанына орай кітап оқу мүлдем қалып барады. Дегенмен, менің ойымша, осы мәселені барынша қолға алып, мектеп кітапханасының қорын кеңейтіп, қазіргі жастарға қызықты жазылған кітаптармен толықтырса, сонымен қатар түрлі әдеби кештер мен іс-шаралар ұйымдастырып, жастарды кітап оқуға баураса, бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын. Сонда мектеп кітапханасының қоры көбейіп қана қоймай, оқырмандар саны да артар еді. Бұл тұрғыда басылымдар да көмек қолын созып, кітап оқу, кітапхана, жаңа шыққан кітаптар туралы материалдарды жиі әрі қызғылықты етіп беріп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айгүл Қамбарова,

М.Әбенова атындағы жалпы орта мектеп

кітапханасының меңгерушісі

Түркістан облысы

 

2703 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы