• Тіл
  • 22 Сәуір, 2021

Поляк ғалымының хаты да ой салмады-ау...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын апта аралатып бір оқып қоятыным бар. Міне, бүгін тағы да оқып отырмын. «Мемлекеттік тілді білу - Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. 

Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» дегені маған майдай жаға түседі. Бір қарағанда Президент үндеуі басқа ұлт немесе ұлыс өкіліне қарата айтылып отырғандай көрінуі әбден мүмкін. Шыны солай да. Бірақ Мемлекет басшысының нақ осы сөзі басқаға емес, қазақтың өзіне тура бағытталғанына дау болмаса керек. «Қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастар» кім? Ол арамызға судай сіңіп кеткен өзге ұлт өкілдері емес, Құдай ұрғанда өзіміз болып отырмыз ғой. Басқа жерді білмеймін, Түркістан облысының көптеген аудандарында тұратын өзге ұлт өкілдері қазақты сөзден жаңылдырады. Сіз оған өзбек, не орыс, не әзербайжан, не кәріс (егер білетін болсаңыз) тілінде «гәпіріп» тұрсаңыз: «Ой, ағасы, не болды сізге? Қазақша айта берсеңізші» деп ұялтпаса, маған келіңіз.
Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Бізде әлі де «түсінікті тілде» сөйлегенді мәртебе көретіндер жеткілікті. Жоғарыға барыспай-ақ қоялық, өзіміздің қазақи орта деп жүрген Түркістан облысы мен мегаполист қала – Шымкентте орысша ойлап, орысша жазатындар әлі де бар. Жуырда бір таныс үйіне қонаққа шақырды. Қонақтың бірі жоғары оқу орынында оқытушы екен. Екі сөзінің бірінде орысша сөйлеп отырды. «Үйреніп қалған» тілден ажырау оңай ма дестік. Алайда кілең қазақ отырған ортада орысша шүлдірлескендері ыңғайсыздау болды. Тағы бір ойым «мына кісі орыс тілінің маманы ма екен?» дегенге тоқтады. Сұрастырып көрсем, мүлдем маңайламайды. Сонда осы оқытушы қазақ студенттерге осылай сабақ береді ме?
Кеше ғана әлеуметтік желіні ақтарып отырсам, Серік Құсанбаевтың жазбасын көзім шалып қалды. Оған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан үн қосыпты. Жариялымда не айтылған дейсіз ғой. Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып Ермек Омарбеков тағайындалыпты. Журналистердің қалыпты жұмысы емес пе, «Қызметіңізді неден бастайсыз? Алдағы жоспарыңыз қандай?» деген сұрақтар қойып, сұқбат алып жатады. Ермек Сембайұлы орысша мүдір­мейді. Орысша жауабы біткен соң қазақ журналистері: «Енді осы айтқан­дарыңызды қазақша айтып бере аласыз ба?» деп сұрамай ма? Сонда білдей басшы денесін ток соғып өткендей дір ете қалып, «жо-жоқ, айта алмаймын» деп ана тіліне келгенде ат-тонын ала қашады. Аса талантты сөз зергері Оралхан Бөкейдің елінде жағдай осындай болған соң, басқаларға не жорық деп күйінеді әлеуметтік желідегілер.
Шырайлы Шымкентіңізде қоғам­дық көліктердегі билет кесушілер мен бақылаушылар Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да аялда­малардың сонау кеңес өкіметі кезіндегі атауымен атайтынын күні бүгінге дейін қоя алмай жүр. Біз тіл тазалығы туралы көп айтамыз. Жазып та жүрміз. Бірақ шұбарлап сөйлеу әлі де аяғымызға оралып, етегімізден арылар емес. Бір қызық мысал айтайын. Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің қызметкері Генрик Янковски Қазақстанмен тығыз жұмыс істейтін поляк ғалымы. Ол осыдан сәл ғана жыл бұрын Шымкентке келіп, екі ай тұрып кеткен. Лингвист-ғалым осындағы қазақ тілінің шалажансар күйіне қатты күйзеліпті. Сосын отыра қалып, Шымкентте шығатын «Замана» газетіне хат жазбай ма? Сонда Генрих неге күйінді десеңізші! Қазақтар сөз арасында «если», «хотя бы», «чтобы», «или», «потому что», «вообщем, «короче», «уже», тағы басқа да орыс сөздерін қоспаса, сөйлей алмайтынына жыны келсе керек. 
Осыдан соң отыра қалып жазған хатында: «Қазақ тілінің қорғаны деп саналатын қалаларыңызда екі айға жуық уақыт өткіздім. Осы арада тұрған жерім – №11 шағын аудан. Айнала Ресей сияқты. Көрші-қолаң далада әңгімелесіп отырғанда жанына бір орыс келсе болды, дереу бәрі орысша сөйлеуге көшеді. Даладағы қазақ балалары ертеден кешке дейін орысша сайрап, ойнап жүреді» деп ашынады. Шетелден келген ғалым, әрине, біздің тым әсірешілдігімізді, даңғойлығымызды, жалпақшешейлігімізді тез аңғарған. Балаларға кінә арта алмаймыз енді. Олар аулада үйренгендерін тез қағып алады. Осылай сөйлей-сөйлей шатты-бұтты сөйлеуге қалыптасады. Осы ретте ең бірінші ата-анасы баласын дұрыс сөйлеуге үйретуі керек-ақ. Екіншіден, мектепте мұғалімдер бұл мәселеге айрықша көңіл бөлмесе болмайды. Бала бойына жақсыны да, жа­манды да тез сіңіреді. Көшеде қойыртпақ тілді үйреніп келген ол: «Е, қазақ тілі деген осы екен ғой» деп те ойлауы мүмкін. Есейе келе қазақ тіліндегі сөз қайсысы, өзге тілден енген ауызекі сөз қайсысы еке­нін ажы­ратқанымен, қалыптасып қалған ауыз ескі сүрлеуден шыға алмайды.
Не істеген ләзім? Біз – үлкендер тіл тазалығы жөнінде мықтап ойлануымыз керек. Балаңыздың дастарқан басында отырғанда сөйлеу мәнеріне, сөз құрылысына мән беріңіз. Көшеде ойнап жүргенде айтатын сөздерін тыңдап көріңіз. Ал оқытушылар, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері тәлімгерлердің тіл тазалығын сақтауына баса мән бергендері жөн деп білеміз.
Десек те, өзімізден де бар-ау, тегі. Бар емес, өзімізден ғой. Біз ұлттық намыс деген сыртқы сауыт-қорғанымызды мүлдем шешіп тастаған сияқтымыз. Бұл дегенңіз, ұлттық кодтан айрылып қалу емес пе? Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, ұрпағына да осыны үйретсе поляк ғалымы туысы емес, тамыры емес қазаққа күйінбес еді-ау. Сырт көз – сыншы. Ал сыннан қорытынды шығара білу ерліктің үлкені!

2413 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы