• Тіл
  • 29 Сәуір, 2021

АНА ТІЛДІҢ ҚАДІРІН АУЫЛ ТӘРБИЕСІН КӨРГЕНДЕР БІЛЕДІ

Немесе ұлттық құндылықтардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін бес бағыт туралы

Назым Сарсебаева, 
№29 жалпы білім беретін орта
мектептің директоры

«Ана тілім» деп үлкен құрмет тұтқан қазақ қана болар. Ендеше, қазақ тілінің мәртебесі, мемлекеттік тіл ретіндегі құзыреті, Қазақстандағы тіл тағдыры күн тәртібінен түспей-ақ қойды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін күшейту бағытында сан алуан шаралар, әдістер, жұмыстар жүргізілді, жүргізіліп келеді. Нәтиженің баяу болуының басты себептері де айтылды. Осы тұрғыдан ұстаз ретінде өз пікірімді білдіргім келеді. Қазіргі таңда бүкіл қазақстандықты түбегейлі қазақ тілінде сөйлетуге мүмкін бола қоймас. Бірақ болашақ ұрпақ қазақ тілінде сөйлейтініне кәміл сенемін. Өзім көп ұлт жайғасқан елді мекенде тұрамын. Мектебімізде орыс, ұйғыр cыныптары да бар. Бірақ кез келген жиналыс, әрбір кездесу тек қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл дәстүрге оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да, тұрғындар да үйренді. Ауылдың ішінде қазақ тілінде сөйлеу және сөйлету деген мәселе жоқ деп санаймын. Себебі барлық жергілікті уәкілеттіліктер мен мектеп, ауруханалар жаппай қазақша сөйлесуге дағдыланды. Бұл нәтиженің негізі біріншіден, қоршаған ортаның ықпалы мен отбасы тәрбиесінде жатыр. 

 

Қазіргі қазақ қоғамы үшін ауыл тәр­биесі аса маңызды. Ауылда көр­ші­лердің етене қарым-қатынасы, ауыл бала­­ларының ұжымдасуы, топтасуы, ағайын-туыстың жиі араласуы, жиі бас қосуы ұлттық құндылықтардың жүзеге асуына толық мүмкіндік береді. Ауыл тәрбиесінде тілдік қатынас кітапта жазылған әдістермен емес, шынайы тәжірибемен меңгеріледі. Тілді білуге мұқ­таждық өздігінен қалыптасады. Ауыл балалары арасында қазақ тілін түсінбейді екен деп соның тілінде сөйлеп кетпейді. Керісінше, оны қазақша сөй­лесуге дағдыландыра бастайды. Ауыл тәрбиесі өздігінен қазақы тәрбиеге ­баулиды. Ер жігіттің шымыр, тіршілікке бейім болып өсуі көршілердің сынымен түзеліп отырады. Ауланың жинақылығы, қораның тазалығы көршінің көзімен бағаланып отырады. Яғни қазақы стереотип бойынша «жаман сөзге ілікпес» үшін орындалуға тиісті тәрбиелік мін­дет­тер орындалып отырады. Ауыл тәр­бие­сі арқылы берілетін ұлттық құн­ды­лық­­тарды былайша топтастыруға болар еді:

Бірінші – гигиеналық әдептілікті сақтауға бейімдеу тәрбиесі. Мысалы, жуған қолды сілкуге болмайды (ырыс-несібе кетеді), тырнақты тістелеуге бол­майды (несібеден айрыласың), түн ішінде тырнақ алуға болмайды (қол кесіледі) деп нандыра отырып ­орындауын талап ететін тыйымдардың негізгі мазмұны жеке бас тазалығын сақтауға келіп саяды. Сол сияқты, басты бейберекет шайқауға, тісті қайрауға болмайды (жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді). Осы аталған тыйымдарды кез келген қазақтың салт-дәстүрін сақтап өскен отбасында тәрбиеленген ұл мен қыз міндетті түрде орындайды. Себебі оның ұлттық рухани танымында терең сақталып қалады.

Екіншіден, этикет – мінез-құлық, қарым-қатынас тәрбиесі. Мысалы, мынадай әдепсіздікті («адамға қарап қол шошайтуға болмайды», «саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды», «таңдай қағуға болмайды», «үлкен кісінің жолын кесуге болмайды», «адамға қарап керілуге болмайды», «жатқан кісінің үстінен аттамайды», «ішекті тартуға болмайды», «белді таянуға болмайды», «жақты таянуға болмайды») болдырмау үшін қазақ «жаманшылық әкеледі», «өлім-жітім шақыру белгісі», «жаман ырым» деген жалпылама ­нанымдар арқылы түсіндіреді. Кейде тіпті «саусағың сынып қалады», «таңдайын түсіп қалады», «аяғың сынады», «ішегің бұратылып қалады» сияқты әдепсіз қылықтардан бойын аулақ ұстасын деген ниетпен қорқыта сендіру арқылы әдепсіздікті тыйып отырады. Сондағы ауыл тәрбиесінің мақсаты – әдептілік этикетін сіңіру.

Үшінші – келін әдебі бойынша тәрбие. Жаңа босанған әйел үйге кірген итті қумайды, егер қуса тістері түсіп қалады. Келін түн ішінде суға бармайды, кір жаймайды, себебі шошыма ауруына ұшырайды. Екіқабат әйел ара, қайшы ұстамайды, ұстаса мерзімінен бұрын босанады. Екіқабат әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болады. Келін төрге шықпайды, себебі төр – қонақтың немесе отағасының орны. Келіннің орны – босаға. Ауыл тәрбиесінде ене мен келін бірге тұрады. Қазақтың рухы жоғары ұрпағы төрт құбыласы түгел, яғни ата-енесімен бірге тұрған отбасында бекем қалыптасады. Ауыл тәрбиесі де үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырар еді. Осылайша басталған отбасында қазақ тілінде сөйлемеу деген мәселе болмас еді. Ауыл тәрбиесінің иініне көнген келіннің ұрпағына берер тәрбиесі де ұлттық мәнде болары сөзсіз.

Төртінші – дастарқан басындағы тәрбие. Әкесі тірі бала бас ұстамайды. Қызға кәрі жілік ұстатпайды, оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді, өйткені былжыр, ынжық болады. Жас балаға бұғана ұстатпайды, бойы өспей қалады. Ас ішіп болған соң «тойдым демейді», «қанағат» деген жөн.

Бесінші – үй тұрмысына қатысты тәрбие. Түнде сандықты ашпайды, біреу-міреу қайтыс болады ( өте қажет болған жағдайда «жылан кіріп кетті» деп алдын алады). Түндікті бақанмен тіреп қоюға болмайды, бұл – жау шақыру деген ырым. Жанып тұрған шырақты үрлемейді, адам ұмытшақ болады. Шәу­гімнің шүмегін есікке қаратып қой­майды, ырыс-несібе кемиді. Есіктің бо­сағасын керуге, табалдырығында тұ­руға болмайды ↔ жау шапқанда ғана үй иелері босағаны керіп, табалдырықта тұрған. Үйде құмырсқа көбейіп кетсе, жылқының екі тезегін уыққа іліп қояды. Сойылған малдың қанын төрт түлік (әсіресе сиырдың) көзінше төгуге болмайды, сүтінен айрылады. Малдың алдынан бос ыдыспен шықпау керек, сүті азаяды.

Осылайша ұлттық тәрбиесі үзілмеген ауылдың тіршілігі кез келген сөйлей алмаймын деген кісіні қазақша сөйле­тері анық. Демек, қазақ тілінің мәрте­бесін асыру ауыл тәрбиесі арқылы оңтайлы жүзеге асар еді. Ол үшін қандай тәсілдер қажет? Ауыл тәрбиесін этнопедагогиканың негізгі нысаны ретінде зерттеу қажет. Ауыл тәрбиесіндегі барлық ұлттық құндылықтар (дәстүр, салт, жосын, жоралғы, кәде, ырым, ­тыйым, т.б) мектеп оқулықтарында көрінуі тиіс. Қазіргі оқулықтарда этномәдени ақпараттар тым аз екені байқалады. Ауылда оқушыларға арналған жазғы демалыс лагерлерін ашу қажет. Ауыл тәрбиесі арқылы балалардың қазақша тілдік қатынасын қамтамасыз ету қажет.

Белгілі ақын Ұлықбек Есдаулет «бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік бол­майды. Қазақстан тұрақтылығын сақтауға күш салғанда, біз азаматтардың мемлекеттік тілде түсінісуіне жол ашуға ұмтылғанымыз жөн болар» деген сөзі осы мақаламды жазуға түрткі болды. Сондай-ақ танымал журналист Нұрперзент ­Дом­байдың «Мінбер» айдары аясында «Неге тілге төңкеріс керек деп отырмыз. Себебі сөз көп те, ісіміз мардымсыз. Сон­дықтан тұтас елдің, ұлттың тағдыры үшін білек сыбанып қарекет танытатын сәт келді» деген пікірі де бәріміз үшін өзекті мәселеде ой айтуыма қамшы болды.

Ана тілдің қадірін ауыл тәрбиесін көргендер біледі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі ауыл тәрбиесі арқылы өседі. Меніңше, бұдан былай мемлекеттік қызметке сол ауыл тәрбиесін алған жас­тарды көбірек тартса, бұл мәселе өзінен өзі шешімін табатынына еш шүбәм жоқ.

Алматы облысы

Талғар ауданы

Бесағаш ауылы

 

2981 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы