• Тарих
  • 06 Мамыр, 2021

ДЕРЕККЕ ДӘЛДІК КЕРЕК

«САМАЛТАУ» КІМНІҢ ӘНІ?» ДЕГЕН МАҚАЛА ХАҚЫНДА

Осы биылғы жылдың беделінде ғажайып үнді әншіміз Димаштың орындауында әлемдік аренаға шығып, кең танымалдыққа ие болған «Самалтау» әні төңірегінде «Жас Алаш» газетінің 28 қаңтар күнгі нөмірінде жас қаламгер, ізденімпаз зерттеуші Серікбол Хасанның «Димаш орындаған «Самал тау» кімнің әні?», тараздық журналист ­Сатыбалды Досымбековтің «Жас Алаштың» 18 ақпан күнгі нөмірінде «Самалтаудың» авторы ­Сапалай кім?» деген мақаласы, артынша осы автордың Жамбыл облыстық ­жастар газеті «Арайдың» 25 ақпан күнгі санында «Самалтау» Сапалайдың салған әні!» атты талдама материалы жарияланды.
«Ана тілі» газетінің биылғы жылғы 10 санында қаратаулық журналист Сәулембай Әбсадықұлының «Самалтау» кімнің әні?» деген мақаласы жарық көрді. Осы қаламгердің осының алдында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің 2 ақпан күнгі ­санында «Самал тау» шынында халық әні ме?» деген мақаласы жарияланды.
Сол жолы осы материалға байланысты онда көптеген тарихи деректердің, мәліметтердің өрескел бұрмаланғанын тілге тиек етіп, сол газеттің 18 ақпан күнгі санында «Ақиқат – бәрінен қымбат» атты менің аса көлемді бір беттік мақалам жарияланған еді. Сол жарық көрген ауқымды материалдың кей тұстары редакция тарапынан қысқартылған да екен. 

Мен жоғарыдағы азаматтар секілді «Самалтау» әнінің кімге тиеселі екендігін зерттеп, анықтауға қалам тартайын деп отырған жоқпын. Менің пікірімше, оның төрелігін, дәлелін, әділдігін арнайы музыка мамандары, кәсіби зерттеушілер, халық әнінің табиғи болмысын терең талдай алатын азаматтар анықтап, тиесілі қорытынды жасау керек. Бұл орайда, сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында белгілі ақын, сазгер Тынышбай Рақымовтың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне байланысты жаладан арашалау үшін атақты композитор Нұрғиса Тілендиев бастаған музыка қайраткерлері «Егемен Қазақстан» газетінде ноталық талдау жасап, ән сазының ешкімнен де ұрланбағанын дәлелдеп, Тынышбайға араша түскені бар. Осы орайда, кез келген ­қа­ламгер түрлі деректерді пайдаланғанда да нақ­тылыққа, тарихи дәлдікке жүгінуі керек-ақ.

Бұл жолы С.Әбсадықұлының «Ана тілінде» жарияланған мақаласында Сапалайдың керемет әншілік өнері туралы жаңаарқалық шежіре қария Жақсыбайдың сөзін келтірді. Сөйтіп, артынша: «Міне, сол тамаша әнші Сапалай Исатайұлының туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Әттең, оның өлмес мұраларын зерттеушілер жоққа тән.

Тек ел аузында аңыз ғана қалғандай. Бір ғана ұлы даланың әнұранына айналған «Самалтау» әнінің өзі неге тұрады?!» деп жазады.

Яғни Сапалай Исатайұлының биыл туғанына 130 жыл болса, оның дүниеге келген уақыты 1891 жыл болмай ма? Ал 1891 жыл сиыр жылы емес, қоян жылы ғой. Автор С.Әбса­дықұлы алдыңғы жазған мақаласында Сапалайдың туғанына 120 жыл толғандығын атап көрсеткен еді. Сонда қай дерекке сүйену керек.

Енді осы мақаласының соңына таман автор былай деп жазады: «Біз құрастырған «Талас – Сарысу» аталатын жинақта оны 1901 жылы туып, 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесілген дейді. Кейбіреулердің 1934 жылы ­пойыздан секіріп өлді дегені ақиқатқа жанаспайды. Бірақ өз әнінде айтылғандай, Сапалай 1916 жылы 2 мүшел жасқа толғаны анық сияқты. Оған ­«Самалтау» әніндегі «Жасым бар екі мүшел, ­жылым – сиыр» деген сөзі айғақ». Ол жинақты 2013 жылы ­Сатыбалды Досымбеков пен Сәулембай Әбсадықұлы бірлесіп шығарған болатын.

Ақиқатқа баласақ, шындықтың жүзіне қарасақ, Сапалайдың «Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр» деген сөзін негізге алсақ, ­Сапалай 1901 жылы емес, 1889 жылы дүниеге келген деп қорытынды жасауға болады. Автордың, алдында жазғанындай, 16 жасар Сапалай Ресейдің Омбы қаласына барып, 1917 жылғы Ақпан көтерілісі басталған соң ол елге қайтады. Сиыр жылы болса 1913 жыл, барыс 1914 жыл, қоян 1915 жыл, ұлу 1916 жыл екенін қаперге ұстаңыз.

Енді тура осы жерде қисынға салып көріңізші. «Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр» деп 16 жасында қалай айтады? Сол 1916 жылы ұлу жылы емес пе? Ал екі мүшел жас – 25 жас екендігі бесенеден белгілі жайт.

Енді осы жинақтың 275-бетінде былай деп жазады:

«– Бұл әнді, – деді Жақсыбай ақсақал, – атақты әнші Бекболат Тілеухан орындап жүр. Анау-мынау әншінің көмейі мен дегеніне көне қоймайтын «Сапалай» әнінің тарихы мынадай. 1916 жылы 15 жасқа келген Сапалай бұратана халықтар окоп қазуға алынсын деген ақ патшаның Жарлығына ілініп, майданға алынып, Минск, Варшава қалаларында окоп қазып, соғысқа қатысып, оқ атпаса да небір сұмдықты көзімен көріп, ысылып, елге Ақпан төңкерісінен кейін оралады».

Енді бұл қарама-қайшы­лыққа толы, бір-бірімен мүлде үйлеспейтін даталар, т.б. деректер жайлы пайым жасауды, ой елегінен өткізуді зерделі оқыр­мандарымыздың үлесіне қалдырайық.

Мен бұдан бұрында да дерек көздеріне мұқият болуды айтқан едім.

Автор: «Жалпы қазақ даласының, оның ішінде жеті болыстың бейжай өмірін, сән-салтанатын Бірінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналған Ресей патшасының 1916 жылғы 16 маусымдағы Жарлығы бұзды» деп жазады. Бұл жерде де тарихи дерек көзбе-көз бұрмаланып отыр. Ол Жарлық 16 маусым емес, 25 маусымда жарияланған. (Қазақстан тарихы, «Атамұра» баспасы, 3-том, 638,736-беттер. 2010).

Мақала егесі Сапалайдың әндері төңірегінде әңгіме қозғай келіп Жақсыбай ағаның айтуымен: «Өзіміз ілгеріден айтатын «Ақтамақ» әні де Сапалайдікі екендігін естігенде таңғалдық» деп жазады. Қарияның ауызша айтқанының бәрін шындыққа балап, таңғала берудің қаншама қателіктерге ұрындыратынын бұрынғы «Ақиқат – бәрінен қымбат» атты мақаламда талдап тұрып, тиісті деректермен нақтылап. Сәкеннің атақты «Тар жол, айғақ кешуі» романының беттерін, тарауларын көрсетіп жазған болатынбыз.

Ал «Ақтамақ» әні – атақты композитор, Баянауыл перзенті Садық Кәрімбаевтың (1918-1975) өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында шығарған, халық арасына кең тараған әні. Оның сөзін жазған ұлы әншіміз Күләш Бәйсейітованың зайыбы, үлкен өнер иесі, әнші, актер, режиссер, драматург Қанабек Бәйсейітов. Қараңыз: «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы (286-бет) «Алқалы топтың ажары» (154-бет), «Қазақ әндері» (268-бет.) Алматы, «Атамұра» баспасы, 2014 ж. Осы тұста сол Садық атақты «Жамбыл жастарының вальсінің» де авторы екенін еске сала кеткен абзал.

Ал «Самалтау» әнін атаман Анненковтың азап вагонында Бәкен Серікбаевтың әуелете айтатынын тағы да Жақсыбай атаның аузына салады. Қисынға келмейтін қиял тағы да алдан шығады. Сол Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы «Атаман Анненковтың азап вагонында» деген тарауын ерінбей оқып шығыңызшы. (ҚМКӘ баспасы, Алматы. 1960 жыл. 276-316-беттер). Адам жаны түршігетін аштық, Сібірдің бет қарыған аязы, қабырға, бұрыш, төбелеріне қырау қатқан вагонда, көз алдарында адам өлімі болып жатқан жерде өзі әлсіреп келе жатқан Бәкен Серікбаевтың әуелете ән айтуы ешқандай қисынға келмейді. Онда ән туралы бір ауыз сөз жоқ.

Сол әнге «риза болған Сәкен Сейфуллин мен Бәйсейіт Әділов қалжыңдап «Бәкеңнің зары» дейді екен» деген Жақсыбай ағаның тағы да ауызша «...дейді, дейді, дейді екен» деген желдірме әңгімесін шындыққа балатады. Ең алдымен «әуелете ән айту» деген сөздің өзі көңіл күйдің асқақ, көтеріңкі кезін бейнелемей ме?! Ал зарлы әннің әуен табиғаты мүлдем басқа екенін қаперде ұстаған жөн.

Ал тілге тиек еткен Бәйсейіт Әділов ­туралы айтар болсақ, оның азап вагонында еш болмағанын дәлелдеп тұрып жазғанбыз. Ол Ақмола түрмесінде болғанда, бақшада жұмыс істеп жүргенде қарауылдың көзін ала беріп, ебін тауып, қашып кеткені кітапта тайға басқан таңбадай анық жазылған. (238-бет).

Ал «Кейбіреулердің 1934 жылы пойыздан секіріп өлді дегені ақиқатқа жанаспайды» деп жазған автордың жоғарыдағы деректі кімнен алғандығын айтпайды. Сапалайдың нақты қазасы туралы зерттеуші Серікбол Хасанның «Жас Алаштағы» мақаласынан үзінді келтірейік.

«Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітабында («Алматы, «Кітап» баспасы, 2019 жыл). Сапалай Исатайұлының қалай ұсталып, қалай өлгені жайлы нақты дерек берілген.

«ПП ОГПУ – дің КССР бойынша өкілдігі. Алматы қаласы. №6.

ОГПУ-дың Сырдария округтік бөлімшесі мынаны хабарлайды. ПП ОГПУ-дың орынбасары Алшанскийдің (дұрысы – Ольшанский) өкіміне сәйкес тұтқындалған: Кеншімов Мәдібек, Исатаев Сапалай, Иманов Жантөре 17/V- 30 күні Арал теңізі арқылы екі күзетшімен ОГПУ-дың Қызылордадағы бастығының қарауына жіберілді.

20/V күні алынған ПП ОГПУ-дың Кеншімов Мәдібекті ату туралы қаулысына орай, округтік бөлімшенің атына тұтқындар тиісті жерге жеткен соң, үкімді орындау туралы шифрлы телеграмма жіберілді. Округтік бөлімшеге белгісіз себептермен тұтқындар айдауылмен қоса, 23/V-30 жылы Шымкентке қайтарылып жіберілді. Қайтар жолда Салатөбе стансасы мен №167 разъездің арасында Сарытоғай стансасына жетпей, 25/V күні түнгі сағат 11-де, айдауылдардың айтуынша, тұтқындар зулап келе жатқан пойыз вагонынан секіріп кеткен. Айдауылдардың шұғыл шара қолдануымен Иманов пен Исатаев қолға түскен. Қатты жараланған жарақаттан Исатаев 23/V-30 жылы сағат 14-те өлді. Ал Иманов Жантөре округтік бөлімшеге жеткізіліп, сіздің өкіміңізге орай, үкім жүзеге асырылды. Кеншімов Мәдібекті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр (Бурдаков, тіркеуші Жемчужинов)».

Ұзамай Сапалайдың серігі болған Мәдібек Кеншімов те қолға түскен. Ол 1931 жылдың 10 ақпанында түнгі сағат 12-де Шымкент қаласында атылған. Ату жазасын ОГПУ- дың Шымкенттегі оперативтік секторының қызметкерлері Плишкин, Полевой және ­Нестеров дегендер орындап, құжатқа қол қойған. Осылайша Ұлы даланың көк бөрілері өмірінің нүктесін қойған болатын».

Осы келтірілген тарихи дерекке еш күмән келтіре алмайсың. Бір біле­тініміз, ғалым, зерделі әрі жауап­кершілігі мол зерттеуші, абайтанушы Тұрсын Жұртбай әр сөзіне жауап беретін азамат есебінде көпке кеңінен танымал.

Әрі қарай автор биылғы жылы Димаштың АҚШ-тың «су жаңа» Президентін ұлықтау сәтінде «Самал ­тауды» орындағанын айта келіп, былай деп жазады: «Өкінішке қарай, ол да халық әні деп айтыпты. Әрі Сарыарқа өңірінен Самалтау деген тауды кездестіре алмағанын айтады».

Мен ең сүйікті әншім Димаштың барлық орындаған әндерін бірнеше рет тыңдап әрі шығармашылық қадамын барынша қадағалап жүретін жандардың қатарынанмын. Бүкіл интернетті ашып қараңыз. Бірнеше ­ракурста берілген барлық ән айтқан көріністерін қараңыз, зерттеңіз. Мақала авторының сөзіне илансақ, Димаш халық әнін айтпас бұрын жер-су аттарын зерттейтін топономикамен айналысқан ба деген ой туады. Оның Президентті ұлықтау сәтінде бұлай айтуы еш қисынға келмейді де ғой.

Алғашқы күні Димаш атақты «SOS!» әнін орындар алдында АҚШ Президентін алдымен ағылшын, содан соң қазақ тілінде құттықтады. Ұлықтау салтанатының келесі кезеңінде Димаш «Самалтауды» орындады. Әнді айтпас бұрын жалпы әлемге қарата тілек сөзін ағылшын тілінде, ән аяқталған соң қазақ тілінде: «Әлемде тек бірлік болсын! Әлемде бейбітшілік болсын! Барлық әлем халықтары аман болсын!» деген сөзін тебіреніспен айтты. Мен оның айтқан тілегін сөзбе-сөз беріп отырмын. Күмәнданар болсаңыз, интернетті ашып қараңыз.

Мақалада келтірілген «Самалтау» әнінің мәтініне байланысты да ескерту айтқан артықтық етпейді. Ән сөзі тұтасымен бірінші жақпен шығарылған. Димаштың орындауында да ән бірінші жақпен айтылады. Сіреспе ұғымға байланған «тәулік» сөзінің «күндей» болып айтылуы да қонымды. «Жаяумыз, баяумыз, ­таяумыз» баяндауыштары да көпше емес, ­жекеше берілген. Осы жайды да зердеге тоқыған абзал.

Сөз соңында айтарым, айтылған ауызекі әңгімелердің барлығын шындыққа балап, көсілтіп жазып, оқырманды адастырудан сақ болайық. Сондықтан жоқтан барды жасап, бардан зорды жасайтын «балалық аурудан» іргені аулақ салған жөн ғой деп ой түйіндейік. Кез келген дерек дәйекті, нақты болуы керек.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

ЖАҢАТАС

 

2057 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы