• Мәдениет
  • 12 Мамыр, 2021

Ит жүгіртіп, құс салған...

Бүркітшілік – бекзат өнер. Құсбегілік   өнерге төзімдінің төзімдісі ғана тәуекел ете алады. Сол сиректердің бірі –  Жамбыл ауданы Өрнек ауылында  тұратын Бауыржан Ешметов. Оның құс салудағы ерекшеліктерін жерлестері аса қызығушылықпен айта жүреді. Ұлттық құсбегілік өнерді, атқа міну мәдениетін  дамытып жүрген нағыз қазақ Бәкең ақсақалдың үйіне барып, қазақы болмысымен тағы бір танысып қайттық. 

Бауыржан ағаның негізгі кәсібі – жүргізушілік. Ұзақ жылдарын темір тұлпардың рулінде өткізген. Бұрынғы «Крупская» (қазіргі «Өрнек») деп аталған ұжымшардың белді жүргізушілерінің бірі болған. Ал құсбегілік өнер – атакәсібі. ­Атасы – Тұрғанбай, өз әкесі – Ешмет те ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан мергендер болыпты. Тіпті нағашы атасы Әзімбет те, оның бауырлары Бегімбет, Нарымбет, Күнімбай да құсбегілік өнерден алыс болмаған. 
Баукең төрт перзенттің ішіндегі жалғыз еркек кіндік болған. Әкесі оны 43 жасында cүйген екен. Сондықтан Ешмет қария мұны құсбегілік өнерге оқушы кезінен баулыған. Яғни жалғыз ұлының елден жырақ кетіп қалмай, ауылда болғанын қалапты. Баласына ­6-сыныптан бастап құсбегілік өнерді жанын салып үйреткені де сондай мақсаттан туған. Содан бері ­зымырап 60 жыл уақыт өткен екен. Сол 60 жыл ішінде қазақ даласында араламаған жері, бармаған мекені жоқ. Алатау мен Қаратау бөктерінде де, Бетбақдаланың алыс түкпіріне дейін барып аң-құс аулады. Баукең құсбегі ғана емес, ауданға белгілі көкпаршы. Бейнелеп айтқанда – нағыз қазақ. Бәкең атадан жалғыз болса да, атакәсібін үзген жоқ. Ұзақ жыл облыстық құсбегілер құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінде құсбегілікке арналған үйірмені басқарды. Құсбегілік өнер бойынша спорт шеберлігі атағын қорғап шығыпты. Сол үйірмеден тәлім алған шәкірттер еліміздің әр тарабында жүр. Бүркітші биыл 73-те. Ендігісі – ұлдарына, ұрпақтарына аманат. Аудандық спорт мектебі 350 мың теңгеге үш бүркіт құсқа арнап жай соғып беріпті. Ол жерді арнайы көрдік. Заңдылығы солай ма, құстар әр торда бөлек-бөлек тұр.
 Білгенге құсбегілік жеңіл өнер емес. Бүркітті таудан тор құрып ұстайды. Кейде балапанын қияға өрлеп барып, ұядан алады. ­Атасы қыран емес пе, бүркіттің қолға үйренуі өте қиын екен. Ашуланып, шоқып, бүріп, абайламаса адамды жарадар етуі де мүмкін. Ал осындай қиындыққа төзіп көр. Бүркітті аңға салған кезде де өте қырағылық керек. Түлкіге түскен бүркітті жылдам жетіп, тез ажыратып алу қажет. Түлкі ретін тауып бүркітті теуіп жібермей тұрғанда. Түлкі теуіп үлгерсе, құстың беті қайтып қалатын көрінеді.
 Атакәсіп дегенді қойсаңшы. Бауыржан ағаның төрт ұлы – Нұржан, Ержан, Сержан, Мейіржан – барлығы да тазы жүгіртіп, құс салады. Ержан құсбегіліктен Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі, Нұржаны Жамбыл ауданы бойынша құсбегілік бойынша жаттықтырушы. Ал немерелері Тұрнияз, Шернияз да құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. ­8-сынып оқитын немересі Ғазизхан ең жас құсбегі. Барлық немересі құсбегіліктен ел чемпиондары. Тағы бір немересі Кәусар да бүркіттің әр қадамын бақылауға құмар. Қысқасы, бұл әулет ақсақалы мен еңбектеген сәбиіне дейін құсбегілік өнерді серік еткендер. Құсбегі ­Бауыржан Ешметовтың «Үкіліқара», «Ботақара» деген бүркіттері, «Сары жебе», «Тұнжыр» деген қаршығасы үнемі республикалық құсбегілер байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр. Осынау қасиетті құстардың бабын табу да оңай емес. Олар таза ет жейді. Мұнда ителгі құсты да көрдік. . Бұл ауладан «Жеті қазынаның» барлығын кездестірдік. Құсбегінің жары Сейтін апа да ширақ, әлі де қолғабыс беріп, немерелерінің бір жағында жүр. 
– Бүркіттер негізі жүз жылға дейін жасай береді. Қыран баласын екі айда ұшырады. Біз 50-55 күндік балапанды ұстап әкетеміз. Жас бүркітті қанат, құйрығының астындағы ақ жүнінен ажыратуға болады. Егде тартқан сайын ақ жүні қара түске айнала береді. Бүркітті, шамамен, 12-13 жыл ұстап, онан соң тауға апарып, ұшырып жібереміз. Әйтпесе обалына қаламыз. Жас бүркіттердің бабын жасау оңай емес. Оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала береді. Құсбегінің арнайы шапаны, етігін тігу де ­назар аударуды қажет етеді. Жамбыл өңірінде де бүркітшілер жарысы жиі өтіп тұрса деген тілегім бар. Себебі Жас бүркіттер жарыс тілеп тұрады, – дейді белгілі құсбегі Бауыржан Ешметов.

 Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл облысы
Жамбыл ауданы

 

2070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы