• Тұлға
  • 12 Мамыр, 2021

Түркі академиясының қазығын қаққан

Шәкір Ыбыраевтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің ішінде шоқтығы биік, ереше орын алатын «Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы» атты монографиясы – эпостың болмыс-бітімін кең ауқымда, ғылыми тұрғыдан қарастырған еңбек. Бұл – батырлық жыр табиғатындағы  көне наным-сенімдер ізінен бастап, эпос қаңқасын құрайтын композициялық құрылымның құрамдас бөліктеріне дейін қамтыған зерделі зерттеу. Эпостағы көркемдік уақыт пен кеңістікті талдау арқылы поэтикалық жүйенің қыр-сыры зерделенеді. 

Кез келген халықтың рухани мәдениетінің зерттеліп жариялануы нақтылы мынау уақыттан басталады деп айту қиын. Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті рухани мұрасының жинастырылып зерттелуі, оның насихатталып саралануы әріден басталады. Біздің халқымыздың рухани сұранысын қанағаттандыратын сөз өнері, нақтырақ айтсақ фольклоры – тереңге тамыр жайған, әріден тартып нәр алатын, өткенге ой тастап, бүгінмен қауыштыратын, танып түсінуге мүмкіндік беретін мәдени мұрасының бір түрі. 
Осы орайда Ш.Ыбыраевтың қазақ фольклортануының белесті биігі болып саналатын осы мақалада аталған және бұл жерде көрсетілмеген басқа да еңбектері мен  көптеген ғылыми мақалаларының берері мол, тәрбиелік мәнінің зор екенін айтқан жөн. Ғалымның еңбектері оқырмандардың үлкен сұранысына ие. Оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау барысында және қазақ фольклоры туралы зерттеулерде әдіс­намалық бағытта қолданылады. Ғалымның еңбектері қоғам өміріндегі әлеуметтік институтқа айналып, адамдардың рухани таным өрісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етуде.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорлығына дейін (2000 ж.) ол талай жолдардан өтті, білім, тәжірибе жинақтады, өзін көрсете білді.  Одан кейін де  Эгей университетінің профессоры (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Ғылым орталығының, әрі Дүниежүзі түркологтары Ассоциациясының атқарушы ­директоры, Түркі академиясының алғашқы Президенті қыз­меттерін абыроймен атқарды. 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, түркология кафедрасының профессоры. Негізгі ғылыми-зерттеулік еңбектері фольклортану және түркология мәселелеріне арналған.
Шәкір Ыбыраев 2019 жылдың қаңтар айынан ­бастап шығатын «Turkic Studies Jornal» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) атты халықаралық журналдың бас редакторының орынбасары. Дүниежүзінің белгілі түркологтары қатысқан оннан астам Халықаралық түркологиялық жобаларға жетекші болды. Сондай-ақ ғалымның басшылығымен 2004-2006 жылдары Түркістан қаласында «Түркология» журналы (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), 2007-2014 жылдары Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларында «Түркология және алтаистика» атты халықаралық журналдар жарияланып тұрды.
Шәкір Ыбырайұлының 1979 жылы КСРО ҒА Шығыстану институтында қорғаған «Қорқыт ата кітабының» көркемдік-бейнелеу құралдарын түркі халықтарының эпосымен салыстыра зерттеу» атты кандидаттық диссертациясын кезінде КСРО Ғылым Академиясының Төралқасы Одақтық Академия бойынша үздік жұмыстардың бірі деп таныған. Өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерін қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер проблемаларына, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясы мен түркітану мәселелеріне арнаған фольклортанушы, түркітанушы Шәкір Ыбыраевтың ғылыми еңбектерінің орны ерекше. Ғалым 1993 жылы «Қазақтың батырлық эпосының поэтикасы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. 
Қазіргі уақытта Шәкір Ыбыраев – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өзінің ұйымдастыруымен ашылған «Түркология» журналының бас редакторының орынбасары. Ғылыми жұмыс пен қоғамдық жұмысты қатар атқара жүріп, ғы­лымға деген талпынысы бар жастарды тәрбиелеуде қаншама еңбек жасады, жасап та келеді. Ғұмырында әртүрлі салада, бірақ бәрі ғылымға келіп тірелетін, еңбек етіп, мол тәжірибе жи­нақ­таған ғалымның еңбек жолының өзі – кейінгі ұрпаққа үлгі. 
Бүгінге дейін жиырмадан астам жастардың ғылым жолын­дағы бағытын анықтауға мұрындық болып, олардың қанатын қатайтқан, талабымен талпынысын ұштаған ғалым азамат. Олардың ішінде бір ғылым докторы, алты ғылым кандидаттары, 3 PhD докторлары мен ондаған магистранттары бар. 
Ш.Ыбыраевтың дәрістерінің өзі ерекше қызықты, тартымды өтетін. Әр сабағының өзінен мол мағлұмат алып қайтатынбыз. Жүзінен иман нұры   төгіліп тұратын ағайымыздың біздерге, студенттерге сенім артып, үлкен үмітпен қарағанының өзі бізді алға жетелеп өмірде, ғылымда өз орындарымызды табуға көмектесті.
Ағайдың ұстаздығы, ғылыми жетекшілігі өз алдына, ол кісінің ұқыптылығы мен жинақылығы, үлкен-кішімен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы, парасаттылығы, байсалдылығы, кеңпейілділігі, қажымас еңбек сүйгіш  ізденімпаздығының өзі – бір мектеп. Сені қалайда алға жетелеп, талабыңды бағалап, қанаттандырып отырады.
   
 

Пакизат Әуесбаева,
филология ғылымының 
кандидаты, доцент

2373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы