• Тарих
  • 20 Мамыр, 2021

ҚЫШҚАЛА МЕДРЕСЕСІ

Азулы түз аңы қасқырдың жүретін жолы, сүрлеуі, белгі салатын аймағы, яғни соқпағы (бөрісоқпақ) болады. «Соқпақ» сөзі ерте түркі тілінде «суатқа баратын жол» деген мағынаны білдірген (Будагов сөздігі, 1 том, 1869; 709 б.), ал суат –  байырғы көш-керуен жолындағы уақытша аялдап тоқтайтын қоналқы жер, мал отарын күйіттейтін су көзі. Әр археологтың өзінің зерттейтін, қазба жұмысына соқпақ, сол соқпақтағы көне тарихқа түрен салған аймағы болады, ашқан ескерткіші – қуат беретін суатындай. 

 

Бүгінгі күні отандық археология ғылымының биік шоқтығында тұрған ғалым Мадияр Елеуовтың археологияға салған жол соқпағы – қазақ жерінің оңтүстік-шығысы Шу-Талас аңға­рынан бастау алып, Сырдария өзенінің төменгі ағысына дейін созылып жатыр. Осы соқпақтың бойындағы ортағасырлық қалалар, керуен жолдар, елді мекендер мен мерзімдік қоныстар археоло­гиясының қыр-сырын ашу – Мадияр Елеуовтың ғылым жолындағы ұстанымы. Тіршілігі тоқтаған көне қоныс-қалалардың жүрегіне қайта жан бітіру археологиялық қазба жасаумен жүзеге асады. Қаланың талай ғасырлар бойына бүгіп жатқан сырлары мен қырларын ашу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің ауыр жүгі археологтар қауымына жүктелетіні белгілі.

Әр қазбаның жер қойнауынан алып шығатын бір сый – қазынасы болады. Сырдария өзенінің төменгі ағысы аңғарындағы Орта ғасырларда ­Баршынкент, кейін Қызқала, Қыштөбе аттарымен танылған Қышқала, табиғат апатымен бірге, адам вандализмі әсерінен жойылу қаупіне ұшыраса да, қазына, құпиясын сақтап жеткізген шаһар. Әлкей Марғұлан қаланың бір кезеңде Баршынкент, одан кейінгі Қызқала атануын «Алпамыс» жырындағы Гүл­баршын есімімен байланыстырған.

Алтын орда кезеңінде гүлдене түс­кен Қышқала (Баршынкент) қала­сының құм жабылған мәдени қабаты «мен мұндалап», зерттеушілерді күтіп жатқан еді. 2018-2020 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімдігінің бағдарламасымен Қыш­қалаға қазба жүргізу міндеті, ортағасырлық қалатанушы ар­хеолог-ғалым Мадияр Елеуовтың жетек­­шілігіндегі археологиялық экспе­дицияға жүктелді.

Археолог-ғалым Мадияр Елеуов

ХХ ғасырдың 50-60-жылдарында ауыл тұрғындары шаруашылық мақсатта ортағасырлық құрылыс­тардың күйдірілген кесектерін бұзып алған. Осының салдарынан қала құрылысының нысаны толығымен бұзылып, құм басып, үлкен төбешікке айналған. Төбе етігінде бүтіні мен сынығы аралас қыш, кесектерді көруге болады. Қазіргі таңда қала құрылысы қалдығының бір бөлігін анықтау мақсатында төбенің үстінен көлемі 32х30 м болатын жерден, тереңдігі 1-1,2 м келетін қазба жүргізілді. Қала ғимараттарының салынуы, ежелгі құрылыс ісінің дамуымен, тарихи дәуірдің шіліңгір ұсталары берген туынды – сәулеттік өнер ескерт­кіштерінің дамуымен тығыз байланысты. Исламдық сәулеттік өнер­дің қазақ жеріндегі ескерткіштерін – орта ғасырлық керуен сарайлар, мұнаралар, кесенелер, мешіт, медресе құрылыстары, мазарлар құрайды. Қаланың орнын қазу барысында жобасы сегіз қырлы, аумағы 28 м, төрт мұнаралы, екі қақпалы медресенің орны ашылады.

Медресенің сегіз қырлы болып салынуының өзі ортағасырлық сәулеттік өнердің қазақ жеріндегі жоғарғы үлгісін танытады. Сыртқы қабырғаларының ұзындығы 7-14 м аралығында, ені 1 м. Қабырғаның мұншама қалыңдықта салынуының өзі, сол заманғы оқу ғимаратының ішкі жылулығы мен ылғалдығын сақтаудағы сәулеттік шешім. Құрылыстың төрт бұрышында симметриялы орналасқан мұнаралары бар. Барлық мұнаралардың сыртқы жиектері, сыртқы қыры доғалдау етіп арнайы құйылған кесектермен өрілген. Шикі кірпіш, лай араластырылған кесек сынықтары, жергілікті топырақты пайдаланудағы құрылыс ерекшеліктерін көрсетеді. Экспедиция мүшелері құрылыстың ішкі бөліктерін тазарту барысында әртүрлі көлемдегі 19 бөлменің орнын ашқан. Сегіз қырлы ең үлкен бөлме құрылыстың тең ортасында орналасқан. Үлкен бөлмені қоршай орналасқан қалған бөлмелердің саны олардың ашылу ретіне қарай солтүстік қақпаның кіре берісінен басталып, сағат тіліне қарсы бағытта белгіленген. 

Шығыс ғұламасы Жамал Қарши 1273-1274 жылдарда Баршынкентте (Қышқалада) бірнеше рет болып, ғұлама Абу-л Махамид Хамид ибн Асим ал-Асими Барчинлигиден дәріс тыңдап, диплом (иджаза амма) алғанын жазып кеткен. Махмуд Бен Эмир Валидің 1634-1650 жылдарда жазған «Бахр әл-асар фи манакиб әл ахйар» еңбегінде «Баласағұнда 200-ден астам мешіт, 20 ханака, 10 медресе болған» деген. Мунтахаб ат-таварих Муин ад-дина Натанзи, Джувейни, Плано Карпини да Баршынкент туралы айтып кеткен.

Мадияр Елеуовтың ашылған ескерткішті «медресе» деп тануына осындай жазба деректер мен құры­лыстың ерекшеліктері негіз болған.

Археолог-ұстаз Мадияр Елеуовтың бойындағы ынталылық пен табан­дылық қасиет, далалық мектепте шың­далумен қатар, оған өз соңына «ортағасыртанушы» шәкірттерді баулуды міндеттеді. 2000-нан аса жойылу, бұзылу қаупіндегі археологиялық ескерткіштерді ашып, тіркеуге алған Мадияр Елеуовтың археологияға деген махаббаты, сүйіспеншілігі шексіз.

Тәттігүл Қартаева,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

профессоры

2319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы