• Білім және ғылым
  • 20 Мамыр, 2021

Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық мектеп

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, 
ар, мінез деген нәрселермен озбақ.
Абай

Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы деп мақтанып, сол биік дәрежеде әр жыл сайын танымы бөлек, талғамы биік дарынды шәкірттерді баптап, қанаттарын қомдап, республикаға танылған талай таланттардың бағын жандырған дарынды балаларға арналған Атырау облыстық ұлттық гимназияның отыз жылдық тарихы елеулі естеліктерге толы.
1990-1991 оқу жылында республика көлемінде тұңғыш ашылған дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия ұжымы - бүгінде XXХ-шы түлектерінің қанатын қомдап, қиясына ұшырғалы тұрған ұлағатты орда. Адами ізгі асыл қасиет пен ізгілікті ұлағатымен танылған білім ошағы. Республикаға танымал 100 мектептің қатарында бой түзеген білім мен тәрбие бесігі.

Егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялаған тұста тәй-тәй басып қадамын нықтаған елде ұлттық мектептерді ашу былай тұрсын, таза қазақ тілінде оқытатын мектептерді қалыптастырудың өзі үлкен мәселеге келіп тірелетін еді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев тапсырмасының негізінде республика бойынша ұлттық тәрбиесі мен бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеудегі озық әдіс-тәсілдерімен ерекшеленетін тұңғыш қабілетті балаларға арналған экспериментальды мектеп-интернат ашылып, білім саласына өзгерістер ене бастады.

Осы орайда үлкен жанашырлықпен өскелең ұрпақтың келешегі үшін ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттап, этнопедагогика, этнография негіздері қаланатын ұлттық гимназияның тұсаукесеріне себепкер болып,бастауында тұрған, пайдаланудан қалған ескі мекемені жөндеп, қалпына келтіруге қаржы бөлуге үлес қосқан сол кездегі Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Ғазиз Алдамжаров, облыстық партия комитетінің хатшысы Әнес Бисенов, облыстық Білім басқармасының бастығы Жайлы Өмірбекова, орынбасары Қилымғали Қайненов есімдерін атап өткен жөн.

30 жылға кейін шегінсек, республикамызда тұңғыш ашылған ұлттық гимназиялармен қатарымызды тіктеп, уақытша басқа мектепте оқып, мұғалімдеріміз сабақтан соң өз беттерімен мектепті қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Сондағы мақсат біреу ғана: тек дарынды, талантты шәкірттерді тездетіп жаңа оқу орнына көшіру, жаңа жатақханамен қамтамасыз ету. «Тамаша, жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды» деп даланың дана ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, тәлімді тәрбие мен тағылымды сабақ үйретер дарынды шәкіртке ұстаз таңдау да оңай болмады. Облысқа танымал ұстаздарға конкурс жариялап, әр ұстаздың білімі мен шығармашылық жолына аса мән беріліп, гимназияның алғашқы ұжымының құрамы бекітілді.

Қабілетті балаларға арналған мектеп-интернаттың оқу бағдарламасы жасалып, оқу процесі үш бағытта гуманитарлық, физика-математика, химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын алғашқы оқу бағдарламалары жасалды. Сол кездегі оқу ісі меңгерушісі Мария Аманғалиева, тәрбие ісі меңгерушісі Баян Өтешова, т.б. ұстаздардың қажырлы еңбектерін атап өтпеу мүмкін емес.

Гимназияда жұмыс істеген ұстаздардың көпшілігі 25-30 жыл осы шаңырақта ерен еңбек етіп келеді. Ұстаздардың жыл сайынғы үміті – жарқын болашаққа қадам басқан әр шәкірті адамдық биігінен көрініп, елінің азаматы болса екен деген тілегіне толы.

Әрине, алғашқы бес жыл ішінде білімді, білікті мамандардың нәтижелі еңбектері өлшеусіз жетістіктерге жетіп, бүгінгі күнге дейін ұлттық гимназия мәртебесі өзінің тұғырынан таймады. Осынша уақыт ішінде төккен тер, өлшеусіз еңбек, жеткен жетістік, абыроймен келген атақ текке кетпеді.

Игі істердің басы-қасында қиындығы мен қызығы мол кезеңдердің, тәй-тәй басқан ұлттық мектептің тұсау кесерінің куәсі болған ұстаздар Д.Жалмұқанова, М.Оңалбаева, С.Бабакиева, Л.Үсенов, Е.Хамза, Б.Құспанов, Ә.Кушенова, Б.Өтешқалиева, Қ.Хасанова, Б.Губашева, С.Ерекенова, М.Аманқосова, Ж.Шамбаева, К.Исағалиева, Г.Уралова, т.б. облыстың түкпір- түкпірінен келген дарынды балаларды оқытуда уақытпен санаспады. Гимназия алғаш ашылған кезде өткен түрлі республикалық семинарлар, жарыс­тар, пәндік олимпиадалар дарынды оқушы­лардың білімі мен білігін даралай алды.

30 жыл гимназия табалдырығынан түлеп ұшқан қанша шәкірт республиканың түкпір-түкпірінде лауазымды қызмет атқарып, абыроймен көш басында келеді. Бүгінде осы оқу орындарын аяқтаған алғашқы түлек-шәкірттеріміз Г.Мұқашева, Э.Қуандықова, Ш.Имашова, Ә.Есенғалиев, К.Төлегенова, Г.Ермағамбетова, Э.Жолдасова, Б.Амангелдиева, Ж.Малиева, С.Жулдаева, Т.Күйкентай, С.Үмбеталиева – өздері түлеп ұшқан ұлттық гимназияда тәжірибелі ұстаздар болса, Ш.Имашова, Ж.Атшыбаева, А.Кенжеғарина, А.Салыхова, А.Изимова, т.б. іргелі білім ордаларын басқарып жүрген мектеп директорлары.

Шәкірттеріміз Атырау облыстық жер ­қа­ты­настары басқармасының бастығы ­Әлі­бек Ермекқалиев, Атырау облыстық «ҚазТрансГазАймақ» директоры Мақсот Әбуов, жеке кәсіпкер Бақытбек Сартбаев, т.б әртүрлі қыз­мет саласында жүрсе де, өздері түлеп ұшқан гимназия­ға әрдайым қол ұшын созып көмектесіп тұратынын мақтан етеміз.

Гимназия – шығармашылық зертханасы іспеттес. Гимназияда тағы бір қолға алынған игілікті шара жоғары оқу орнына бейімдеу мақсатында оқу бағдарламалары тереңдетіліп, практикумдар, семинарлар, лабораториялық жұмыстар жүргізілді және жаңа оқыту әдістері мен тәсілдер кеңінен қолданылды. Оқушылардың теориялық білімін практикада қолдану мақсатында физика мен химиядан өтетін практикалық сабақтар Атырау педагогикалық институты мен химия институтының лабораториясында өтті. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеттерімен арнайы келісім-шарт жасалып, университет ұстаздары жекелеген оқушыларды пәндік ­олимпиада, ғылыми жоба жарыстарына дайындады. Сол сәттерде бізге демеу болып, шәкірттерді ғылым әлеміне талпындыруға үлес қосқан Х.Табылдиев, А.Иманғалиев, Қ.Сейталиев, Ғ.Имашев, Б.Кенжегалиев, С.Өтепқалиев, А.Шамғонов, т.б. еңбектері ұшан-теңіз десек, артық айтпағанымыз.

Ұлттық гимназия  – талғамы биік, танымы бөлек дарынды шәкірттің бағын жандырар өнер бесігі болып, шәкірттеріміз талай жарыстардың жеңімпазы атанды. Бұл жерге 30 жыл ішінде талай қазақтың марғасқалары мен өнер майталмандары бас қосқан киелі шаңыраққа айналды.

1993 жылдары гимназия төрінде Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, талай ­дарынды шәкірттеріміздің арманына қанат бітірді. Осы кездесудің нәтижесінде гимназияның «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрі құрылып, бүгінге дейін өнер көрсетіп келеді.

Гимназияның әр шәкірті «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейір­леніп, тезірек қолға түседі» деген Абай даналығын өз ұстанымдарына айналдырып, еңбекпен, талмай ізденіспен келген білімнің қадірін түсіне алды.

Ұлттық гимназия педагогикалық ұжымы- Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академия­сы­ның ұжымдық мүшесі атанып және Ұлттық Бизнес Рейтинг орталығының зерттеулерінің нәтижесінде екі мәрте «Сапа көшбасшысы-2014», «Сапа көшбасшысы-2015» қабырға медалі және ұлттық сертификатымен марапатталды.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында «Теңізшевройл» компаниясы жаңа үлгідегі оқу ғимаратын тарту етіп, білім саласындағы заманауи технологияларға қол жеткіздік.

Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі. Биыл да 2020-2021 оқу жылын табысты аяқта­ғалы отырған гимназия түлектері облыстық, республикалық,халықаралық сайыстарда, түрлі деңгейлердегі өнер жарыстарында жеңімпаз атанып, 9 шәкірт «Алтын белгі», 7 шәкірт «Үздік аттестатқа» үміткер болып, мәртебемізді тағы көтерді. Шәкірттеріміздің ҰБТ қорытындысында да оң нәтиже көрсететініне сенемін.

Ұлттық гимназия – отыз жылдық тарихы бар, оза шауып бәйге алған, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған білімділер мекені атанса, бұл да ұлт алдындағы үлкен парызды мойнына алған гимназия ұжымының ерен еңбегі, шығармашылық ізденісінің нәтижесі.

Н.Даумов, 

Атырау облыстық дарынды балаларға

арналған ұлттық гимназия директоры

2705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы