• Әдебиет
  • 20 Мамыр, 2021

АЛТЫН БЕСІК – АҚҚАЙНАР

Аққайнар ауылында «Алтын бесік Аққайнарым» кітабының тұсауы кесілді. Мың данамен шыққан кітап тарихы терең Аққайнардың кешегісі мен бүгіні, тұрғындарының тағдыр-талайы туралы мол мағлұмат береді. Онда ауылдың өсуіне өлшеусіз үлес қосқан атпал азаматтардың еңбегі көрсетілген. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Екінші дүниежүзілік және Ауған соғыстарына қатысқан ерлердің жауынгерлік жолдары баяндалады. Жоба авторы – мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов. Ал кітаптың авторы – ҚР Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжан. Аққайнар ауылына байланысты айшықталған сахна төрінде жаңа кітаптың құндылығы жан-жақты әңгімеленді. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтаевтың тұщымды пікірі көптің көкейінен шығып жатты. 

«Бұл ауылдан небір дүлдүл азаматтар шыққанына тәнтімін – деген ол кітаптың маңызына тоқталды. – Бұл тұсаукесердің жөні мүлде бөлек. Бір кішкентай ғана ауылдың тарихын үлкен кітапқа айналдырып жазу дегеніңіз зор еңбек. Кітап энциклопедиялық форматпен шығарылған және ең ғажабы – мазмұны да соған сай. Бұлай жаза білу үлкен біліктілік пен білімді қажет етеді. Кез келген журналист, жазушы мұндай дүниені жаза алмайды. Бұл – ақиқат. Кітапта энциклопедиялық мазмұн мен стиль сақталған. Бұлай жазу ғалымдарға тән. Ал Күмісжан Байжан шынында да өзінің терең білімі мен білігін, мол тәжірибесін осы еңбекте ерекше көрсетті.

«Шынында да, Серік Әбікенұлы осы ауылда ер болып дүниеге келіп, елдің қамын жеп отырған азамат» деді одан әрі жазушы. «Біздің Серік ағамыз шын мәнінде ғажап адам. Ол өзінің эстет адамға сай бекзаттығын танытты. Алдымен қазақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы зерттеу еңбектер жазғызып, ескерткіштерін қойғызды. Ол кісінің қызмет істеген жерлерінде бүкіл қазақ халқына әйгілі тарихи тұлғаларымыздың еңселі ескерткіштері тұғырға қондырылды. Ол алдымен өзін емес, елін, жерін ойлайтын азамат. Аядай Аққайнардағы ауылдас­тарына көмектесіп, ата-бабасының рухы сіңген жеріне қолдан келгенше жақсылығын аямайды. Бүкіл елге еңбек еткен, елдің рухын көтерген, ел үшін қасық қаны мен қара терін аямаған, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған баһадүр-батырларымызды ұлықтаудағы еңбегі көпке үлгі» деді Асқар Алтай.

Көпшілік алдында белгілі қаламгер, кітап авторы Күмісжан Байжан, ең алдымен, осындай тамаша рухани дүниені ұзақ жылдан бері ойластырған жоба авторы Серік Үмбетовтың бойындағы ұлттық дәстүрді ұлықтайтын ізгі қасиеттерге тәнті екенін жеткізді. Жазу барысында кездескен кейбір жайлардан хабардар етіп, кітапты баспаға дайындауға атсалысқан азаматтарға тоқталды. Осы орайда С.Бердіқұлов атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруз Бұқатова, мәтінді компьютерде терген Айнұр Қонаева мен ­Эльзира Рысқұлбекова, суретші­лер Жеңіс Ысқабай мен Бақтияр Айталыларға алғыс айтты. Форматы үлкен, түрлі-түсті бояумен көз тартатын кітаптың шы­ғуына Ғабит Үмбетов пен Айдос Майлыбаев демеушілік жасағанын атап өтті.

Ауыл шежіресін шертер тамаша кітап шығарғандарға тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізді. Бұл орайда ардақты аналар Есенгүл Исаева, Роза Мейірманова, ауылдың құрметті азаматы Қамбархан Үмбетов пен Ақылбек Жүнісов лебіз білдіріп, Бердіқұл ата бата берді. Шара соңында аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің ән-жыры тамашаланды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ 

Алматы облысы

Жамбыл ауданы

 

2639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы