• Әдебиет
  • 20 Мамыр, 2021

ЕМЛЕ МЕН ОРФОГРАФИЯНЫ ЖӨНГЕ КЕЛТІРМЕЙІНШЕ...

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты басшысының арнайы тапсырысымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан жазылған «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» атты еңбегімізді баспаға берерде екі нәрсені мақсат тұтқан едік. Біріншіден, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ең қымбат, асыл қазынамыз ана тілімізді көркейтіп, кемелдендіріп, келер ұрпаққа қалдыру тіл жанашырларының, қазіргі қазақ тілі ғалымдарының абыройлы перзенттік парызы екенін ескердік. Екіншіден, орыстілді қандастырымызға қазақ тілін құрмет тұтқызатындай етіп, емлемізді ұштай түсудің ептейлі тұстары мен тетіктеріне мән берейік деп ойладық.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобына бұл аталған еңбекті талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында асығыстық жасамай, мәселеге жеңіл-желпі, атүсті қарамай, тыңғылықты түрде пікір алыссын деген мақсатпен мына төмендегілерді де ескерусіз қалдырмаса екен деп өтіндім. Біріншіден, «Қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілдері» – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге даярлық тұрғысынан жазылған тұңғыш арнайы еңбек. Басқа ­авторлар бұл тақырыпты арнайы әңгімелеген емес. Екіншіден, бұл – сынап-мінеуге жатпайтын еңбек. Өйткені тіліміздің лексикалық, фонетикалық, морфологиялық құрылымын, бүкіл тіл жүйесінің барлық саласын жетілдіру арқылы оны көркейтудің сан түрлі тәсіліне ешбір тіл жанашырының шетқақпай болмайтыны анық.

Үшіншіден, І.Кеңесбаев, М.Бала­қаев, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, Р.Сыздық, тағы басқа ғұлама ғалымдарымыздың кирилл графикасына көшкеннен кейінгі тұста жазу жүйесін дұрыс қалып­тастыруға, қазақ тілі орфографиясын тіл табиғатына, ұлттық артикуляциялық базасына сәйкес жетілдіруге септігін тигізген қыруар еңбегін зая кетірмеу жағы ескерілді. Төртіншіден, әуел бастағы үш дүркін дөңгелек үстелді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, академик Әбдуали Қайдар, «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы, сол кездегі ­институт директоры, профессор Мырзаберген Малбақовтардың қол­дауымен өткізген едік. Бұл аталған ғұлама ғалымдар еңбегімді оқып шығып, оны жоғары бағалап, оң пікірін айтты. 

Бесіншіден, атақты тіл мамандары мен қаламгерлерінің басым көпшілігі Алматыда екенін ескеріп, мұндағы барлық жоғары оқу орындарындағы тіл мамандарына, мерзімді баспасөз орындарына 150 кітапшаны таратып беріп, жыл бойы кең көлемде, жан-жақты пікір алыстық. Олар ең бір өзекті мәселеге арналған еңбектің маңыздылығына мән беріп, оң пікірін айтты. Қазақ тілінің әлемдегі ең бай, көркем тіл екеніне орыстілді қандастарымыздың көзін жеткізу үшін емлемізді ішінара ғана ұштай түсудің епетейлі тұстары мен тетіктеріне мән беріп, өзгеріс енгізіп, орфографияны жетілдірер сәттегі көздеген басты мақсатымыз көңіл көзін әрірек жүгіртіп, тіліміздің тартымдылығын төмендететін, табиғилығын кемітетін, кем соғар тұстарын жөнге келтіріп барып, шешім қабылдаудың керек екеніне кітапшамды оқығандардың көзі жетті. Қазақ тілінің орфографиясы мен жазуын осылайша ақылға салып, терең ойланып, негіздеп, жетілдіріп қана латынға көшіру керек.

Біздің елімізде қалыптасқан қостілділік ортада тілдердің өзара салыстырмалы бәсекесі – табиғи заңдылық. Одан ешқайда қашып құтыла алмаспыз. Орыс тілі ға­лымдарының өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін кең көлемде пікір алысып, ана тілін көркейтудің оңтайлы тәсілімен емле ережесін ұштай түсіп, орфографияны же­тілдіруі арқасында орыс тіліндегі басылымдарда ешқандай қате жібермеу қалыптасқан. Өйткені орыс тілінің емлесіне қатысты ешқандай дау-дамай, талас пікір айтылмайды. Ал біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл таяса да, емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдірудің оңтайлы тәсілдерін ескермеудің салдарынан баспасөз бен ақпарат құралдарындағы қатенің төрт түрінің, орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, стильдік қатенің орын алуына көз үйреніп кеткендей, оған мән бермей келеміз. Емле мен орфографияға қатысты дау-дамай, талас пікір толастамай отырғанын ескермей, арнайы отырыста пікір алыспай, алдыңғы басылымдағы емле мен орфографияны өзгеріссіз қалдырып, орфографиялық сөздіктің бірнеше басылымын шығардық.

Емле мен орфографияның кемшін тұстарын жөнге келтірмей, тілімізді көркейтіп, кемелдендірмей, ешбір өзгеріссіз қалдыру алдағы ұрпақтың қамын ойламағандық па деп ойлаймын. Ол айналып келгенде келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат, ең асыл қазынамыз саналатын ана тіліне деген жанашырлық емес. Тіліміздің кемшін тұстары дегенге жатырқап қараудың жөні жоқ.

Біздің айтып отырғанымыз – қолданысқа енгізу одан гөрі жеңілірек атқарылар жұмыс. Ол – емлені ұштай түсіп, орфографияны жетілдірмеу салдарынан тілімізде орнығып қалған, түзетіп жөнге келтіру қиындық келтірмейтін кемшін тұстар. Сол мүмкіндікті неге пайдаланбаймыз. «Әдеби тіліміздің әрі қарай тезірек дамуына кедергі жасап келе жатқан олқылықтар мен жазуымыздағы ала-құлалықтар жұртшылдықтың мазасын алып, оқырмандарды адастырып болды» деп, тіл жанашырлары қазіргі дейін айтып та, жазып та жүр. Тіл – жанды құбылыс. Бұдан жүз жыл бұрынғы кезіндегімен салыстырғанда қазіргі тіліміз көш ілгері дамып, жетілген тіл. Зор қарқынмен еселеп байыған сөздік құрамымен қоса тіліміздің фонетикалық, морфологиялық құрылымы да күрделеніп, дамып жетілді. Мұның бәрінде кирилл графикасы негізінде қабылданған әліпбиіміздің игі ықпалы болғанын теріске шығару мүмкін емес. 26 әріптен ғана құралған араб негізді төте жазумен қалып қойсақ, ондай нәтижеге жете алмас едік. Белгілі мәдениет қайраткері Сабыржан Шүкірұлының еске салғанындай, үніміз өзгерген жоқ. Тіліміз ұзарып не қысқарып кеткен жоқ. Сол баяғы қазақ дыбысы, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақтың шешендік, ақындық өнері, сөз саптауда айтылатын ұлттық колориттері («Ана тілі», 30.05.2002). Тілдің дыбыстық жүйесі де өзгермейтін құбылыс емес. Көршілес, аралас отырған халықтар тілінің әсеріне ұшырамайтын тіл болмайды. Мысалы, XVII ғасырға дейін орыс тілінде де ч, щ, ц, х, э дыбыстарының болмағанын, тек Петр бірінші патшаның тұсында шетелмен байланыстың жанданып, кірме сөздердің көптеп енуімен бұл дыбыстардың қолданысқа еніп, орыс тілінің төл әріптеріндей қалыптасып кеткенін еске алыпты бір автор («Ана тілі», 04.11.2013). Әлем тілдерінің ішіндегі ең бай тілдің біріне жатқызып жүрген орыс тілі мен қазақ тілін салыстырып зерттегенде кейбір тұстарда орыс тілі байырақ, жан-жақтырақ. Ал қазақ тілінің орыс тілімен салыстырғанда байырақ, жан-жақтырақ тұсы одан кем емес екеніне көз жеткіздік. Бай да бедерлі, бейнелі де нақышты тілімізді құрмет тұтқызу мақсатымен жазған «­Учебник трудностей ­казахского языка» атты оқулығымды «ғылыми-танымдық басылым» ­(научно-познавательное издание) деп атап жүр.

Қазақ тілінің сөздіктері сапа­лығымен құнды дейміз. Сөздік құрас­тырудың өзіне тән принципі мен әдісін жете меңгеріп, мол байлық көзі тіл мәйегін, сарқылмас қор мен ұлттық мұраны танытатын тіл байлығымызды хатқа түсіріп, ұрпаққа ұлағаттау – басты мақсатымыз. Әр алуан туынды сөз тұлғаларының сөздікке енбей қалғанының аз еместігін ескеріп, орфографиялық сөздіктің «а» әрпімен берілген бөлігін мыңнан аса сөзбен толықтырдық. Сондағы қолданған жүйе мен тәсілді ескере отырып, сөздіктің қалған бөлігін де толықтыру – алдағы міндет.

Мемлекеттік тілімізді тұғы­рына қондыра алмауымыздың әралуан себебін атап, орыстілді қан­дастарымызды жазғырып, кінә артумен болдық. Ал қазақ тілі ға­лымдарының атқарып жатқан жұмысының жетімсіздігінен тіл мәселесінің елімізде ушығып тұр­ғанын неге ескерусіз қалдырамыз. Тіліміздің таңғажайып қасиетін сезіндіре алу арқылы оны үйренуге деген ынта-ықылас, талап-жігер, құлшыныс пен құлық, қызығушылық пен ұмтылыс, талпыныс, қажетсіну тудыра аламыз.

Сейдін Бизақов,

филология ғылымының

докторы, профессор

2394 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы